Ғарифолла ӘНЕС: Ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбаны болмауы керек!

Ғарифолла ӘНЕС: Ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбаны болмауы керек!

Ғарифолла ӘНЕС: Ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбаны болмауы керек!
ашық дереккөзі
ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқы үшін қасіретке толы кезең болды. Әсіресе, қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларының тағдыры, Алаш арыстары, ашаршылықтан қынадай қырылған халық, сталиндік репрессия құрбандары туралы мәліметтер – оқыған адамның төбе шашын тік тұрғызады. 2021 жылы Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мем­лекеттік комиссия туралы» №456 Жарлығына қол қойған соң зұлматты жылдар қасіретін ға­лым­дар­дың жан-жақты зерттеуіне жол ашылды. Біз қу­ғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мем­лекеттік комиссияның мүшесі, «Жаңалық» сая­си қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғы­лыми қызметкері, профессор Ғарифолла Әнеспен әң­гімелесіп, аталған мәселелерге қатысты кейінгі кез­дегі атқарылған істер жайында сұраған едік. – Ғарифолла мырза, жыл сайын Сая­си қуғын-сүргін құрбандарын еске алу кү­нінде түрлі жиындар өтіп, сол кезде та­ри­хымызда ұлтымызды қырғынға ұшы­ратқан кезеңдер жайында айта­мыз... Халқымыздың басынан өткен тар заманның қасіреттері бізге нені үйретуі тиіс? – Тарих – тек өткенің туралы жай мә­лі­мет ұсынатын жылнама емес, адамзатқа әр­­­қашан сабақ беріп тұратын ұстаз. Шын мә­нінде, 1916 жылдан басталған ұлт-азаттық кө­терілістері, 1918-1919 жылдары Түр­кі­станда, 1922-1923 жылдарда батыста болған, ал 1932-1933 жылдары Ұлы даланы түгел қам­тыған ашаршылық, 1937-1938 жыл­дар­дағы сталиндік репрессия – ұлтымыздың үл­кен трагедиясы. Қазірге дейін ашаршылық тақырыбы ғалымдар мен зиялы қауым та­ра­пынан азды-көпті зерделенді. Дей­тұрғанмен, жал­пыұлттық сипатта аталған тақырыптың бүр­кемелі тұстары әлі де аз емес. Жоғарыда ай­т­ылып өткен мәселелер деректік-дәйектік, құ­жаттық негізде халықтың рухани әлеміне жол тартуы тиіс. Сол арқылы зұлматты жыл­дар­ды басынан кешкен халқымыз бүгінгідей дүбәрә кеңістіктің қалай қалыптасқанын сезініп, тарихи жадыны қалпына келтіруге та­рының қауызындай болса да үлес қосу бас­ты парыз. Өйткені санасы сау, ұлттық жа­ды мығым қазақ халқының ізді-ізінен кел­ген, қолдан ұйымдастырылған зұл­мат­тар­дан соң өзінің көптеген ұлттық құн­ды­лығынан айрылып қалғаны шындық. Нәу­бетті жылдардың санаға салған сызаттары мен ауыр жарақаттарының кесірінен ұлттық ру­хымыз әлсіреді. Тіпті, өткенімізге күле қа­рай­тын халге түстік. Тарихтың тар жол, тай­ғақ кешулі жолына көз сала отырып одан та­ғылым алу – сырқат санамызды емдеудің бір жолы. – Ширек ғасырдан артық өзіңіз бас­қарып отырған қордың, қоғамның қу­ғын-сүргін құрбандарын анықтау, ақ­тау, тарихи бағасын беріп, мұраларын тү­­­гелдеу бағытында жүргізіп жатқан жұ­мыстарынан хабардармыз. Соңғы кез­де қандай жаңалықтар бар? – Әрине, сіз айтып отырған мәселеде бір­аз шаруалар атқарылды, әлі де істелуі тиіс іс ұшан-теңіз. Оның бәрін қопара індетіп, тү­бегейлі бітіріп тастау бірер топтың қо­лы­нан келе бермейді. Уақыт та қажет. Бұған жал­пыхалықтық деңгейде мән беріп, бәріміз ауызбірлікпен атсалысуымыз тиіс. Сонда ға­на үлкен нәтижелерге қол жеткізер едік. Де­се де қол қусырып қарап отыру бізге жат, кү­шіміздің келгенінше ұмтылып жатырмыз. Біз­ді қолдап, түрлі істе көмек қолын созып жат­қандар да бар. Алматының іргесінде, қаладан 40 ша­қы­рым жерде Алматы облысының Талғар ауда­ны­на қарасты Жаңалық ауылында саяси қу­ғын-сүргін құрбандарына арналып осыдан 26 жыл бұрын ескеркіш бой көтеріп, 2018 жы­лы музей ашылды. Содан бері бұл музей өз жұмысын лайықты жүргізіп келеді. Тек 2020 жылы басталған жаһандық пан­де­мия­дан кейін аз-аздап саябырсып қалғаны рас. Дегенмен қуғын-сүргін құрбандарына қа­тысты жұмыстар тоқтаған жоқ. Музей жа­нынан мың адамға арналған мешіт бой кө­терді. Оны Өзбекстан, Түрікменстан, Қара­қалпақстаннан елге оралған, қазір сол маңда тұратын қандастарымыз қаржы жинап, өз күшімен салды. Ол істің басында Абай деген жігіт жүрді. Өз қалтасынан ақша шы­ғарып, өзгелерді сол іске жұмылдырды. Ол мешітке музей тұратын аумақтағы бір гек­тар жер бердік. Сосын мешітке кімнің атын қоямыз деп кеңескенде мен «жігіттер, егер мешітке міндетті түрде бір тұлғаның атын беру керек болса, ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлының атын қоюға болар еді, бірақ бұл жерде 4100 адамның сүйегі жатыр, сондықтан мешітті «Алаш арыстары мешіті дейік» деп ұсыныс айтып едім, бәрі соған келісті. Мешіттің жанында үш жүз адамдық ас беретін жер бар. Мешіт ашылғалы әр жұма күні бір арысқа Құран-хатым түсіріп тұра­мыз. Өйткені жа­зық­сыз атылып, қалай болса солай көміл­ген, де­мек мұнда жатқандардың ешқайсының жа­назасы шығарылған жоқ...  width= Әр жыл сайын Жаңалықтағы қуғын-сүр­гін құрбандарына арналған ескерткіш жа­нын­да мамыр айының 30-31-і күндері халқы үшін жанын қиған арыстары­мыз­ды еске алу жиыны өтіп тұрады. Биыл да сон­дай жиын болады, оған Алматы облы­сы­ның әкімі, зия­лы қауым, Алматы қаласының тұрғындары қатыспақ. Бүгінде Жаңалық ауылында археоло­гия­лық қазба жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өйткені бұл ауыл аймағында адамдардың сүйе­гі жатқан он шақты жер бар. 2019 жылы Жаңалық ауылының Рахимов көшесінің №1 үйдің тұрғыны үйі мен моншасының арасын қаз­ғанда ол жерден адамның сүйегі шыққан. Ал ол араны толық қазып қарағанда бар бол­­­ғаны аумағы үш жаршы метр жерден бірі­нің үстіне бірі тасталған 163 адамның сүйе­гі табылған. Оның бәрі сараптамадан өт­кі­зілді. Табылған сүйектерді зерттеп қара­ғанда олардың жартысы қазақтар, жартысы славян тектестер болып шықты, арасында бес әйел бар. Міне, сол маңда әлі де адамдар кө­мілген оншақты жер бар, солардың бәріне қазба жұмыстары жүргізіледі. Қазір қазба жұмыстарына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы Досбол Байгунаков басшылық жасауда. Биылғы еске алу жиынында ArysMedia ғылыми-ақпараттық порталының ашылу рәсімін жасаймыз. Ол портал ашаршылық, сая­си қуғын-сүргін, халық көтерілістері, кәмпеске (тәркілеу), әскери тұтқындар, де­пор­тация, т.б. мазмұнды тақырыптарды қам­тиды. Өйткені бұл бағытта мол дерек жи­надық. Репрессияға ұшыраған Қазақстан зия­лыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қо­рының 30 жылдан бері жинаған дерек­терін өзіміз игере алмадық. Аталған портал­дың құрамында қуғын-сүргін, ашар­шы­лық, репрессия мәселелеріне қатысты көптеген ғылыми сайттар болады. Мысалы, 1929-1932 жыл­дар­да Кеңес өкіметіне қарсы болған Адай кө­те­рі­лісі туралы қаншама библиогра­фия бар, ол туралы кім не жазды бәрі қам­тылуы тиіс. 2021 жылы ел тәуелсіздігіне 30 жыл тол­ған кезде біз Қазақстан үкіметіне Ұлт-азат­тық көтерілісін басқарған тарихи тұлғалар үшін «Халық батыры» деген мәртебелі атақ бел­гілеп, сол 30 адамға берілсе деген ұсыныс жасап едік. Жалпы, қазақ даласында кеңес өкі­метіне қарсы төрт жүзден аса көтеріліс болған ғой, соның ең ірілерін есепке алсақ та болар еді. Мәселен, 1916 жыл­ғы күллі қа­зақ даласын шар­пыған көтерілістер, одан кейін­гі дәуірдегі Тақтакөпір көтерілісі, Адай кө­терілісі, Созақ көтерілісі, Албан көтерілісі, Шұ­бартау кө­терілісі, т.б. ауқымды отыз көте­рі­лісті басқарғандарды, сондай-ақ елдің ау­зында аңыз болып жүр­ген банды Аманғали, Құ­ныс­керей секілді тұлғаларға «Ха­лық ба­тыры» деген атақ бер­­сек қан­дай кере­мет. Бұлар­дың бәрі ел есін­де қалған адам­дар ғой, олар­ды лайық­ты дәре­же­де ұлықтай біл­­сек, тарихи жа­дымыз қал­пы­на ке­ліп, жаста­ры­мыз өздерінің қан­дай тұлға­лар­дың ұрпақтары еке­нін сезі­ніп қазақ рухы аспан­дар еді. – Саяси қуғын-сүргін құр­­­­­­­бандарын ақтау туралы Мем­­лекет басшысының Жар­­лы­ғында неге «толық ақтау» деген сөзге акцент беріл­­ген? «Ақтау» мен «толық ақтау­дың» арасында саяси тұр­ғы­дан нендей ерекшелік бар? – Оның мәнісі мынау: елі­міз­де репрессияға ұшыраған­дарды, қуғын-сүргін құрбанда­рын бұрын да ақтау болды. Ол әй­гілі «58-баппен» айыпталған­дарға қатысты еді. Кезінде бүкіл КСРО халқының үрейін ұшыр­ған РСФСР қылмыстық кодек­сі­нің 58-бабы «Отанға опасыздық» жасаған деп сана­латын адам­дар­ға қолданылатын. Ол бойын­ша сотталғандар «халық жауы» ата­латын. 1926 жылдың қараша­сын­да жарияланып, 1927 жылдың 1 қаң­тары­нан бастап күшіне енген бұл қаһарлы бап 1961 жылдың 1 қаң­тарынан бастап кү­шін жойды. (Оның бөлім­дерінің мәні мына­дай: 1 – Отанға опасыздық, 2 – қарулы кө­тері­ліс, 3 – революцияға қарсы мақ­сатта шет мем­лекетпен қарым-қатынас, 4 – халық­ара­лық буржуазияға көмек көрсету, 5 – шет мем­лекеттің соғысқа бейімделуі, 6 –тың­шы­лық, 7 – зиянкестік, 8 – терроризм, 9 – ди­вер­сиялар, 10 – Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-на­си­хат, 11– ұйымдастырушылық ре­волю­­ция­ға қарсы қызмет). Ал 59-бап деген бар, ол бандиттік әрекеті үшін айыптауға арнал­ған. Ал баппен айыпталғандар «Кеңес өкіме­ті­не қарсы шыққан», «қару көтерген» болып саналып, әлі күнге ақталмай тұр. Мәселен, бас­қаны былай қойғанда, осы баппен айып­талған Шәкәрім Құдайбердіұлы әлі күнге сая­си тұрғыда ақталмаған. Яғни, ол бандиттік әрекеті үшін сотталған адам саналады. Мы­са­лы, банды Аманғали, бандит Ерғали, банды Құныскерей деген сияқты. Не­ге? Себебі, бізде 1993 жылы қабылданған заң бар, сонда «Кеңес өкіметіне қарсы қо­лына қару алған­дарды ақтамау керек» деп жазылған. Қазір Кеңес өкіметі жоқ, ком­мунистік партия жоқ, бірақ оның алдында «кінәлі болғандар» ақ­тал­майды. Сондықтан біз осы нонсенсті жою үшін бұл жайлы сөзі­мізді айтып, тиісті орын­дардың алдында мәселе көтере береміз. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау де­ген­дегі «толық ақтау» мәселесі де осыны рет­теуге арналған. Ендеше, Халық батыры ата­ғын белгілеп, оны 59-баппен сотталып, ақ­тал­маған, есімі ел аузында жүрген тұлға­ларға берсе әділеттілік орнап, жазықсыз жаза­ланғандардың рухы тыншыр еді әрі осы­ны саналы түрде сезінетін бүгінгі ұрпақ­тың ел үшін жанын қиған батыр бабалар алдындағы парызы өтелер еді. – Саяси қуғын-сүргін құрбандары ту­ра­лы айтқанда Алаш қайраткерлеріне соқпай өте алмаймыз ғой, Алаш Орда пар­тиясына қатысты әлі де біз біле бер­мейтін қандай деректер бар? – Иә, жалпы Алашордаға қатысты мә­селелер әлі толық зерттеліп біте қойған жоқ, жұрт оның Әлихан Бөкейхан, Міржақып Ду­ла­тов, Ахмет Байтұрсынұлы басқарған то­бы мен Оралда құрылған Батыс Алашор­да­ны ғана біледі. Ал Алаш қозғалысы осы екі жер­де ғана болып, басқа жақта қанат жайма­ды ма? Шындығында олай емес. Қуғын-сүргін құрбандарының музейі Ал­маты облысында тұр ғой, сондықтан осы­дан екі-үш жыл бұрын «Жетісудың шерлі тари­хы» деген жоба бастағанбыз. Бұрын өзім «Же­тісу» энциклопедиясын шығарғам, оған кеңес­тік кезеңдегі тұлғалар кіргенімен тәр­кі­леу, репрессия, т.б. мәселелер айтылмады. Қазір екі облысқа бөлініп кеткен бұрынғы Ал­маты облысының 17 ауданы, үш қаласы бол­ды. Осылардың бәрін зерттей келе біз үл­кен жаңалыққа тап болдық: бұрын Торғай Ала­шордасы, Семей Алашордасы, Батыс Ала­шордасы айтылып келді ғой, ал осы Алаш қоз­ғалысы да Жетісуда қанат жайғанымен, ай­тылмай келген екен. Қарап отырсақ кө­те­рілістің, босқыншылықтың көп болған жері, алаш әскерінің барлық әскери қимылдары бол­ған жер осы Жетісу екен! Сол тұстағы Алма­ты округі деген әкімшілік аймағына анау Семей жақтағы Аягөзден Қырғыз­стан­ның Бішкек, Қаракөл облыстарына дейін кірген екен.  width= Біз үш рет қырғыз ағайындарды шақы­рып конференция өткізгенбіз, сонда Ала­шор­да қозғалысына қатысты тағы бір жаңа­лық­ты білдік. Қырғызда Құрманов Зайнидин де­ген жігіт бар, 2009-2010 жылдары Қырғыз Рес­публикасының Жокоргу Кенешінің төра­ғасы болған, заң ғылымының докторы. Со­ның «Киргизский филиал партий алаш» («Алаш партиясының қырғыз қанаты») деген кі­табы шығыпты. Олардың көптеген алғаш­қы оқымыстылары Ахмет Байтұрсынұлының, Алаш қайраткерлерінің шәкірттері болған екен. Алдымызда болатын конференцияға да олар «Қырғыз алашордасы» деген кітап шы­ғарып әкеле жатыр. Оның ішінде жүз­де­ген адамның аты-жөндері бар. Олардың бәрі де Алаш Орда партиясының мүшесі болғаны үшін сотталған, репрессияға ұшыраған. Мұ­ның бәрі Алаш Орда партиясының кезінде құла­шын кең жайып, көп аймақты қамты­ғанын танытса керек. – Кей деректерде репрессияға Қазақ­станнан сырттағы қазақтар да ұшыра­ған дейді ғой, сол жайлы не айтасыз? – Моңғолияда дүниеге келген, өткен жы­лы ғана елге оралған Сұраған Рахметұлы деген белгілі қазақ қаламгері бар ғой, соның қо­лында да көп материал бар екен. Ол елге моң­ғол елінің Баян-Өлгий аймағындағы ста­линдік репрессияға ұшыраған қазақтар жайында «Баян Өлгий қырғыны» деген кітап жа­зып келіпті (бұйырса, саяси қуғын-сүргін құр­бандарын еске алу күнінде өтетін кон­ференцияда ол кітаптың тұсаукесерін өткі­зе­тін боламыз). Онда сол елде сталиндік реп­рес­сияға ұшыраған қазақтар туралы