Сыртқы қарыздың сыры көп

Сыртқы қарыздың сыры көп

Сыртқы қарыздың сыры көп
ашық дереккөзі

Биылғы 1 тоқсанның қорытындысы бойынша, елі­міз­дің мем­лекеттік қарызы 26 418 миллиард теңгеге жет­ті. Қарыз жыл ая­ғын­дағымен салыстырғанда 1 101 мил­лиард теңгеге немесе 4,3 пайыз­ға өскен.

Қоғамда ең жиі талқыланатын түрлі эмоция, соның ішінде үрей мен ыза туды­ратын тақырыптардың бірі – осы мемлекеттің сыртқы қарызы не­месе жалпы мем­лекеттің қарызы мәселесі. Тақырып төңірегінде жа­ғым­сыз нарратив, түрлі миф пен бол­жам көп. Соның ішінде, біздің көп мем­лекетке, мәселен Қытайға қарыз екеніміз, ол қарызды жан басына шақ­қанда, бір адамның мойнына қыруар қарыз ілінетіні сияқты қауе­сетті көп естиміз. Жалпы, мемлекеттің қарызы деген не? Ол неден туындайды? Мем­лекет неге бас­қа елге қарыз болады? Оны расымен халық төлей ме? Осы және басқа да сұрақ­тардың жауабын іздеп көрдік.

Қазақстан қанша қарыз?

