Елтаңба – елдігіңді ескертіп, ту – тәуелсіздігіңді танытып, әнұран – айбыныңды асырады

Елтаңба – елдігіңді ескертіп, ту – тәуелсіздігіңді танытып, әнұран – айбыныңды асырады

Елтаңба – елдігіңді ескертіп, ту – тәуелсіздігіңді танытып, әнұран – айбыныңды асырады
ашық дереккөзі
Ұлт бірігіп халыққа айналып, халық жиылып мемлекет құрса, мемлекеттің мемлекет екенін танытып, айқындап, ерекшелеп тұратын – оның рәміздері. Мемлекеттік басты рәміздер – Елтаңба, Ту және Әнұран Алдыңғы екеуі, кең көлемде алсақ, белгілі бір мемлекет үшін шартты мағынасы бар заттай белгі. Ол қандай да бір аң-құстың, жануардың, ағаштың, өсімдіктің, сондай-ақ ай, күн, жұлдыз секілді аспан денелерінің, құрал-сайманның бейнесі болуы да мүмкін. Сонымен бірге осылардың бейнелері өзара үйлесімде пайдаланылған рәміздер де болады. Ал Әнұран болса, мемлекеттің асқақ рухын танытып тұратын поэзия мен музыканың гармониясы. Мұның бәрі мемлекетпен бірге сол мемлекет құраушы ұлттың таным-түсінігін, тарихын, болмысын паш етеді. 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қа­­зақстан Республикасы өзінің мем­ле­кет­тік рәміздерін жасауға тәуелсіздіктен бұ­рын-ақ өзінің мемлекеттік рәміздерін жа­сауға кірісіп кеткен еді. Алты әлемге өзінің дер­бес мемлекет екенін танытқан жас қа­зақ еліне өз мемлекеттік рәміздерін қа­был­дау оңай болған жоқ, десе де бұған жауапты мем­лекеттік органдар мен мекемелер маңыз­ды іске жан-жақты ізденіс жасап, құл­шына кірісті. Қазақстан Республикасы Жо­ғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс то­бын құру туралы қаулы қабылдап, сол бойын­ша арнайы шығармашылық комис­сия құрылды. Оның құрамына белгілі заң­гер­лер, қоғам қайраткерлері болып, жа­сал­мақ мемлекеттік нышандардың барынша өзге­ше жасалып, халықтың көңілінен шы­ғуына зор пайдасын тигізді. Сөйтіп, Тәуел­сіз Қазақстанның Елтаңба, Ту, Гимн жо­баларын әзірлеуге конкурс жарияланды. Жо­баға 600-ден аса адам қатысса, комис­сия­ға Мемлекеттік ту эскиздері көрсетілген 1200 өтінім келіп түсті. Сонымен бірге 245 су­рет жобасы және болашақ елтаңбаның 67 сипаттамасы және мемлекеттік гимннің 750 нұсқасы ұсынылды. Бұл байқауға қа­тысу­шыларға болашақ мемлекеттік рә­міз­дердің тарихи, саяси және экономикалық сим­волизмге сәйкес келуі және мемлекеттің сая­саты мен мақсатын айқын көрсетуі мін­дет­телді. Сөйтіп, Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 мау­сымда, осыдан тура 32 жыл бұрын қа­был­данды. Күн сәулесі шашыраған көк ту Қазақстан Республикасының негiзгi мем­лекеттiк рәмiздерiнiң бiрi – Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік Туы 1996 жы­лы 24 қаңтарда Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президентінің «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығымен белгiленген. Мемлекеттік ту көгiлдiр түстi тiк бұ­рыш­ты кездеме. Оның орта­сын­да арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста – ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек – алтын түстi. Тудың енi ұзын­ды­ғының жартысына тең. Қазақстан Республикасының Мем­ле­кет­ті­к туының авторы – суретші Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шә­кен Ниязбеков. Тудың жобасымен жарты жылдай ай­на­лысқан Шәкен Ниязбеков ол туралы: «Ең алдымен, әлемдегі туларды зер­де­ле­дім, өйткені қайталанбас өзіндік нұсқа қа­жет болды. Басқа үміткерлер туларын үш түс­ті, қызыл, сары, тіпті қоңыр түсті қылса да, мен көгілдір түске тоқтадым – өйткені кө­пұлтты халық мекендейтін Қазақстан ас­паны бөлінбейді» дей келіп, «Мемлекеттік ту ел халқына тиесілі. Жеңімпаздың құр­ме­тіне Ту көтеріліп жатқанда және елінің Әнұраны ойнаған сәт – бүкіл халықтың жеңі­сін білдіреді. Менің Мемлекеттік рә­міз­­дерге деген көзқарасым таза адами көз­қарас, олар менің бойымда терең құр­мет пен мақтаныш сезімін тудырады. Мен Қа­зақстанның Мемлекеттік рәміздерін жа­сауға атсалысқанымды мақтан етемін!» – деп