Жаңалықтар

Жасанды интеллектіні қазақ тілінде қолдануға болады – Askify

ашық дереккөзі

Жасанды интеллектіні қазақ тілінде қолдануға болады – Askify

OpenAI компаниясы 2022 жылы 30 қарашада ChatGPT деп аталатын чат-бот ұсынды. Ол түрлі тапсырмаларды орындайды: сценарий, өлеңдер мен ән мәтінін жазу, есеп шығару, күрделі сұрақтарға жауап беру, код теру, медицинаға байланысты кеңестер беру, жоспар құру. Тізім осылай жалғаса береді. Бұл қосымшаның аудиториясы алғашқы екі айдың өзінде 100 миллион қолданушыға жетіп үлгерді. Ал мұндай аудиторияны TikTok 9 айда, Instagram 2,5 жылда жинады. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктері осы жерде анық көрінеді. Осы орайда ChatGPT-дің қазақша нұсқасы Askify жобасының авторы, инженер-программист Медхат Әкімбекпен сөйлескен болатынбыз. «Askify.kz жобасын жасау идеясы осы жылдың басында, қаңтар айында келді. Оған себеп – ChatGPT чат-ботының пайда болуы. Ең алдымен, ChatGPT-ге қазақша сұрақ қойдық. Мүлдем жауап бере алмады, экранда түсініксіз мәтін шығарып берді. Сондықтан қазақтар да ана тілінде AI технологияларын қолданып көруі үшін осы жобаны жасадық. Жоба авторлары – мен және Дәурен Отарбай. Бета нұсқасын шығарғанымызға 1,5 айдай уақыт өтті. Содан бері 15 мыңдай сұрақ-жауап болды және 2 мыңнан аса қолданушымыз бар. Арнайы жарнама жасамасақ та, тіркелушілер саны күннен-күнге артып келеді», – дейді ол. Медхаттың айтуынша, олар жобаны жасауға 2,5 ай уақытын арнап, жобада әлемдік машиналық оқыту алгоритмдерін қолданған. Яғни әзірге олардың авторлық машиналық оқыту алгоритмдері аяқталмаған. Себебі бұл тым ұзақ процесс және көп ресурсты қажет ететін көрінеді. Сонымен қатар ол жобада қойылған сұраққа минималды қатемен қазақша жауап берілетінін және жобаның жалпы өзгешелігін айтып берді. Сондай-ақ Медхат Әкімбек ChatGPT-ді қазақша сауатты сөйлетудің жолын айтты. «ChatGPT-ді қазақша сауатты сөйлету бойынша Цифрлы Даму министрлігі жұмыс жасап жатқан секілді. Осы тұста ескеретін жағдай – қолданушылардың жеке ақпараттарының қорғалуы. Бірақ біз ChatGPT-ді қазақша сөйлетумен емес, еліміздегі ана тіліміздің негізгі мәселелерді шешсек, ChatGPT өзі-ақ сөйлеп шығар еді. Дегенмен askify жобасы сондай проблемаларға қарамастан, жасанды интеллектіні қазақша сөйлетіп жатыр», – дейді ол.