5-сынып оқушылары қазақ әдебиетін комикс арқылы сөйлетті
5-сынып оқушылары қазақ әдебиетін комикс арқылы сөйлетті
Астанадағы IT саласында білім беретін Skillset мектебінің оқушылары Айсұлтан Исабай, Алинұр Мамай, Хаджар Акпар және мұғалімдері Мадина Мендгалиева мен Қымбат Наурузова «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегісінің желісінде комикс шығарды. 1 маусым – Халықаралық балалар күнінде 5-сыныбында комикс жазған бала авторлармен сұхбаттасудың сәті түсті.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мадина Мендгалиева «жобаны жасаудағы мақсатымыз – мектептегі қазақ тілінің беделін көтеру, қазақша контентті дамытуға өз үлесімізді қосу» дейді.
«Қазір балалардың фантазиясы дамыған. Десе де олар қазақ тіліндегі ақпаратты қабылдағанымен, толықтай түсіне бермейді. Бізге балалардың мәтінді оқып, түсініп, оның суретін салуы маңызды болды. 5d – мен сабақ беретін жалғыз қазақ сыныбы. 1-тоқсанда сабақ барысында «Керқұла атты Кендебайды» өттік. Балалардың сұрағы көбейіп, ұзақ ертегіні оқығысы келмеді. Оқыған күннің өзінде көп сөздерін түсінбеді. Ал мен қолымнан келгенше балаларға түсіндіріп жүрдім. Сол кезде ертегіні комикс ретінде жазсақ деген ой келді, балаларды қызықтырғымыз келді. Бұл жерде сурет арқылы кейіпкерлердің эмоциясын беруді ойладық.
Бүкіл сайттарды ақтарып, бұған дейін шыққан комикстерді қарадым. «Алпамыс батыр», «Керқұла атты Кендебай» секілді біраз ертегі осы уақытқа дейін комикс түрінде шығып қойған екен. Осылайша комикс құрылмаған ертегі іздеп, таңдау «Күн астындағы Күнікей қызға» түсті. Жобаны жасауға 3 оқушы қатысты: екеуі сурет салса, біреуі мәтін теруге көмектесті. Мәтінді жазған кезде диалогтарды тура ертегідегідей етіп емес, одан да қызығырақ етіп алуға тырыстық», – дейді мұғалім.
Оның айтуынша, балалар, ең алдымен, ертегіні оқып шығып, өздерінің қиялымен бейнелеп шықты. Содан кейін оны графикалық суретші өңдеген.
«Бұл жобаға екі жарым ай уақытымызды арнадық. Балалардың қиялының шегі жоқ. Оны сурет салу барысында байқадық.
Комиксті орыс тілді балалардың өзі сатып алып, қазақшаға аударып оқып, бізге пікірлерін айтты. Балаларды қазақтың ертегілерін оқуға ынталандырудың ең ұтымды жолы – осы секілді.
Ата-аналар да алғысын айтып жатыр. Қолдарына комикс тигеннен кейін автор балалар да өздеріне риза болды. Айта кету керек, комиксті шығаруға балалардың ата-аналары қаржылай қолдау білдірді. Комикстен түскен пайданы оқушылардың өздеріне теңдей бөліп бердік. Осы арқылы балаларға еңбектерінің әркезде бағаланатынын түсіндіргіміз келді.
Балалардың қазақ фольклорына деген махаббатын ашқым келеді. Негізі комикс деген анимациялық фильмнің бастапқы адымы. Әрі қарай соны дамытып жіберсе де болады», – дейді Мадина.
Ал сурет пәнінің мұғалімі Қымбат Наурузова бастапқыда балаларға комиксті қағазға бейнелеп шығуды түсіндіру қиын болғанын айтып отыр. Олар өздерінің не істеуі керектігін білмеген көрінеді. Кейін мұғалім оқушыларға бірнеше бетті өзі салып көрсетеді. Оның айтуынша, мұнда ең маңыздысы – кадрларды құрастыру, яғни кейіпкердің не істеп тұрғанын көрсету екен.
Сонымен қатар 5-сынып оқушыларынан жоба, жұмыс барысы және ең алғашқы табысы туралы сұрадық.
«Бірінші балалар сурет салды. Одан кейін суретті мұғіліміміз Қымбат Krita бағдарламасы арқылы графикаға айналдырды. Диалогтағы сөздерді кішкене өзгертіп, балалар оқығанда ыңғайлы болуы үшін қысқартып бердік. Дегенмен негізгі идея сақталды. Ертегінің маңызды тұстарын комиксте көрсеттік.
Маған ертегінің ең ұнаған жері – басты кейіпкердің Күнікей қызды құтқарып, бақытты болғаны. Ал суреті бойынша ертегінің ең алғашқы беті өзіме қатты ұнайды.
Жобаны аяқтаған кезде және комиксті оқырман сатып алған кезде ерекше қуандық. Өйткені оған қаншама уақытымыз бен күшіміз жұмсалды. Қатты шаршаған кездер де болды. Болашақта кәсіпкер болып, көп ақша тапқым келеді», – дейді мәтінін терген Айсұлтан Исабай.
«5 жасымнан бастап сурет саламын. Бұл мектепте сурет салуды үйретіп қана қоймай, сол арқылы ақша табуға мүмкіндік алдық. Мектебіме, мұғалімдерге алғыс айтамын. Комикстің суретін салу сіздер ойлағандай оңай емес. Осылай 2 ай уақытымызды сүйікті ісімізге арнадық. Болашақта осындай жобаларда тағы да істегім келеді», – дейді суретші Хаджар Акпар.
Бұдан бөлек балалар жобаны жасауға атсалысқан мұғалімдері мен ата-аналарына алғыс білдіріп, оқырманның комиксті не үшін оқуы керектігін айтты.
«Ата-анама алғыс білдіремін, оларды сыйлаймын. Себебі олар мен үшін бәрін істейді, менің қалауыма ешқашан қарсылық білдірмеген. Сурет салғым келгенде сурет үйірмесіне қатыстырған, футбол ойнағым келгенде доп алып берген. Комикс жазған кезде де ешқандай қарсылық танытпай, маған қолдау білдірді. Өскенде олар үшін қолымнан келгеннің бәрін істеуге тырысамын», – дейді Алинұр.
«Қазір балалар кітапты көп оқығысы келмейді. Ал комиксте мәтін көп болмайды, мұнда бәрі суретпен көрсетілген. Бұл арқылы баланың фантазиясы кеңейеді. Комикс оқу – кітап оқуға жасалған алғашқы қадам», – дейді Айсұлтан.