Алматыда уланған оқушыларға қатысты тың дерек шықты

Алматыда уланған оқушыларға қатысты тың дерек шықты

Алматыда уланған оқушыларға қатысты тың дерек шықты
ашық дереккөзі
Алматы облысында уланған 10 оқушы белгісіз жазуы бар, шетелдік тағамнан зиян шегуі мүмкін. Осылай деген мектеп директоры мен ата-аналар дүкеннен сатып алған тұздалған таяқшаларды жегеннен соң жеткіншектердің жағдайы нашарлай түскенін айтады деп хабарлады turkystan.kz. Алматы телеарнасының хабарлауынша, Бәйтерек ауылында уланған 10 оқушының үшеуі ауруханада жатқанына бүгін төртінші күн. Желіде желдей ескен жазба арқылы тұтас ауыл қазір ұшынған оқушылардың жағдайына алаңдаулы. Ең сорақысы да сол – өлім аузынан аман қалған жеткіншектер белгісіз тағамды да сол желі арқылы танып, дәмін көрген екен.
«10 қыз ақша жинап, ащы таяқша алып жеген. Соны жеп, уланып қалды. Менен алып жесем бола ма деп сұрап жүрген. Мектептің асханасына шағым жоқ, өйткені менің қызым асханадан тамақ ішпейді», – дейді ата-ана Разия.
Қытай таяқшаларын жегеннен соң талып құлаған 10 оқушы Бәйтерек ауылындағы мектепте білім алады. Ұстаздары «олар бірінші сабақта-ақ жүрегі айнып, құса бастады» дейді. Кейін осы мекемеден бірден ауруханаға жеткізіпті.
«Қытайша жазылған, не қазақ, не орыс тіліне аударылмаған өнімді, сақтау мерзімі жоқ затты алып жемеңдер деп сыныпты аралап бәріне айтып шықтым. Ата-аналарға да ескертті», – деді Бәйтерек орта мектебінің директоры Жазира Балахан.
Жалпақ жұрт жаман атты қылған жергілікті дүкенге біз де бас сұқпақ болып бардық. Сатушы бірден есігін тарс жауып, кіргізбей қойды. Тұздалған таяқшаларды жеп уланды деген 10 оқушы дәл осы дүкеннен сатып алған. Мұндағы сатушылар да оны растап отыр. Олардың айтуынша, сұраныс болған соң, сөреге әкеліп қойған. Сондықтан аты жазылмаған, заты белгісіз тауарды тексермей сатқанына кінәлі екенін мойындайды.
«Оқушылардың уланғаны жөнінде мамандар нақты ақпарат айтпады ғой. Әзірге бәрі – жалған. Біздің қателігіміз қытайша жызылған сөзді түсінбедік. Тауарды қабылдап алғанда, сақтау мерзіміне мұқият қараймыз», – деді дүкен сатушысы Роза Жанықұлова.
Ал аудандық ауруханаға түскен 10 баланың жетеуі амбулаториялық ем алу үшін үйіне жіберіліпті. Ал үшеуінде әлі әлсіздік бар. Сондықтан сақтық үшін қазір дәрігер бақылауында екен.
«Он науқас жедел-жәрдем көлігімен жеткізілді. Науқастар толық медициналық тексеруден өткен соң, белгісіз тағамнан уланғаны белгілі болды. Қауіпті тағам, химиялық заттармен 5 жасқа дейінгі балалар уланады. Үй жағдайында баланың денсаулығына өте қауіпті, өліп кетуі мүмкін», – дейді Еңбекшіқазақ ауданы орталық ауруханасы директорының орынбасары Әлия Омарбекова. «2023 жылдың 19 мамырында өнім мен жеткізушіні анықтау мақсатында тергеу жұмыстары басталып, нәтижесінде шығу тегі белгісіз таяқшаның сатылымда жоқ екені анықталды. Өтінімді растайтын тиісті құжатсыз жүргізілген», – деді Алматы облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Темірлан Айтбаев.
Ал аталған іске қатысты кінәлі тараптарды анықтау үшін материал Талғар аудандық полиция басқармасына жөнелтіліпті.