Су да сұраусыз болмайды

Су да сұраусыз болмайды

Су да сұраусыз болмайды
ашық дереккөзі
Ресми дерек бойынша, қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. 2030 жылға қарай трансшекаралық өзендердегі су көлемінің азаюынан 1,2 миллиард АҚШ долларын жоғалтуымыз мүмкін екені, 2040 жылға қарай су тапшылығы 50 пайыз­ға жетеді деген болжамдар айтылып жүр. Ал 2050 жылға қарай еліміз «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Судың сұрауы – сарқылу Жалпы, су тапшылығы туралы мәселе енді ғана айтыла бастаған жоқ. 2009 жылдары 2025 жылға қарай бүкіл әлем жұртшылығының үштен екiсi су тап­шылығының зардабын тартады деген болжам айтылыпты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) мәліметтері бойынша, планета халқының 26 пайызы таза ауызсуға зәру. Бұл – әлем халқының төрттен бір бөлігі. Айтылған бол­жамдағы сандар бұдан әлдеқайда көп, дегенмен, уа­қыт өткен сайын мәселе өткірленіп бара жат­қа­нын байқауға болады. Қазір таза ауызсу мәселесі ауыл-аймақтарда ға­на емес, қалаларда да байқалып отыр. – Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере ал­май отыр. Тіпті, Астананың өзінде су тапшылығы қат­ты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құры­лыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз, – деген еді Президент Үкімет кеңе­сінде. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның есеп­теулеріне сәйкес, Қазақстан аумағында климаттың өзгеру процесі күшейеді. Осылайша, климаттық апат­тар (құрғақшылық, орман өрттері және өзен­дердің таяздануы) үйреншікті жағдайға айналатыны бол­жаныпты. Мұның салдары, әрине ел әлеуетіне елеулі зиян келтіреді, ауыл шаруашылығы судың жетіспеу­ші­лі­гіне байланысты одан сайын тоқырауы мүмкін. Қа­зір­дің өзінде бұл – саланы тежеп тұрған негізгі фак­тор. Ал 2030 жылға қарай Қазақстан транс­ше­кара­лық өзендердің тартылуынан 1,2 миллиард АҚШ долларын жоғалтуы мүмкін. «Жасыл технологиялардың әсерінен мұнай жә­не басқа да пайдалы қазбалар экспортынан түсетін кіріс­тер де төмендейтін болады. Бұл Қазақстан үшін де, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін де назар ауда­рар­лық жайт. 2050 жылға қарай Әмудария мен Сыр­дария суы 10-15 пайызға сарқылуы мүмкін де­ген қауіп бар». Бұл болжамды ЕАДБ орнықты даму жө­ніндегі басқарушы директоры Конрад Альбрехт айт­қан. Жалпы, 2030 жылға қарай елімізде жайылым­дар­дың өнімділігі 10 пайызға төмендейді, 2040 жыл­ға қарай су тапшылығы 50 пайыз болады деген де­рек бар. Елімізде ауыл шаруашылығын суару үшін пай­да­ланылатын судың 90 пайызы өзен­дер­ден алынатыны белгілі, құрғақшылықтың жиі болуы және су қауіпсіздігінің төмендеуі елдің өсімдік және мал шаруашылығының ауылшаруашылық өнім­ділі­гіне зиян тигізуі мүмкін. Мәселен, егер климаттың өз­геруіне бейімделмесек бидайдың өнімділігі 2050 жыл­дарға қарай 50 пайызға дейін төмендейтін бо­лады. Әлем ғалымдары мен сарапшылар бұл тек біз­дің ел үшін ғана емес, әлем үшін де үлкен қауіп деп есептейді. Өйткені еліміз – әлемдегі ең ірі бидай экс­порттаушылардың бірі. Таяздану – тереңде жатқан мәселе Экология министрлігінің ресми мәліметінше, ел