Саяси қуғын-сүргін және Мұстафа Шоқай
Саяси қуғын-сүргін және Мұстафа Шоқай
Ресей патшасының тақтан таюы, Уақытша үкіметтің саяси сахнаға келуі ғасырлар отары болып келе жатқан Ұлы дала санасына шоқ түсірді. Алаш басшыларын жаңаша ойлауға жетеледі. Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы 1917 жылы сол кездегі саяси орталық болған Орынбордан «Алаш ұлына!» ашық хат жолдады. Онда «Азаттық таңы атты. Тілекке Құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті» деп жазылды.
Алайда «Бізге осындай теңдік әперіп отырған орыс халқының ақ жүрек, адал ниетті көсемдері» деген тебіреніс пен «Бұл күнде жұрттың бәріне туысқандай тең қарайтын, ешкімді алаламайтын жаңа үкімет сайланды» деген қуаныш көпке ұзамай, Уақытша үкімет сахнадан кетті. 1917 жылы Ресей мен Шығыстың мұсылман еңбекшілеріне жолдаған Үндеуінде: «Уақытты өткізіп алмаңдар, ғасырлар бойы жерлеріңізді жаулап алып келгендерді серпіп тастаңыздар! Ендігі жерде күлге айналған жерлеріңізді олардың тонауына жол бермеңдер! Тұрмыс тіршіліктеріңізді Сіздер өздеріңіздің салт дәстүрлеріңізге сай, өз қалауларыңызға орай құруға тиіссіздер!...» деп және адамзат баласын біріне-бірін қарсы қойып, қоғамды тапқа бөле билікке келген большевиктер сөзі желге ұшты.
Кешегі отарлық кездегі Ұлы даланың сансыз қарсылығынан хабардар, ұлы державалық шовинизммен ауырған кеңестік жүйе бар берген уәде, ұрандарын ұмытып, саяси сахнаға шыққан Ресей федерациясының құрамында құрылған ұлттық мемлекеттік құрылымдарды артық көрді, олардың келешегінен сескенді. Ал халықтың қамын ойлап, азаттық үшін жаңаша күрескен ұлт қайраткерлеріне «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағып, жаппай қудалады. Мұның айқын мысалына Түркістан мұқтарияты мен оның басшысы Мұстафа Шоқай тағдырын алуға болады.
Орталық Азияда тұңғыш құрылған жаңа сипаттағы мемлекеттік құрылым Түркістан мұқтарияты барлығы 64 күн ғана өмір сүрсе, ұстап бергенге 1000 сом уәде етіліп, қудаланған оның басшысы Мұстафа Шоқай шетелге кетуге мәжбүр болды. Ол алдымен Кавказға жетіп, 1919 және 1920 жылдары екі жылдай Грузияда болып, большевиктер оны да басып алғаннан соң Түркияға ығысты. Онда қалыптасқан саяси жағдайдан тұрақтай алмай, 1921 жылдың мамырында Францияға жетті. Өмірінің 20 жылдан астамын осында өткізді.
