Даяшының 10% ақы алуы заңды ма? - Заңгер жауап берді

Даяшының 10% ақы алуы заңды ма? - Заңгер жауап берді

Даяшының 10% ақы алуы заңды ма? - Заңгер жауап берді
ашық дереккөзі
Елімізде мейрамхана немесе дәмханаларда тұтынушылардан ас-суынан бөлек даяшының қызметі үшін 10-20 пайыз ақы алынады. Бұл қаншалықты заңды? Осы жөнінде Turkystan.kz тілшісі заңгер Меруерт Қойайдаровадан сұрап білді.
«Комитетте хабарлағандай, МЕМСТ 30389-2013 сәйкес, қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі қызметтер (ресторан, кафе және т.б.) қосымша қызмет көрсеткені үшін ақы ала алмайды. Бұл – заңсыз. Қызмет көрсету құнының пайызбен көрсетілуі тұтынушы құқықтарының бұзылуына әкеледі. Себебі қызмет құны теңгемен көрсетілуі тиіс!» - дейді заңгер.
Ол тұтынушылар мекеменің ұсынылған шарттарға келiсiм беруге немесе бас тартуға құқылы болуы үшiн алдын ала ақпарат алуы қажет екенін айтты.
«Мейрамханаға барған кезде тұтынушы белгілі бір ақылы қызметтерді алмас бұрын, азаматтық кодекс бойынша жария шарт жасасады. Тиісінше мекеме әкімшілігі қызмет көрсету пайызы, (кіреберістегі ақпарат, ас мәзіріндегі жағдайды көрсету, даяшылардан ескерту және басқа да әдістер) тағамдардың құны туралы хабарлауға міндетті. Осыған байланысты, тұтынушы алдын ала хабарланбаған жағдайда қызмет көрсеткені үшін төлем пайызын төлемеуге құқылы. Өз кезегiнде мекемелер тұтынушылар ұсынылған шарттарға келiсiм беруге немесе бас тартуға құқылы болуы үшiн өз қызметтерiнiң құны туралы толық ақпарат беруi тиiс», - дейді Меруерт Қойайдарова.
Оның айтуынша, Қазақстан азаматтары қосымша өз құқықтарын Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органга, ары қарай сотқа жүгініп қорғай алады. Заңгер әр тұтынушы өзіне қатысты білуі тиіс құқықтарды атап көрсетті.    «Әр Қазақстан  азаматы  ҚР 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы құқықтарын біле кеткен жөн. 7-бап. Тұтынушылардың құқықтары Тұтынушылардың: 1) тауарларды (орындалатын жұмысты және көрсетілетін қызметті) иеленуге еркін шарт жасасуға; 2) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ағартуға және тұтынушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде құқықтық сауаттылығын арттыруға; 3) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алуға; 4) қауіпсіз тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алуға; 5) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауға; 6) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына; 7) тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге; 8) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге; 9) сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты алуға; 10) ұтыс түрінде берілген (орындалған, көрсетілген) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы бойынша ойындардың бастамашысына (ұйымдастырушысына) кінә қоюға; 11) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құруға; 12) моральдық зиянды өтетуге; 13) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға; 14) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де Заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар. Осы сәтте «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға сәйкес тұтынушылар тауар, жұмыс немесе қызмет туралы, сатушы, дайындаушы немесе орындаушы туралы ақпарат алуға құқылы, әркім тауарды немесе қызметті еркін таңдай алады. «Әрбір тұтынушы қызмет көрсету жерінде ақылы  немесе ақысыз ретінде қызмет алу немесе қызмет көрсету орнын таңдауға құқылы».