Қайшылықты заман қайраткері

Қайшылықты заман қайраткері

Қайшылықты заман қайраткері
ашық дереккөзі
Тарих қырық қатпарлы. Сырға толы шежіре. Тарихта біздің қазақ қоғамының да алатын өзіндік орны бар. Арғы көне тарихты былай қойғанда бергі, яғни өткен ғасырда ұлттың бастан кешкендері аз емес. Екі империялық жүйенің қол астында болды. Ғасыр басында патша ағзамның бодандығынан құтылдық-ау дегенде, коммунистік қоғамды желеулеткен тоталитарлық империяның шырмауына кеп тұтылдық. 1917 жылы қазанда төңкеріс жасаған қызыл коммунистік (большевиктер) партиясы кедей-кепшіктерге теңдік алып береміз деп жарияға жар салып, баршаны алдап соқты. Ұлттың оқығаны мен тоқыған көзі ашықтарын өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін қызметке тартты. Солардың арасында коммунистік идеологияны өз ұлтының мүдде-мұратына пайдаланған жандар да болған. Сондай ірі тұлғаның бірі – Ұзақбай Құлымбетов еді. Ол кеңестік билік құрылымының төменінен бастап, ең жоғары сатысына дейін көтерілді. Қазақ АКСР Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Қазақ Республикасы Сауда халық комиссары, Қазақ мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Ол коммунистердің саясатына езілген халықты бостандыққа шығарады деп шын көңілімен сенді. Сондықтан олардың жауларымен еш ымыраға келген жоқ. Қызметін жан-тәнімен беріліп істеді. 1937 жылғы 23 ақпаннан 3 наурызға дейін созылған БК(б)П ОК пленумында 72 коммуниист мінберге көтерілді. Олар пленумның ашылуында сөз сөйлеген Бас хатшы Иосиф Виссарионович Сталиннің «Партия жұмысындағы кемшіліктер және троцкийшілер мен басқа да екіжүзділерді жою туралы» баяндамасында: «...Кеңес өкіметіне дос болып көрініп, біздің адамдарды саяси тұрғыдан алдайтынын, сенімді асыра пайдаланып, астыртын зиянкестік жасап, біздің мемлекеттік құпияларымызды ашып беруде», – деп қадап айтты. Содан кейін баяндаманы талқылауға салған. Әсіресе Ішкі істер халық комиссары Н.И. Ежов солшылдар деп саналған троцкистер мен зиновьевшілерді «оңшыл-ауытқушылармен» қоса сынға алып, партияның белді мүшесі Н.И.Бухаринді Бас хатшы Сталинге қастандық жасауды астыртын ұйымдастыру жағын жоспарлаған деп айыптады. Сол пленумнан кейін КСРО Ішкі істер халық комиссариаты 30 шілдеде № 00447 бұйрығын шығарып, елде «партияны ішкі жау­лардан» тазалау науқаны барынша пәрменді жүргізілді. Саяси Бюро ішкі жауларды тез тауып, шұғыл жаза қолдану үшін соттан бөлек құрамына НКВД басқармасының бастығы, прокурор және өлкелік партия комитетінің хатшысы кіретін «үштіктің» пәрменін күшейтті. Бұл жаппай жазалау науқаны шетелдік зерттеушілер айтқандай, «үлкен террорға» ұласты. Пленумда сөйлеген сол 74 адамның 52-сі «қызыл қырғын» кезінде атылып кетті. Ал жалпы Халықаралық «Мемориал» тарихи-ағарту қоғамының мәліметіне жүгінсек, сол «үлкен террорда» 1 миллион 710 мыңнан астам адамға саяси айып тағылып, солардың 725 мыңына ең жоғары сот үкімі мен «үштіктің» ату жазасы шығарылған. Солардың бірі Ұзақбай Құлымбетов те жазықсыз құрбан болды. Бүгінгі тәуелсіздік тұрғысынан қарағанда сол бір қайшылықтары көп талас-тартысы мол аласапыран ауыр жылдарда Ұзақбай Құлымбетовтің кезінде жаңылыс басқан сәттері болса да, ең бастысы өз ұлтының арман мүддесіне адал болғаны анық байқалады. Ұзақбай Құлымбетов 1891 жылдың 18 наурызында Торғай облысының Ырғыз уезіндегі Аманкөл болысында өмірге келген. Әкесі Желдірбайдың сауаты болмаса керек. Солай бола тұра  алдында аздаған малы бар орта шаруа қатарында екен. Қыста шанаға түйелерін жегіп, Қазалы, Ырғыз және Орскі арасына кіре тартып, тіршілік кешкен. Ел ішіндегі күштінің әлсізге, жуанның жіңішкеге көрсеткен зорлық-зомбылығынан әлеуметтік әділетсіздікті бала кезінен сезініп өскен Ұзақбай кейін өзінің өмірбаянында: «...