Ресейдің маңдай алды оқу орындарының бірі Петербург университетінде терең білім алып, Орталық пен Түркістандағы саяси жұмыстың алғашқы бедерлі белестерінен өткен Мұстафа Шоқайға Парижден жылы орын тауып, өзіне жететіндей тірлік етуге әбден болатын еді. Бірақ ол табиғатында ондай жан емес-ті. «Мұғажырлық (эмиграциялық- Ә.Б.) өмірдің машақаты көп-ақ», – деп өзі айтқандай, жат жердегі тірліктің тауқыметін тарта отырып, Түркістан халқының азаттығы үшін күресін бір сәт толастатпады, қайта күшейте түсті. Енді қаламның күшіне жүгінді. Содан 1919 жылы Грузияда басталған қажырлы жұмыс Парижде жалғасын тапты. Мұстафа Шоқай Кеңес Одағындағы түркі халықтарына қатысты, оның ішінде Түркістан аймағында жүргізіліп жатқан өктем орыстандыру саясатын қатал сынға алып, түрлі басылымдарда ондаған мақалалар жарияласа, Париж, Берлин, Варшава, Лондон т.б. қалаларда болып, баяндамалар жасады. Мұның барлығы Ресейге жетіп жатты. Содан бір жағынан мемлекеттік қауіпсіздік органдары түрлі әрекеттерге барса, ресми кеңестік насихат Мұстафа Шоқайға «сатқын», «опасыз», «контрреволюционер», «нағыз пантюркист» және «панисламист» дегендей аттар тақты, түрлі мазмұнда мақалалар жариялады. 1941 жылы ол қайтыс болғаннан соң оның рухымен күрес жалғасты. Алайда мұның барлығы аты әлемге мәлім болған тұлға үшін жетімсіз саналды. 1968 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан С.Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты деректемелік повесі шықты. Ол 1972 жылы орыс тілінде де жарық көріп, 200 мың данамен бүкіл Одаққа тарады. Бұл аздай повесть 1976 жылы қырғыз тіліне аударылды. Автор, қауіпсіздік комитетінің қызметкері Мұстафа Шоқай гитлершілермен ауыз жаласқан, азиялық тұтқындарды Кеңес өкіметіне қарсы соғысуға үгіттеп, олардан «Түркістан легион» жасақтауға қатысқан, Отанын сатқан опасыз, дұшпан ретінде суреттеуге барын салды. Бұл арзанқол туындыға тәуелсіздік жылдары тиісті жауаптар берілгенімен, кешегі жүйелі насихаттан санаға терең кіріп қалған жалалар бүгінде де бой көрсетіп келеді.
Осындай себептермен ертеректе оқылған бұл кітапты қайта қарауға мәжбүр болдық. Біздің айтарымыз он сегіз тараудан тұратын деректемелік деп аталған повестің ойдан құрастырылған мәліметтерге құрылған алғашқы төртеуі Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионына қатысты ұсынысын неміс басшыларының қолдауынан басталып, мұның барлығына Уәли Қаюмның қызғанышы, күншілдік отының тұтануына алып келіп, ақыры сүзек ауруына шалдыққан Мұстафаға у беріп өлтірілуімен аяқталады. Тіпті, 1941 жылдың 27 желтоқсанында дүниеден озған Мұстафа Шоқайды 1942 жылдың наурыз айында қайтты деп жазылуының өзі кітапқа сенімді жояды. Бұдан арғы он төрт бөлімде Түркістан легионындағы жұмыстар, «Үлкен Түркістанның» президенті болғысы келген Уәли Каюмның түрлі әрекеті туралы жазылған. Тек Мұстафа Шоқайға қатысты «Совет үкіметінің ұлт мәселесі жөніндегі саясатын әшкерелемек болды. Әсіресе, Түркістанда қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен ұлт республикаларының құрылуын большевиктердің отаршылдық саясатының нәтижесі деп көрсетті», «Шоқаевтан артық советке қас адам табыла бермес» деген сөздер мен оның лагерьлерді аралауы, олардың ауыр тұрмысын көрді деп жазылған мәліметтерге ғана сенуге болады.
