Дархан Қыдырәлі Моңғолияның Білім және ғылым министрімен кездесті
Дархан Қыдырәлі Моңғолияның Білім және ғылым министрімен кездесті
Бүгін Ұлан-Батырда Қазақстан-Моңғолия Үкіметтерінің Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының 9-отырысы өтеді.
Ұлан-Батырға келген қазақстандық делегацияға Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Қазақстан-Моңғолия Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Дархан Қыдырәлі басшылық етеді.
Осы сапар барысында Дархан Қыдырәлі Моңғолияның Білім және ғылым министрі Лувсанцэрэн Энх-Амгаланмен кездесті.
«Моңғолия Қазақстан үшін сенімді серіктес саналады және еліміз әртүрлі салалардағы өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға үлкен мән беріп келеді. Халықаралық ұйымдарда да тығыз әріптестігіміз бар. Осы орайда, екі ел арасында білім және ғылым, ақпарат, археология саласында, әсіресе, ортақ музей ашу, көшпелілер тарихын бірге зерттеуде біріккен жұмыс істеуге ниетіміз бар. Күні кеше ғана Моңғолияның UBS арнасы мен “Хабар” телеарнасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл бағыттағы жұмысымыз жалғасады», - деді Д.Қыдырәлі.
Сонымен бірге Д.Қыдырәлі министрліктің жұмысынан ақпарат беріп, алдағы уақытта бірге жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.