Мырзағали Айтжанов: Бұл жеңіс – үздік мамандармен бірге төгілген тердің нәтижесі
Бокстан ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері

Бір апта бұрын Ташкентте бокстан ересектер арасында өткен әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы 4 алтын, 1 күміс жүлде еншіледі. Жалпыкомандалық есепте Өзбекстан құрамасынан кейін екінші орынға табан тіреген былғары қолғап шеберлерін жанкүйерлер ерекше сән-салтанатпен күтіп алды. Әсіресе, бес ай бұрын ұлттық құраманы қайта тізгіндеген бас бапкер Мырзағали Айтжановқа тілегін жаудыртып, ризашылығын білдіріп жатқандардың санында шек жоқ. Осы орайда әлем чемпионатындағы нәтижені талқылау үшін Мырзағали Құланұлына хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Күні кеше Ташкентте аяқталған әлем чемпионатында 2013 жылы Алматыда өткен әлемдік додадағы жетістікті қайталап, олжалы оралдыңыздар. Дегенмен сіздің максималист екеніңізді жақсы білеміз. Ол ірі додада ринг бұрышында тұрып, алақайлағаннан бөлек, «Қап, әттеген-ай» деген де сәттеріңіз болған шығар?
– Әрдайым біздің айтқанымыз бола бермейді. Осы нәтижеге тәубе дейміз. Аллаға шүкір дейміз. Ташкентте өте тартысты, айтулы жарыс болды. Осал ешкім жоқ, барлық елдің боксшылары мықты дайындықпен келген. Көп адам менен нақты жауап алғысы келеді. Мен ол жауапты іштей білемін. Боксшыларымыздың әлеуеті қандай екенін зерделеймін. «Арық сөйлеп, семіз шық» дейді қазақ. Мұны бала кезімнен естіп-өскендіктен, осы ұстанымды берік ұстананамын. Бәзбіреулер секілді «Қырамыз. Жоямыз» деп бөсіп кетпеймін. Ташкентке аттанар кезде жігіттердің аяқ алысын, дайындық барысын ескеріп, қасымда көмектесіп жүрген бапкерлер мен ғылыми топ мүшелерімен ақылдасып, «Жеті-сегіз медаль алуға шамамыз бар. Бірақ барғанда көре жатармыз» деген едік. Боксшылар жарақат алмаса, қателік жібермесе деп тіледік. Дегенмен біреудің бағы, біреудің бабы шабады. Енді біреуіне тағы бірдеңе жетіспей қалады. Соқыр жеребе деген тағы бар. Әсер ететін әртүрлі фактор бар. Бірақ жеребе тарту рәсімі аяқталған соң, кемінде жеті жүлде алуға болады екен ғой деп ойлағанмын. Бесеуі жүлдегер атанды. Ал екеуі жарыстан тыс қалды. Олимпиаданың екі қола жүлдегері Сәкен мен Қамшыбек жүлдесіз қайтты.
– 1/16 финалда үндістандық Дипак Кумардан жеңіліп қалған Сәкеннің сол кездесуі біраз шу тудырды. Төрешілердің күмәнді шешіміне наразы болған Қазақстан бокс федерациясы тіпті Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлевке ресми шағым түсірген еді, бірақ жекпе-жек нәтижесі өзгеріссіз қалды. Бұл жайтқа қатысты алып-қосарыңыз бар ма?
– Осы жайт одан кейінгі айналымдарда төрешілердің дұрыс төрелік жасауына аз да болса әсер етті деп ойлаймын. Былай қарасаңыз, бұл өте үлкен дау ғой. Әлемдегі ең күшті командалардың бірі онсыз да әлемде шу арылмай тұрған кезде бүкіл команданы алып кетіп қалса, оларға да жақсы емес. Сондықтан әділ шешім іздеп, «Бұлай болмайды. Боксшыларымызға оң баға беріңіздер. Егер мұндай қайталанса…» дегендей ескерту жасаған біздің басшыларымызға алғыс айтамын.
– Ал Қамшыбектің жеңілісі туралы не айтасыз?
– Мен ол жерде Қамшыбек ұтты деп тұрған жоқпын. Тек әлемдегі екі мықты былғары қолғап шеберін ширек финалда бір-біріне қарсы қою – көптен бері болмаған тарихи жайт. Ол екеуі кемі жартылай, ал негізі финалда кездесетін боксшылар ғой. Неліктен ширек финалда жолдары түйісіп қалғанын бір Алла біледі. Бірақ жаңа айтып өткенімдей, соқыр жеребенің әсерінен қос мықты боксшы ширек финалда жолығуға мәжбүр болды.