Мен бала кезімнен ауылдағы рулық тәртіппен үстемдік етушілерді жеккөріп өстім», − деп жазған. Бұрын ауыл балалары молдадан сабақ алған. Ұзақбай да сегіз жасында  молдадан ескіше сауат ашты. Содан кейін үш жылдық ауыл мектебінде оқып, Ырғыздағы түземдік орыс-қазақ училищесіне түсті. Патшалық билік қазақ елін отарлап қана қоймай халықтың рухын, діни сенімін, әдет-ғұрпын өзгертіп, христиандандыру үшін миссионерлік саясатын осылай орыс-қазақ оқу орны арқылы да астыртын жүргізуді мақсат тұтқанын бүгінгі зерттеуші ғалымдар жазып та жүр. Олар оқитын қазақ балаларының санын алдын ала жоспарлап, оны орындауды болыстарға міндеттеп отырды. Мұны түсінген кейбір байлар мен билер болыстарға пара беріп, өз балаларының орнына кедей-кепшіктердің ұлдарын жіберетін. Ұзақбай да солардың бірі болып 1908 жылы екі жылдық училищеге кете барды. Оны үздік бітірген алғыр жас Ақтөбедегі мұғалімдер даярлайтын семинарияға қабылданып, оны 1912 жылы тәмамдап, Торғай мен Ырғыз уездерінің ауылдарында мұғалім болып еңбек етеді. Орталықтан 150-250 шақырымдағы алыс ауылдармен қайбір қатынас болсын. Сол ұстаздық еткен жылдарын ол кейін 1937 жылдың 14 маусымында Қазақ өлкелік большевиктер партиясының ОК-не жазған өмірбаянында былай деп еске алған. «Сол уақытта (мұғалімдік қызметте жүрген жылдары) мен  мүлдем артта қалып қойдым. Мен газеттер мен әдебиеттерді өте сирек көретін болдым. Оқып жүрген кезімдегі көңілге түйіп, тоқығандарымның көбісін жадымнан шығарып та алдым. Саясатпен айналыспақ түгілі оның мұрныма исі де бармайтын. Негізгі жұмысымнан басқа нәрсемен айналысқан емеспін. Азын-аулақ (айына 128 сом 20 тиын) табысымнан әке-шешеме қарайластым. Ал газет, кітабы жоқ түкпірдегі ауылда білгеніңді де ұмытып қалар едің. Саясаттан мүлдем сауатсыз болдым. Тіптен патшаның құлағанын естіп қуанғаныммен, түрлі партиялардың өзара айырмашылығын көп ажырата бермеуші едім. 18-ші жылдың күзіне дейін ауылда оқытушылық жұмыста жүрсем де жергілікті ұйымдардың және уақытша өкімет орындарының жұмыстарына араласқаным жоқ». 1918 жылы әуелі жаңғырығы жетіп жатқан жаңа өкіметтің билігі де Ырғызға келіп орныға бастады. Совдеп орнап, басшылары орысша сауаты бар жандарды қызметке тартты. Ұзақбай Құлымбетов те алыстағы ауылдан қызметке шақырылды. Оған бір топ Совдеп мүшелерімен бірге Кенжеғара және Тәуіп болыстарындағы Уақытша өкіметтен қалған жер басқармаларын жойып, жергілікті Советтерді ұйымдастыру тапсырылады. Жоғарыдағы өмірбаянында ол сол тапсырманы қалай орындағандары туралы тоқталған. «...Айналасы бір жарым ай ішінде біз бұрынғы басқармалардың және солардың құйыршықтарынан, қала берді алашордалық ұлтшыл-контрреволюцияшылдардың тараптарынан болған қарсылықтарды жеңе отырып, тапсырманы орындадық. Советтерді ұйымдастыру кезінде мен бір жолы Абдусәлам Алматовтың ауылында Алашорда жасақшыларының қолына түсіп қала да жаздадым. Алматов менің жасырынып, тұтқынға түспей сытылып кетуіме көмектесті. Советтерді құрып болған соң үш ай бойына қайталама сүзек ауруымен төсек тартып жатып қалдым». Өмірбаянға қарап, Құлымбетовтің 1917 жылдың 21-26 шілдеде Орынборда өткен бүкілқазақтық бірінші құрылтайда құрылған «Алаш» саяси партиясының жарғысы және бағдарламасымен таныс еместігі байқалады. Партияның бағдарламасында мынандай тұжырымдар бар. «Қазақстанның «Алаш» партиясы ұлтшылдық пен шовинизмді уағыздайтын, тек қана ұлтының ғана үстемдігін дәріптейтін партия емес. Мұндайдың бәрі «Алаштың» табиғатына жат дүниелер. «Алаш» партиясы адамдарды ұлтына, нәсіліне, тегіне қарап кемсітуге, осының негізінде ұлтаралық дүрдараздықтар туғызу атаулының бәріне үзілді-кесілді қарсы тұрады және күреседі. ...Сонымен бірге мынаны бүкпесіз, ашық айту керек. «Алаш» партиясы – қазақ ұлтының болашағына, әлемдік қауымдастықта оның лайықты орын алатындай қуатты ел болуына қызмет етуді өзінің ең басты мақсаты, әрі парызы санайтын партия». Мұнда қандай «контрреволюциялық-ұлтшылдық» нышандар бар? Керісінше демократияны ұстанғаны анық көрініп тұрған жоқ па? Құлымбетовтің сол сөзіне қарағанда тағдыр жолы Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовпен тоғыспаған секілді.  Кездесіп, олардың пікірін тыңдағанда қоғамға деген көзқарасы мүлдем өзгеріп, солармен біте қайнасып кетер ме еді. Солай болуы да ғажап емес еді-ау. Өйткені олардың жан дүниесін ұлттық мүдде біріктірері кәміл. Өкінішке қарай большевиктер партиясы олардың алдын орағытып, бар зейінін өздерінің ықпалына қарай бұрып жіберген секілді. Ал Ырғыз аудандық мұрағатының меңгерушісі Рахымжан Өтемістің 2016 жылы 8 тамызда  «Ақтөбе» газетінде жарық көрген «Ғұмырын халқына арнаған қайраткер» атты көлемді мақаласында  Құлымбетовтің 1918-19 жылдары Торғайда Ахмет Байтұрсынов және  Міржақып Дулатовпен танысып, білісуі оның саяси ұстанымын айқындай түскені туралы жазған. «...Тарихтан белгілі, 1919 жылы алашордашылар жеңіліс тауып, билік басына қызыл коммунистер келді. Осыдан кейін «Мен Кеңес үкіметін жеккөремін, бірақ мойындауға мәжбүрмін» деген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың басындағы жағдай тәуелсіз Түркістан мемлекетін құруды көксеген қазақ зиялыларының басым көпшілігіне тән еді. Құлымбетов те Кеңес үкіметін қолдаушылар жағына шықты», − дейді ол. Неге екенін қайдам басқа тарихшылардың зерттеулерінде Құлымбетовтің Алаш қайраткерлерімен кездесуі айтылмаған. Ал кездесіп, солардың ықпалымен саяси ұстанымын айқындай түссе, неге оларға  «контрреволюциялық-ұлтшылдық» деп саяси баға берген?.. Көңілге ұялаған күдік-күмәнді сейілту үшін кәсіби тарихшылар Құлымбетов өмірінің осы тұсын, осы кездесуін кеңінен зерттеп, анығын айтулары керек шығар. Құлымбетовтің 1929 жылы партиялық тазалау кезінде берген өзі туралы мәліметінде: «Мұғалімдік жұмыста жүргенде мен саяси және қоғамдық ағымдармен таныс болғаным жоқ. Бірақ Орынбордан шығып тұрған «Қазақ» газетінің ықпалымен сол тұста басқалар сияқты ұлтшылдық көзқарас ұстанғаным рас», – деп көрсеткен. Ия, «Қазақ» газеті оның қоғамдық өмірге көңіл көзін ашты. Саясаттан алыс болса да кең қолтық өз ұлтының сауатсыздық салдарынан табиғи байлықтарын игерудің жолын білмей, өзгелерге есесін жіберіп, содан кедейшілік тұрмыстың тауқыметін тартып жатқанын білді. Газеттің өзекті мақалалары ұлтына деген жанашырлық сезімін оятты. Ал жанашырлығы іштей ұлтшылдық көзқарасқа алып барды. Оның Советтердің қай қызметінде болса да жүрек түкпірінде жатқан осы көзқарасынан айнымағаны, ұлтына жан-тәнімен берілгені кез келген ісінен көрініп тұрды. Ескеретін бір жай түкпірдегі ауылда жүрген оны саяси ұйымдардан бейтарап кезінде Совдеп басшылары қызметке тартып, алаштықтар жөнінде кереғар көзқарасқа салмағанда бәлкім олар жөнінде  «контрреволюциялық-ұлтшыл» деген пікірде болмас па еді. Мұны күрделі әрі қайшылықты алмағайып қиын кезеңнің салдары деп қараған жөн шығар. Құлымбетов 1919 жылдың сәуір айында Ырғыз уездік атқару комитетіне мүшелікке сайланып, Совет билігін орнатып, қалыптастыруға белсене араласады. Төңкеріске қарсы топтардың қарсылықтарына қарамастан Ұзақбай Совдеп мүшелері Б.Алманов, Т.Жүргенов, С.Тұңғашинмен тізе қосып, Ырғызда кеңес өкіметін толық орнатуға бар күшін салды. Уездегі Тәуіп, Кенжеғара, Қызылжар және Аманкөл болыстарында совет ұйымдарын құрып, қалыптасып кеткенше біраз уақыт тікелей басшылық жасады. Бұл кезде ақтар жағынан қауіп күшті еді. Құлымбетов соған қарамастан уез қазақтарының құрылтайын өткізіп: «Колчакқа қарсы күресте қазақ халқы кеңес өкіметін қолдайды», − деген белгілі тарихи қаулыны қабылдап, Мәскеуге арнайы жеделхат жолдаған. Құрылтайдың қаулысын жасауға  Құлымбетовтің өзі басшылық етті. 1918-1921 жылдары уезде 16 болыстық, 138 ауылдық Кеңестер орнады. Сондай-ақ 1918 жылы наурызда Торғайда өткен Кеңестер сьезінің «Ақтөбе уезінде 194 қазақ, 123 орыс мектебін, Қостанайда 250 қазақ, 198 орыс мектебін, Ырғызда 114 қазақ мектебін және 14 мектеп интернат ашу туралы» қаулысының Ырғыз уезіндегілерін орындалуына коммунист Құлымбетов тікелей мұрындық болды. Уездегі 8 бен 15 жасар балалар барынша қамтылып, мектептен сауат ашты. Ол мектеп ашу жұмыстарын ұйымдастырып қана қойған жоқ, Ырғыз қаласынан мұғалімдер даярлайтын екі айлық курс та ашып, тыңдаушыларға өзі сабақ берді. 1921 жылы елде аштық етек ала бастаған. Сол жылы мамырда Құлымбетов Қырғыз облыстық комитетінің шақыруымен Ақтөбе губерниялық сьезінде губерниялық атқару комитетіне мүшелікке кандидат  болып, облыстық оқу бөлімінде содан соң губернияның қамсыздандыру саласын басқаруды қолына алған. Араға жыл салып, Ақтөбе облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болды. Бірақ Ырғыздың бұрынғы басқарушы Қисықов бастаған байлар тобы Құлымбетов пен Тойбағаровтың үстінен жоғарыға арыз-шағымды қайта-қайта жазып, жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді. Солармен алысып жүріп, бұл қызметті 1923 жылдың наурызына дейін атқарды. Арызданушылар оны ақтар мен алашордашылардың тұтқынында болған, ашыққандарға бөлінген көмек қорын талан-таражға салған деп жала жапқан. Бұл істі ҚАКСР Орталық Атқару комитетінің жауапты хатшысы Алмановтың ықпалымен сол кездегі республика Жоғарғы соты Арғыншиев 1922 жылы 17 мамырда Қылмыстық кодексінің 109 және 105 баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, Орынборда тергеу амалдарын жүргізді. Ол істі арызданушылар пайдасына қарай тарта берген соң Құлымбетов пен Тойбағаров РСФСР Жоғарғы соты атынан арнайы хат жолдап, істі тікелей өздері қарауын өтінген. Солардың өтініші  бойынша РКФСР Жоғарғы Соты 1923 жылдың алғашқы айына дейін қылмыстық іс қарап, оларға тағылған айыптар бойынша кінәрат таба алмады. Ұзақбай Құлымбетов сол жылдың 11 ақпанында РКФСР Жоғарғы Сот трибуналы сессиясының шешімімен толық ақталды. Ол бұдан кейін де партиялық тазалау кезінде бірнеше рет соттың іс қарауынан да бетер қатал сынның сүзгісінен өтті. Ұзақбай Құлымбетов 1937 жылы 14 маусымда Қазақстан Коммунистік  большевиктер партиясы Орталық Комитетіне жазған өмірбаянында Ырғыздағы басынан өткізген жағдайға да кеңінен тоқталған. «...