«Жасыл ел» жұмыспен қамтиды
«Жасыл ел» жұмыспен қамтиды
Елімізде 2005 жылдан бері «Жасыл ел» бағдарламасы тұрақты іске асырылып келеді. Биыл бұл жобаның ХІХ маусымы.
«Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру – мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыты. Бағдарлама елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы жастарды жұмыспен қамтуды мақсат етеді. Сонымен қатар тек жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қоймай, жастардың туған жерге, табиғатқа, Отанға деген патриоттық сезімін оятады. Бірге жұмыс істеген жастар өзара достық қарым-қатынастарын нығайтады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жастардың экологиялық шараларға қатысуына әрдайым мән беріп келеді. Мысалы, алдыңғы аптада Астана қаласындағы Линейный саябағында «Жасыл Астана» акциясы аясында 30-ға жуық белсенділермен бірге ағаш отырғызу шарасына қатысты. Іс-шара барысында жастарға өз тілектерін жеткізіп, қаламызды көркейтуге бағытталған жоспарлармен танысты.
Жасөспірімдер мен жастар арасында қоршаған ортаны қорғау, оны аялау сезімдерін ұялату, сонымен қатар жастарды еңбекке баулу мақсатында іске асырылып отырған жобаға 14-тен 35 жасқа дейінгі мектеп оқушылары, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады.
– «Жасыл ел» жобасы – мемлекеттің ел ертеңіне деген үлкен қамқорлығы. Бағдарлама бастау алғалы миллиондаған жасыл желек отырғызылды. Еліміз әлі де жасыл-желекке орана бермек. Биыл біз 14-35 жас аралығындағы жастарды жұмысқа қабылдап жатырмыз. Мысалы, 14 жастағы бала кәмелеттік жасқа толмағандықтан Еңбек кодексіне сәйкес 4 сағат жұмыс істейді. Жобаға қатысатын жастардың барлығы жабдықтармен қамтамасыз етілетін болады. Одан бөлек, ай сайын 65 мың теңге жалақы төленеді. Жастар елордамыздағы ең үлкен BI Group, G–Park, Орда Invest сияқты құрылыс нысандарында жұмыс істейді. Балалар елорда саябақтарында, өз мектептерінің ауласын көгалдандыруға, мектепке қарасты аймақтарды тазалау жұмыстарын атқарады, – деді «Жасыл ел» жобасы жетекшісінің орынбасары Асылбек Әбдірашитов.
Жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары қатарында жұмыс істеуге қызығушылық танытқан жастардың саны артуда. Олар қаламыздың құрылыс нысанында әртүрлі санаттағы шеберлердің (құрылыс инженерлері, технологтар, монтаж-құрылыс жұмыстарының шеберлері) көмекшісі қызметтерін, қала маңындағы «жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және суару (сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде, боз жиде, терек), ағаштар мен көшеттерге күтім жасау жұмыстары арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына және қала саябақтарының жасыл желегінің күтімімен айналысып, тазалық жұмыстарын жүргізетін болады.
Былтыр 4 208 жас жұмыспен қамтылса, биыл 4 200 жасты қамту көзделген. Олардың қатарында көпбалалы отбасыларының, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да бар.
Ал жұмыссыз жастар құрылыс компанияларына орналасса, жұмыс орнынан жалақы алады, сонымен қатар «Жасыл ел» жобасы аясында қосымша 65 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Жұмыс уақыты – 8 сағат.