Есірткі «есік қағып тұр»...

Есірткі «есік қағып тұр»...

Есірткі «есік қағып тұр»...
ашық дереккөзі
Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен еліміздің Денсаулық сақтау ми­нистрлігі бірі­гіп жүргізген қазақстандық балалардың ден­саулығы мен әл-ауқатына байланысты зерт­теудің қорытындысы жария­ланды. Сауал­на­маға 121 мектептен 8,5 мың оқушы қатыс­қан. Бұл – 11-15 жас аралығын­да­ғы жасөспірім­дер­дің әлеуметтік әл-ау­қатын бақылауға ар­налған екінші ұлттық зерттеу. Алғашқысы 2018 жылы өткен болатын. Аталған зерттеу 4 жыл ішінде энергетикалық сусын, темекі, вейп, ішімдік пен есірткі қол­данушылардың са­ны артқанын көрсетіп отыр. Көрсеткіштер санының артуына COVID-19 ви­русының әсері болғаны анық. Сауалнамаға қа­тыс­қандардың 40 пайызы мектептердің жабылуы, қа­шықтан оқыту, локдаундар өміріне кері әсер етке­нін атап өткен. Мәселен, 15 жастағы оқу­шы­лар­дың 2,5 пайызы есірткіні қолданып көргенін айт­қан. Жер шарында жыл сайын есірткінің кесірінен 450 мыңнан астам адам ажал құшады. БҰҰ таратқан соңғы мәлі­мет­ке сенсек, 2020 жылы әлемде 15-64 жас ара­­­­лығындағы 284 миллионға жуық адам есірт­кі қолданған. Бұл алдыңғы онжыл­дық­қа қарағанда 26 пайызға көп екен. Ресми де­рекке сенсек, оның ішінде жастар есірт­кіні көбірек пайдаланады. Жалпы, бүгінде елімізде нашақорлар са­ны қанша екені туралы нақты мәлімет жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің есебі бойын­ша есірткіге тәуелділердің саны – 18 243 адам. Олардың 1 498-і – әйелдер, 97-сі – кә­мелеттік жасқа толмаған балалар.
Былтыр Астана қаласы Полиция депар­та­менті Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бас­қармасының бөлім басшысы Сергей Ильи­ных психикалық денсаулық орталы­ғын­да 1 195 адам есірткіге тәуелді ретінде тір­кеуде тұрғанын айтқан болатын. Оның ал­тауы кәмелеттік жасқа толмаған. Бұл тек рес­ми статистика. Ал шын тәуелділер санын білу үшін осы санды 5-ке көбейту керек дей­ді мамандар.
Соңғы 3 жылда есірткіге тәуелді жас­тар­дың саны екі жарым есеге артқан. Яғни, олар­дың орташа жасы тез жасарып бара жа­тыр. Оның бір себебі – жасөспірімдер үшін синтетикалық есірткілер арзан әрі қол­жетімді. Одан бөлек 12-15 жас аралы­ғын­дағы балалар әуесқой, еліктегіш, қызық­қыш келеді. Кинодан көргенін өмірде қай­та­лап істеп көруге бейім тұрады. Өзімен қа­тар­лас немесе 3-4 жас үлкендігі барлар­дың «тәжірибесіне» еліктейтіні де бар. Сондай-ақ баланың бос уақытында немен айналысатынын білмеуі де нашақорлыққа ұрынуына тікелей себеп болатын фактор.
Біз ерекше атап отырған синтети­ка­лық есірткі елімізге осыдан 10 жыл бұрын келе бастаған. Бүгінде оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы сатып жа­тыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер де бар екен. Міне, есірткі есігімізді қағып тұр.
Әлем бойынша синтетикалық есірткінің ап­тасына 10 жаңа түрі шығарылады дейді сарапшылар. Жаңа есірткі заттары пайда болған сайын олардың әсері де күшейе бе­ре­ді. Жасөспірімдер оны тұрақты қолда­на­тын болса, тұлғалық дамуы баяулайды. Мі­незі өзгеріп, айналасын жек көріп, жақын­да­рын өзіне жау санайды. Өмірге қызығу­шы­лығы төмендеп, ашушаңдыққа бой ал­дырады.
Синтетикалық есірткі сан алуан химия­лық қоспалардан тұрады. Сондықтан оның салдары да табиғи есірткіге қарағанда әлде­қайда ауыр. Наркологтар синтетикалық есірткі адамға марихуанамен, анашамен са­лыстырғанда 10-15 есе қатты әсер етеді деп дабыл қағып отыр. Екінші бір қауіпті тұсы – оны алғаш тұтынғаннан-ақ адамда тәуел­ділік пайда болады, одан бас тарту қиынға соғады. Оны тұрақты қолданған жағ­дайда адамда галлюцинация болып, соңы қайғылы жағдайларға ұласып жатады. Тоқетерін айтқанда, синтетиканы қол­данушылар суицид жасауға бейім.
Синтетикалық есірткіні қолданатын­дардың дені – өмірде өзін жалғыз сезіне­тіндер дейді мамандар. Жасөспірімдердің өтпелі кезеңде ата-анасымен тіл табыса ал­­мауы, өзін түсінетін ортаны таппауы, бар­­лық қиындықты бір сәтке ұмытқысы келуі де есірткінің шырмауына түсіреді. Яғ­ни, синтетикалық заттар адамның уайым-қайғысынан ақша тауып, пайдаға ке­нелу үшін жасалады.
Ішкі істер министрлігі әрбір жетінші есірт­кі қылмысы интернет арқылы сатумен бай­ланысты екенін алға тартады. Жыл ба­сы­нан бері есірткі сататын 604 сайтты жап­қан. Алайда олардың саны азаяр емес. Жауын­нан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап отыр. Себебі жаңа сайт ашу көп уақыт ал­май­ды. Ал оны анықтауға ұзақ уақыт кетеді. Ал олардың ұйымдастырушылары шетелде отырады. Негізі сайтты жабу – мәселенің се­бебімен емес, салдарымен күресу. Оған қоса ІІМ-нің басты мақсаты – қылмыстық қу­далау, яғни жазалау шарасы болып қалды. Қорыта айтқанда, нашақорлықпен күресу шара­лары біршама әлсіреген. Алдағы уақыт­та есірткімен күрес тәсілдерін өзгерту ке­рек. Өйт­кені бүгінгі жастарға ескі әдістер әсер ет­пейді. Заңсыздықты тоқтату үшін за­ма­науи ақпараттық-бағдарламалық жаб­дық­тар қажет. Бұл орайда уәкілетті орган­дардың құ­зыреті мен мәртебесін арттырып, мате­риал­дық-техникалық жағдайын жақ­сарту маңызды.
 width=
Серікгүл САЛИ, 
психолог-психотерапевт: 
Есірткі баланың дамуын тежейді
– Бала өмірге келген кезінен бастап оның ішкі жан дүниесі сезімге толуы керек. Бұл баланың ата-анасы арқылы жасалады. Егер ата-ана баланың ішін қажетті сезіммен тол­тырмаса, бала осы сезімді іздеп кез кел­ген нәрсеге тап болады. Ол есірткі, құмар ойын, ішімдік, темекі болуы мүмкін. Яғни, ба­ла жайдан-жай есірткіге құмартпайды.
Табиғатта ешбір жануар баласын тәр­бие­­­­лемейді. Олар өз бетімен жүріп, тіршілік ете бастайды. Өйткені оларға тіршілікке қа­жетті барлық нәрсе ген арқылы беріледі. Ал адам баласына ол психика арқылы бері­ле­ді. Психика дегеніміз – сана мен сезім. Са­на мен сезім адаммен қарым-қатынас ар­қылы, ал қарым-қатынас сөз, бейнелі об­раз, есту, көру арқылы қалыптасады. Сон­дық­тан адам өз баласын міндетті түрде тәр­биелеу керек. Отбасы, ата-анадан кейін ба­рып бала тәрбиесіне оның ортасы әсер ете­ді. Яғни, баланың әлеуметтенуі, тағдыры­ның қалыптасуы ортасына да байланысты. Біз­дің ата-аналар өте көп жағдайда ба­ла­сының қандай ортада жүргеніне аса көп мән бермейді. Мысалы, сіз нашақорлар жиі шо­ғырланған ауданда тұрсаңыз, балаңыз­дың ішкі жан дүниесін қажетті сезімге толтырсаңыз да оны нашақордың тағдыры күтіп тұруы мүмкін. Өйткені мұндай ортада өс­кен балаға бұл қалыпты болып көрінеді.
