Жаңалықтар

Министрлік 2023 жылы ҰБТ-да қандай өзгерістер болатынын айтты

ашық дереккөзі

Министрлік 2023 жылы ҰБТ-да қандай өзгерістер болатынын айтты

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты бірқатар жаңашылдық енгізіледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев тестілеу форматында өзгеріс жоқ екенін, оқушылар бұрынғыдай бес пәннен тест тапсыратынын, оның ішінде 3 міндетті пән, екі бейінді пән бар екенін айтты. Ал барлық сұрақ саны - 120. Алайда Қазақстан тарихы мен Оқу сауаттылығы пәндерінің тест тапсырмасы санына байланысты өзгеріс енгізілген екен. "Басты жаңашылдықтарға келетін болсақ, Қазақстан тарихы және Оқу сауаттылығы пәндері бойынша тест тапсырмаларына санына байланысты өзгерістер енгізілді. Қазақстан тарихының бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады, ал Оқу сауаттылығында 15 тест сұрағы болады. Биылдан бастап информатика ҰБТ бейінді пәндер комбинация тізіміне енгізілді. Осыған байланысты информатика мұғалімдерін даярлау, ақпараттық технологиялар сияқты бағдарламалар топтарына математика - информатика комбинациясын тапсырады. Шекті баллда өзгеріс болмайды", - деді ведомство өкілі. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, биыл оқушылардың 10 пайызы осы жаңа пәндер комбинациясын (математика - информатика - еск.) таңдап отыр. "Алғаш рет биыл Қазақ әдебиеті және Орыс әдебиеті пәндерінен кездесетін шығармалардың тізімін жарияладық", - деді ҰТО директоры ҰБТ-ға дайындық барысы туралы. Сондай-ақ тест кезінде информатика пәнін тапсыратындар үшін үш тілде терминдер аудармасы ұсынылады. Ал периодтық кесте мен калькулятор экранда көрсетіледі. Еске салайық, бұған дейін 2023 жылы жалпы саны 88 мың грант бөлінгені хабарланған болатын.