Су да сұраусыз болмайды
Су да сұраусыз болмайды
Ресми дерек бойынша, қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. 2030 жылға қарай трансшекаралық өзендердегі су көлемінің азаюынан 1,2 миллиард АҚШ долларын жоғалтуымыз мүмкін екені, 2040 жылға қарай су тапшылығы 50 пайызға жетеді деген болжамдар айтылып жүр. Ал 2050 жылға қарай еліміз «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін.
Судың сұрауы – сарқылу
Жалпы, су тапшылығы туралы мәселе енді ғана айтыла бастаған жоқ. 2009 жылдары 2025 жылға қарай бүкіл әлем жұртшылығының үштен екiсi су тапшылығының зардабын тартады деген болжам айтылыпты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) мәліметтері бойынша, планета халқының 26 пайызы таза ауызсуға зәру. Бұл – әлем халқының төрттен бір бөлігі. Айтылған болжамдағы сандар бұдан әлдеқайда көп, дегенмен, уақыт өткен сайын мәселе өткірленіп бара жатқанын байқауға болады.
Қазір таза ауызсу мәселесі ауыл-аймақтарда ғана емес, қалаларда да байқалып отыр.
– Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті, Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз, – деген еді Президент Үкімет кеңесінде.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның есептеулеріне сәйкес, Қазақстан аумағында климаттың өзгеру процесі күшейеді. Осылайша, климаттық апаттар (құрғақшылық, орман өрттері және өзендердің таяздануы) үйреншікті жағдайға айналатыны болжаныпты.
Мұның салдары, әрине ел әлеуетіне елеулі зиян келтіреді, ауыл шаруашылығы судың жетіспеушілігіне байланысты одан сайын тоқырауы мүмкін. Қазірдің өзінде бұл – саланы тежеп тұрған негізгі фактор. Ал 2030 жылға қарай Қазақстан трансшекаралық өзендердің тартылуынан 1,2 миллиард АҚШ долларын жоғалтуы мүмкін.
«Жасыл технологиялардың әсерінен мұнай және басқа да пайдалы қазбалар экспортынан түсетін кірістер де төмендейтін болады. Бұл Қазақстан үшін де, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін де назар аударарлық жайт. 2050 жылға қарай Әмудария мен Сырдария суы 10-15 пайызға сарқылуы мүмкін деген қауіп бар». Бұл болжамды ЕАДБ орнықты даму жөніндегі басқарушы директоры Конрад Альбрехт айтқан.
Жалпы, 2030 жылға қарай елімізде жайылымдардың өнімділігі 10 пайызға төмендейді, 2040 жылға қарай су тапшылығы 50 пайыз болады деген дерек бар.
Елімізде ауыл шаруашылығын суару үшін пайдаланылатын судың 90 пайызы өзендерден алынатыны белгілі, құрғақшылықтың жиі болуы және су қауіпсіздігінің төмендеуі елдің өсімдік және мал шаруашылығының ауылшаруашылық өнімділігіне зиян тигізуі мүмкін. Мәселен, егер климаттың өзгеруіне бейімделмесек бидайдың өнімділігі 2050 жылдарға қарай 50 пайызға дейін төмендейтін болады. Әлем ғалымдары мен сарапшылар бұл тек біздің ел үшін ғана емес, әлем үшін де үлкен қауіп деп есептейді. Өйткені еліміз – әлемдегі ең ірі бидай экспорттаушылардың бірі.
Таяздану – тереңде жатқан мәселе
Экология министрлігінің ресми мәліметінше, ел экономикасы жалпы ішкі өнімнің бір долларына Ресей немесе АҚШ-қа қарағанда үш есе, Аустралияға қарағанда алты есе көп суды қажет етеді екен. Экология министрлігі 2030 жылға таман су тапшылығына байланысты елдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны төмендеуі ықтимал екенін растаған болатын. Министрлік еліміздегі жерүсті ағынды сулардың жартысына жуығы сырт елдерден келетінін айтқан.
Кей аймақтарда сырттан келетін су ағынына тәуелділік деңгейі мүлде жоғары, мысалы Арал-Сырдария бассейнінде 93 пайыз су сырттан келеді, Жайық-Каспийде – 80 пайыз, Шу-Талас – 74 пайыз, Балқаш-Алакөл – 48 пайыз.
Жалпы, елдегі су ресурсының 40 пайыздан астамы болатын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендер Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғыз Республикасынан, Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтеді.
Алматы облысы сырттан келетін суға онша тәуелді емес. Негізінен таулардан, мұздықтардан аққан, еріген суларды суаруға пайдаланады. Ал Жамбыл облысына келсек, 74 пайыз Қырғыз Республикасынан келетін ағын суға тәуелді. Талас суының 50 пайызын Қырғыз Республикасы, 50 пайызын Қазақстан пайдаланады деген келісім бар. Ең қиын жағдай Арал-Сырдария бассейнінде. Яғни, Түркістан мен Қызылорда облыстарында.