– Әлем чемпионатының ыстық-суығы басылды. Қазіргі талқыға түсіп жатқан басты мәселе: Ташкентте жарыс жолынан шығып қалған Сәкен Бибосынов, әлем чемпионы деген су жаңа атағы бар Санжар Тәшкенбай (48 келі) мен Махмұд Сабырхан (54 келі) үшеуінің қайсысы төртжылдықтың басты додасында Олимпиада салмағы саналатын 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасады?
– Мұндай әңгімені көп естимін. Естіген сайын аң-таң боламын. Мен алдын ала жария қылғанды, болжағанды жақтыра бермеймін. Бақсы-балгер құсап, тон пішу мұсылмандыққа жат. Қазақ «Бұйырғаны болады» деп айтады. Содан соң «Жүгірген жетпес, Бұйырған кетпес» деп бекерге айтылмаған ғой. Бірінші кезекте еңбектенуін бағалаймыз. Ал сіз айтып отырған үш боксшының үшеуі де еңбекқор. Үшеуі де мықты. Бірақ үшеуі үш түрлі салмақ дәрежесінде бокстасады. Тон пішіп жүрген адамдар соны жақсы түсініп алса деймін. Ол адамдар күні-түні біздің қасымызда жүріп, бізбен бірге жаттығып жүрген жоқ. Ештеңеден хабары жоқ болса да, топшылай береді. Қаңтар айында Таиландта 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында өткен Азия біріншілігінде Махмұдты 57 келіде жұдырықтастырып көрдік. Ешкімге дес бермеген ол онда алтын жүлде иеленді. Енді ойлап қараңызшы, Махмұд қалай 51 келіге таласады? Ол 54 келіде қолғап түйістіріп жүрген жігіт қой. Алдағы уақытта 57 келіге ауыспақшы. Мен айтқаннан емес, өзі ауысамын деп жүр. Мен жеке бапкерлерге, боксшыларға бағдар беріп отырамын. Алайда біреуді қинап, «Осы салмаққа өтуге тиіссің» деп бұйыру – маған жат қылық. Санжарды сөз етер болсам, ол – 20 жаста, жалындап тұрған жігіт. Көпшілік 19 жастағы чемпион деп жазып жатыр. Бірақ ол келесі айда жиырмаға толады. Жас емес. Жиырма жасында Бекзат Саттарханов Олимпиада чемпионы атанды. Санжар да – мықты боксшы. Ол 48 келіде Азия чемпионы атанды. Кеше, міне, сол салмақта әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Ол Олимпиада салмағы саналатын 51 келіге өтемін десе, оған ешкім кедергі болмайды. Дегенмен әлем чемпионы деген атағы бар ол жаңа салмаққа ауысса, ол салмақта бірінші нөмірлі боксшы болып кетпейді ғой. Сәкеннің артында қарауылдап тұрған қаншама боксшы бар. Қазақстанда 51 келі салмақта мықты атлеттер жетерлік. Олардың бәрі ай қарап, жұлдыз санап отырған жоқ қой. Бізде бәсеке қызып тұр. Санжар сол бәсекелестерден құралған топқа түседі. Оларды, одан соң Сәкенді ұтып жатса, әлбетте, оны сол салмақтың көшбасшысы деп танимыз. Бірақ мұның бәрін байыбына жетпей жатып, «Мырзағали өйтеді…Мырзағали сөйтеді…» деп бал ашатындарды түсінбеймін.
– Сәкен Бибосынов сіздің төл шәкіртіңіз болғандықтан, көбі солай топшыласа керек.
