Жасанды интеллектіні қазақ тілінде қолдануға болады – Askify

Жасанды интеллектіні қазақ тілінде қолдануға болады – Askify

Жасанды интеллектіні қазақ тілінде қолдануға болады – Askify
ашық дереккөзі
OpenAI компаниясы 2022 жылы 30 қарашада ChatGPT деп аталатын чат-бот ұсынды. Ол түрлі тапсырмаларды орындайды: сценарий, өлеңдер мен ән мәтінін жазу, есеп шығару, күрделі сұрақтарға жауап беру, код теру, медицинаға байланысты кеңестер беру, жоспар құру. Тізім осылай жалғаса береді. Бұл қосымшаның аудиториясы алғашқы екі айдың өзінде 100 миллион қолданушыға жетіп үлгерді. Ал мұндай аудиторияны TikTok 9 айда, Instagram 2,5 жылда жинады. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктері осы жерде анық көрінеді. Осы орайда ChatGPT-дің қазақша нұсқасы Askify жобасының авторы, инженер-программист Медхат Әкімбекпен сөйлескен болатынбыз.
«Askify.kz жобасын жасау идеясы осы жылдың басында, қаңтар айында келді. Оған себеп – ChatGPT чат-ботының пайда болуы. Ең алдымен, ChatGPT-ге қазақша сұрақ қойдық. Мүлдем жауап бере алмады, экранда түсініксіз мәтін шығарып берді. Сондықтан қазақтар да ана тілінде AI технологияларын қолданып көруі үшін осы жобаны жасадық. Жоба авторлары – мен және Дәурен Отарбай. Бета нұсқасын шығарғанымызға 1,5 айдай уақыт өтті. Содан бері 15 мыңдай сұрақ-жауап болды және 2 мыңнан аса қолданушымыз бар. Арнайы жарнама жасамасақ та, тіркелушілер саны күннен-күнге артып келеді», – дейді ол.
Медхаттың айтуынша, олар жобаны жасауға 2,5 ай уақытын арнап, жобада әлемдік машиналық оқыту алгоритмдерін қолданған. Яғни әзірге олардың авторлық машиналық оқыту алгоритмдері аяқталмаған. Себебі бұл тым ұзақ процесс және көп ресурсты қажет ететін көрінеді. Сонымен қатар ол жобада қойылған сұраққа минималды қатемен қазақша жауап берілетінін және жобаның жалпы өзгешелігін айтып берді.  width=
«ChatGPT 3.5 нұсқасы қазақша сұраққа мүлде түсініксіз жауап береді, ал ChatGPT 4 жақсырақ, бірақ ол да қажеттілікті өтей алмайды. Бұған себеп – ChatGPT-дің әлсіздігі емес, еліміздегі тілге қатысты мәселелердің болуы. Яғни ресурстың аз болуы немесе мүлде жоқтығы. Минималды қатемен деп айту себебіміз:
  1. Кез келген жоба мінсіз болмайды;
  2. Еліміздегі ашық емес немесе танымал емес ақпараттарды қате жеткізуі мүмкін;
  3. Жасанды интеллект қазақ тілін енді оқып, үйреніп жатыр. Бұған біраз уақыт керек.
Халықтың көбі біздің askify-ды ChatGPT деп шатастырады, бірақ байқасаңыздар ChatGPT сияқты өте керемет деңгейде сөйлесе алмайды. Яғни чат сипатында сөйлесе алмаймыз. Біздің жоба нақты сұраққа нақты жауап береді. Ұзақ жауап керек болса, оны сұрақ қойған кезде түсіндіріп айту керек. Алдағы уақытта аудиомен сұрақ қойып, сол форматта жауап ала аласыздар. Тағы да мүмкіндіктер қосамыз», – дейді жоба авторы.
Кейіпкерімізге «Халық жасанды интеллектіге сенім артып, оны максималды пайдалануы керек пе? Әлде одан қауіптеніп, бәсекелес ретінде қабылдауы керек пе?» деген сұрақ қойылды. Оның айтуынша, жасанды интеллектіні бәсекелес емес, өзімізге қажетті құрал ретінде қабылдауымыз керек. Олай жасамасақ, қазіргіден де артта қала береміз.
«Жасанды интеллектінің әлемде өте үлкен деңгейге жетіп қойғаны анық. ChatGPT күллі әлемді жақында шулатқанымен, оның алгоритмдері бірнеше жыл бұрын дайындалып, оқыту процесінде болған. Сол сияқты қазір де дайын тұрған, бірақ әлі қолданысқа берілмеген сервистер көп болуы әбден мүмкін. Адамзаттың жасанды интеллектіге дайын еместігін айтып, дабыл қағып жатқан миллиардерлер мен әлемдік ғалымдар көп. Оның ішінде, белгілі Илон Маск та бар және осы ChatGPT алгоритмдерінің негізін қалаған, жасанды интеллектінің ардагері саналатын Джеффри Хинтон деген азамат та осы саланың қаупін айтып Google компаниясынан шығып кетті. Әрине, айта берсек қауіп көп, сәйкесінше пайдасы да орасан зор. Алайда менің айтқым келетіні, біз кез келген технологиялық прогрестен қорықпай, оны қабылдап, игеруіміз керек. Себебі біз қорыққанымызбен, бұндай технологиялар тоқтап қалмайды, әрі қарай дами береді. Біз де сол салаларды игеріп, өз еліміз бен ұлтымызға сай икемдеуіміз керек», – дейді инженер-программист.
 width= Сондай-ақ Медхат Әкімбек ChatGPT-ді қазақша сауатты сөйлетудің жолын айтты.
«ChatGPT-ді қазақша сауатты сөйлету бойынша Цифрлы Даму министрлігі жұмыс жасап жатқан секілді. Осы тұста ескеретін жағдай – қолданушылардың жеке ақпараттарының қорғалуы. Бірақ біз ChatGPT-ді қазақша сөйлетумен емес, еліміздегі ана тіліміздің негізгі мәселелерді шешсек, ChatGPT өзі-ақ сөйлеп шығар еді. Дегенмен askify жобасы сондай проблемаларға қарамастан, жасанды интеллектіні қазақша сөйлетіп жатыр», – дейді ол.