Жаңалықтар

«AMANAT» партиясының мүшелері әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы балаларды құттықтады

ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясының мүшелері әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы балаларды құттықтады

Бүгін «AMANAT» партиясының және «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері елордадағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы ерекше балақайлармен кездесті. Партиялықтар оларды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, сый-сияпат жасады. «AMANAT» партиясының мүшелері сый-сияпаттарын алып, Астанадағы «Жансая» орталығында оңалтудан өтіп жатқан ерекше қажеттілігі бар балаларды құттықтады. «Ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау – партияның «Кедергісіз келешек» жобасында және «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында қамтылған басым бағыттардың бірі. Мәселен, 2028 жылға дейін аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталықтарды, патологияны ертерек анықтауға негізделген орталықтарды ашу міндеті қойылды. Орта мектептерде инклюзия кабинеттері ашылады. Алдағы бес жылда әрбір өңірді балалар күтіміне арналған қымбат құралдармен қамтамасыз ету үшін оңалту техникалық құралдары паркі құрылады. Біздің ортақ міндетіміз – әр кішкентай отандасымыздың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету», – деп атап өтті партияның Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев. Бұдан соң «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері балаларға арнап аниматорлардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырды.