Жаңалықтар

Тұрақты жұмысқа 800 мың адам зәру

ашық дереккөзі

Тұрақты жұмысқа 800 мың адам зәру

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов елімізде нақты қанша адам жұмысқа зәру екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінде бізде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап тұр. Егер әлемдік ауқымда салыстырсақ, бұл айтарлықтай жақсы нәтиже. Бірақ, адамдардың көбі біздегі 4,9 деген көрсеткішке күмәнмен қарайды. Себебі, олар нақты өмірдегі жағдай басқаша деген пікірде. Дегенмен, осы тұрғыда өзіндік шындық та бар», – деді Нұрымбетов. Осы орайда, ол ресми деректер бойынша елімізде жұмыссыздар саны 445 мың адам екенін атап өтті. «Бұдан бөлек, 2,2 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Азаматтардың жеке кәсіпкерлікпен айналысып, өзін табыспен қамтамасыз еткені жақсы. Алайда, мұнда да бірқатар проблемалар бар», – деп түсіндірді вице-министр. Бұл тұрғыда Нұрымбетов өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар құрылымында тек күнкөріс үшін ғана талпынып жүргендер бар екендігін айта келе, олардың табысы мардымсыз екендігін жеткізді. Дегенмен де, статистика органдарында бұл адамдар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде тіркеліп отыр. «Салық органдарында тіркеліп, жеке қызметімен айналысатын адамдар бар. Олар салық төлейді, зейнетақылық төлемдерді аударады. Бірақ, еш жерде тіркелмеген, өзінше жұмыспен қамтылғандар. Сонымен қатар, осы азаматтардың табыстары азғантай ғана, кейде олардың кірістері мүлдем болмай жататын жағдайлар да кездеседі. Осы орайда, олардың көпшілігінің табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтындығын айта кеткен жөн. Статистикада бұндай адамдарға қатысты өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар термині қолданылады. Осындай адамдар саны бізде 360 мыңнан астам», – деп нақтылады Нұрымбетов. Оның сөзіне қарағанда, ресми түрде жұмыссыз атанған 445 мың адамға аталған көрсеткішті қосқан кезде, елімізде жұмысқа зәру немесе тұрақты табысқа мұқтаж кем дегенде 800 мың адам байқалады.