Шығын емес, инвестиция!
Алматы қаласы құрылыс басқармасының «2017 жылғы қысқы Универсида нысандарының құрылысы және оны жобалау» атты бюджеттік бағдарламасына сәйкес, жарысты өткізуге, қаланың сыртқы бейнесін жақсарту мақсатында үш нысан салу жоспарланды. Олар – 12 мың көрерменге арналған мұз сарайы, Алатау ауданындағы 5 мың адамға арналған Атлеттер ауылы және Медеу ауданындағы 3 мың көрерменге арналған мұз аренасы. 2014 жылы аталған құрылыс нысандары үшін Алматы бюджетінен 13 млрд теңге, 2015 жылы – 44 млрд теңге, 2016 жылы – 14,9 млрд теңге бөлінді. Үш жылдың нәтижесі бойынша жұмсалған қаржы –шамамен 73 млрд теңге немесе 221 млн доллар (1 долларды 330 теңгемен есептеген жағдайда). Бұдан бөлек, аталған нысандардың жобалық смета құжаттарына және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 2014 жылы – 12,2 млрд теңге, 2015 жылы – 41,47 млрд теңге, 2016 жылы – 9,27 млрд теңге бөлінген. Үш жылдағы жұмсалған қаржы – 63 млрд теңге ($190 млн). Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен құрылыс пен жобалау трансферттерін қаржыландыруға 2014 жылы – 0,872 млрд теңге, 2015 жылы – 3,45 млрд теңге, 2016 жылы – 5,713 млрд теңге бөлінді. Барлығы – 10 млрд теңге ($30 млн). Нәтижесінде Алматы қаласындағы Универсиада үшін салынған нысандардың жалпы құрылысына жұмсалған қаржы 146 млрд теңгені құрады ($442 млн). Бұл – капиталдық шығындар және жарысты өткізу үшін кеткен мұндай шығындар қайтарылмайды. Әлемдік тәжірибеге көз жіберер болсақ, 2013 жылы Қазан қаласында жазғы Универсиаданы өткізу үшін 300 млрд рубль жұмсап, небәрі 10,8 млрд рубль табыс тапқан ресейліктер шығындалған қаражаттың басым бөлігі шаһардың болашағы үшін салынғанын түсінді. Алматыда бой көтерген нысандар әрі қарай ел игілігіне қызмет ететінін біз де ұғуымыз керек. Бұл шығындар – еліміздегі бұқаралық спортты дамытуға салынған инвестиция. Универсиада біткеннен кейін мұз сарайы мен мұз аренасына сұраныс болмайды дегенге сену қиын. Аталмыш нысандарды қысқы спорт жарыстарына ғана емес, жазғы спорт ойындарына арнап та бейімдеуге болады. 12 мың адам сиятын «Алматы Арена» – ауқымды мәдени шараларды өткізуге таптырмас орын. Сондықтан бұл нысандардың құрылысына жұмсалған қаражатты желге ұшқан ақша деп бағалау әбестік. 8-9 қабатты 8 тұрғын үйі бар Атлеттер ауылы да додадан кейін қаңырап қалмайды. Толыққанды әлеуметтік инфрақұрылымы бар нысан 1,7 мыңнан аса отбасы үшін жайлы баспанаға айналады. Атлеттер ауылының 1748 пәтері ары қарай сатып алу мүмкіндігімен жалдауға беріледі, осылайша алғашқы 8 жыл ішінде 15,5 млрд теңге мөлшерінде инвестициялардың 40 пайызы қайтарылмақ. Бұл Алматыдағы баспанаға кезекті 10 пайызға азайтуы тиіс. Сондай-ақ, Атлеттер ауылының 30 мың шаршы метр әкімшілік аумағын түрлі көрмелер, конференциялар ұйымдастыру үшін пайдалану көзделген. Енді операциялық бюджетке келейік. Бұл – жарыстарды ұйымдастыруға жұмсалған шығындар. Бастапқыда Алматыда Универсиаданы өткізуге жұмсалатын қаржы көлемі 32 млрд теңге көлемінде бекітілді. Бірақ Елбасының жарысты барынша үнемді өткізу туралы тапсырмасынан кейін шығынды 17 млрд теңгеге дейін ($51,5 млн) қысқарту жөнінде шешім қабылданды. Универсиада кезінде қызмет көрсететін автотранспорттар жалға алынды (шамамен 520 бірлік), промоакциялар мен мәдени, ойын-сауық бағдарламаларының біразы қысқартылды. Халықаралық шараның ашылу және жабылу салтанатын өткізуге жұмсалатын қаржы 1,2 млрд теңгеге дейін ($3,6 млн) азайтылды. Нәтижесінде операциялық бюджет пен нысандарды салуға жұмсалған қаржыны қоса есептегенде, Универсиаданы өткізуге кеткен шығын 500 млн долларды құрады. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2019 жылы Красноярск қаласында өтетін қысқы Универсиаданың жалпы бюджеті шамамен 51,8 млрд рубльді құрайды деп жоспарланып отыр (1 доллар 60 рубльді құраған жағдайда $863 млн). Спорт нысандарының құрылысына және жөндеу жұмыстарына 44,5 млрд рубль ($741 млн) жұмсау көзделсе, операциялық бюджет 7,3 млрд рубльге ($121 млн) бағаланып отыр. Еліміз Универсиадаға дайындық барысында 2013 жылғы қысқы Универсиаданы өткізген итальяндықтардың тәжірибесін басшылыққа алғанын айта кеткен жөн. 51 елдің 1 700-ден астам спортшысын қабылдаған Италияның Тренто қаласында өткен дода операциялық бюджет жөнінен қысқы Универсиадалар тарихындағы ең үнемдісі болған еді. Жарысты өткізуге небәрі 5 млн 125 мың еуро жұмсаған итальяндықтар әлемнің 700 университетінен келген студенттер мен олардың жанкүйерлеріне жоғары дәрежеде қызмет көрсете білді.Қазынаға қанша қаражат құйылды?