толғанады ол. Бүгінде қазақтың көк туы жер әлемге кеңінен танылды. Ол Біріккен ұлт­тар ұйымының кеңсесі мен Қазақстанның шет­елдердегі елшіліктерінің алдында ілулі тұр. Көк туымызды ғарышкер Талғат Мұ­сабаев көк аспанда самғатса, әлемдік спорт до­даларында жеңімпаз қазақ­стан­дық­тар­дың мерейін асырып, жоғары көтеріледі. Қазірде Қазақстанның ең басты Туы Аста­надағы «Атамекен» этно-мемориалдық ке­шенінің аумағында орналасқан. Биіктігі 100 метрден асатын еліміздің бас ту тұ­ғы­ры­ның ашылуы осыдан 12 жыл бұрын – 2009 жылы Астана күнін мерекелеу ая­сын­да өтті. Ондағы Тудың жалпы ауданы 450 шар­шы метрді құрайды және өлшемі 15-тен 30 метрге дейін жетеді. Қазақстан Республикасының Мем­ле­кет­тік туы Президент резиденциясының, Пар­ламенттің, Үкіметтің, министр­лік­тер­дің, Үкімет құрамына кірмейтін орталық ат­қарушы органдардың, Президентке ті­келей бағынатын және есеп беретін мем­ле­кеттік органдардың, Конституциялық Кеңес­тің, Жоғарғы Сот пен жергілікті сот­­­­­­тардың, жергілікті өкілді және ат­қа­рушы органдардың, мемлекеттік ұйым­дар­дың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сау­да өкілдіктерінің және басқа да ресми ме­кемелердің ғимараттары мен көлік құрал­дарында ұдайы ілулі тұрады. Шәкен Ниязбеков – танымал сурет­ші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қа­зақстан­дағы дизайн өнерінің негізін қа­лаушылардың бірі. 1938 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген, мектептен кейін Ленинградтың В.И.Мухин атындағы жоғары көркем-өнеркәсіптік училищесіне тү­сіп, Эрмитаж, Исаак соборы және Петр са­райын қалпына келтіру жұмыстарына қа­тысқан. Қазақстанға оралған соң Алматы қа­ласының бас суретшісі болып жұмыс істе­ді. Көптеген халықралалық конкурс­тар­д­ың лауреаты болған. Қанатты тұлпармен жарқыраған елтаңба Қазақстан Республикасының негiзгi мем­лекеттiк рәмiздерiнiң бiрi – Қазақстан Pеспубликасының мемлекеттiк Елтаңбасы 1996 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президентінің «Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттiк рәмiздерi тура­лы» конституциялық заң күшi бар Жар­лығымен белгiленген. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Ел­таңбасының негiзi шаңырақ – мемле­кет­тiң түп-негiзi – отбасының бейнесi. Елтаң­ба­дағы шаңырақ – айналған күн шең­берi­нiң қозғалыстағы суретi iспеттi, сонымен бірге ол – киiз үйдiң күмбезi, көшпелi түр­­­­­­кiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Елтаңбаның екі жағындағы мүйізді тұлпар – жеңiске деген жасымас жiгердiң, қа­жымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуел­сiздiкке, бостандыққа ұмтылған құл­шы­ныстың бейнесiндей. Қанатты тұлпар – пырақ – қазақ поэзиясындағы кең ұшқыр ар­манның, самғаған таңғажайып жасам­паз­дық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұ­раттың, жақсылыққа құштарлықтың бей­несі. Бесбұрышты жұлдыз гербтiң тәжi. Ол тәуелсіз еліміздегі әрбiр азаматқа әділ­дік, азаттық, еркіндік жолын нұсқайтын жарық жұлдыз. Қазақстан Pеспубликасының мемле­кеттiк Елтаңбасының авторлары — Жан­дар­бек Мәлiбеков пен Шотаман Уәлиханов. Елтаңба туралы оның авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков былай дейді: «Сол уақытта тарихи археологиялық кітап­тарды оқып, терең ойдың жетегінде жүр­ген болатынмын. Содан барлық қосым­ша жобаларды жиып қойып, Елтаңбаның сыз­­басын сызуға кірістім. Оның идеясы бір ай ішінде ойыма келді. Ақиқатында қа­сиет­ті Отаныма, туған жеріме деген перзенттік пары­­зым мені алға жетеледі. Сөйтіп, өзге елдер­дің елтаңбаларын қарадым, зерттедім. Біздің мөрімізде халқымыздың ата-баба­лары – сақ, ғұн, түрік, қыпшақтан бастау алатын қанша мың жылдан аса тарихы мен мәдениетін көрсетуді көздедім. Осы мақсат миымның бір түкпірінен орын алып, шық­пай қойғанда қазақтың күнделікті тұр­мыс­та айтылатын «Шаңырағың биік, босағаң берік, керегең кең болсын!» деген