Аманаттықтар ерекше қажеттілігі бар балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады
Аманаттықтар ерекше қажеттілігі бар балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елордадағы «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубына барып, ерекше қажеттілігі бар балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Мұнда аталған клубтың негізін қалаушы Садық Байымбетов және өзге де жаттықтырушылар ерекше қажеттілігі бар балаларды аптасына 3 күн тегін жаттықтырады.
«Бұл шуақты мереке қарсаңында AMANAT» партиясы еліміздің түпкір-түпкірінде түрлі іс-шара ұйымдастырып жатыр. Мәселен, бүгін осы «Жас жауынгер» клубының бүлдіршіндерін қолдап келіп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, партия клуб мүшелеріне тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Бала құқығын қорғау, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау шаралары сайлауалды бағдарламамызда да жан-жақты қамтылды. Ел ертеңі – бүгінгі бүлдіршіндер. Сондықтан, партия балақайларға барынша қолдау көрсетіп, кейінгі жас толқынның жарқын болашағы үшін бар күш-жігерін салуға дайын», – деді партия Хатшысы Дәулет Кәрібек.
Іс-шара барысында клубқа 300 мың теңгенің сертификаты және спорт жабдықтары бар сөмке табысталды. Айта кетейік, жастар қанатының аймақтық филиалдары мерекеге орай түрлі бағыттағы 30-ға жуық іс-шара кешенін өткізуде. Онда бас-аяғы 1000-ға жуық бала қамтылды.