экономикасы жалпы ішкі өнімнің бір дол­ларына Ресей немесе АҚШ-қа қарағанда үш есе, Аустралияға қарағанда алты есе көп суды қажет ете­ді екен. Экология министрлігі 2030 жылға таман су тапшылығына байланысты елдің әлеуметтік-эко­номикалық даму қарқыны төмендеуі ықтимал еке­нін растаған болатын. Министрлік еліміздегі жерүсті ағынды сулардың жартысына жуығы сырт елдерден келетінін айтқан. Кей аймақтарда сырттан келетін су ағынына тәуелділік деңгейі мүлде жоғары, мысалы Арал-Сырдария бассейнінде 93 пайыз су сырттан ке­леді, Жайық-Каспийде – 80 пайыз, Шу-Талас – 74 пайыз, Балқаш-Алакөл – 48 пайыз. Жалпы, елдегі су ресурсының 40 пайыздан аста­мы болатын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендер Ресей, Қытай, Тәжік­стан, Қырғыз Республикасынан, Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтеді. Алматы облысы сырттан келетін суға онша тәуел­ді емес. Негізінен таулардан, мұздықтардан ақ­қан, еріген суларды суаруға пайдаланады. Ал Жам­был облысына келсек, 74 пайыз Қырғыз Рес­пуб­ликасынан келетін ағын суға тәуелді. Талас суы­ның 50 пайызын Қырғыз Республикасы, 50 пайы­зын Қазақстан пайдаланады деген келісім бар. Ең қиын жағдай Арал-Сырдария бассейнінде. Яғни, Түр­кістан мен Қызылорда облыстарында. Солтүстік пен шығыстағы өндірістік аймақтар­дың дамуы Ертіс өзеніне байланысты болса, Оң­түс­тікте Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары мақта, жеміс-жидек пен бақша дақылының, Қызылорда облысындағы күріштің 90 пайызын өндіруге Сырдария өзенінің суы пайдала­нылады. Сырдария өзені Кіші Аралға құятынын ес­кер­сек, кейінгі 12 жыл ішінде теңіздегі су көлемі 27 миллиард текше метрден 20 миллиард текше метр­ге дейін азайған. Теңіз өз жағасынан 15-20 метр­ге шегінген. 2021 жылы Арал теңізіне қажетті су көлемінің тек 15,6 пайызы, яғни 1,2 млрд текше метр судың 199 миллион текше метрі ғана түскен. 2022 жылы Сырдария өзенінен теңізге жос­парланған мөлшердің тек 16 пайызы түскен. Сол жылдары аймақта құрғақшылық болып, төтенше жағдай жарияланғаны да есте. Іле өзенінің 80 пайызы Қытай жерінде орна­лас­қан. Елімізге келетін су көлемі осы Қытай Халық Рес­публикасына байланысты. Су кодексіне сәйкес, Бал­қаш-Алакөл бассейні инспекциясы су лимитін бе­кітеді. 10 жылдық су бекітілген. Әр жылға Қазгид­ро­меттің болжамына сәйкес, бұл лимит түзетіліп отыра­ды. Ол лимитте экологиялық жағдай да ес­керіле­ді. Салынған жер-су көлеміне, меншікті нор­ма­ға және каналдың жағдайына байланысты ли­мит­тер бекітіледі. Су пайдаланушы мекемелері осы ли­миттен асырмауға тиіс. Оны Балқаш-Алакөл инс­пекциясы қадағалайды. Экология министрлігінің мәліметінше, жалпы елі­мізде 8 бассейн бар. Әрқайсында бассейндік кеңестер құрылған. Оған ЖАО, су пайдаланушылар, су шаруашылығы мекемелерінің өкілдері кіреді. Бұдан бөлек, ішкі мәселелер де жоқ емес. Суды таратуда, оны тұтынушыға жеткізуде әр жер­лерде 40-60 пайызға дейін су ысырап болады екен. Яғни, суды үнемдеп пайдалануға әлі де болса сал­ғырт­тықпен қараймыз. Ортақ игілік орнымен бөлінсе Ауызсу тапшылығы бойынша мәселенің ше­шімін іздеуге келер болсақ, әдеттегідей