Кезінде Одаққа тараған жалған мәліметтер туралы кезінде сан рет жазылып, талқыға түссе де, Мұстафа Шоқай Түркістан легионын құруға қатысты, немістермен бірге қызмет етті деген пікір әлі жалғасып келеді. Фактілерге жүгінейік. 2012 жылы белгілі ақын Қасымхан Бегманов осындай пікірде болған шығысқазақстандық орыс тілді журналистермен бірнеше ай соттасып, жеңіп еді. 2014 жылы Астана қалалық мәслихатында Мұстафа Шоқайдың атын қаладағы №51 орта мектепке беру туралы ұсыныс қаралғанда, біреуі ғылым докторы, профессор, екіншісі кейін Парламент Сенатына депутат болып сайланған мәслихат депутаттары Мұстафа Шоқайды неміс фашистерімен байланыстырып, қарсы болып, ұсынысты өткізбей қойған болатын. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді қазағым. Ең өкініштісі – қалған жиырмадан астам депутаттардың бірде біреуі бұл кезде аты елде кем танылмаған Мұстафа Шоқайды қорғай алмады. Саяси сауатсыздыққа дауа бар ма? Ал Сыр бойының басты қаласы Қызылордада 2017 жылы Мұстафа Шоқайдың еңселі ескерткіші бой көтергенде жаңылыс емес, тікелей жағымсыз үн қатқандар тағы болмай қалмады. Қазір ашық баспасөзде жазылмағанымен, әлеуметтік желілерде қайшы көзқарастар елес беріп қалады. 2020 жылғы 24 қарашада жарық көрген KAZMEDIC.ORG аты әлеуметтік желіде «Мұстафа Шоқай және Түркістан легионы» атты орыс тіліндегі материалда көптеген мәліметтер дұрыс баяндалып келіп, былай жазылыпты «Түркістан легионы – Вермахт бөлімшесі, ол КСРО мен Орталық Азияның түрік халықтарының (қазақтар, өзбектер, түрікмендер, қырғыздар, ұйғырлар, татарлар және т.б.) өкілдерінен тұрады. Негізін қалаушы – Мұстафа Шоқай». Осы материалда Түркістан легионы 1941 жылы 15 қарашада 444-күзет дивизиясының жанынан «Түркістан полкі» деп аталатын нысанда құрылды деп жазылған. Бұл тікелей Түркістан легионына қатысты емес. Неміс қарулы күштері құрамында түркістандықтардың, армяндардың, грузиндердің және кавказ мұсылмандарының легиондарын құру туралы Гитлердің бұйрығы 1941 жылы 22 желтоқсанда шықты да, ол 1942 жылдың жазында Польша, Украина жерлерінде жүзеге асты.
Саны нақты белгісіз, миллиондаған кісілердің өмірін жойған кеңестік қуғын сүргіннің өзіндік бір ерекшелігі қырып жоюды Алаш басшыларымен шектемеді, олармен идеялас, қызметтес болғандарды, тіпті олардың саяси қызметтерінен хабарсыз ағайын туыстары мен ұрпақтарына дейін қырғидай тиді. Бұған тағы да Мұстафа Шоқайға қатысты материалдар дәлел бола алады. Шоқайшылдар деп қанша азаматтар жауапқа тартылды. Күнделікті қиындықтан мүмкіндігі бар ағайындары көрші республикаларға көшті. Ал елде қалған туған інісінің жағдайын оның хаттарынан білуге болады. Өкінішке қарай біздің қолымызда Мұртазаның 1923-1924 жылдары жазылған төрт хаты ғана бар. Олардың мазмұнына қарағанда екі жақты хабарласу кем болмаған, бірақ олар белгілі себептермен біздерге түгел жетпеген. Тіпті Мұстафа Шоқайдың інісіне жазған бірде бір хаты осы күнгі жинақтардың бірде біреуінде жоқ.