ай­тылады. Бақсақ, моңғол еліндегі қазақ оқы­ғандарының да түгін қоймай қырған екен ғой. Қытайда да солай болған... – Большевиктердің қырағы көзінен қа­зақ оқығандарының ұстанған бағы­ты да (жәдит, қадим) таса қалмаған ғой, олардың тағдыры туралы қандай зерт­теулер бар? – Біз қазақ оқығандарының тарихын, Алаш Орданың тарихын жазып жатқанда бұ­лардың бәрін «жәдит» дейміз. Яғни, жаңа­шыл­дар. Ал бұлармен бір қатарда «қадим» бағы­тын қолдайтындар да болған. Ол кездегі оқы­ғандардың бір тобы батысқа – Еуропаға көз салса, бір тобы шығыспен – мұсылман ел­дерімен ынтымақты қалаған, мұсылман­шы­лықта қалайық дегендер болған. Мысалы, өзбек елінде өткен ғасырдың отызыншы жыл­­дарының ортасына дейін болған «бас­ма­шылар» қозғалысы қадимді қолдаған. Олар­дың басында Әнуар паша деген түрік генералы жүрген. Оның орынбасары Зәки Вали­ди Тоған болған. Қазақтар «басмашылар» қоз­ғалысына да қатысқан. Қазір өзбек ағайын­дар қурбашиларының (басмашыларға бас­шылық жасап, Кеңес өкіметіне «кінәлі» болғандар) бәрін ақтап жатыр. Міне, сондай қадимшілер бізде де көп болған, олардың мұраларын халықпен қауыштыру керек. Мәселен, қазір біз екі кітапты шығарып жа­тырмыз, біреуі – Қоңырқожа Қожықовтың кі­табы, екіншісі сол кісі туралы кітап. Қоңыр­қожа Қожықов ең алғаш әліппе бас­тыр­ған адам, Байтұрсыновтан да бұрын шы­ғарған. Қазақстанда кітапхана ісінің, этнография саласының басында тұрған адам. 1938 жылы Алматыда атылған. Оның төрт баласы болған, Қожахмет – қазақтың алғашқы кескіндемеші, карикатурашы, суретші-графигі, Құлахмет – тұңғыш театр және кино суретшісі, график, Нұрахмет – мү­сінші-монументалист, Сұлтанахмет – «Қыз Жібек» фильмін түсірген атақты ки­норе­жиссер ретінде мәлім. Үлкен ұлы репрессияға ұшырап, лагерьде ауыр науқасқа шалдыққан соң босатылған. Қалған үшеуі Екінші дүние­жү­зілік соғысқа барған. Сосын Серәлі Лапин де­ген тұлғалы азамат болған, Санкт-Петер­бург университетінің заң факультетін бітір­ген Лапин араб, парсы т.б. шығыс тілдерін же­тік білген. Шығыстанушы ғалым қазіргі өз­бек жеріндегі Самарқанд облысында қыз­мет жасаған кезінде Самарқанд қаласындағы Гүр-Әмір, Регистан, Шаһи-Зинда кешен­дерін­дегі, Көкілташ медресесі және т.б. көне архи­тектуралық ескерткіштердегі арабтың көне емлелерімен өрнектелген жазуларды оқы­ды, оларды орысшаға аударып, ғылыми ай­налымға косқан. Жәдігерлердің тұрғы­зыл­ған уақытын, оларды салдырған адамдардың, сәулетшілердің есімдерін (мыс., Регистан ансамбліндегі Ширдор, Тіллә-Қари медре­селе­рін Жалаңтөс баһадүрдің салдырғанын) анықтаған. 1917 жылы Ақмешіттегі «Шуро-и-Улема» («Ғұлама қоғамы» дін иелерінің кеңе­сі) ұйымына жетекшілік еткен. Қадимшілдер туралы көп зерттеу жасау керек, шы­нында олар да қазақ ұл­тының жоғын жоқ­тап, мұңын мұң­дады. Олардың арасынан да мықты тұлғалар, діни ғұла­ма­лар көп шық­­қан. Бұл мәселе­дегі бір жаңалық – өткен жыл­дың соңын­да филология ғы­лым­­дарының докторы, про­фессор Шамшәдин Керімнің «Тараз тарланы» деген кітабы шық­ты. Онда 1896 жылы Тараз­да дүниеге келіп, 1977 жы­лы Еги­­­петте қайтыс бол­ған Әбу Наср Мүбәшшир хан ат-Тара­зи туралы айтылады. Ата­лары діни ғұламалар бол­ған.  width= Ол Мұстафа Шоқай­ға на­­маз оқы деген, Шо­қай оны істемеген соң