І орын – 7 млн, ІІІ орын – 500 мың: жетісулықтар өткізген жарыс қызу талқыға түсті

І орын – 7 млн, ІІІ орын – 500 мың: жетісулықтар өткізген жарыс қызу талқыға түсті

І орын – 7 млн, ІІІ орын – 500 мың: жетісулықтар өткізген жарыс қызу талқыға түсті
ашық дереккөзі
Спорт журналисі Аслан Қаженов Жетісу облысында «Қазақстан Барысы» турнирін ұйымдастырғандарды сынға алды деп хабарлады turkystan.kz.
«Қазақ деген өте аңғал халық. Бірақ, елдің көзі ашық. Бәрін байқап отыр, бәрін бақылап отыр. Оп-оңай аузын ұра салам дегендер қателеседі. Түсіндірейін. Еліміздің барлық аймағында қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турниріне іріктеу өтті. Әсіресе, Жетісу облысындағы жарыс қатты таңдандырды. Жеңімпаздың қолындағы сертификатты қараңыз. 7 миллион теңге. Ал, жеңімпаз - Руслан Абдразақов. Сол сертификатты облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл табыстады. Ұлан -  Русланның ағасы. Яғни, ағасы берді, інісі алды» деп жазды Аслан Қаженов.
Оның айтуынша, екінші және үшінші орын алғандардың сыйақы көрсеткіші бас жүлдемен салыстырғанда, сәйкесінше, 7 және 14 есе аз.
«Қандай жарыста осындай сыйақы тағайындалады? Аналардікі неге аз демеймін. Русландікі неге тым көп? Міне, мені осы алаңдатады. Одан кейін, басқа аймақтармен салыстырдым. Жетісу сияқты бірде-біреуі жүлдеге деп оңды-солды шашылмаған. Қарағанды облысында жеңімпаз - 500 мың, ал Шығыс Қазақстан облысында 100 мың теңге алды және солай кете береді. Ең жоғары сыйақы - Жетісуда. Неге? Бұл өңірде қазақ күресінен басқа шаруа жоқ па? Облыстық басқарма ойға келгенін жасай бере ме? Халықтың алдында есеп беріп, жағдайды түсіндіргісі келмей ме? Өйткені, ол айналып келгенде, сол халықтың ақшасы ғой», - деді спорт журналисі.
Аслан Қаженов 7 миллионды күні кеше әлем чемпионатында топ жарған боксшылардың сыйақысымен салыстырды.
«Бірдей. Яғни, дүниежүзідік додада алтын алған спортшы мен бапкеріне мемлекет ресми 15 мың АҚШ долларынан табыстайды. 15 мың доллар шамамен 7 миллион теңгеге жуық. Жуық. Оның өзінде жетпейді. Ал Руслан олардан жоғары сыйақы алып тұр. Қысқасы, мынадай бассыздықты тоқтату керек. Аймақтағы әкімдік пен олардың басқармалары ойға келгенін жасамасын. Халықтың қызметкері екендерін ұмытпасын. Ал әлгі сыйақыға қатысты арнайы аудит жасалып, тыңғылықты тексеріс жүргізу керек» деп жазды журналист.