Әдетте, оқушылар алғаш рет есірт­кі­мен 13-14 жасында «танысады». Бұл жас­тан ерте қолданатындар өте сирек кез­де­седі. Есірткінің ең басты қаупі – баланың дам­уын тежеуінде. Әр адам бала кезінен тек қана психо-сексуалды түрде дамуы керек. Даму­дың бұл сатысы 21-22 жаста аяқталып, ары қарай адамның өзін танып, тұлға ре­тін­де қалыптасып, өмірден орнын табатын уа­қыты келеді. Дәл осы кезде адам тоқы­рау­ға ұшырайды, психикасы өзгереді. Айналада бо­лып жатқан оқиғаларға селқос қарайды, өмірінің мәнін жоғалтып, әрдайым қуыс­та­нып, көпшілік ортадан қашып жүреді. Яғни, адам қоғамның толыққанды мүшесі бола алмайды.
Жалпы, нашақорлар тәуелділіктен арыл­ған соң 1 жылдан кейін қалыпқа келе бас­тайды. Бұл процесс 3-4 жылға дейін со­зыла­ды. Ал есірткіге тәуелділіктен емделген адам­ның қайта сол жолға түсіп кетпеуіне еш­қандай кепілдік жоқ. Кепілдік тек қана оның күнінің дұрыс өтуінде. Әдетте, біз ем­делушілердің қолына бір күндік режимін қа­лай өткізуі керектігі туралы нұсқаулық жа­зып береміз. Сол нұсқаулықты бұлжыт­пай орындағандар ғана бұл тәуелділіктен арылады.
 width=
Рысжан ШАМҰРАТОВА, 
Астана қаласындағы 
№2 «Дарын» мамандан­дырылған мектеп-лицей-интернатының директоры: 
Баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру керек
– Қандай өсімдік ексеңіз де ол күнге зәру, оның жүрегі саналатын тамыры қа­шан­да ылғалға мұқтаж. Бала да сол сияқты. Қа­ралмаған гүл солып жоқ болатыны секіл­ді, қаралмаған бала, бақылаудан, көз ал­дыңыз­дан алыстаған, мейірімге бөленбеген бала да сола бастайды. Алайда бүгінгі нарық за­манында ата-аналар күйбең тірлікке бай­ланып, жағдайымды жақсартамын деп жү­ріп балаларына көңіл бөле алмай жатыр. Ба­ланың бос уақыты тиімді ұйымдас­тырыл­маса, ол басқа нәрселермен айналыса бас­тай­ды. Сондықтан да баланы қосымша білім беру орталықтарына, өнерге, шығарма­шы­лыққа, бейініне қарай білімін жетілдіру курс­тарына беру маңызды. Бала – әр отба­сы­ның инвестициясы. Оның болашағы от­ба­сынан алған тәрбиесіне байланысты.
Мен білімнен бұрын тәрбие ісіне көп көңіл бөлемін. Себебі білімге ұмты­ла­тын, ұстазға құрмет көрсетіп, олардың бер­ген білімін дұрыс қабылдайтын – тәр­бие­лі балалар. Сондықтан да мектепке енді кел­ген баланың отбасымен дұрыс қарым-қа­тынас жасай отырып, зерттеп аламыз. Бұл кез­де мектеп психологының жұмысы маңыз­ды. Тәрбие бөлімінің мамандарын жи­нап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ба­ланы назарда ұстауды тапсырамын. Се­бебі жаңа ортаға келген балада бейімделу процесі басталады. Ортаға тез үйренісу үшін сынып жетекшісі тәрбие сағаттарын өт­кізе отырып, бәрін бір үйдің баласындай тәрбиелейді. Соның арқасында балалар бір-біріне бауыр ретінде қарайды. Біздің мектеп интернат болғандықтан келген балаларды өзекке тебу болмайды. Үйдің іргетасы қан­шалықты қалың әрі сапалы құйылса, сон­ша­лықты ұзаққа шыдамды. Сол секілді бала мектеп қабырғасына келген сәттен дұрыс дағ­ды қа­лып­тастыру мектеп ұжымына бай­ланысты. Бала­ның бойына білім алуға керек дағды­ларды қалыптастыра алсаңыз, келесі оқу жылы жұмысыңыз жеңілдей түседі. Біздің мектеп осы ұстанымды басшылыққа алады. Балаларға темекі шекпек түгілі, бір-біріне жаман сөз айтуға болмайды.
Мектебімізде құқықбұзушылықтың ал­дын алу жөніндегі комиссия бар. Ол ко­мис­сияны мектеп басшысы бұйрықпен бекітеді. Ол жерге сынып жетекші не тәрбиешілерден түс­кен шағымдар бойынша баланың мә­се­лесі ата-анасының қатысуымен комиссияда қара­лады. Сол отырыста хаттама жасалып, баланың тәртібі немесе құқықбұзушылық жұмыстарына жан-жақты түсінік жұмыс­тары жүргізіледі. Баламен мектеп психологы жеке жұмыс істейді. Арнайы сауалнама жүр­­­гізіліп, баланың не себепті тәуекелге бар­ғанын анықтайды. Біздің мектепте мұн­дай келеңсіздікке дейін баратын балалар аз. Егер анықталса, сол бойда ата-анасын ша­қыр­тып шара қолдануды қолға аламыз. Ата-анасымен келісіп бір апта телефоннан ал­шақтату, күнделікті психологтың бақы­лауы, бір апта интернаттан сыртқа (курсқа, қосымша білім алуға т.с.с) шығармау секілді шаралар қолданылады. Баламен құқықбұзу­шылық туралы сөз қозғайтын уақытта қа­сында ата-анасының болғанын талап ете­мін. Себебі ата-ана бәрін көруі, тыңдауы тиіс.
Қазір мектебімізде тәртібі жағынан қиын­дық туғызатын, темекі шегетін, есірткі пайдаланатын, ішімдік ішетін балалар жоқ. Се­бебі өзімнің қолдауыммен үздіксіз, ты­ным­сыз жұмыс жасалып жатыр. Мектеп пен ата-ана арасында тығыз байланыс болғанда ғана бала тәрбиесі дұрыс жолға қойылады. Баланың бос уақытын тиімді пайдалансақ, ол басқа нәрсеге алаңдамайды. Тәрбие ісі өз қолымызда. Бала ішімдік ішсе, темекі тарт­са, есірткі қолданса, кінә – өзімізден. Демек, жөн сілтемедік, үлгі бола алмадық, мейірім­мен қарамадық, салғырттық таныттық. Ол ата-ана, ұстаз, сынып жетекші, психолог болуы мүмкін. Бала тәрбиесіне бәріміз жауап­тымыз.
 width=
Әлфараби АЙМАҚ, 
Астана қаласы әкімдігінің «Аста­на жас­тары» Жастар ресурс­тық орталығы NEET санатын­дағы жастармен жұмыс істеу бө­лі­­­мінің басшысы: 
Синтетика қолжетімді  болып тұр...
– Кейінгі кезде синтетикалық есірткі зат­тарының интернетте кеңінен таралуына байланысты жасөспірімдер арасында есірт­кі қолданушылар саны арта түсті. Бұл ин­тер­­нетте, сайттарда сүзгінің болмауынан. Тағы бір себебі – олардың қолжетімділігінде. Одан бөлек, ата-ананың өз баласының өмі­ріне, қызығушылықтарына, әуестіктеріне, қоршаған ортасына араласуы, қызығушы­лық танытуы төмендеген. Мәселен, мек­теп­терде ай сайынғы өткізілетін ата-аналар жи­налысында есірткінің, электронды теме­кілердің зияны және оларды алдын-алу ша­ралары айтылып, түсіндіріледі. Оған қоса По­лиция департаментінің Есірткі қылмы­сына қарсы іс-қимыл басқармасының қыз­мет­керлері арнаулы лекциялар оқиды. Де­ген­мен ата-аналардың біреуінің, кейде тіпті екеуінің бірдей келмеуінен алдын алу шара­лары іске аспай жатады. Көбіне ата-ана баласының есірткіге елітіп жүргенінен бей­хабар болып шығады. Осылайша, уақыт өт­кізіп, опық жеп қалады.
Есірткіге қарсы күрес бойынша «Аста­на жастары» Жастар ресурстық орта­лығы дәстүрлі түрде Esirtkige jol joq жоба­сын жүзеге асырып келеді. Жоба барысында оқушылар арасында қызығушылық таны­татын іс-шара – бейнероликтер байқауы. Бұл байқаудың негізгі мақсаты ретінде бей­нелеу өнерін жетілдіру арқылы аза­мат­тық белсенділікті қалыптастыру және тәр­биелеу, сонымен қатар білім алушылардың бастамаларын дамыту, қолдау, есірткіге тәуелділіктің салдары туралы хабардар ету.
