Бізде мешіттен, Еуропада футбол алаңынан қасиетті жер жоқ – Ермұхамед Мәулен
Бізде мешіттен, Еуропада футбол алаңынан қасиетті жер жоқ – Ермұхамед Мәулен
Қазақстан футболындағы айтулы жетістіктер мен оң өзгерістер туралы спорт комментаторы, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәуленмен сұхбаттастық. Аталған маман отандық футболдың жай-күйін айтып берді.
– Әңгімемізді қазақ футболындағы жетістіктерден бастасақ. Кейінгі кезде елімізде қандай елеулі оқиғалар болды?
– Футбол мен футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының жетістіктерін ерекше атап өтуге болады. Өйткені футзалдан ұлттық құрама Еуропа чемпионатында, әлем чемпионатында жоғары деңгейде өнер көрсетті. Одан кейін Магомед Әдиев тізгінді ұстағалы бері Қазақстан футболшылары өткен жылы Ұлттар лигасында өз тобының жеңімпазы атанды. Бұл – бұрын-соңды қазақ футболында болмаған жетістік. Онымен тоқтап қалған жоқ, биыл да тамаша нәтиже көрсете бастады. Мысалы, азулы деген Дания құрамасын жеңдік. Әлемдік рейтингіде TOP-15 құраманың қатарына кіретін команданы ресми ойындарда үздік 100 құраманың ішінде жоқ команданың жеңуі – футбол тарихында сирек кездесетін оқиға. Әлем елдері бұл жетістігімізді, жеңісімізді біразға дейін тамсана айтты. Біз қазір осы жеңістің арқасында рейтингіде 118-орыннан 114-орынға көтерілдік.
Ескі басшылық ауысқаннан кейін Қазақстан футбол федерациясына жаңа леп келді. Ұлттық құраманың ойыны, жастар футболы, жасөспірімдер футболы, Қазақстан жастар құрама командасының ойыны, олардың жаттығуы – бәрі-бәрі өзгерді, нәтиже де көп күттірмеді. Олар бұрын қалыптасып қалған қағидамен жұмыс істемейді. Футболшыларда мотивация бар. Енді демеушілердің қаржысынан футболшыларға үстеме сыйақы беріледі. Өйткені Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайтын футболшылар ешқандай жалақы алмайды. Осыны жанкүйерлерге жеткізгім келеді.
Әділет Барменқұлов қызметке келісімен бас бапкерді ауыстырды. Қазақстан құрамасының тізгінін ұстаған Магомед Адиев – жаңа көзқарастағы адам. Ол Қазақстан футболында мүлдем жоқ нәрселерді жасай бастады. Бұл өзгерістер өз жемісін берді.
Біз Ұлттар лигасын жеңдік. Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі ойындарда тәп-тәуір өнер көрсетіп жатырмыз. 17 маусымда Сан-Мариномен, 20-сында Солтүстік Ирландиямен ойнаймыз. Қазір біздің футболшыларда сенім пайда болған. Сан-Мариноны жеңеміз, Солтүстік Ирландиядан ұпай алуымыз мүмкін. Еуропалықтар қазір бізден қорқып отыр. Данияны жеңдік, Словенияға бір қателіктің кесірінен ұпай бердік. Әйтпесе, терезесі тең ойнадық. Статистика бойынша, басым болдық. Бірақ футболда үнемі жақсы ойнаған команда жеңе бермейді. Мүмкіндікті пайдаланбасаң ұпайдан қағылып, жеңіліске ұшырайсың.
Айтпақшы, Асхат Тағыбергеннің Дания құрамасына салған добы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңіндегі 2-турдың үздік голы болды. Яғни қазақстандық футболшы осылайша бүкіл Еуропаны мойындатты.
Қазақстан футбол картасында спорттық инфрақұрылым бойынша да Жамбыл облысы бірінші орында. Бір аймақтың өзінде 800-ден астам стадион бар. Ал ауладағы жасыл алаңдарды қосатын болсақ, Алматы облысы бірінші орынға шығады. Бұл жақта футболдың жақсы дамығанын ұлттық құрамаға шақырту алған футболшылар арқылы да анықтауға болады. 460-тан астам жамбылдық ойыншы еліміздің негізгі командасында доп тепкен.