2023 жылғы 1 тоқсанның қорытындысы бойын­ша еліміздің мемлекеттік борышы 58,9 миллиард АҚШ долларына жетті. Өткен жылдың соңымен са­­­лыстырғанда мемлекеттік қарыз 4,3 пайызға өс­кен, ал 2022 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 21,8 пайызға көбейген. Қарыз деген сөз, әлбетте құлаққа жағымды ес­тіл­мейді, бірақ, негізінен сыртқы қарызды әдеттегі қа­рызбен бірдей деп есептеу сыңаржақ пікір ту­дыруы мүмкін. Мәселен, «мемлекет басқа елдерден қыр­уар қарыз алып жатыр, оны кейін біз төлейміз» не­месе «қарызды төлемесек, жерімізді алады, елі­міз­дің тәуелсіздігіне қауіп төнеді» деген сияқты сөз­дерді жиі естиміз. Дегенмен бірден айтып өту ке­рек: сыртқы қарыз – бюджеттің немесе халықтың қаражаты есебінен төленбейтін борыш. Мемлекет өз шығынын негізінен Ұлттық қордан түсетін салықтық және салықтық емес түсім мен трансферт есебінен, ал қалған бө­лігін қарыз есебінен жабады. Негізінен, бұл қаражат эко­номика мен инфрақұрылымның негізгі сектор­ларын дамытуға бағытталады. Сондай-ақ қарызға алынған ақша денсаулық сақтау, білім беру, әлеу­меттік көмек және қамтамасыз ету сияқты әлеу­мет­тік міндеттерді орындауға жұмсалады. Бұл жерде бас­ты нәрсе қарыздың мөлшері емес, елдің сол қа­рызды қайтара алуында деп есептеледі. Құрылымы бойынша мемлекеттік қарызды екі бө­лікке бөлуге болады: ішкі және сыртқы. Басқа ел­дер, шетелдік ұйымдар және жеке инвесторлар ал­дындағы қарыз – сыртқы қарыз, сәйкесінше, отан­дық компаниялар мен отандық инвесторлар ал­дындағы қарыз – ішкі қарыз. Сыртқы қарыз өз ішінде Үкіметтің борышы, Ұлт­тық Банктің борышы, жергілікті ат­қару­шы ор­ган­дардың борышы бо­лып бөлінеді. Сыртқы қа­рыз­­­дардың ішінде фир­маара­лық қарыздар да бар. Бұл –­ елге сырттан тікелей тар­тылып отырған ин­вес­ти­циялар. Шетелден келетін ком­паниялар елі­мізде құры­лып жатса, олар жұмыс орын­­­дарын аша­ды, өз капи­та­лымен келеді. Біз қолымыз жет­пейтін кейбір өндірістік тауарларды сол қара­жат­тың есе­бінен өндіруге мүмкіндік ала­мыз. Олар да қарызға есеп­теледі. Одан бөлек, екін­ші деңгейлі банк­тердің қары­зы бар. Бұл бірақ, қатты мән бе­ре­тін, алаңдатарлық жағ­дай емес, тек банктердің қо­­сымша сырттан қарыз алуға белгілі бір дәрежеде мүм­кін­дігі бар дегенді білдіреді. Сырттан қарыз ала­тын тағы бір сектор – өзге де секторлар деп ата­ла­ды. Оның ішінде квазимемлекеттік сектор бар. Ұлттық компания­лар­дың, оның ішінде «Қаз­Мұ­най­­Газ», «Қазақстан темір жо­лы» сияқты компа­ния­лар­дың қарыздарын айтамыз. 2023 жылдың 1 тоқсаны­ның қорытындысы бойын­ша, Үкіметтің борышы – 22 717 миллиард тең­ге немесе мем­лекеттік борыштың 86 пайызы, Ұлт­тық Банктікі – 2 632 миллиард теңге немесе мем­лекеттік борыштың 10 пайызы, жергілікті ат­қарушы органдар сыртқы кредитор­ларға 1 069 мил­лиард теңге қарыз, бұл – мемлекеттік борыш­тың 4 пайызы. Осылайша, Үкіметтің ғана емес, Ұлттық Банк пен жергілікті атқарушы органдардың да қары­зы өсіп жатқаны байқалады. Кейінгі кезде, әсіресе коронавирус пандемиясы ке­­­зінде ел үкіметі қарыз алуды көбейткенін бай­қау­ға болады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша елі­міздің мемлекеттік борышы 15,2 пайызға өсіп, 25,3 триллион теңге болған (немесе 54,7 миллиард дол­лар) еді. Осы жерде нақты айта кетелік, Қазақстанның мем­­лекеттік қарыздарының басым бөлігі – яғни 66 пайы­зы, орта есеппен соңғы 5 жыл ішіндегі ішкі қарыз­дан құралған. Ал сыртқы борыштың мөлшері 7,8 триллион тең­геге жетті (16,9 миллиард доллар). Қарыз ақша­ның жартысынан көбісі еурооблигациялар шығару ар­қылы алынған. Бұл халықаралық ұйымдар да Қа­зақстанның экономикасына қаржы салып жат­қанының белгісі. Мемлекеттік борыш өскен сайын оны өтеуге ке­тетін шығындар да (пайызын төлеу) өсетіні бел­гілі. 2022 жылы ол 1,3 триллион теңге болған, бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 32,7 пайызға жоға­ры. Соңғы 5 жылда борыштарды өтеуге кетіп жатқан шы­ғын­дардың үлесі жалпы борыш сомасының 5,2 пайызы бол­ған. Бұған қарап, қарыз ақшалар айтарлықтай ар­занға алынған деп айтуға болады. Сарапшылардың сөзінше, Қазақстанның мем­лекеттік қарызы көп деп айтуға келмейді, тіпті, кей­де қарызы көп елдің экономикасы да қуатты де­ген қорытынды шығаруға болады. Түсініктірек болу үшін басқа мемлекеттердің ахуалымен салыс­тырып көрейік.

