Қаны аз адам қалай тамақтануы керек?
Қандағы гемоглобин неғұрлым аз болса, ауру соғұрлым ауыр болады. Бұл патологиялық жағдайды емдеуде режим мен диетаны қалыпқа келтіру маңызды деп хабарлайды turkystan.kz.
Жалпы, қаназдық (анемия) қан құрамындағы эритроциттердің, гемоглобиннің азаюынан пайда болады. Гемоглобиннің ер адамдарда 130г/л, әйел адамда 120г/л, ал жүкті әйелдерде 110 г/л төмен болуымен қаназдық көрінеді.
Ағзадағы темір жетіспеушілігін қалыпқа келтіруде дұрыс тамақтанудың маңызы зор.
Анемияға арналған диетаның негізгі мақсаты:
- көмірсулар мен майлардың үлесін азайту;
- диетаға құрамында темір бар тағамдарды көбірек енгізу;
- тағамның калориясын бақылау;
- тамақтану режимін қалыпқа келтіру;
- денедегі дәрумендер мен микроэлементтердің тепе-теңдігін сақтау.
Қаны аз адам қалай тамақтануы керек?
Мамандар қаны аз адамдар ақуызға бай тағамдар тұтыну керектігін айтады. Өйткені олар темірді сіңіру процесін жақсартады. Сонымен қатар майлар мен көмірсудың мөлшері ұсынылған нормадан жоғары болмауы керек. Себебі олар осы микроэлементтердің сіңуіне әсер етпейді.
Ағзадағы темір деңгейін арттыруға ет, еттен дайындалған сорпа, малдың бауыры, анар, алма, жаңғақ, жасыл көкөністер, теңіз орамжапырағы, бал көмектеседі. Ал тәттілерді, пеште пісірілген өнімдерді, құрамында кофеин бар сусындарды, майларды, сүтті шектеу қажет.
Анемияда витаминдердің жеткілікті мөлшері ағзаға тамақпен бірге енуі өте маңызды. Сонымен, қажетті дәрумендерге тоқталайық:
С дәрумені – темірдің сіңуін тездетеді. Ол цитрус дақылдарында, қарақатта, болгар бұрышында көп мөлшерде кездеседі.
В12 дәрумені – маңызды микроэлемент. Оның жетіспеушілігі анемияның өршуіне әкелуі мүмкін. Ол балда, сыра ашытқысында кездеседі.
Фолий қышқылы салат жапырақтарында, цитрус жемістерінде, ашытқыда, бауырда, жаңғақтарда, балықта, етте кездеседі.
В6 дәрумені – организмдегі гемоглобин деңгейінің жоғарылауына ықпал етеді. Ол жаңғақтарда, балықта, етте, бұршақ дақылдарында кездеседі.
Күн сайын науқастың денесіне тамақ арқылы кем дегенде 20 миллиграмм темір түсуі керек.
Темірдің сіңуіне кедергі келтіретін тағамдарды шектегеніңіз абзал. Олар:
- қою қара шай, кофе;
- сүт;
- жаңа піскен нан;
- торт;
- шоколад;
- фаст-фуд, ысталған, майлы, тұзды, ащы тағамдар.
Сүт өнімдерінен толығымен бас тартудың қажеті жоқ. Ең бастысы, оларды құрамында темір көп өнімдермен біріктірмеу керек. Өйткені сүт бұл микроэлементтің қанға сіңуін едәуір нашарлатады.