Одан бөлек, жыл сайын қаланың ойын-сауық орталықтарында «Дейін және кейін» фор­матындағы фото-көрме ұйымдастыры­ла­ды. Кез келген адам серуендеп жүріп, пси­хоактивті заттар мен есірткінің адам ағза­сына қалай әсер ететінін көрнекі түрде көре алады.
Esirtkige jol joq жобасы аясында жыл басы­нан бері Астана қаласы Полиция де­пар­таментінің Есірткі қылмысына қатысты іс-қимыл басқармасының қызметкерлері­мен, «СоцKZ» әлеуметтік қоғамдық қоры­мен, сондай-ақ «Астана жастары» ЖРО ерік­тілерімен бірге рейдке шығып, есірткі сату туралы мәліметтері бар қабырғаларды боя­дық.
Алдағы уақытта «Аружан» ойын-сауық ор­талығында «Дейін және кейін» фор­матында фото-көрме ұйымдастырылады. Ма­мыр-маусым-шілде айларында орта ар­найы оқу орындары және ЖОО студенттері үшін, сондай-ақ жастардың белсенді бөлігі үшін коворкинг орталықтары мен ЖОО-да психологтардың қатысуымен 10 тренинг өткізу жоспарлануда. Бұдан басқа арнайы рейдтер ұйымдастырылады. Еріктілермен бірге халық көп жиналатын орындарда на­шақорлықтың алдын алу бойынша ақ­параттық буклеттер таратылады.
26 маусым – халықаралық нашақор­лық­қа қарсы күрес күні. Осыған орай бей­нелеу өнерін ұйымдастыруды жетілдіру жо­лымен салауатты өмір салтын қалыптас­тыруға, нашақорлықтың алдын алуға, аза­маттық белсенділікті қалыптастыруға бағытталған сурет салу бойынша бейнеро­лик­тер конкурсын өткізу жоспарлануда.
Есірткі құралдарын тұтынуға теріс көз­­қарасты тәрбиелеу және салауат­ты өмір салтын насихаттау мақсатында 2023 жылдың 1 шілдесінде интернет желі­сінде «Астана – есірткісіз қала» спорттық чел­ленджі басталады. Ал 2023 жылдың 6 шіл­десінде Instagram алаңында БАҚ журна­листері арасында 5 номинация бойынша конкурс өткізіледі.
 width=
Нұрлан ТҰРСЫНБЕКОВ, 
Komek Center оңалту орталығының жетекшісі, клиникалық психолог: 
Емнің бағасы тәулігіне 10 мың теңге
Қазақстан заңдарына және психологтар этикасының талаптарына сай, ата-ана­лар­дың нотариалды түрде келісімімен, Komek Center оңалту орталығы тек 16 жастан бас­тап емге қабылдайды. Жылына 4-5 жа­сөс­пірім оңалту терапиясын толық өтеді.
Komek Center оңалту орталығында тера­пия тек кешенді түрде өтеді. Яғни, жасөс­пірім тұрақты нәтижеге қол жеткізуі үшін өзінен басқа ата-анасымен де жұмыс жаса­лады. Соның ішінде топтық психотерапия, жеке психотерапия, отбасылық психотера­пия түрлері қолданылады.
Жалпы, Халықаралық аурулар тізімі бойынша нашақорлық – созылма­лы ауру. Ол дегеніміз есірткіге тәуелді адам өмір бойына тәуелді болып қалады. Яғни, он­дай адам әр сәтте рецедив болудың қауіп­ті шекарасында жүреді.
Біздің оңалту орталығының ішкі ста­тистикасы бойынша оңалту бағдарламасын өткен 10 адамның екеуі келесі 6 айда реце­дивке ұшырайды. Себебі мамандардың ұсы­нысын толық орындамағандықтан, дер­тіне немқұрайлы қарағандықтан қайта­дан есірткіге тәуелді бола бастайды.
Komek Center оңалту орталығының бағ­дарламасы 3 айдан 6 айға дейін созылады. Әр жағдайға қарап, емделушінің дертінің тереңдігіне қарай дәрігер тұлғаға жеке терапия ұсынады. Емдеу кей жағдайда квота арқылы тегін жасалады. Ал ақылы емнің бағасы тәулігіне 10 мың теңге.
Егерде баланың өмірінде есірткі пайда бол­са, ата-ана балаға қатаң шара қолданудан сақ­танғаны дұрыс. Сосын арнайы маман­дардың кеңесіне жүгінген абзал. Олар ең тиімді және қауіпсіз шешім жолдарын ұсы­нады.