Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіге тіркелуі қиындайды

24 мамыр, 2023 / Зердебек Темір
ашық дереккөзі
Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіге тіркелуі қиындайды Елімізде ата-анасы немесе заңды өкілінің рұқсатынсыз TikTok, Instagram, Facebook, WhatsApp, "ВКонтакте" платформаларында кәмелетке толмағандарды тіркеуді шектеу шараларын қабылдау жоспарланып отыр. Үкімет қаулысының жобасы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды. Қазақстан Үкіметі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған "Бала Қорғау" кешенді жоспарын бекіту туралы шешім қабылдады. Жоспар мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін құру, балаларға уақтылы білікті көмек көрсету, сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған 2023-2025 жылдарға арналған қосымша шаралар кешенін қабылдау. Жоба қабылданса, Instagram, Facebook, WhatsApp, "ВКонтакте" платформаларында кәмелетке толмағандарды заңды өкілінің рұқсатынсыз тіркеуге шектеу шараларын енгізу 2025 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Бұған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, ақпарат және қоғамдық даму министрліктері, сондай-ақ білім министрлігі жауапты болады. Жалпы, кешенді жоспар 4 бөлімнен тұрады. Құжат 6 маусымға дейін көпшіліктің талқылауы үшін жарияланған.