бағ­дар­лама­ға кенде емеспіз. Ауыл мен қаланың ауызсу жағ­дайын түзетуге 2000 жылдан бастап кірісіппіз. Сол кез­ден бері «Ауызсу», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді да­мыту», «Нұрлы жол» сияқты атаулы бағдарламалар қа­былданған. Осы мемлекеттік бағдарламалар аясында елі­мізде 48,2 мың шақырым инженерлік желі салынып, тұр­ғын халықты сумен жабдықтаудың деңгейі 92,6 пайыз­ға жеткен деген ресми дерек бар. Қыруар қар­жы жұмсалған. Бұл қаржы сумен қамту ғана емес, басқа да инфрақұрылыммен толықтай қамта­ма­сыз етуге жетерлік екені анық. Ал трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша ха­лықаралық деңгейде келісімдер жүргізілетіні бел­гілі. Сырдария өзенінің жоғары ағысында ор­наласқан мемлекеттермен келіссөз жүргізу, тиісті көлемдегі судың бөлінуі мәселесін шешу сияқты шаралар атқарылады. Ал трансшекаралық өзендер ар­қылы ел аумағына келген суды тиімді пай-да­лану­ды үйлестіру – Үкіметтің тікелей жауапкершілігі. Жергілікті атқарушы органдар Сыр бойында да су тапшылығын азайту бағытында ауқымды шаралар жүргізіліп жатқанын айтады. Сон­дай-ақ облыста суармалы жерлерді қалпына кел­тіру мақсатында 3 жоба әзірленген. Осы жо­ба­лардың барлығы жүзеге асқан жағдайда инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерлердің 80 пайызы қалпына келеді екен. Экология министрлігінің мәліметінше, су шаруа­шылығындағы жағдайды жақсарту бойын­ша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, су ресурстарын басқару жүйесін одан әрі да­мыту тұжырымдамасының жобасы әзірленген. Тұжы­рымдаманың негізгі мақсаты – су ресурс­тары­ның болжамды тапшылығы жағдайында халықтың, қор­шаған ортаның және экономика секторларының суға қатысты қажеттіліктерін қанағаттандыру, су ре­сурстары мен суға сұранысты тиімді басқаруды қам­тамасыз ету үшін жағдай жасау. Тұжырымдамада елдің су ресурстарының әлеуе­тін сақтау, трансшекаралық су ағындарын басқару мен пайдалануда ел мүддесінің сақталуын қамта­ма­сыз ету, су заңнамасын жетілдіру, суды пайдалану тиім­ділігін арттыру, экономикалық негізделген та­риф­терге көшу, суды үнемдейтін технологияларды бел­сенді енгізу, су ресурстарын қайта пайдалану есе­бінен қайтарымсыз су пайдалану көлемін азайту сияқ­ты тараулар бар екен. Сонымен қатар суды ұтымсыз және тиімсіз пай­далану, суды бөлу және есепке алу процестерін авто­маттандыру және цифрландыру да маңызға ие бо­лып отыр. Мысалы, қазір 212 каналды цифрландыру бойын­­ша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олар арқылы 6 мил­лиард текше метр су беріледі. Бұл – ауыл шаруашылығында пайдаланылатын су­дың жар­тысы. – Еліміздегі каналдар, гидротехникалық жүйе­лер Кеңес үкіметі кезінде салынған. Қазір республи­калық бюджет, халықаралық қаржы ұйымдарының займы есебінен үлкен жұмыстар жасап жатырмыз. Өкінішке орай, барлығын бір мезетте бітіру мүмкін емес, бұл жұмыстар барлық өңірлерде, негізінен суар­малы суды пайдаланатын Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында кезең-кезең­мен атқарылуда, – деп айтылған министрлік мәлім­демесінде. Сонымен қатар су ресурстары және су шаруа­шылығы ғылыми