Жаңалықтар

Жыл соңына дейін барлық аймақ 4G-мен қамтылады

ашық дереккөзі

Жыл соңына дейін барлық аймақ 4G-мен қамтылады

Жыл соңына дейін еліміздің барлық аудан орталығы 4G желісімен қамтылады. Бұл туралы елордада өткен Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа мәжілісінде айтылды. Сала басшысының сөзіне сенсек, қазір қазақстандықтардың 73 пайызы интернет қолданады. Сол арқылы еліміздің әлемдік бәсекеге қабілеттілік индексі жоғарылаған. Жауапты ведомствоның алдағы атқарылатын тағы бір міндеті – 2020 жылға дейін 1300-ге жуық ауылды оптикалық-талшықты желімен қамту. Бұл жұмысты жүйелі жүзеге асыру үшін министрлік арнайы жоба әзірлеуді қолға алды. Бұған қоса алқа отырысында БАҚ туралы заңға енгізілетін өзгерістер талқыланып, отандық телеарналар мен ақпараттық құрылымдардың мақсат-міндеттері айқындалды деп хабарлады 24.kz арнасы. Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі: - Жобалардың басым бөлігін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырамыз. Қазір серіктестермен келісім жүргізіліп жатыр. Бұл жоба арқылы еліміздегі сандық теңсіздік жойылады. Мұны Мемлекет басшысы Жолдауда маңызды бағыт ретінде атап өтті. Осыған орай байланыс департаментіне 1 наурызға дейін Ұлттық экономика министрлігімен жобаның тұжырымдамасын келісуді тапсырамын. Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері: - Бүгін енді ақпараттық саланың атқарған істері жөнінде министріміздің баяндамасында айтылды. Іштей қуанып отырмын. Бұл, біріншіден, ақпарат саласы – мемлекеттің қауіпсіздігі. Ұлттың тарихын, әдет-ғұрпын, мәдениетін сақтай алмасақ, онда бұл мемлекет кімнің мемлекеті болады? Меніңше, осы ақпарат министрлігінің үлкен жұмыстарының бірі осы салаларды насихаттау деп ойлаймын.