Солтүстік пен шығыстағы өндірістік аймақтардың дамуы Ертіс өзеніне байланысты болса, Оңтүстікте Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары мақта, жеміс-жидек пен бақша дақылының, Қызылорда облысындағы күріштің 90 пайызын өндіруге Сырдария өзенінің суы пайдаланылады. Сырдария өзені Кіші Аралға құятынын ескерсек, кейінгі 12 жыл ішінде теңіздегі су көлемі 27 миллиард текше метрден 20 миллиард текше метрге дейін азайған. Теңіз өз жағасынан 15-20 метрге шегінген. 2021 жылы Арал теңізіне қажетті су көлемінің тек 15,6 пайызы, яғни 1,2 млрд текше метр судың 199 миллион текше метрі ғана түскен.
2022 жылы Сырдария өзенінен теңізге жоспарланған мөлшердің тек 16 пайызы түскен. Сол жылдары аймақта құрғақшылық болып, төтенше жағдай жарияланғаны да есте.
Іле өзенінің 80 пайызы Қытай жерінде орналасқан. Елімізге келетін су көлемі осы Қытай Халық Республикасына байланысты. Су кодексіне сәйкес, Балқаш-Алакөл бассейні инспекциясы су лимитін бекітеді. 10 жылдық су бекітілген. Әр жылға Қазгидрометтің болжамына сәйкес, бұл лимит түзетіліп отырады. Ол лимитте экологиялық жағдай да ескеріледі. Салынған жер-су көлеміне, меншікті нормаға және каналдың жағдайына байланысты лимиттер бекітіледі. Су пайдаланушы мекемелері осы лимиттен асырмауға тиіс. Оны Балқаш-Алакөл инспекциясы қадағалайды.
Экология министрлігінің мәліметінше, жалпы елімізде 8 бассейн бар. Әрқайсында бассейндік кеңестер құрылған. Оған ЖАО, су пайдаланушылар, су шаруашылығы мекемелерінің өкілдері кіреді.
Бұдан бөлек, ішкі мәселелер де жоқ емес. Суды таратуда, оны тұтынушыға жеткізуде әр жерлерде 40-60 пайызға дейін су ысырап болады екен. Яғни, суды үнемдеп пайдалануға әлі де болса салғырттықпен қараймыз.
Ортақ игілік орнымен бөлінсе
Ауызсу тапшылығы бойынша мәселенің шешімін іздеуге келер болсақ, әдеттегідей бағдарламаға кенде емеспіз. Ауыл мен қаланың ауызсу жағдайын түзетуге 2000 жылдан бастап кірісіппіз. Сол кезден бері «Ауызсу», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» сияқты атаулы бағдарламалар қабылданған.
Осы мемлекеттік бағдарламалар аясында елімізде 48,2 мың шақырым инженерлік желі салынып, тұрғын халықты сумен жабдықтаудың деңгейі 92,6 пайызға жеткен деген ресми дерек бар. Қыруар қаржы жұмсалған. Бұл қаржы сумен қамту ғана емес, басқа да инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етуге жетерлік екені анық.
Ал трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша халықаралық деңгейде келісімдер жүргізілетіні белгілі. Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен келіссөз жүргізу, тиісті көлемдегі судың бөлінуі мәселесін шешу сияқты шаралар атқарылады. Ал трансшекаралық өзендер арқылы ел аумағына келген суды тиімді пай-далануды үйлестіру – Үкіметтің тікелей жауапкершілігі.
Жергілікті атқарушы органдар Сыр бойында да су тапшылығын азайту бағытында ауқымды шаралар жүргізіліп жатқанын айтады. Сондай-ақ облыста суармалы жерлерді қалпына келтіру мақсатында 3 жоба әзірленген. Осы жобалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерлердің 80 пайызы қалпына келеді екен.
Экология министрлігінің мәліметінше, су шаруашылығындағы жағдайды жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, су ресурстарын басқару жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленген. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – су ресурстарының болжамды тапшылығы жағдайында халықтың, қоршаған ортаның және экономика секторларының суға қатысты қажеттіліктерін қанағаттандыру, су ресурстары мен суға сұранысты тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау.
Тұжырымдамада елдің су ресурстарының әлеуетін сақтау, трансшекаралық су ағындарын басқару мен пайдалануда ел мүддесінің сақталуын қамтамасыз ету, су заңнамасын жетілдіру, суды пайдалану тиімділігін арттыру, экономикалық негізделген тарифтерге көшу, суды үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу, су ресурстарын қайта пайдалану есебінен қайтарымсыз су пайдалану көлемін азайту сияқты тараулар бар екен.