Өзге елдердегі ахуал

Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сүйенсек, мемлекет борышының мөлшері ЖІӨ-нің 77 пайы­зынан асатын болса, ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Соған қарамастан, көптеген елде мем­лекеттік борыштың деңгейі айтарлықтай жо­ғары. Экономикасы дамыған елдерде жиынтық мем­лекеттік борыш сонау 2011 жылы-ақ ЖІӨ-нің 100 пайызынан асып кеткен. Қазір экономикасы да­мып жатқан және нарығы да енді қалыптасып келе жатқан елдерде мемлекеттік борыш шамамен ЖІӨ-нің 60 пайызынан асады. Яғни әуелде айтып өткен­дей, мемлекеттің қанша қарыз екені маңызды емес, қайтару әлеуеті, қауқары маңызды. Мәселен, дамыған елдер арасында ең көп мем­лекеттік борыш – Жапонияда (ЖІӨ-нің 229,1 пайы­зы), Сингапурде (ЖІӨ-нің 167,8 пайызы) және АҚШ-та (129,1 пайызы) тіркелген. Кредиторлар бұл ел­дер­ге «қарыз беруге» бейім. Өйткені қайтарып алатындарына күмәні болмайды. Бұл елдер жыл сайын бюджет шығындарының шамамен 10 пайы­зын сыртқы қарызын төлеуге жұмсайды. Ал Аустрия 39 пайызын, Чехия 36 пайызын, Чили 26,1 пайызын, Сауд Арабиясы 25,9 пайызын төлейді екен. Мемлекеттік борышы 100 пайыздан асатын 2-санаттағы елдер қатарына Италия, Пор­тугалия кіреді. Бұл санаттағы елдер арасында мем­лекеттік борышы ең төмен ел – Қазақстан (ЖІӨ-нің 24,9 пайызы). Ал борыштарды өтеуге кететін шы­ғындарының көлемі бойынша алдыңғы орында Перу мен Үндістан тұр. Жалпы, бұл топта борыш­тар­ды өтеу шығындарының орташа көрсеткіші – 12 пайыз. Біздің еліміздің шығыны – 7,3 пайыз. Үшінші санаттағы елдер арасында мемлекеттік боры­шының көлемі бойынша бірінші және соңғы орынды алатын елдер – Грекия (178,2 пайыз), Ниге­рия – (20,2 пайыз). Бұл елдердің кредиттік рейтингі тө­мен саналады. Сәйкесінше оларға мемлекеттік қа­рызды өтеу қымбатқа түседі – орта есеппен бюд­жет шығындарының 23 пайызындай болады. Бұл санатта бюджет шығынының жартысынан көбісі қарыз­ды өтеуге кететін бір ел бар. Ол – Мысыр (54 пайыз). Бразилия, Бангладеш және Колумбияда бюд­жет шығындарының 30 пайыздан астамы сыртқы борышты өтеуге кетеді екен. Таяуда S&P Global Ratings-тің Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «Жағымсыз» сипаттан «Тұрақты» сипатқа өзгертті. Бұл отандық эконо­ми­кадағы ахуалдың біртіндеп тұрақталып келе жат­қан­дығын білдіреді дейді сарапшылар. Бұл елге инвес­торлардың назар аударуына және қажет кезде қарыз ақшаны анағұрлым тиімді шартпен алуына септігін тигізеді екен. Экономист сарапшы Асылхан Аңдашев та төлем қабілеті төмен елдерде сыртқы қарыз да төмен және өмір сүру деңгейі де төмен еке­нін айтады.

Асылхан АҢДАШЕВ, экономист:

Төлем қабілеті төмен елдердің сыртқы қарызы да аз болады

– Сыртқы қарыз – мемлекет пен елде тір­келген заңды тұлғалардың өзге елдер мен сонда тіркелген заңды тұлғалар алдындағы қарызы. Сырт­қы қарызды адамдар арасындағы қарызбен бір­дей деп түсінбеуіміз керек. Өйткені мемле­кет­тер қарызды артық шығындарын жабу үшін ғана емес, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту сияқты жобаларға жұм­сайды. Оны неліктен алады? Мемлекет шығыны табысынан аз болып, бюджет тапшылығы бай­қалғанда қарыз алуға мәжбүр болады. Ал әлемдегі барлық елдің бюджеті тап­шы (дефицит) болып бекітіледі. Профицитті бюджет өте аз елде тір­ке­леді және ол – ақшаның тиімді жұмыс істемей жатқанының белгісі. Ірі инфрақұрылымдық жобаларға қаржы инвесторлардан немесе ха­лықаралық қаржылық ұйымдардан тартылады. Мысалы, үлкен жол тора­бын салу үшін бірден бюджеттен бірнеше миллиард теңге таба салу оңай болмағандықтан, оған қарызға ақша алып, ұзақ жылдар бойы бөліп төле­ген ыңғайлы және тиімді болады. Жеке компаниялар сырттан қаржыландыру көзін іздегенде жеке ком­паниялар арасында фирмааралық қарыздар пайда болады. Қалай алады? Екіжақты келісімшарттар арқылы қаржыландыруға қол­­­жеткізуге болады. Мемлекет немесе компания құнды қағаздар (обли­га­циялар, евробондтар) шығару арқылы өзіне қажетті сомма жинап, оны кере­гіне жарата алады. Құнды қағазды сатып алушы кредитор құнды қағаз­да көрсетілген шарт бойынша бірнеше уақыт аралығында ақшасын қай­тарып алады. Бұл – олар үшін инвестицияның бір көзі. Мемлекеттің кре­диттік рейтингі жоғары болған сайын, ол елдердің құнды қағаздарына сұр­аныс көп және пайыздық мөлшерлемесі аз, ал мемлекет кредиттік рей­тингі төмен елдердің құнды қағазын алушылар аз, пайызы да жоғары болады. Осылайша, дамыған елдерде қарыз көп және кредиторлар оларға ақ­шаларын беруге әрқашанда дайын екендігін көреміз. Ал дамушы елдерге кре­дитор табу қиын, тапқанда да пайызы жоғары қарыз алуға мәжбүр. Сол себепті дамыған елдерде қарыз көп, дамушыларда қарыз аз. Дегенмен бастысы мемлекетте қанша қарызы бар емес, оны қан­ша­лық­ты төлей алу-алмауы маңызды. АҚШ, Жапония, Сингапур сияқты ел­дер сыртқы қарызы ЖІӨ жоғары деңгейде. Бұл аталған елдер бір жылда шығаратын тауарлары мен қызметтері сыртқы қарызының сомасына жет­пейді дегенді білдіреді. Алайда ол елдерде қазір экономикалық мәсе­лелер жоқ. Керісінше, дамушы, төлем қабілеті төмен елдерде сыртқы қарыз да төмен және өмір сүру деңгейі де төмен. Қазір еліміздің 2023 жылғы сыртқы қарызы – 160 миллиард доллар. Бұл ЖІӨ-нің 70 пайызға жуығы. Салыстыру үшін айта кетейін, АҚШ-та ЖІӨ-нің 129 пайызы болса, Өзбекстанда – 57 пайызы. Оған қоса, сыртқы қарызды мемлекеттік немесе фирмааралық қарыз­дар деп бөліп қарастырған дұрыс. Мысалы, Қазақстанның сыртқы қарызы 160 миллиард доллар болса, оның ішінде Қазақстанның мемлекеттік қары­зы (Қазақстан үкіметі немесе мемлекеттік компанияларға тиесілі қа­рыз) 54 миллиард доллар. Ал қалған 100 миллиард доллардан астам қар­жы Қазақстанда тіркелген компаниялардың қарызы және ол біз үшін еш­қандай мәселе туындатпайды. Мемлекеттік қарыз Қазақстан ЖІӨ 24-25 пайызы ғана болады. Яғни, Қазақстан сыртқы қарызының көп бөлігі фирмааралық қарыздар және мемлекеттің қарызы аз. Негізі, бастысы қарыз көлемі емес, оны төлей алу-алмау қабілеті. Оны әлем­дік рейтингтік агенттіктер есептеп шығарады. Қазақстан рейтингі –«ВВВ». Ол жақсы және қауіпсіз көрсеткіш (ААА – ең жақсы, D – ең төмен). Салыстырмалы түрде айтсақ, Өзбекстан кредиттік рейтингі «BB-». Жалпы, Өзбекстанда сыртқы қарыз көлемі 46 миллиард доллар болса, оның ішінде мемлекеттік қарыз – 29 миллиард доллар. Бұл сыртқы қарыз­дың ішінде фирмааралық қарызға қарағанда мемлекеттің қарызы көбірек дегенді білдіреді. Ал ЖІӨ шаққандағы мемлекеттің қарызы Өзбекстанда 36 пайыз (Өзбекстан үкіметі өзгелерге Өзбекстан бір жылда шығарған тауар­лар мен қызметтердің 36 пайызы болатын ақша қарыз. Ал Қазақ­станда ол – 24-25 пайыз).

Қорыта айтқанда, мемлекеттің сыртқы қарызы туралы ақпарат оқи қалсаңыз, эмоцияға ерік беруге асықпаңыз. Саралай келе, Қазақстанның мемлекеттік қарызының мөлшері әлемдегі ең аз борыштардың бірі екеніне көз жеткізуге болады. Халықаралық валюта қоры еліміздің мемлекеттік борышы 2027 жылға қарай ЖІӨ-нің 30.3 пайызына жетеді деп болжап отыр. Сарапшылар мұның ешқандай, жағымсыз салдары болмайтынын, шартты түрде бәрібір төмен деңгей екенін айтады.