Елтаңба – елдігіңді ескертіп, ту – тәуелсіздігіңді танытып, әнұран – айбыныңды асырады
Ұлт бірігіп халыққа айналып, халық жиылып мемлекет құрса, мемлекеттің мемлекет екенін танытып, айқындап, ерекшелеп тұратын – оның рәміздері. Мемлекеттік басты рәміздер – Елтаңба, Ту және Әнұран Алдыңғы екеуі, кең көлемде алсақ, белгілі бір мемлекет үшін шартты мағынасы бар заттай белгі. Ол қандай да бір аң-құстың, жануардың, ағаштың, өсімдіктің, сондай-ақ ай, күн, жұлдыз секілді аспан денелерінің, құрал-сайманның бейнесі болуы да мүмкін. Сонымен бірге осылардың бейнелері өзара үйлесімде пайдаланылған рәміздер де болады. Ал Әнұран болса, мемлекеттің асқақ рухын танытып тұратын поэзия мен музыканың гармониясы. Мұның бәрі мемлекетпен бірге сол мемлекет құраушы ұлттың таным-түсінігін, тарихын, болмысын паш етеді.
1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы өзінің мемлекеттік рәміздерін жасауға тәуелсіздіктен бұрын-ақ өзінің мемлекеттік рәміздерін жасауға кірісіп кеткен еді. Алты әлемге өзінің дербес мемлекет екенін танытқан жас қазақ еліне өз мемлекеттік рәміздерін қабылдау оңай болған жоқ, десе де бұған жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелер маңызды іске жан-жақты ізденіс жасап, құлшына кірісті. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдап, сол бойынша арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер, қоғам қайраткерлері болып, жасалмақ мемлекеттік нышандардың барынша өзгеше жасалып, халықтың көңілінен шығуына зор пайдасын тигізді. Сөйтіп, Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңба, Ту, Гимн жобаларын әзірлеуге конкурс жарияланды. Жобаға 600-ден аса адам қатысса, комиссияға Мемлекеттік ту эскиздері көрсетілген 1200 өтінім келіп түсті. Сонымен бірге 245 сурет жобасы және болашақ елтаңбаның 67 сипаттамасы және мемлекеттік гимннің 750 нұсқасы ұсынылды. Бұл байқауға қатысушыларға болашақ мемлекеттік рәміздердің тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі және мемлекеттің саясаты мен мақсатын айқын көрсетуі міндеттелді. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда, осыдан тура 32 жыл бұрын қабылданды.
Күн сәулесі шашыраған көк ту
Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi – Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы 1996 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президентінің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығымен белгiленген.
Мемлекеттік ту көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста – ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек – алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының авторы – суретші Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Тудың жобасымен жарты жылдай айналысқан Шәкен Ниязбеков ол туралы:
«Ең алдымен, әлемдегі туларды зерделедім, өйткені қайталанбас өзіндік нұсқа қажет болды. Басқа үміткерлер туларын үш түсті, қызыл, сары, тіпті қоңыр түсті қылса да, мен көгілдір түске тоқтадым – өйткені көпұлтты халық мекендейтін Қазақстан аспаны бөлінбейді» дей келіп, «Мемлекеттік ту ел халқына тиесілі. Жеңімпаздың құрметіне Ту көтеріліп жатқанда және елінің Әнұраны ойнаған сәт – бүкіл халықтың жеңісін білдіреді. Менің Мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасым таза адами көзқарас, олар менің бойымда терең құрмет пен мақтаныш сезімін тудырады. Мен Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін жасауға атсалысқанымды мақтан етемін!» – деп толғанады ол.
Бүгінде қазақтың көк туы жер әлемге кеңінен танылды. Ол Біріккен ұлттар ұйымының кеңсесі мен Қазақстанның шетелдердегі елшіліктерінің алдында ілулі тұр. Көк туымызды ғарышкер Талғат Мұсабаев көк аспанда самғатса, әлемдік спорт додаларында жеңімпаз қазақстандықтардың мерейін асырып, жоғары көтеріледі.
Қазірде Қазақстанның ең басты Туы Астанадағы «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінің аумағында орналасқан. Биіктігі 100 метрден асатын еліміздің бас ту тұғырының ашылуы осыдан 12 жыл бұрын – 2009 жылы Астана күнін мерекелеу аясында өтті. Ондағы Тудың жалпы ауданы 450 шаршы метрді құрайды және өлшемі 15-тен 30 метрге дейін жетеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы Президент резиденциясының, Парламенттің, Үкіметтің, министрліктердің, Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Сот пен жергілікті соттардың, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, мемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкілдіктерінің және басқа да ресми мекемелердің ғимараттары мен көлік құралдарында ұдайы ілулі тұрады.
