Айдос Ербосынұлы: Давид Моррельден есе қайтарғым келеді

Айдос Ербосынұлы: Давид Моррельден есе қайтарғым келеді

Айдос Ербосынұлы: Давид Моррельден есе қайтарғым келеді
ашық дереккөзі
2022 жыл кәсіпқой бокста ел ме­рейін асқақтатып жүрген был­­­­ғары қолғап шебері Айдос Ербосынұлы үшін ауыр жыл болды. АҚШ-та әлем чемпионы ата­ғына ұмтылған отандасымыз алғаш рет қар­сыласына есе жіберді. Жай жеңілген жоқ, но­каутқа түсті. Жарты жылға спорттан қол үзіп қалған боксшымен сұхбаттасудың сәті түсті. – Өткен жылда кеткен өкініш ұмытылған шығар. Моррельмен жекпе-жек Айдос Ербо­сынұлын өзгертті ме? Шаршы алаңға қашан ора­ласың? – Спортта да, өмірде де сәттілік пен сәтсіздік қатар жүре­ді. Бәріне жеңіл қарауды үйрендім. Жеңісті де, жеңі­лісті де қабылдай білген дұрыс. Үлкен спорттағы әр­бір жетістікті де, сәтсіздікті бастан өткеріп, қоры­тын­ды шығара білу мықты спортшының ғана қолынан ке­леді. Әрине, қарсыластан нокаутпен жеңілу ешкімге де оңай тимесі анық. Қапаландым. Қай жерде қателік жібердім деп ұзақ ойландым? Мықты бола түсу үшін осын­дай қиындықтардан да өту керек болған шығар. Қа­зақта «Жағың сынса да, сағың сынбасын» деген жақ­сы сөз бар. Жеңісті сәттер әлі алда. Өзімді осылай жұ­бат­тым. Қазіргі кездегі басты мақсаттарымның бірі – рингке қайта оралып, жанкүйерлеріммен қауышу. Қараша айындағы жекпе-жектен соң шетелдік жур­налистер, бокс сарапшылары, отандық жанкүйер­лер, бәрі-бәрі жылы сөздерін арнады. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдау білдірді. Сауль «Канело» Альварестен бастап Мұхамед Әлидің неме­ре­сіне дейін, қазақстандық спортшылар да тілеулес еке­нін жеткізді. Бұл маған үлкен күш-қуат берді. Аллаға шү­кір, көптің қолдауының, халықтың тілегінің арқа­сында тезірек аяққа тұрдым. – Кубалық қарсыласыңмен реванш өткізу ойда бар ма? Сол кездесу жайлы бір сұхбатыңда «бапкерді таңдауда қателік болды, салмақ қудым» деген екенсің. Осыған қатысты не айтасың? – WBA нұсқасы бойынша супер орта салмақтағы «тұрақты» әлем чемпионы атағы үшін болған кездесуде жеке командамның қателіктері болды. Оны мойын­дай­мын. Бірақ жеңіліске ұшырауыма бірінші кезекте өзім кінәлімін. Давид Моррельден есе қайтарғым келеді. Оны ал­дағы уақыттың еншісіне қалдырдым. Алдымен боксқа ора­лайын. – Кейінгі айқасың бүкіләлемдік бокс рей­тин­гін­дегі дәрежеңе кері әсер етті ме? Айдос қазір қай сатыда? – Жеңіліссіз серияның тоқтағанын ғана білемін. Бұған дейін 16 кездесуде жеңіске жеткенмін. Рейтин­гі­дегі орнымды қараған жоқпын. Әзірге демалыста бол­ған соң ондай жұмыстармен бас ауыртқым кел­мейді. – Шетелде жаттығып жүргенде «Канеломен» спар­рингтік кездесу өткіздің. Сауль Альварестің шар­шы алаңдағы өзге боксшылардан артық­шылығы неде? – Иә, бір жыл бұрын «Канелоның» Дмитрий Би­вол­ға қарсы өткен жекпе-жегіне дайындалуына кө­мек­тес­кен болатынбыз. Стилім қырғыз боксшысының жұды­рық­тасу тәсіліне келіңкірейтін болған соң менімен спар­ринг жасағысы келді. Бокс әлемінде жасындай жарқылдаған Альвареспен жат­тығу жасау арқылы біраз тәжірибе жинақтадым. Өзге боксшылардан артықшылығын білмедім, бірақ ма­ған Сауль Альварестің чемпионға тән мінезі, шаршы алаң­да өзін ұстауы, ширақ қимылы ерекше ұнады. – Сенің айқастарыңа Suleimen Promotions компаниясы демеушілік ететінін білеміз. Ондағы ықпалды адамдармен қалай таныстың? Олар са­ған демеуші болған соң «мына жекпе-жекті но­каут­пен аяқта, келесі жекпе-жекті соңына дейін жеткіз» дегендей талаптар қоя ма? – 2018 жылы Астана қаласында Азия чемпионы бел­беуі үшін болған айқаста жеңімпаз атандым. Сол жекпе-жектен кейін Suleimen Promotions ком­па­ния­сының өкілдерімен жақынырақ таныстым. Жекпе-жегімді бастан-аяқ көргендерін, жақсы жұдырық­тас­қа­­­нымды айтты. Сол күні еліміздегі беделді про­моу­тер­лік компаниямен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Ке­лісімшарт жасастық. Suleimen Promotions-та менен өзге де қазақстандық бірнеше боксшы бар. Әр боксшының кездесу алдында қарсыласына дайын­даған тактикасы, жоспары болады. Соған сай жұмыс істейді, дайындалады. Шама жетсе кездесуді ерте аяқтаған жақсы ғой. Бірақ оның бәрі шаршы алаң­да шешіледі. Маған демеушілерім «жекпе-жекті мына раундта аяқта немесе соңына дейін апар» дегендей тапсырма беріп көрмепті. Әр айқас алдындағы басты мақсатым – жеңіске жету. – Қарашада жасың 32-ге келеді. Бокс қолғабын шегеге ілген соң немен айналысу ойда бар? Айдос­ты бапкер ретінде көруіміз мүмкін бе? – Бәрін уақыт көрсетеді. Нақты мына жасымда бок­стан кетемін, бапкер боламын деп болжам жасап, уақыттың алдына түспей-ақ қояйын. Ұзақ үзілістен кейін денсаулығымды қалыпқа келтіріп, шаршы алаңға қайта оралғым келеді. Әзірге дәрігерлердің берген ақыл-кеңесіне құлақ асып, тапсырмаларын бұлжытпай орын­дап жатырмын. Бәрі оңынан болғай. – Кәсіпқой бокста жүрген отандастарымыз тура­лы пікіріңді білгіміз келеді? Кімдерден үміт күтесің? Ізіңнен ерген ізбасарларыңа, кәсіпқой боксқа ауысқысы келіп жүрген жас буынға айтар ағалық кеңесің. – Ешкімді бөліп жарғым келмейді. Бәрі де мықты. Кәсіп­қой бокста жүрген кез келген отандастарымыздан үміт күтуге болады. Әуесқойдан кеткісі келіп жүрген жас­тарға айтар кеңесім, бірінші кезекте дұрыс команда таңдай білу керек. Бұл өте маңызды. Қалғаны тәжіри­бемен келеді. – Әңгімеңізге рахмет! Алдағы жекпе-жекте жеңіске жетіп, көк туды желбірететініңізге сенеміз! Жеңісті сәттеріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