Сол жылдың мамыр айының басында ақтар мен алашорда жасақтарының Шалқар теміржол стансасын шабуылмен басып алуына байланысты менің өзге де жолдастарыммен бірге Ырғыздан шығып кетуіме тура келді. Шегінген 120-130 адамнан Ырғыз партизан жасағы құрылып, мен солардың ішінде қатардағы сарбаз болдым. Жасақты бұрынғы патша әскерінің офицерлері, қазіргі жауапты қызметкерлер Иван Федорович Киселев пен оның көмекшісі Петр Александрович Кузнецов басқарды. Осы жасақта жүріп, басқалармен бірге Жалтырда болған екі шайқасқа қатыстым. Осыдан бөлек біздің барлау кезінде ақтармен болған бірнеше қақтығыстар мен атыстарға қатыстым. 1919 жылдың шілде айының соңына таман солтүстік жақтан жеткен ақтардың шабуылынан бізге Шалқар теміржол стансасын тастап, Арал теңізіне дейін шегінуге тура келді. Аралға жеткен соң командирлер біздің жасақ Ырғыз бағытында барлауға шығатынын жеткізді. Келесі күні жасақтан 100 адам Ырғыз жақтағы Қарақұмға шықтық. Жол жағдайы өте қиын болды. Жан шыдатпас ыстық, жолсыз меңіреу дала, қазақтар тұрып жатқан елді мекендер өте сирек кездеседі. Өйткені негізінен байлар майдан шебінен қашықтап қоныс аударған. Біз жол бойында бірқатар кедей ауылдарды басып өтсек те қарсыластарымызды кездестіре алмадық. Сол ауылдардан жасаққа жолға жарамды көліктер алуымызға тура келді. Сондай кездерде қазақ ауылдары тұрғындары мен біздің арамызда жағымсыз жағдайлар да болды. Олардың жасаққа қажетті аттары мен түйелерін еріксіз тартып алдық. Әсіресе біздің жекелеген кейбір адамдар көліктердің ең жақсысын, тіптен біреулердің жалғыз атын адами тұрғыда сұрамай-ақ, жөн-жосықсыз зорлықпен ала салды. Командирлердің аудармашысы болғандықтан маған сондай жандардың ашу-ызаға булыққан сөздерін көбірек естуге тура келді. Мен қазақ шалының қолындағы жалғыз айғырын алып қойған командиріміз Киселевпен қақтығысып қалдым. Ақсақалдың әділ талабын көре отырып және бізге бұл ауылмен алда әлі жұмыс бабында кездесетінімізді ескеріп, ауыл адамдары айғырдың орнына басқа жарамды азбан ат береміз деген ұсынысын қабыл алып, айғырды иесіне қайтарып беруін өтіндім. Киселев айғырды қайтарған жоқ. Қайта иесін аузына келген былапыт сөздерімен балағаттап жәбірледі. Ал араға түскен мені сондай сөздерімен қорлап, ұрып-соғумен тынды. Мен ол кезде партия мүшесі болмасам да, өзімнің азаматтық «Мен» деген сезімім бар емес пе. Сондағы Киселевтің мені қорлағанына қаным қайнады. Жалпы Киселев мұндай жағымсыз мінезін тек маған ғана көрсетіп қойған жоқ, жасақтағы көптеген жолдастарға да жасаған зорлығы олардың наразылықтарын туғызды. Біз сондай кикілжіңмен Ырғызға да 30-35 шақырымдай жақындадық. Ырғыз ақтар мен алашордашылардың қолында болды. Біздің командирлер бірнеше адамды Ырғызға барлауға жіберді. Олар неге екені белгісіз қайтып оралмады. Жасақта алып қашпа сөз жүріп жатты. «Киселев мұғалім Дайрабаевтан Ырғыздағы ақтар командиріне біздің жасаққа берілуі туралы хат беріп жіберіпті» деген. Ол жіберілген  барлаушылардың қайтпай қалу себебін осылай түсіндірді. Біз сол кезде Аманкөл болысының аумағында едік. Мен және жасақтағы бірнеше қазақтар жергілікті тұрғындармен сөйлесіп тұрдық. Жасақтағы көптеген қазақтар Қарақұмды кесіп өткен ауыр жол азабынан кейін өздерінің ауылдары осы жерден 15-25 шақырым жерде екенін біліп, бәріне де қолды бір-ақ сілтеп, үйді-үйіне кетіп қалу ниетте болды. Өкінішке қарай Киселевпен қарым-қатынасым күн сайын күрделене түскендіктен сондай көңіл-күй менде де болған еді. Жасақтағы бұл жағдай Киселев пен Кузнецовтың бірін-бірі түсініспеуіне алып келді. Ақыры жанжал шығып, соның нәтижесінде