Шәкен Ниязбеков – танымал суретші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстандағы дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі. 1938 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген, мектептен кейін Ленинградтың В.И.Мухин атындағы жоғары көркем-өнеркәсіптік училищесіне түсіп, Эрмитаж, Исаак соборы және Петр сарайын қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан. Қазақстанға оралған соң Алматы қаласының бас суретшісі болып жұмыс істеді. Көптеген халықралалық конкурстардың лауреаты болған.
Қанатты тұлпармен жарқыраған елтаңба
Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi – Қазақстан Pеспубликасының мемлекеттiк Елтаңбасы 1996 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президентінің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығымен белгiленген.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының негiзi шаңырақ – мемлекеттiң түп-негiзi – отбасының бейнесi. Елтаңбадағы шаңырақ – айналған күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, сонымен бірге ол – киiз үйдiң күмбезi, көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Елтаңбаның екі жағындағы мүйізді тұлпар – жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесiндей. Қанатты тұлпар – пырақ – қазақ поэзиясындағы кең ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың бейнесі. Бесбұрышты жұлдыз гербтiң тәжi. Ол тәуелсіз еліміздегі әрбiр азаматқа әділдік, азаттық, еркіндік жолын нұсқайтын жарық жұлдыз.
Қазақстан Pеспубликасының мемлекеттiк Елтаңбасының авторлары — Жандарбек Мәлiбеков пен Шотаман Уәлиханов.
Елтаңба туралы оның авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков былай дейді:
«Сол уақытта тарихи археологиялық кітаптарды оқып, терең ойдың жетегінде жүрген болатынмын. Содан барлық қосымша жобаларды жиып қойып, Елтаңбаның сызбасын сызуға кірістім. Оның идеясы бір ай ішінде ойыма келді. Ақиқатында қасиетті Отаныма, туған жеріме деген перзенттік парызым мені алға жетеледі. Сөйтіп, өзге елдердің елтаңбаларын қарадым, зерттедім. Біздің мөрімізде халқымыздың ата-бабалары – сақ, ғұн, түрік, қыпшақтан бастау алатын қанша мың жылдан аса тарихы мен мәдениетін көрсетуді көздедім. Осы мақсат миымның бір түкпірінен орын алып, шықпай қойғанда қазақтың күнделікті тұрмыста айтылатын «Шаңырағың биік, босағаң берік, керегең кең болсын!» деген тілектер санамда қайта жаңғырды. Осылайша, мемлекетіміздің Елтаңбасында халқымыздың ең киелі ұғымы шаңырақты бейнелеуге белді бекем байладым. Байқаудың талаптарына сай Елтаңбаның макетін жасап, 1992 жылғы сәуір айының соңында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің кеңсесіне апарып тапсырдым».
Мемлекеттік Елтаңба – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бесбұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Елтаңбадағы тұлпар – қажымас қайрат пен жасымас жігердің, тәуелсіздікке, еркіндікке ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар қазақ мифологиясы мен фольклорында кең тараған. Бұл – ұшқыр арманның, биікке самғаған жасампаздықтың, алға өрлеудің, талмас талап пен асыл мұраттың белгісі.
Ал мүйіз қайдан алынды? 1969 жылы Жамбыл облысындағы Билікөлдің оң жағалауынан үш мүйізді бас киім киген адамның тасқа қашалып жасалған бейнесі табылған. Түркі дүниесіндегі әпсаналар бойынша мүйіз – батырлық, байлық, ырыс, дәулет, өсіп-өнудің символы, сондай-ақ биліктің, көсемдік пен өжеттіктің көрінісі. Шын мәнінде, бәрі тарихтан бастау алған. Бар ойым киіз үй пайда болғаннан бергі қазақтың болмыс-бітімін, терең тарихын, тегін көрсеткім келді. Ойымдағыны өнермен бейнелегенде бұл қарашаңырақты қоршаған қазақ халқының өткені мен бүгінін, болашағын қанатына байлап, тұрақтылықтың таңбасындай ерге бекінген текті тұлпардың тұрпаты болып шықты. Елтаңбадағы тұлпардың мүйізінде 7 сақина бар. Бұл мүйізді бөліп тұрған жоқ, керісінше біріктіреді. Сол 7 сақина – тектіліктің таңбасы. Қазақ – 7 атасын білген, 7 атаға дейін қыз алыспаған текті халық. Этнографтардың айтуынша, осы игі дәстүрді ұстанатын өзге ұлт жер бетінде жоқ.
Елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков – 1942 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Сәулетші. Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетін бітірген. Еуразия ұлттық университетінің профессоры. Ұзақ жыл Өзбекстанда өмір сүрген, сол жақта салынған жүзден аса ғимараттардың авторы.
Елтаңба авторларының бірі Шот-Аман (Шота) Ыдырысұлы Уәлихан (1932-2021) – Көкшетау өңірінде туған. Сәулетші, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген сәулетшісі, Шығыс елдері Халықаралық сәулетші академиясының академигі.
Рухымызды асқақтатқан әнұран
1992 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының әнұранының музыкасы композитор Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди жазған кеңестік кездегі гимндікі еді, ал оның сөзін ақындар Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Жадыра Дәрібаевалар қайта жазып, сол Әнұран тәуелсіз еліміздің алғашқы гимні болды. Алайда он төрт жылдан соң заманға сай жаңа әнұран қажеттілігі туған соң, музыкасын Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған бұрын «Менің Қазақстаным» деген атпен танымал болған әннің сөздеріне аздаған өзгерістер енгізіліп, 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Алғаш рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысын салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимніне айналған «Менің Қазақстаным» атты әннің жазылу тарихы туралы Шәмші Қалдаяқов былай дейді:
«Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді».
Сөйтіп, бұл ән кеңестік кезеңде барлық жерде шырқалатын, бүкіл қазаққа кең танымал әнге айналып кетеді. Ән жазылған тұста оның авторлары 30-ға да толмаған еді.
Ән алғашқыда эфирден берілмей көп қарсылыққа ұшыраған. Себебі әнде саяси рең жоқ еді. Бірақ халықтың махаббатына бөлегенген туынды оған қараған жоқ, жүректерге жетіп, халықтың рухын көтерді. Сөйтіп, ақырында тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік әнұранына айналды.
Мемлекеттік Әнұранның авторы – Шәмші Қалдаяқов (1930-1992) бүгінгі Түркістан облысы аймағында дүниеге келген. Композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері (қайтыс болғаннан кейін берілді). Әндері халыққа кең танымал.
Мемлекеттік Әнұран авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденов (1935-1983) көрнекті ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (қайтыс болғаннан кейін берілді). Қазақ поэзиясы мен прозасында өзіндік із қалдырған талантты қаламгер.
Әр мемлекет үшін өз рәміздері – қасиетті нышан
Мемлекеттік рәміздердің орналасуына қатысты бірнеше нақты шарт бар екенін айта кету керек. Мәселен, мемлекеттік мекемелердің кіреберісінде орналасатын мемлекеттік Туға түнгі уақытта да жарық түсіп тұруы шарт. Сондай-ақ суретте Ту үнемі оң жаққа қарай желбіреп тұруы тиіс. Мекеме басшыларының жұмыс бөлмесінде орналасатын мемлекеттік Ту мен мемлекеттік Елтаңбаның орналасу реті арнайы талаптарға сәйкес болуы керек.
1993 ж. Қазақстан Конституциясы бойынша «республика азаматы мемлекеттік рәміздерді – Елтаңба, Ту, Әнұранды құрметтеуге міндетті» (31-бап). 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін, 1996 жылдың 24 қаңтарында Президент Жарлық ретінде республиканың рәміздері туралы бірыңғай Конституциялық заң шығарылды, ол 2007 жылдың 4 маусымында жаңа «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңға ауыстырылды.
Қылмыстық кодексте Мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін жауапкершілік белгіленген: 317-бап.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қорлау – бір мыңнан екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мемлекеттік рәміздер туралы білуге тиіс кейбір деректер:
1. Елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез келген құжатында болады. Туу туралы куәліктен бастап зейнетақы кітапшасына дейін Елтаңбаның белгісі қолданылады.
Ту үнемі оң жаққа қарай желбіреуі керек.
Мемлекеттік мекеме маңдайшаларында Ту міндетті түрде болуы керек.
Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген.
Қазіргі Әнұранымыз заңды түрде 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданды. Жаңа Әнұран бірінші рет сол жылы 11 қаңтарда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевты салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Қазақстандағы ең үлкен Ту елордадағы «Атамекен» этномемориалдық кешеніндегі Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. Биіктігі – 111 метр. Кешен 2009 жылы салынған.
1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұңғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апарды.
Монблан шыңында (4 810 м), Памир тауының Ленин шыңында (7 134 м) және Эверест шыңында (8 800 м) еліміздің Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалды.
2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстанның Туы Жерді 150 рет айналып ұшты.
Дайындаған
Ахмет ӨМІРЗАҚ