тілектер санамда қайта жаңғырды. Осылайша, мем­ле­кетіміздің Елтаңбасында халқымыздың ең киелі ұғымы шаңырақты бейнелеуге бел­ді бекем байладым. Байқаудың талап­та­рына сай Елтаңбаның макетін жасап, 1992 жылғы сәуір айының соңында Қазақстан Рес­публикасының Жоғарғы Кеңесінің кең­сесіне апарып тапсырдым». Мемлекеттік Елтаңба – дөңгелек ны­­сан­ды және көгілдір түс аясын­дағы шаңы­рақ түрінде бейнеленген шаңы­рақ­ты ай­на­ла күн сәулесіндей тарап уық­тар шан­шыл­ған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жа­ғын­да аңыздардағы қанатты пы­рақ­тар бейнесі ор­наластырылған. Жо­ғарғы бөлігінде – бес­бұрышты көлемді жұл­дыз, ал төменгі бө­лігінде «Қазақстан» де­­­­ген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уық­тардың, аңыздардағы қанатты пы­рақ­тар­дың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» де­­ген жазу – алтын түстес. Елтаңбадағы тұлпар – қажымас қай­рат пен жасымас жігердің, тәуелсіз­дік­ке, еркіндікке ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар қазақ мифология­сы мен фольклорында кең тараған. Бұл – ұш­­қыр арманның, биікке самғаған жасам­паз­дықтың, алға өрлеудің, талмас талап пен асыл мұраттың белгісі. Ал мүйіз қайдан алынды? 1969 жылы Жам­был облысындағы Билікөлдің оң жа­ға­лауынан үш мүйізді бас киім киген адам­ның тасқа қашалып жасалған бейнесі та­был­ған. Түркі дүниесіндегі әпсаналар бойын­­ша мүйіз – батырлық, байлық, ырыс, дәу­лет, өсіп-өнудің символы, сондай-ақ би­­ліктің, көсемдік пен өжеттіктің көрінісі. Шын мәнінде, бәрі тарихтан бастау алған. Бар ойым киіз үй пайда болғаннан бергі қа­зақтың болмыс-бітімін, терең тарихын, тегін көрсеткім келді. Ойымдағыны өнер­мен бейнелегенде бұл қарашаңырақты қор­шаған қазақ халқының өткені мен бү­гінін, болашағын қанатына байлап, тұрақ­тылықтың таңбасындай ерге бекінген текті тұлпардың тұрпаты болып шықты. Елтаң­бадағы тұлпардың мүйізінде 7 сақина бар. Бұл мүйізді бөліп тұрған жоқ, керісінше бірік­тіреді. Сол 7 сақина – тектіліктің таң­ба­сы. Қазақ – 7 атасын білген, 7 атаға дейін қыз алыспаған текті халық. Этнограф­тар­дың айтуынша, осы игі дәстүрді ұстанатын өзге ұлт жер бетінде жоқ. Елтаңба авторларының бірі Жан­дар­бек Мәлібеков – 1942 жылы Қызы­лорда облысында дүниеге келген. Сәулетші. Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетін бітірген. Еуразия ұлттық университетінің профессоры. Ұзақ жыл Өзбекстанда өмір сүрген, сол жақта салынған жүзден аса ғимараттардың ав­торы. Елтаңба авторларының бірі Шот-Аман (Шота) Ыдырысұлы Уәлихан (1932-2021) – Көк­шетау өңірінде туған. Сәулетші, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген сәулетшісі, Шығыс елдері Халықаралық сәулетші академиясы­ның академигі. Рухымызды асқақтатқан әнұран 1992 жылы қабылданған Қазақстан Рес­публикасының әнұранының музыкасы ком­позитор Мұқан Төлебаев, Евгений Бру­си­ловский және Латиф Хамиди жазған кеңес­тік кездегі гимндікі еді, ал оның сөзін ақын­­дар Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Мол­­­дағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Жадыра Дәрі­б­аевалар қайта жазып, сол Әнұран тәуел­­­сіз еліміздің алғашқы гимні болды. Алай­­­да он төрт жылдан соң заманға сай жаңа әнұран қажеттілігі туған соң, музы­ка­­сын Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған бұрын «Менің Қазақ­станым» деген атпен танымал болған әннің сөздеріне аздаған өзгерістер енгізіліп, 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекі­тілді. Алғаш рет ол 2006 жылы 11 қаң­тар­да Мемлекет басшысын салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Қазақстан Республикасының Мемле­кет­тік Гимніне айналған «Менің Қазақ­ста­ным» атты әннің жазылу тарихы туралы Шәм­ші Қалдаяқов былай дейді: «Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ре­сей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қа­зақ­стан­ның нағыз қазақи үш ауданы Өз­бек­станға берілген болатын. Қазақ жері осы­лай­ша бөлшектелгелі жатқанда, оның ас­қақ­тығын жырлайтын әнұран қажеттігін се­зіндім. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді ра­диоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бір­не­ше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қа­зақ жерін бөлшектеуге білдірген қар­сы­лығым еді». Сөйтіп, бұл ән кеңестік кезеңде бар­лық жерде шырқалатын, бүкіл қа­заққа кең танымал әнге айналып кетеді. Ән жазылған тұста оның авторлары 30-ға да толмаған еді. Ән алғашқыда эфирден берілмей көп қарсылыққа ұшыраған. Себебі әнде саяси рең жоқ еді. Бірақ халықтың махаббатына бө­легенген туынды оған қараған жоқ, жү­рек­терге жетіп, халықтың рухын көтерді. Сөй­тіп, ақырында тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік әнұранына айналды. Мемлекеттік Әнұранның авторы – Шәм­ші Қалдаяқов (1930-1992) бүгінгі Түр­кі­стан облысы аймағында дүниеге келген. Ком­позитор, Қазақстанның халық әртісі, Қа­зақстанның Еңбек Ері (қайтыс болған­нан кейін берілді). Әндері халыққа кең та­нымал. Мемлекеттік Әнұран авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденов (1935-1983) көр­некті ақын, Қазақстан Мемлекеттік сый­лығының иегері (қайтыс болғаннан кейін берілді). Қазақ поэзиясы мен про­за­сында өзіндік із қалдырған талантты қа­лам­гер. Әр мемлекет үшін өз рәміздері – қасиетті нышан Мемлекеттік рәміздердің орнала­суы­на қатысты бірнеше нақты шарт бар екенін айта кету керек. Мәселен, мем­лекеттік мекемелердің кіреберісінде ор­наласатын мемлекеттік Туға түнгі уақыт­та да жарық түсіп тұруы шарт. Сондай-ақ су­ретте Ту үнемі оң жаққа қарай желбіреп тұруы тиіс. Мекеме басшыларының жұмыс бөл­месінде орналасатын мемлекеттік Ту мен мемлекеттік Елтаңбаның орналасу реті ар­н­айы талаптарға сәйкес болуы керек. 1993 ж. Қазақстан Конституциясы бойын­ша «республика азаматы мемлекеттік рә­міздерді – Елтаңба, Ту, Әнұранды құр­мет­теу­ге міндетті» (31-бап). 1995 жылы жаңа Конс­титуция қабылданғаннан кейін, 1996 жыл­дың 24 қаңтарында Президент Жар­лық ретінде республиканың рәміздері ту­ралы бірыңғай Конституциялық заң шы­ғарылды, ол 2007 жылдың 4 маусымында жаңа «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конс­титуциялық заңға ауыстырылды. Қылмыстық кодексте Мемлекеттік рә­міз­дерді қорлағаны үшін жауапкершілік бел­гіленген: 317-бап. Қазақстан Республикасының Мем­ле­кет­тік рәміздерін қорлау – бір мыңнан екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөл­шерде айыппұл салуға немесе бір жыл­ға дейінгі мерзімге бас бостандығын шек­теуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Мемлекеттік рәміздер туралы білуге тиіс кейбір деректер: 1. Елтаңба көрінісі Қазақстан азама­тының кез келген құжатында болады. Туу ту­ралы куәліктен бастап зейнетақы кітап­шасына дейін Елтаңбаның белгісі қолданы­лады. Ту үнемі оң жаққа қарай желбіреуі ке­рек. Мемлекеттік мекеме маңдайшаларында Ту міндетті түрде болуы керек. Қазақстан Республикасының заңна­малар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген. Қазіргі Әнұранымыз заңды түрде 2006 жы­лы 7 қаңтарда қабылданды. Жаңа Әнұ­ран бірінші рет сол жылы 11 қаңтарда Тұң­­ғыш Президент Н.Назарбаевты сал­та­нат­ты ұлықтау рәсімінде орындалды. Қазақстандағы ең үлкен Ту елордадағы «Атамекен» этномемориалдық кешеніндегі Мемлекеттік рәміздер алаңында орналас­қан. Биіктігі – 111 метр. Кешен 2009 жылы салынған. 1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұң­ғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апар­ды. Монблан шыңында (4 810 м), Памир тауы­ның Ленин шыңында (7 134 м) және Эверест шыңында (8 800 м) еліміздің Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалды. 2015 жылы ғарышкер Айдын Айым­бе­товтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстан­ның Туы Жерді 150 рет айналып ұшты.

Дайындаған Ахмет ӨМІРЗАҚ