Жыл басынан бері Батыс Қазақстанда 53 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Жыл басынан бері Батыс Қазақстанда 53 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Жыл басынан бері Батыс Қазақстанда 53 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
ашық дереккөзі

Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген 53 мың гектар жер аманаттықтардың тікелей араласуымен мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жөнінде «AMANAT» партиясының өңірлік филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының отырысында айтылды.

Биыл партиялықтар мен облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бірлескен жұмысы нәтижесінде 167 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінде жайылымдарды ауыл тұрғындарына беру мақсатында жер-кадастрлық құжаттаманы ресімдеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

«AMANAT»-тың Батыс Қазақстан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Азамат Сафималиевтің айтуынша, заңсыз бөлінген немесе пайдаланылмай жатқан жер мен жайылымды мемлекет меншігіне қайтару – партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттың бірі.

«Батыс Қазақстан облысы негізінен ауыл шаруашылығы аймағы саналады. Өңірімізде аграрлық секторды дамытудың әлеуеті зор. Халықтың 43,8%-ы ауылдық жерде тұрады. Партиялықтардың міндеті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған шаруаларға жағдай жасау. Бұған қол жеткізу үшін жайылым тапшылығы мәселесін шешуіміз керек», – деді ол.

Өз кезегінде, Орал қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрлан Рахымжанов қала маңындағы Серебряково және Круглоозерное ауылдарының айналасындағы жайылым жердің бір бөлігі ерікті түрде мемлекет меншігіне қайтарылғанын және жергілікті тұрғындарға тегін пайдалануға берілгенін жеткізді. Биыл қала маңындағы 5000 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда.

Бұған дейін республикалық «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығы мен мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесі көрсетілген jerkarta.gharysh.kz интерактивті картасы әзірленген болатын.

Жалпы, былтыр «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен ел аумағында пайдаланылмай жатқан 5 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Еске сала кетейік, жер мәселелерін жедел шешу үшін қазақстандықтар «AMANAT» партиясының  8 800 080 44 41 «Сенім телефоны» арқылы заңбұзушылықтың барлық фактісі туралы хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмірі бойынша қабылданады.