Мұртаза Шоқайұлының 1923 жылғы 4 наурыздағы хаты ағасының бала күнінен достық қатынаста болған, кейін Түркістан Уақытша үкіметінің Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарған Әбдірахман Оразаевқа жолданғанымен «қыпшақ баласына берерсің» дегенінен оның Мұстафа Шоқайға жазылғанын айқын көрсетіп тұр. Онда «Біздің аман жаманымыздан көптен бері хабары жоқ шығар» деп, елдегі жағдай туралы жазып, аға інілерінің қайтыс болғандарын мәлім етеді. Өткен 1922 жылы бір екі хат салғаны, алайда оны ағасының алған алмағанынан хабарсыз екені жазылған. «Сіздердің аман жүргеніңізді естіп, көңіліміз тынды», «Мұнан басқа сөз жазуға болмайды» деген қысқа сөйлемдердің өзі ақ сол кездің шынайы көрінісін бере алады. Келесі, 1923 жылғы 19 сәуірдегі хатта Мұртаза осы кезге дейін ағасынан хабар алмаған соң кейбір бұрынғы ақпараттарды қайталайды, сонымен қатар соңғы хатты Ташкентте белгілі түркістандық қайраткерлер Сұлтанбек (Қожанов) және Санжардан (Аспандияров) алғанын жазады. Ағасының келуін аңсаған Мұртаза хатта «келем» деген сөздің жоқтығын, келесі жауап хатында келер-келмесін айтуын өтінеді. Бұл автордың жалғыз өзінің ғана емес, ауылдағы ағайын-туғандардың да сағынышы екенін хат жолдаушының «Мұртаза Шоқайұлы мен ауылдастары» дегенінен белгілі. Ал 2 қыркүйектегі жазғанында Мұртаза бірнеше хат алғанын, ағасының елдің хал жағдайынан хабардар болғанын, ауылдың тұрмыс-күйінің нашарлағанын, аяқты малдың күн өткен сайын азайып бара жатқанын, өзінде сауын сиыр, жұмсарлық өгіз ғана қалғанын, өзінің негізгі тіршілігі диханшылық екені, бірақ мұның да мардымды еместігі айтылған. Ел ішінде түрлі аурулар жайлап, екі жылдан бері шегіртке шығып, егіндерді жесе, қой ешкі қотырдан қырылып, ауылдар малсыз қалған. Бұлар белгілі жағдайда жергілікті кеңестік әкімшіліктің қызмет деңгейін, жұртшылыққа деген қатынасын танытады. Хат соңында елдегі қыпшақ, найман жақсыларының сәлемі жолданған. Ал 1924 жылғы 16 қаңтарда жазған «Дұғай сәлем Мұстафа ағайға» деп басталатын соңғы төртінші хатта ағасының 4 қыркүйек, 3 қазан, 6 желтоқсанда жазғандарын алғанын, соңғысында ағасының «неге хат жазбайсың?» деген сөзінің жанына жаман батқанын айта келіп, өзінің жұмыстағы жағдаймен екі ай қамауда отырып шыққанын, соның себебінен еккен егіннен өнім ала алмағанын хабарлайды. Осы хатта «Еш туысқаннан жақындық көріп жүрген жоқпын» деген жолдар бар. Бұл кезде жақын ағайын туыстар түгіл дерлік Кеңестің тиісті мекемелерінің бақылауына алынған болатын. Сол себепті олар Мұстафа өскен шаңырақтан аулақ болуға тырысты. Бұған жергілікті әкімшілік мәжбүр етті. Осылай басталған саяси қуғын-сүргіннің 30-жылдардағы аяғы Мұртаза тағдырын да шешкен болатын. Ол 1937 жылдың 1 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі істер Халық комиссариаты басқармасы «үштігінің» қаулысы бойынша ату жазасына кесілді.
Кеңестік жүйенің қудалауы Мұртазаның ұрпақтарына дейін жалғасты. Өзіме мәлім бір жайтты баян етейін. 1950 жылдардың басында Қызылорда қаласының сол кездегі Некрасов, кейін Жарқынбаев атындағы көшесінде Мұртазаның баласы Мадиярдың үйімен көрші тұрдық. Мен өскен шаңырақ бұл отбасымен ертеден араласып келеді екен. Көршілік тіптен жақындатып жіберді. Сөйтсем, Мұстафа мен Мұртазаның анасы Бақты – Қозыбектің қызы екенін Ахмет атамнан білдім. Ал Бақтының туған ағасы Баспақ (Мәмбетәлі – Ә.Б.) батыр Ахметтің атасы болып келеді. Осындай себептерден екі отбасы қонақтарды кейде бірге қабылдап отырды.
Мадиярдың анасы Зулфия әңгіме арасында: «Біздің қайнаға жеті патшаның тілін біледі. Сақал-мұртын алтынның буына ұстаған» деп отыратын. Шешеміздің тіл туралы айтқанының растығына Мұстафа Шоқайдың туғанына 125 жыл толуына арнап Алматыдағы Ұлттық кітапхана шығарған «Библиографиялық көрсеткішті» парақтағанда көзіміз жетті. Онда көрсетілген 900-дей еңбек тоғыз тілде жарық көрген болатын.
