Жалын жайпап барады: Абай тұрғындары қауіпсіз жерге қашып жатыр
Жалын жайпап барады: Абай тұрғындары қауіпсіз жерге қашып жатыр
Абай облысындағы орман өрті ауылдарға жақындап қалды. Қызыл жалыннан қорыққан тұрғындар үйін тастап, қауіпсіз жерге қашып жатыр деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Өрт Берёзовка шипажайы мен ауылдың дәл іргесіне жетті. Алапат өрттен үрейі ұшқан 277 тұрғын баспанасын тастап, туған-туыстарын паналап кеткен. Сондай-ақ елдімекендегі төрт түлік түгел қауіпсіз жерге шығарылды. Себебі, екпінді желмен күш алған қызыл жалын бой бермей жатыр. Екі тәулікте шамамен үш мың гектар орманды алқап күлге айналды. Өртті сөндіруге Астананың және Павлодар мен Қарағанды облыстарынан қосымша 133 құтқарушы мен 26 техника көмекке келді.
«Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Қазір 700-ге жуық жеке құрам жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдай, қорғаныс және экология министрліктерінің өкілдері. 120-дан астам техника жұмыс істеп жатыр. Алты тікұшақ жұмылдырылды», - деді Абай облысының әкімі
Нұрлан Ұранхаев.