Қазақстан футбол картасын жасап шықтық. Ешқандай футбол алаңы жоқ аудандар бар. Ауылдар арасында балалар футболын ұйымдастырайық дедік. Алайда елімізде кішкентай 5 ауылды байланыстыру үлкен мәселе болып тұр, логистика қиын жағдайда. Футболымыздың Еуропадағыдай дамымай жатқанына тағы бір себеп – жер аумағының үлкен болуы.
«Германияда әр 5 шақырым сайын жасыл алаң бар, 20 шақырым сайын бір стадион бар» деп журналистер жазып жатады. Германия – жер көлемі бойынша Ақмола облысынан кішкентай мемлекет. Қазақстандағы барлық стадионды бір Ақмола облысына жинасақ, тура Германиядағыдай 20 шақырым сайын бір стадион болады. Ақтау мен Өскемен арасы 2 100 шақырым (екі жақта да футбол командалары бар), бұл – бүкіл Еуропа (Мәскеуден Лиссабонға дейін). Жеріміздің үлкен болғаны футболды дамытуға кедергі келтіруде. Егер ұшақтар Бразилиядағыдай 30 минут сайын Ақтаудан Өскеменге ұшып тұрса, әңгіме басқаша болар еді. Ал бізде тікелей рейстер жоқ.
– Әлем елдерінің футболға деген көзқарасы біздікінен өзгеше ме?
– 2014 жылы 40 күндей Бразилияда болдым. Олардың футболға деген көзқарасы мен үшін ертегідегідей. Ол жерде әрбір адам футбол жанашыры. Бір таксист жолдан кішкентай футболшыларды көрсе, стадионға дейін тегін алып барады. Транспортпен жүру, медициналық көмек алу футболшыларға тегін. Тау-тас үстіндегі қалалардың өзінде футбол ойнауға жағдай жасалған. Бізде мешіттен, ал оларда футбол алаңынан қасиетті жер жоқ.
Бірде таксиге мінгенде жүргізушіден «Бразилияғы бірінші спорт түрі қандай?» деп сұрадым, ол «волейбол» деп жауап берді, «Футбол ше?» деп сұрағанымда «футбол – спорт емес, дін» деп қысқа қайырды. Аргентинада да солай. Росарио қаласында Марадонаның шіркеуі бар, адамдар соған барып табынады. Ол тірі кезінде салынып қойған. Бұл мемлекеттерден таланттардың шыға беретіні де содан.
Сербия деген мемлекет бар. Қазақстанның кез келген командасында бір сербиялық футболшы ойнайды. Неге деген сұрақ туындайды. Өйткені Бразилиядан кейін бүкіл шетелдің футболын жаулап алған – осылар. Жан-жаққа кете береді, талғамайды, әйтеуір Сербиядан кетсе болды. Бұл ел кезінде дамыған мемлекет болған. Бірақ ол жақта 200-300 доллар ғана айлық төленеді. Бұл ақшаға отбасын асырау қиын. Оларда футбол агенттері көп, жан-жақта жүреді. Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан 4 команданың ішінде бір сербиялықтың бары анық. Чемпиондар лигасының кейінгі 10 жылында жеңімпаз болған команданың ішінде 1 хорват болған. Біз әлі бір қазақ шығара алмай жүрміз, ал оларда жыл сайын 1 хорват чемпион болып жатыр.
– Президент футбол клубтарына 1 млрд 200 млн теңгеден артық қаржы бөлінбесін деген бұйрық шығарды. Жоғарыда айтылған бұйрықтың Қазақстан футбол федерациясына қатысы бар ма? Мемлекет футбол клубтарын қаржыландыруды тоқтатса не болады?
– Жалпы мемлекеттен клубтарға бөлінген ақшаны стадион, футбол орталықтарын салуға, жастарды тәрбиелейтін бапкерлер жалдауға арнау керек. Мемлекеттің ендігі бағыты – жазғы Олимпиада ойындарына даяр келетін инфрақұрылымдар, стадиондар, манеждер, бассейндер салу болса екен.