жол­­дары екі­ге айырыл­ған. Көз­қара­сы жағынан қадимшілдерге жататын Әбу Наср Мүбәшшир Кеңес өкіме­тінің сая­са­тына қарсы болып, Ауғанстанға өтіп кет­кен, сол жақта әскер жинап, Орталық Азия­ны большевиктердің тырнағынан азат еткісі келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқанда немістермен келіссөз жүр­гізген. Олардан қару да алған. Ауған үкіметі бұларға тілекші болған, бірақ олар Кеңес өкіметінен бата алмай ыңғайлы сәтті күтеді. Әбу Наср Мүбәшширге «қазір Сталинград үшін қыр­ғын шайқас жүріп жатыр, егер сол со­ғыста орыс­тар жеңіліс тапса, Орта Азия­дағы бол­ьшевиктерге соғыс ашуға болады» дейді. Алай­да ол соғыста немістер жеңілген соң бұлар­дың не істеп жүргенінен хабары бар Кеңес өкіметі Ауған билігіне Мүбәшширді түр­меге отырғыз деген талап қояды. Сөйтіп, ол баласы екеуі жеті жыл абақтыда отырған. Түрмеде отырып кітап жазады, шыққан соң Еги­петке кетеді. Ол жерде 47 жыл ғұмыр ке­шеді. Оның ұлы да, немересі де теолог ға­лым болып шыққан, бәрі де кітап жазған.Жалпы, біз жиырмасыншы ғасырдың ба­сында елдің руханиятына еңбек сіңірген­дер туралы жазғанда жәдитшілерді айтамыз да, қадимшілер туралы айтпай кетеміз. Олар діннен ажырамайық, мұсылмандығымызды жоғалтпайық деген тұлғалар ғой. Олардың арманы Орталық Азияны большевиктердің езгісінен құтқару болды. Сол үшін тіпті ха­лық­аралық үлкен ұйымдардың назарын ортаазиялық түркілерге бұруға тырысты. Мәселен, Әбу Наср Мүбәшшир хан ат-Тарази бірнеше бөлімнен тұратын хат дайындап, оған Мысыр, Судан, Сирия, Ливан, Палестина, Иран, Индонезия, Қытай, Малайзия, Тран­сиордания, Югославия, Қырым, Польша елде­рінің өкілдеріне (танымал діни ұйымдар бас­шылары, әскери адамдар, оқытушылар мен журналистер) қол қойғызып және Түр­кі­стан үшін өзі қол қойып Біріккен Ұлттар Ұйымына жіберген. Хатта өздерінің БҰҰ жар­ғысына сүйене отырып, әлемде мұсыл­мандардың кемсіту мен қырғынға ұшырату жағдайының көп екені туралы айтып, нақты фактілер келтірген. Әсіресе, Кеңестер Одағы құрамындағы Түркістанда (Бұл жерде қазіргі Орталық Азия мемлекеттерін айтқан), Қырымда, Кавказда мұсылмандардың ком­мунистер тарапынан қырғынға ұшырағанын, қамал­ғанын, жер аударылғанын айтып, олар­дың әр жылдардағы нақты санын көр­се­теді. Кеңес одағының Түркістанды алты республикаға бөліп тастап, діни үгіт-наси­хатқа жол бермей, оған атеистерді қарсы қойып кемсітушілік жасайтынын кең түрде баян­даған. Міне, елі бастан кешкен қиын­дықтар туралы халықаралық ұйымдарды хабар етіп, халқын озбыр саясаттың шең­гелі­нен ажыратып алу жолында үлкен қа­дамдарға барған Әбу Наср Мүбәшшир хан ат-Тарази секілді азаматты қалай қадір­ле­мейсің? Ол біз үшін ұлттық мақтаныш деуге тұрарлық тұлға емес пе? Сондықтан осындай тұлғалардың бәрін саяси тұрғыдан толық ақтап, ұлт тарихындағы орнын, лайықты бағасын беруіміз қажет. Ұлтын сүйгені үшін, халқының дамуы үшін тер төккені үшін қызыл империя түбі­не жеткен азаматтарымыздың рухы алдында пары­зымызды адал атқарсақ, ол ұлт мерейін көтеретін, Қазақстанды өз ұстанымы бар мемлекет ретінде танытатын іс болары анық. Әлем елдерінің бәрімен терезесі тең, тәуел­сіз елде ақталмаған саяси қуғын-сүргін құр­бандары болмауы керек! – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