Ендігі сауал – Универсиада ел экономикасына қандай пайда әкелді? Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек 17 қаңтар күні үкімет отырысында Универсиада кезінде туристердің келуі шағын және орта бизнеске шамамен 2 млрд теңге табыс әкеледі деп мәлімдеген еді. Қала басшысының айтуынша, Универсиада нысандарының құрылыс жұмыстарын 30 мың жаңа жұмыс орнын құрған 1550 шағын және орта кәсіп өкілдері жүргізді. Олардан қазынаға жалпы көлемі 9,2 млрд теңге салық түскен. Шараға дейінгі дайындыққа 5 мың қызметкер жұмыс істейтін 220 компания жұмылды. Ол компаниялардың 80 пайызы алматылық екенін ескерсек, Универсиада шаһардағы шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін бергенін айтпай кетуге қақымыз жоқ. Global destination cities index-тің бағалауына сүйенсек, Алматыда шетелдік турист күніне 245 доллар жұмсады. Осылайша Универсиаданы тамашалуға келген 5 мың қонақ 5 күнде шағын және орта бизнеске 2 млрд теңгеге жуық табыс әкелді. Cондай-ақ, жарысқа қатысушы мемлекеттердің өзі Атлетикалық ауылда тұру үшін 1 млн еуро төледі. Одан бөлек, Универсиада әкімшілігі ұсынған 8 қонақүйге толығымен спорттық делегациялар орналасты. Аталған қонақүйлерге жайғасу құны әр түрлі. Мысалы, «Қазақстан» қонақтары – тәулігіне 70 доллар, Shera Park Inn меймандары – 85 доллар, Holiday Inn Almaty-ға жайғасқандар күніне 105 доллар төлейді. Универсиада билеттерін сатудан түсетін кіріс те мол болғанын айтылуда. Спорттық ойындардың ең арзан билеті 300 теңге болды. Мұндай сомаға жанкүйерлер хоккей турнирінің топтық кезеңінің матчтарын көруге мүмкіндік алды. Ал кёрлинг бойынша билет бағасы 500 теңгеден, шаңғы қоссайысы бойынша – 700 теңге, конькимен жүгіру спорты – 1000 теңге, тау шаңғысының билет бағасы – 1500 теңге болды. Ал мәнерлеп сырғанауды тамашалауға келгендер билетті 2500 теңгеге сатып алды. Ең қымбат билеттер хоккей турнирінің финалында 2000-5000 теңге аралығында сатылды. Ал Универсиаданың ашылу салтанатының билеттері 15 мың теңгеден сатылса, жабылу салтанатына келушілер билетті 13 мың теңгеге сатып алды. Спорттық жарыстарға көрермен қызығушылығының зор болғанының бір дәлелі – билеттердің бәрі сатылып кеткендіктен ұйымдастыру комитеті FISU мен ресми делегациялар өкілдеріне, сондай-ақ спортшылар мен БАҚ өкілдеріне бөлінген орындардың 90 пайызын сатылымға шығаруға мәжбүр болды. Универсиада басталмас бұрын билеттерді толық сатудан түсетін қаржы (шығындармен салыстырғанда) шамамен 1 млн теңгені құрайды деген болжам жасалған болатын. Алайда қосымша билеттер сатылымға шығарылғанын ескерсек, табыс бұл сомадан әлдеқайда көп болғаны анық. Қала әкімшілігі халықаралық жарыстан қазынаға қанша қаржы түскенін ресми түрде жариялай жатар. Оның аз-көптігі Универсиаданың өткізілу деңгейіне анықтауыш бола алмайтыны даусыз. Әсілі, Универсиада қалтамызды қампайтуы тиіс деген түсініктің өзі қате. Спорттық доданы ұйымдастыруға жұмсалған әр тиынды ұзақмерзімді жобаға салынған инвестиция деп ұғу керек. Универсиада өз мәресіне жетті. 10 күн бойы Алматының ауасымен тыныстап, асқар Алатаудың баурайында бой жазған 2 мың спортшы мен олардың шашбауын көтерген бапкерлері мен жанкүйерлері өз елдеріне оралды. Енді олар өз отандастарына Қазақстан жайлы жақсы сөз, жағымды пікір таратар болса – жұмсалған миллиардтардың бір қайтарымы сол. Халықаралық жарысқа құйылған қаражаттың тағы бір қайтарымы – жаңадан бой көтерген спорттық нысандарда жаттығып, Универсиада, әлем чемпионаттары мен Олимпиадалардың биік тұғырына көтеріліп, әлемнің әр бұрышында еліміздің Әнұранын әуелететін чемпиондардың көбейетіні. Сондықтан ел беделін көтеретін өнер, спорт, білім мен ғылым секілді салаларға келгенде тартынатын жөніміз жоқ.