Жаңалықтар

Маңғыстаудың ботаникалық бағы

ашық дереккөзі

Маңғыстаудың ботаникалық бағы

Маңғыстаудың Ақтау шаһарына күндіз жолаушылап келе жатсаңыз, көзіңіз алдымен ақ айдынға түседі. Ұшақтың терезесінен сәл төмен үңілсең, көк-күмбек болып толқыған теңіз күн нұрымен астасып, жанарыңды жасқап жібереді. Сіз мінген көлік бүйірін бұлт еткізіп, тағы бір аунағанда қаланың қақ ортасынан алақанның ортасындағы ойықтай тағы бір көкті көзіңіз шалады. Бұл су емес, жасыл желек. Дәлірек айтсақ, Маңғыстаудың эксперименттік ботаникалық бағы. Бір-бірін құшақтай, жамырасып өскен ағаштар, бұта-бетегесі бар жас өскіндер аумағы атшаптырымдай жерді алып, қысы-жазы жайқалып өсіп жатыр. Білмейтін адам мұның бәрі өздігінен көктеп, өзі өсіп жатыр деп ойлауы мүмкін. Ал білетіндер, бұл бақтың бағы мен соры бес елі, талайлы тағдырына сүйсініп қарайды. Бұл бақтың тарихы тым әріде жатыр. Со­нау орыстың Петр бірінші пат­ша­сынан бастау алады. 1716 жылы патшаның бұй­рығымен Түпқараған ауданындағы Кас­пий теңізінің шығыс жағын зерттеуге князь Бекович-Черкасский Маңғыстауға (сол кезде Маңғышлақ) келеді. Сол жылы теңіздің бір бөлігі сипатталып, Маңғыстаудың жағалауы толық бейнеленген алғаш рет картасы жаса­ла­ды. Ал түбектің алғашқы флористикалық си­паттамасын 1773 жылы келген Г.Гмелин жа­сап, оны профессор Э.Эйхвальд жалғас­тырады. Бұдан кейін де ресейлік ғалымдар өлке­нің флорасын зерттеді. 1832 жылы Г.Каре­линь осындағы өсімдіктердің 280 түрін си­пат­тады. Араға 12 жыл салып, М.Иванин Қа­­­­­ратау және Ақтау аудандарында флорис­ти­калық жиындар өткізіп, алғаш рет Қарақия ойпатының өсімдіктері туралы мәлімет берді. Тағы бір 20 жылдан соң, Үстірт үстіне ке­шен­ді экспедиция ұйымдастырылып, ғалым И.Борщов өсімдіктердің схемалық сипат­та­масын берді. Ал 1847 жылы орыс геогра­фия­лық қоғамы Каспий мен Арал теңіздерінің ара­сындағы аумақты зерттеудің кешенді бағ­­дарламасымен экспедиция ұйымдас­тыр­ды. Оның құрамына атақты ғалымдар мен мамандар кірді. Экспедицияның геология, зоология мен ботаника саласында аса маңыз­ды ғылыми және тарихи орны болды. Кешегі Кеңес дәуірінде де Маңғыстаудың фло­расы мен өсімдіктерін зерттеу тоқтама­ды, ол одан әрі тереңірек және жан-жақты бол­­ды. Соның ішінде өткен ғасырдың 60-жыл­дары түбекте пайдалы қазбаларды өнер­кә­сіптік игерудің басталуына және қалалар мен ауыл­дардың пайда болуына байланысты, көгалдандыру мәселесі күн тәртібіне қойыл­ды. Биология ғылымдарының докторы В.Романовичтің жетекшілігімен Қаз ССР ҒА Ботаника институтының стационарлық экспедициясы ұйымдастырылды. Мақсат – сәндік және тұрақты өсімдіктердің ассор­тиментін таңдау, оларды көбейту, өсіру және күту агротехникасын анықтау. Бұл жұмыстар біраз­ға дейін мандымай қойды. Себебі Кав­каз­дан, Астраханнан әкелінген өсімдіктер жер­сінбей, топырақтың тұздылығынан, ыл­ғал­дың жоқтығынан, құбылмалы ауа райы­ның ке­сірінен және қатты ыстықтан жаппай өс­пей қалды. Ғалымдар екпелерді басқа жер­ден әкелу­ге болмайтындығын, оны осы жер­де өсі­ріп, қолдан будандастыру қажеттігін тү­сінді. – Сонымен ұзақ айтыс-тартыстан соң, ботаникалық бақ 2005 жылы «Ерек­ше қорғалатын табиғи аумақтар» заңы­на енді. Үкімет бекітіп берді. Сіздердің ар­қаларыңызда біраз мекемелер де осы заңға еніп, қорғалатын болғанынан да хабардармыз. Жағдай өзгерді ме? – Бұл шаруа да біраз шу шығарды. Бір жа­­­ғынан жергілікті әкімшілік жерімізден айы­рылып қалатын болдық деп байбалам сал­са, бір жағынан «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ жә­не «Ақтау-Сервис» ЖШС бізден алған жер­г­е тезірек құрылыс жұмыстарын жүргізуге жан­таласты. Қоршауымызды бұзып, өсіп тұр­ған терек, талдарымызды тамырымен қо­па­рып, қаншама