Сонымен қатар суды ұтымсыз және тиімсіз пайдалану, суды бөлу және есепке алу процестерін автоматтандыру және цифрландыру да маңызға ие болып отыр.
Мысалы, қазір 212 каналды цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олар арқылы 6 миллиард текше метр су беріледі. Бұл – ауыл шаруашылығында пайдаланылатын судың жартысы.
– Еліміздегі каналдар, гидротехникалық жүйелер Кеңес үкіметі кезінде салынған. Қазір республикалық бюджет, халықаралық қаржы ұйымдарының займы есебінен үлкен жұмыстар жасап жатырмыз. Өкінішке орай, барлығын бір мезетте бітіру мүмкін емес, бұл жұмыстар барлық өңірлерде, негізінен суармалы суды пайдаланатын Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында кезең-кезеңмен атқарылуда, – деп айтылған министрлік мәлімдемесінде.
Сонымен қатар су ресурстары және су шаруашылығы ғылыми орталығының жоқтығы да кедергі болып отыр. Министрлікке қарайтын ҒЗИ-дің жағдайын жақсартып, аналитикалық-ақпараттық орталық құру да кезек күттірмейтін мәселеге айналуға тиіс. Бұл сырт елдермен келіссөздерге барғанда ғылыми түрде негізделген ұстаным, позиция қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, су шаруашылығы саласы үшін кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру мәселесі де бар.
Каналдарды да назардан тыс қалдырмай, үнемі тазалап, қажетті жағдайларда каналдардың табанын бетондауды қолға алу да аса маңызды.
Әрине, суды үнемдеп қолдану, ысырапшылдыққа жол бермеу де мәселені біршама оңайлататыны анық.
Болашақта елдің байлығы мен әлеуеті су ресурстарымен өлшенуі де мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылы 200 мемлекеттің 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуы бағдарламасын қабылдап, онда сумен тұрақты қамтамасыз ету – басты көрсеткіш деген қорытындыға келген екен.
The Economist басылымы жыл басында су тапшылығы мен құрғақшылық мәселесі өршіп бара жатқанын, ал жасыл энергияға көшу әзірге мүмкін емес екенін жазған. Америка құрама штаттарында да құрғақшылық деңгейі өсіп бара жатыр. Басылым сарапшылары «болашақ құрғақ болып елестейтінін» айтады.
Болат НҰРҒОЖАЕВ,
сарапшы:
Бізге су шаруашылығы мамандары қажет
Трансшекаралық су бөлісу мәселесі жылдан-жылға қиындап бара жатқан сияқты. Мәселен, былтыр Президент тапсырмасымен құрылған Жамбыл облыстық су комиссиясы қандай мәселе көтеріп не ұсынып жатқаны бізге беймәлім. «Ауғанстан үлкен канал салады» деген де ақпарат бар.
Біздің өзімізде суды басқару, оған бақылау жасау деңгейі қаншалықты деген сұрақ мазалайды. Кей шаруалар жоғарыда суды ағыл-тегіл пайдаланып, ысырап қылса, енді бір шаруалар оған лазерлік тегістеу, суды цифрлық форматта қадағалау енгізіп, бір текше метр судың өзін үнемді пайдалану технологияларын енгізіп жатыр.
Олай болса шаруалар емес, суға бақылау, реттеу жасайтын мекемелер осы мәселенің басы-қасында неге жүрмейді? Оның себебі ол жақта қазір су мамандары жоқ, оны сол саладағы мекеме басшылары өздері де мойындап отыр.
Ал су саласы мамандары қазіргі су тапшылығы жағдайында келген суды күрішке де, Аралға да, көлдерге де жеткізуге болатынын айтып отыр. Біздегі су ардагерлері бұдан да су тапшы кездер болғанын, сол кезде бір каналды аштырып, екіншісін жаптырып, мәселенің басы-қасында жүріп жеткізгендерін, қазіргілердің бар каналды ашып қойып, бар суды қайда жіберіп жатқандарын түсінбейтіндерін айтады. Олар саланы білетін адамдар ғой, яғни бұл жерде жүйелі үлкен мәселелер бар сияқты.
Қорыта айтқанда, су тапшылығы өте кешенді әрі өзекті, күрделі мәселе. Оның шешімі сыртқы саяси мәмілелер мен ішкі реттеу шараларының тоғысуынан ғана табылмақ. Еліміздің жалпы ішкі өніміне жұмсалатын су шығыны мөлшерін төмендету де алдағы негізгі міндеттің бірі. Дегенмен, мәселе өзекті болса да, жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандай көрінеді. Табиғаттың тамыры жіңішкерсе, тіршілік тоқтайтыны ертегідей естілуі мүмкін, дегенмен, қағылып жатқан дабылдардың негізсіз емес екені даусыз.