жасақ екіге бөлінді. Киселев бастаған бір бөлік бірден Аралға қарай бет түзеді. Ал ішінде мен де бар Кузнецов бастаған топ сол жерде қалып қойдық. Қаражат, азық-түлік, пулемет Киселевтің тобында кетті. Кузнецовтың отбасы Ырғызда еді. Ол: «Бізді бәрібір ақтар тауып алады. Сондықтан берілгеніміз жөн. Олар бізді сол жерден ауылдардағы үйді-үйімізге босатады», – деп сендіріп бақты. Жасақтағы бірсыпыра қазақтар сол бойда-ақ даладағы ауылдарына тарап кетті. Кузнецов бастаған қалалақтар ақтарға берілді. Кузнецов пен жасақтағы 15-ке жуық орыс пен татар командирлер ақтарға өз еріктерімен өтіп, қызылдарға қарсы шықты. Қалған отыз шақты адамдардың көпшілігі қазақтар еді. Біз солармен бірге қызылдарға қарсы шыққанша ақтардың қолында азап шеккеніміз артық деп шештік. Ақтар ұзын санымыз 30-ға жуық адамды тұтқындап, Ырғыздан 160 шақырым жердегі Шалқарға қарай жаяу айдады. Шалқарда бір апта түрмеде ұстап, бізді ақтар мен алашордашылардың жасақтарына баруды ұсынды. Қиындыққа төзбеген 4-5 адам олардың айтқанына иланып, біз арандатуларына көнбей үзілді-кесілді бас тарттық. Ақтар бізді айтқандарына көндіре алмаған соң 100-120 шақырым жердегі Бершүгір теміржол стансасына айдады. Бершүгірде бізді әскери тұтқындармен бірге бірнеше тәулік аш құрсақ ұстап, күзетшілердің қамшыларының астында қара жұмысқа салды. Түрмеде қанша азап шексем де мен үшін ақтармен күрестің мәні ашылы түскендей болды. Ақтардың тұтқынында жүргенде мен бір-ақ нәрсені армандадым және өзіме-өзім серт бердім. Мүмкіндік туған алғашқы сәтте-ақ қызылдарға оралып, ақтардың қайырымсыз офицерлерінен, қанаушылардан, басқарушылардан, байлардан езілген жұмысшы мен кедей-шаруалардың мүддесін ешқандай бұлталақсыз адал әрі сенімді түрде қорғау – совет өкіметін қорғау деп ұқтым. Біз тұтқында бір жарым айға жуық болдық. Бізді өз офицерлеріне қарсы көтерілген Шалқар гарнизонының солдаттары босатты. Ырғыз уезіндегі өз ауылдарымызға жаялатып зорға жеттік-ау әйтеуір». Ұзақбайдың бастан кешкен осы бір ауыр азапты күндер оған көп ой салғаны анық. Езілген жұмысшы-шаруа табының мүддесі үшін жаңа өкіметке қызмет етуге өзіне-өзі серт бергені де сондықтан. 1919 жылдың қарашасында ауылдан қызылдар қолына өткен Ырғызға келіп, уездік төңкеріс комитетіне қызметке тұрды. Әскерилерді басқарған Киселев жолдас та комитетке мүше ретінде қызметте еді. Оның жасағында болған жолдастар да сол комитетте еңбек етіп жүрді. Ал ақтарға өз еріктерімен берілген Кузнецов пен оның жолдастары Ырғызға келген соң тұтқындалып, олардың қылмыстық ісі қатаң жағдайда қаралған. Құлымбетов ревкомның өкілі ретінде өзге де жолдастарымен ақтардың қалдықтарын және қашып-пысып жүріп елдің берекетін алған ұры-қарыларды жоюда, қару-жарақ жинап, ауылдарды советтендіруді ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысты. Оның тапсырманы тиянақты орындайтынын, адалдығын, ақтарға соққы беріп, бандаларды жоюдағы ісін өз көздерімен көрген Совет өкіметінің басшы өкілдері оны партия өтуге  кандидат етіп, артынша  1920 жылы қаңтарда Республикалық коммунистер партиясы большевиктері қатарына мүшелікке қабылдады. Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовті 1921 жылдың жазында Ақтөбе губерниясы қызметке шақырып, әуелі әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің, көп ұзамай оқу бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындалды. Ал 1923 жылы ақпанда губерниялық партия конференциясында губком мүшелігіне сайланып, сол жолы оны губкомның бюро құрамына енгізу жөніндегі ұсыныс та бірден қабылданған. Құлымбетовтың сөзге шешендік қабылетін байқаған губком басшылары губерниядағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді де мойынына жүктейді. Губком қызметіне берген мінездемесінде былай деп жазылған. «Губерниядағы үгіт-насихат жұмысында жиналған тәжірибесі әлі жетімсіз. Бірақ істі белсенді түрде жүргізе алады. Қызметкерлерді таңдай біледі және оларды жұмсай алады. Саяси жағдайда өз бағытын анықтай біледі. Тұрақты, табанды. Ерік-жігері күшті, қателігін мойындап, одан қорытынды шығара алады. Өсек сөзге және топшылдыққа бейімділігі жоқ». Осы мінездемеден-ақ оның бар болмысы, қандай жан екені көрініп тұр. Қателігін мойындап, одан қорытынды шығару адал жанның ғана қолынан келеді. Өсек сөзге жоқтығы біреудің сыртынан ғайбаттап жазықсыз кінә артудан аулақтығын, рухани жан тазалығын көрсетеді. Қызметкерлерді қабілетіне, ісіне қарай таңдап, жұмсай білуі және табандылығы бойындағы ел басқаруға қажетті қасиеттерін байқатады. Осындай қабілеттерімен елге  танылған жандардың қызмет бабында тез өсетіні анық. Құлымбетов 1923 жылы қыркүйекте Әліби Жанкелдиннің тікелей шақыртуымен Ұзақбай Құлымбетов РКП(б) Ақмола губерниялық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысқан. Көп ұзамай губернияның атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Сол кезде губернияға қазіргі Көкшетау, Петорпавловскі, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының территориялары қарайтын. Ауылда өскен ол жаңа қызметте де ауылшаруашылығын жақсы білетінін және оны ұйымдастырудағы іскерлігімен танылған. Бұл кезде Ақмола мен Атбасар уездерінде құрғақшылық орын алып, егістік алқаптың көп бөлігі күнге күйіп, астық түсімі мүлдем азайып, ашытық белең ала бастаған шақ. Төраға ел ішінің мүшкіл жағдайын жоғары басшылыққа ашып айтып, ашыққан халыққа  азақ-түлік жағынан көмек беруін өтінеді. Бірақ ел түгел аштық құрсауында еді. Сонда да қолдан келген бар амалдарды жасап, панасыз аш балаларды есепке алып, тамақтандыру орындарына жайғастырған. Сол кездегі балалардың бірі Мақай Жүнісов бертінде: «Бір топ бала теміржол бойын торауылдап, қайдан тамақ табамыз деп жүгіріп жүргенімізде жанымызға бір көлік келіп тоқтады. Милиция шығар деп қаша жөнелмек едік, Дөңгелек жүзді бір кісі қасымызға келіп, басымыздын сипады. «Қорықпаңдар, балалар. Сендерді жақсы жерге орналастырамын», − деп көлігіне барлығымызды тиеп алды да бір үйге алып барды. Шамасы ол жерде бос орын болмады ма деймін өзінің үйіне алып келді. Әйеш дейтін әйелі бар екен. Ол кісі бізді жуындырды, киімімізді ауыстырып, 10 шақты баланы үйінде 6-7 күн ұстады. Ұзақбай аға жұмыстан келген сайын күнде кешкілік бізге: «Ертең орналастырамын, жағдайларың дұрысталады», − деп қайталап отырды. Ұзақбай ағаның арқасында Қызылжардағы балалар үйінде тәрбиеленіп, қызметке араластым. 1936 жылы Ақтөбе облысынан КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, 1937 жылы «халық жауы» ретінде 10 жылға сотталып, Сібірге айдалдым. Адам төзбес азапты басымнан өткеріп, 1955 жылы ақталып елге оралдым», − деп өткенін еске алды. Ұзақбай Құлымбетов сол жылдары байлар мен кулактардың Совет өкіметіне наразылық ретінде жалшылықтан   босатып жіберген кедей-кепшіктерге арнап, кеңес қызметкерлерін даярлайтын губерниялық курстар ашты. Солардың біразы кейін болыстық, уездік, губерниялық деңгейлердегі жауапты қызметтер атқарған. Құлымбетов өндіріс саласын да назардан тыс қалдырған жоқ. Уездегі Петропавл ет  комбинаты, Ақмола ағаш өңдеу зауыты жұмыстарын қайта жандандырып, Риддер кенішін қалпына келтіріп, Петропавл – Көкшетау темір жолы құрылысын жүргізді. Халық шаруашылығын көтеруді ұйымдастыру жұмыстары кеңестік басшыларға оңайға түскен жоқ. Олардың арасында 1924 жылы да өзара сын өршіп жатты.  