Бірде Мадияр аға Ахмет атамды қонаққа шақырды. Мен еріп бардым. Бұл соңғы кездесу екен. Шай үстінде үй иесі ресми органдарға «бұл халық жауының баласы, оның оқушыларға білім-тәрбие беруге құқы жоқ» деген мазмұнда арыздар тұрақты түсіп, жауаптан әбден қажып жүргенін, содан Оңтүстік Қазақстанға көшуден басқа жол қалмағанын қынжыла айтты. Ол қала іргесіндегі «Кооператив» атты елді мекеніндегі қазақ орта мектебінде орыс тілінен сабақ беретін. Содан көп ұзамай Мадияр көшіп кетті. Оның ол жақтағы жағдайы да мәз болмаған. Қудалаудан әбден қажыған ол мұғалімдікті қойып, қара жұмыс істеген, тіпті бірде өзін өзі өлтірмекші де болған көрінеді.
Мұстафа Шоқайдың өмірі мен шығармашылық қызметіне байланысты шынайы шындық елімізде Тәуелсіздік туының көтерілуімен аян бола бастады. Кеңестік жүйе келмеске кетті. Алайда ұлы тұлғаға деген оң көзқарас толық қалыптасты деуге әлі ерте. Бұған осы кезге дейін Мұстафа Шоқайдың «Яш Түркістан» журналында жарияланған 224 мақаласының ғана аударылып, арнайы жинақтарға енгенін, ал орыс, француз, ағылшын, неміс, поляк, түрік тілдеріндегі 600-дей еңбектері әлі ана тілімізге аударылмай отырғаны дәлел бола алады.
Мұстафа Шоқай өзінің бар күш-жігерін, қабілет-қарымын бір-бірімен астасып, бірін-бірі аша түсіп, бірін-бірі толықтырып жатқан шартты түрде ғана айтылатын саяси ұйымдастырушылық һәм шығармашылық қызметінің басты мазмұны мен негізгі мұраты кеңестік жүйе тудырған шынайы озбыр шындықты әшкерелеп, оның халыққа жат саясаты туралы әділ, объективті көзқарас қалыптастыруға жұмсады. Осылай елден жеткен материалдарға кеңестанулық ғылыми тұрғыдан талдау жасап, баға беріп, бұл бағытты жаңа интеллектуалдық көкжиекке көтерді.
Осы сәтте қағидатты бір мәселеге назар аудара кетейік. Өйткені қоғамымызда ежелден көрші болып келе жатқан Ресейді Мұстафа Шоқайдың соншалықты қатал сынағанын ұната бермейтіндер жоқ емес. Дұрыс ақ. Алайда ұлы тұлға Ресейді сынағанда оны орыс халқының отаны ретінде емес, шеткері аймақтар үшін озбыр ұлттық саясат ұстанған патшалық және кеңестік биліктің орталығы ретінде сынады. Сондай ақ Мұстафа Шоқайдың «мемлекетте жаман халық жоқ, жаман адамдар бар» дегенін де ескерсек артық болмас.
Сөз соңында айтарымыз: кешегі кеңестік жүйенің жалаларынан толық ақтап қана қоймай, кең мағынадағы Түркістанның азаттығын, бүкіл түркі жұрттының тәуелсіздігін аңсаған, сол үшін бар қажыр-қайратын жұмсаған аса ардақты тұлға Мұстафа Шоқайды барынша танып, оның аса мол ұлттық идеялары мен асқақ мұраттарын халқымыздың рухани қуаты етсек ұтарымыз мол болмақ. Мұның Тәуелсіздігімізді тұғырлы етерде тамаша тәсіл, асыл амал боларына күмән жоқ.
Әбдіжәлел Бәкір,
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда университетінің профессоры,
саяси ғылымдар докторы