орталығының жоқтығы да кедергі болып отыр. Министрлікке қарайтын ҒЗИ-дің жағ­дайын жақсартып, аналитикалық-ақпараттық ор­талық құру да кезек күттірмейтін мәселеге ай­налу­ға тиіс. Бұл сырт елдермен келіссөздерге барғанда ғы­лыми түрде негізделген ұстаным, позиция қалып­тас­тыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, су шаруа­шылығы саласы үшін кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру мәселесі де бар. Каналдарды да назардан тыс қалдырмай, үнемі та­за­лап, қажетті жағдайларда каналдардың таба­нын бетондауды қолға алу да аса маңызды. Әрине, суды үнемдеп қолдану, ысырапшылдыққа жол бермеу де мәселені біршама оңайлататыны анық. Болашақта елдің байлығы мен әлеуеті су ресурс­тарымен өлшенуі де мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылы 200 мемлекеттің 2030 жылға дейінгі тұ­рақ­ты дамуы бағдарламасын қабылдап, онда су­мен тұрақты қамтамасыз ету – басты көрсеткіш де­ген қорытындыға келген екен. The Economist басылымы жыл басында су тап­шылығы мен құрғақшылық мәселесі өршіп бара жат­қанын, ал жасыл энергияға көшу әзірге мүмкін емес екенін жазған. Америка құрама штаттарында да құрғақшылық деңгейі өсіп бара жатыр. Басылым сарапшылары «болашақ құрғақ болып елестейтінін» айтады. Болат НҰРҒОЖАЕВ, сарапшы: Бізге су шаруашылығы мамандары қажет
Трансшекаралық су бөлісу мәселесі жылдан-жылға қиындап бара жатқан сияқты. Мәселен, былтыр Президент тапсырмасымен құрылған Жамбыл облыстық су комиссиясы қандай мәселе көтеріп не ұсынып жатқаны бізге беймәлім. «Ауғанстан үлкен канал салады» деген де ақпарат бар. Біздің өзімізде суды басқару, оған бақылау жасау деңгейі қаншалықты деген сұрақ мазалайды. Кей шаруалар жоғарыда суды ағыл-тегіл пайда­ла­нып, ысырап қыл­са, енді бір шаруалар оған лазерлік тегістеу, суды цифрлық фор­матта қа­да­ға­лау енгізіп, бір текше метр судың өзін үнемді пайдалану тех­нология­ларын енгізіп жатыр. Олай болса шаруалар емес, суға бақылау, реттеу жасайтын мекемелер осы мәселенің басы-қасында неге жүрмейді? Оның себебі ол жақта қазір су мамандары жоқ, оны сол саладағы мекеме басшылары өздері де мойындап отыр. Ал су саласы мамандары қазіргі су тапшылығы жағдайында келген суды күрішке де, Аралға да, көлдерге де жеткізуге болатынын айтып отыр. Біздегі су ардагерлері бұдан да су тапшы кездер болғанын, сол кезде бір каналды аштырып, екіншісін жаптырып, мәселенің басы-қасында жүріп жеткізген­дерін, қазіргілердің бар каналды ашып қойып, бар суды қайда жіберіп жатқандарын түсінбейтіндерін айтады. Олар саланы білетін адамдар ғой, яғни бұл жерде жүйелі үлкен мәселелер бар сияқты.
Қорыта айтқанда, су тапшылығы өте кешенді әрі өзекті, күрделі мәселе. Оның шешімі сыртқы саяси мәмілелер мен ішкі реттеу шараларының тоғысуынан ғана табылмақ. Еліміздің жалпы ішкі өніміне жұмсалатын су шығыны мөлшерін төмендету де алдағы негізгі міндеттің бірі. Дегенмен, мәселе өзекті болса да, жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандай көрінеді. Табиғаттың тамыры жіңішкерсе, тіршілік тоқтайтыны ертегідей естілуі мүмкін, дегенмен, қағылып жатқан дабылдардың негізсіз емес екені даусыз.