қиыншылықпен өсірген өсім­діктерді трактордың шынжыр табаны­мен таптауға көшті. «Жер бетіндегі жауыздық мұндай болмас, тірі ағашқа балта сермеген оң­бас» деп, бәрін бір Құдайға тапсырдық. Қо­лы­мыздан басқа не келеді?! Көз жасы­мызды көлдете жүріп, түнімен ұйқы көрмей ұжым болып, тірі қалған өсімдіктерімізді жинап алдық. Ол енді ұзақ әңгіме. – Жалпы, ботаникалық бақ қай ми­нистр­лікке қарайды? – Біз өмір бойы еліміздің Білім және ғы­лым министрлігіне бағынышты болып келе­міз. Кей жылдары ақша жоқ деп, тәуелсіз мем­лекеттік кә­сіпорыннан филиалға айнал­дық, 6-7 рет қайта құрылымдаудан өттік. Өйткені бота­ни­калық бақ іргелі, қолданбалы ғы­лымды жа­сай­ды. Біз бір жақтан бірнеше өсім­дікті әкеліп еге салмаймыз, оны Маң­ғыс­таудың топырағына жерсіндіру үшін барлық билогиялық, экологиялық, географиялық қасиеттерін зерттейміз, сарапқа саламыз, салыс­тырамыз. Оған ондаған жыл уақыт кетеді. Кейбір өсімдіктер мұнда қанша ексең де өспейді. Ауа райы, топырақтың ылғалдығы, күннің сәулесі кері әсер беруі мүмкін. Мы­салы, қазір субтропикалық өсімдіктерді әке­ліп жатырмыз.Тауға өрмелеп, күнге ұмты­латын өсімдіктерді алып келеміз. Олар бізге оңай бейімделеді. – Қазір жағдайларыңыз түзелген бо­лар? – Шүкіршілік. Қаланың жаңа ауданынан жо­ғарыдағы комиссияның шешімімен 10 га жерге жаңадан бақ жасадық. Бұл жерге кіші жа­пон, қытай, европалық және ислам бағын жа­сағымыз келеді. Жобамыз әзір. Облыс бас­шысы Н.Ноғаев ғылымның өлкеміздің да­муын­да ерекше рөлін, оның үстінде көгал­дандыру процесінде маңыздылығын ескере отырып, ботаникалық баққа барлық жағынан қолдау көрсетіп отыр. Тағы бір арманымыз – Маңғыстаудың флорасын жасап, ғылыми туынды қылып басып шығару. Ол үшін 2004 жылдан бері еңбектеніп келе жатырмыз. Жағдайымыз осылайша түзеліп келе жатыр. Көптеген жаңа ғылыми жо­ба­ларымыз бар, оның шет жағасын қолға алып, нәтижесін көріп жатырмыз. Жас ға­лым­дарды дайындаймыз. Бақтың 29 гектар жеріндегі негізгі ғылыми өсімдіктер коллек­циясы толығымен жасақталды, ғимаратымыз күр­делі жөндеуден өтті. Соңғы 3 жылда ар­найы бағдарламамен бөлінген қаражатқа сәйкес, биотехнология, өсімдіктер физио­ло­гиясы мен биохимия зертханасы жасақталып, ол заманауи құрал-жабдықтармен қамтама­сыз етілді. Жоғарыда атап өткен қаланың 34 «А» ша­ғын ауданындағы 10 га жердегі ботани­ка­лық бақ территориясы толық игерілді. Туыс­тық комплексте өсімдіктер коллекциясы жа­салынды, жаңа ғимарат салынып, онда гер­барий және тұқым қорын сақтайтын зерт­хана заманға сай ғылыми құрал-жаб­дық­тармен қамтылды. Бүгінгі күні гербарий қорын­да 6000-нан астам үлгілер бар, GBIF және Index Herbariorum (MANG) халықара­лық жүйелерінде тіркеліп, акроним алды. Гербарий қорын цифрлық форматқа көшу жұмысы жасалып жатыр Жалақысының аздығына қарамай осын­да 100-ден астам адам жұмыс істеп жа­тыр. Оның 37-сі ғылыми қызметкер, 40-тан астам жұмысшымыз бар. – Айтыңызшы, қазір ботаникалық бақ Ақ­тау қаласын, жалпы Маңғыстау өңірін көк желекпен қамтамасыз етуге қаншалықты қауқарлы? – Жалпы, жылына 5 мыңның үстінде қыл­қан жапырақты, 10 мың үстінде жапы­рақ­ты ағаш тектес өсімдіктерді дайындайды, табиғи фло­ра­­дан 8 мыңдай сексеуіл, жыңғыл, 3 мың­нан астам раушан өсімдігін, 2 мыңдай де­кора­тив­ті бұталар, 3 мыңнан астам көп­жыл­дық де­­­коративті шөптесін гүлді өсімдік­терді дайын­даймыз. Алдын ала тапсырыс болса, одан көп дайын­­дауға болады. Тапсырыс болмаса дайын­даған көшеттерді сақтау, күту әрі қарай өсіру қиындық туғызады. Сондық­тан бізбен бәсекеге түсетін бұл жерде, жалпы Қазақстан­ның батыс өңірінде кәсіпорын жоқ деуге болады. – Әңгімеңізге рахмет! Өсіп-өне бе­ріңіз­­дер!

Сағындық РЗАХМЕТОВ, Ақтау қаласы