«AMANAT»-тың кеңестері – партияның негізгі диалог алаңдары

«AMANAT»-тың кеңестері – партияның негізгі диалог алаңдары

«AMANAT»-тың кеңестері – партияның негізгі диалог алаңдары
ашық дереккөзі

Бүгін «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партия жанындағы республикалық кеңестердің жаңа төрағаларымен жиын өткізді. Ол мұндай кеңестер партияның негізгі диалог алаңдары екенін атап өтіп, аманаттықтардың алдында тұрған бірқатар маңызды міндетті белгілеп берді. Іс-шара партияның өңірлік филиалдарының қосылуымен бейнеконференцбайланыс режимінде өтті.

Сөз басында Ерлан Қошанов кеңестердің негізгі мақсатының бірі – Президент пен партияның сайлауалды бағдарламаларының орындалуына тұрақты мониторинг жүргізу екенін атап өтті.

«Салалық кеңестердің тиімділігін түбегейлі арттырып, бұл жұмысқа партияның жаңа жақтастарын, сарапшылар мен қоғамдық пікір көшбасшыларын тарту керек. Біздің кеңестер қоғамды толғандырған тақырыптарды анықтап, уақытылы көтеріп отыруы, проблемалық нысандарға баруы, оларға қатысты шешім шығарып отыруы тиіс. Бұл партиялық құрылымдардың жұмысын жандандыруға және «AMANAT»-тың әрбір мүшесінің сайлауалды міндеттемелерді орындау кезіндегі жеке жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді партия Төрағасы.

Ерлан Қошанов партия қызметінің ашықтығы мен жариялығы қаншалықты маңызды екеніне жеке тоқталды.

«Мәжілістегі «AMANAT» фракциясы әр тоқсан сайын орталық мемлекеттік органдардың сайлауалды уәделерді орындау аясындағы республикалық жол картасын жүзеге асыру жөніндегі есебін тыңдап отырады. Жария талқылау ашықтықты қамтамасыз етеді және уәкілетті министрліктердің шешім қабылдау кезіндегі жауапкершілігін арттырады. Сондықтан өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың осындай тыңдауларын ұйымдастыру қажет. Осы орайда, сайлауалды уәделердің орындалуына мониторинг жүргізу мақсатында кеңестер мен фракциялардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді партия Төрағасы.

Отырыс барысында Ерлан Қошанов партияның Саяси кеңесі Бюросының шешімімен тағайындалған «AMANAT» жанындағы кеңестердің жаңа басшыларын таныстырды.

Осылайша, Партиялық бақылау комитетіне – Павел Казанцев, Экологиялық кеңеске – Бауыржан Смағұлов, Өңірлік даму жөніндегі кеңеске – Берік Бейсенғалиев, Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі кеңеске – Екатерина Смышляева, Аграрлық сектордың мәселелері жөніндегі кеңеске – Нұржан Әшімбетов, Жастарды қолдау жөніндегі кеңеске – Нартай Сәрсенғалиев басшылық ететін болды.

Сонымен қатар, Ерлан Саиров – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңеске, Жұлдыз Сүлейменова – Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңеске, Аманжол Әлтай – Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» кеңесіне, Динара Зәкиева– Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңеске жетекшілік етуді жалғастырады.

Өз кезегінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Ерлан Саировалдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.

«Біздің басты мақсатымыз – сайлауалды уәделердің барлығын жүзеге асыру. Ал нақты біздің кеңеске қатысты айтатын болсам, Мемлекет басшысының елден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жөніндегі тапсырмасын орындауға барынша күш салуымыз керек. Өңірлерде бюрократия мен протекционизм әлі де сақталып отыр. Біздің кеңестеріміз осы және өзге де өзекті мәселелерді шешуге атсалысуы тиіс. Партияға деген сенім деңгейі осы жұмыстың орындалуына байланысты болмақ», – деді ол.

Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменованыңайтуынша, кеңес жұмысының арқасында Түркістан облысына қарасты ауылдардағы 45 мектепке күрделі жөндеу жүргізу мәселесі шешілді. Сонымен қатар, кеңес мүшелері Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың жаңа ғимаратын салу үшін бюджет қаражатын бөлуге атсалысты.

«Әр азамат әлеуметтік жағдайына немесе тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуға міндетті. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласына да назар аударып келеміз. Яғни, дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыру, ауыл медицинасын дамыту және білікті жас мамандарды тарту бағытында жұмыс істеп жатырмыз», – деді ол.

Өз кезегінде, Павлодар облысындағы экологиялық кеңестің төрағасы Ирина Чидунчимемлекеттік органдармен кері байланыс орнамай отырғанын, атап айтқанда кеңес жолдаған хаттардың 80%-на немқұрайлы жауап қайтарылатынын айтты.

Ал Түркістан облысындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Жаңабай Ағабеков аманаттықтар жедел әрекет ету топтары арқылы «Бақытты отбасы» жобасы аясында өмірдің қиын жағдайына тап болған өңірдегі отбасыларға көмек көрсететінін атап өтті.

Жиын қорытындысында «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партияның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдардың алдына жұмысты күшейту бойынша бірқатар нақты міндет қойды.

Айта кетейік, былтыр республикалық кеңестердің 56 отырысы өтіп, онда 91 мәселе қаралды. Мемлекеттік органдарға арналған 584 ұсыным әзірленді.

Сондай-ақ, комитеттердің 23 отырысы өткізіліп, онда 52 мәселе қаралды және 59 ұсыным дайындалды. Өңірлік деңгейдегі кеңестер 5,6 мыңнан астам отырыс өткізіп, онда 11,2 мыңға жуық мәселе қаралды.

Республикалық деңгейдегі кеңестер саны 14-тен 10-ға дейін, ал өңірлік деңгейде – 1700-ден 379-ға дейін қысқарды.