Астанадағы мемлекеттік балабақшалардың төлемақысы өседі

19 мамыр, 2023 / Меруерт Сағымхан
ашық дереккөзі
Астанадағы мемлекеттік балабақшалардың төлемақысы өседі Астанадағы мемлекеттік балабақшаларда маусымнан бастап тамақтану бағасы өседі деп хабарлады turkystan.kz. Астана қаласының Білім басқармасы «2023 жылға арналған Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекіту туралы» қаулысының жобасын әзірледі.
«Тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуі нәтижесінде мемлекеттік балабақшалардағы ата-аналардың тамақтану ақысының құны тамақтануды ұйымдастыру шығындарын өтемейді», – делінген Ашық НҚА порталында жарияланған құжатта.
Қала әкімдігінің қаулысына сай, мектепке дейiнгi мемлекеттік білім беру ұйымдарында ата-ана төлемақысы мына мөлшерге қымбаттайды: - жалпы білім беретін мектепке дейінгі ұйымдар үшін - 41 718 теңгеден 46 189 теңге дейін; - балалардың толық күндік шағын орталығы - 31 995 теңгеден 46 189 теңгеге дейін; - арнайы мектепке дейінгі ұйымдар, жалпы білім беретін мектепке дейінгі ұйымдардағы арнайы және инклюзивті топтар үшін - 91 118 теңгеден 102 665 теңгеге дейін; - мектепке дейінгі санаторлық ұйымдар үшін - 62 040 теңгеден 89 204 теңгеге дейін; - балалардың толық емес күндік топтары үшін - 18 066 теңгеден 20 202 теңгеге дейін; - мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтанғаны үшін ақы төлеу - 16 800 теңгеден 20 800 теңгеге дейін. Құжат 3 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін осы айдан бастап қолданысқа енгізіледі.