Құлымбетов 1937 жылы 14 маусымда Қазақстан Коммунистік большевиктер партиясы Орталық Комитетіне жазған өмірбаянында «...Мен Меңдешевтің партияға қарсы тобында да, Смағұл Сәдуақасовтың тобына да жоқпын. 1924 жылы қаңтарда біздің республика Кеңестерінің IV құрылтайы өтті. Сол IV құрылтайда Сейфуллин, Сәдуақасов, Жанайдаров, Досов және мен секілді қазақ қызметкерлері Орталық Атқару Комитетіндегі екі топтың басшылары Меңдешев пен Әйтиевтің айтқандарына қарсы тұрдық. Алайда БКП(б) біздің Әйтиевке қатысты қарсылығымызды қабылдады да басқаларға қатысты қарсылықтарымызды кейінге қалдырды», − деп жазған. Олардың илегені бір терінің пұшпағы. Республика халқының, ұлттың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту. Солай бола тұра топтар бір-бірін өткір сынға ала отырып, өздерінің ұсыныстарын өткізгісі келгені анық. Алайда  бірін-бірі түсінбегені өкінішті-ақ. Бұл текетіресті 1937-38 жылы ниеті жаман басқалар пайдаланып, арты оларды қуғын-сүргіннің зобалаңына алып барды. 1925 жылы елде тағы бір айтулы өзгеріс болды. Сол жылдың 9 ақпанында Қазақ АКСР Орталық Атқару комитеті республика орталығын Орынбордан Қызылорда қаласына көшіру жөнінде тарихи шешім шығарды. Өлкелік партия комитетінің бюросы Ұзақбай Құлымбетовтың уездерде шаруашылықты ұтымды ұйымдастыру кезіндегі басшылық қабілетін жоғары бағалай келіп, Қазақ Республикасы халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің төрағасы қызметіне бекітті. Оны елде атқарылатын қыруар жұмыстар күтіп тұрған. Әсіресе, патшалық отарлаудан кейінгі шаруашылықтарды жер учаскелерімен қамтамасыз ету, тұралаған ауыл шаруашылығы құрылымдарын аяғынан қайта тұрғызу, қоғамның ең кедей бөлігіне қысқа не ұзақ мерзімге көмек қаржыларын беру, көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауылдарын отырықшылдық тұрмысқа тартып, оларды советтендірудің  аса маңызды шараларын іске асыру қажет болды. «Бұл ірі мәселелерді жүзеге асыруда Орталық пен жергілікті кадрлар арасында, сондай-ақ республика басшылығының ішінде өзара толық түсінушілік болды десек, онда тарихи шындыққа қиянат жасаған болар едік. Мәселен, бүгінге дейінгі оқулықтар және ғылыми еңбектерде «сәдуақасовшылар»  атанып жүрген топ ешқандай да сырттан келген «халық жаулары» емес, қайта керісінше өзіндік ой-пікірі бар, белгілі бір саяси бағытты ұстанған қайраткерлер болғандығын енді ғана айта бастадық. Міне, осындай күрделі саяси күрес жағдайында республикалық басшылыққа  Халық Шаруашылығының Орталық Кеңесі сияқты ірі мекемені ешқайда да бұра тартпай, іскерлікпен басқара алатын басшы керек болды. Өлкелік комитеттің сол тұстағы хатшысы Н.И.Ежов Петропавлдағы Ұ.Құлымбетовке жолдаған хатында кадр таңдау ісінде Өлкелік комитеттің қандай принциптерді басшылыққа алып отырғандығын айта келіп, «ешқандай топта» жоқ Ұзақбай Желдірбайұлының жоғарыда аталған қызметті атқаруына келісім беруін сұрайды. Шындығында сол кезеңге тән түрлі саяси документтерден Ұ.Құлымбетовтің ешқандай топқа қосылмағанын байқау қиын емес». (Мәмбет Қойгелдиев. «Ұзақбай Құлымбетов» «Социалистік Қазақстан», 19 наурыз 1991 жыл).   (Жалғасы бар)