– Неге олай топшылайды? Неге бал ашады? Неге біреудің істемеген нәрсесін істеді деп айтады? Мен ондайға бармаймын. «Менікі, сенікі» деп бөлмеймін. Сондықтан болар, мұның алдында ұлттық құраманы тоғыз жыл басқардым. Әйтпесе, біздің қазақ сені бір күн де жұмыс істетпейді ғой. Талан-таражға салып, «жеп» қояды. Шынымды айтайын, арамызда бір-бірін аңдып отыратындар жетіп артылады. Қазақтың осы әлем чемпионатында бір кісідей бірігіп, жиналғанына риза болдым. Бірақ үйінде отырып алып немесе аренаға келіп, жаман пиғыл танытқан адамдарға риза емеспін. Кімнің мықты екенін уақыт көрсетеді. Біз бір-бірімізді бөле-жаратындай елу миллион халық емеспіз. Тіпті, қырық миллион да емеспіз. Жиырма миллионға жетер-жетпес тұрғыны бар елміз. Сол аздаған тұрғынның ішінде елімізді әлемдік аренада танытып жүрген санаулы мықты спортшыларымызды бөліске салып жатырмыз. Біз ел намысын абыроймен қорғайтын, елге құр қол қайтпай, медаль әкелетін боксшыны ғана апарамыз. Ал бұл үдеден шыға алмай, өзін көрсете алмай жатса, оған мен кінәлі емеспін. Бірақ сондай кездерде кейбіреулердің «Айтжанов бүйтті. Айтжанов сөйтті» деуіне таңғаламын. Онда олар біздің орнымызға келіп, жігіттерді жаттықтырып көрсін. Бапкердің ісіне араласып не керек? Жалпы, мен барынша әділ болуға тырысамын. Менің мінезім туралы халықтың сүйкей салды әңгімесіне сүйенбей, біздің спортшылардан сұраңыз. Расында, боксшылардан «Мырзағали сендерді бөле ме? Біреуді жақын тартып, ал енді бірін шеттете ме?» деп сұрап көріңізші. Бәріне бірдей қараймын. Тәртіп бәріне ортақ. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген ұстанымын қолданамын. Мықты болса да, талтаңдап, жер-көкке сыймай, тәртіпті бұзған атлетті шеттетемін. Мақтанғаным емес, бірақ мен қазақылықты қатты ұстанамын. Мен ХIX бен XX ғасырдың «адамымын». Бері қарай кірмеймін. XІ ғасырға басып кірген интернетіңді, онда бір-біріне жала жабатын бәлеқорларды жақтырмаймын. Қазақсың ба, қазақ үшін қызмет ет. Істей алмайды екенсің, өзгелердің ісіне араласпай тыныш жүр.
– Осы әлем чемпионатында финалға дейін жетіп, бірі алтын, бірі күміс жүлде иеленген қос қандасымыз Руслан Абдуллаев (Өзбекстан) пен Тоқтарбек Таңатқанды (Қытай) біз енді естіп-біліп жатқанымызбен, сіз оларды бұрыннан танитын боларсыз. Олардың аяқ алысын қалай бағалайтын едіңіз?
– Әлбетте, екеуін бұрыннан танимын. Тоқтарбек жарысқа ерте араласты. Токио Олимпиадасында кейін Олимпиада чемпионы атанған бразилиялық Эберт Соузадан 3:2 есебімен жеңілді. Кейін оның салмағында жұдырықтасатын біздің Әбілхан Аманқұл дәл сол бразилиялықтан ұтылды. Екеуіне жүлдегерлер қатарына ілігуіне сәл қалған еді. Тоқтарбек – өте тәжірибелі боксшылардың бірі. Осы әлем чемпионатының ширек финалында екі дүркін Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы кубалық Арлен Лопесті ұтты. Десе де қанымыз бір қандас болғанымен, рингке басқа елдің туын көтеріп шыққан ол – бізге қарсылас. Сондықтан Нұрбекті Тоқтарбекке қарсы өткен финалдық бәсекеге жақсылап дайындадық. Қарсыласты зерттеп, зерделеп, «Аяқпен көп қимылда, ашық айқасқа кірме» деп тактикасын түзеп отырдық. Көрген болсаңыз, Нұрбек бірінші раундта жақсылап ұрды. Екінші раундта да бір бас жоғары өнер көрсетті. Үшінші раундта күш-жігер көрсетіп, төбелесіп те алды. Сондықтан оның жеңісіне ешкім күмән келтіре алмайды. Дейтұрғанмен Тоқтарбек те беріспеді. Оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Мықты қарсылас екені байқалып-ақ тұр. Ал Русланға келер болсақ, ол – қыпшақ руынан, Қыпшақ ауылынан шыққан азамат. Өте қазақы бала. Бізді көре қалса, «Ассалаумағалейкум, аға!» деп жүгіріп келіп амандасады. «Оу, інім!» деп менің де ішім жылып сала береді. Арасында «қайным» деп әзілдесемін. Өйткені үйдегі жеңгеңнің руы – қыпшақ. Руслан – өте мықты, қарулы атлет. Жиырма бір жаста екенін ескерсек, болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Негізі, қай елде өсіп-өнбесін, қандас спортшылар бізге жат емес. Бәрібір бүйрегің бұрып тұрады. Руслан чемпион атанғанда «Айналайын!» деп қуандық. Біз жеңіске жеткенде ол да «Жеңістеріңіз құтты болсын!» деп келіп құттықтап, тілекші болып жүрді.
– Білуімізше, Руслан пандемияға дейін Қазақстанға көшіп келіп, осында жаттықса керек. Бірақ жастар құрамасына іліге алмаған соң, Өзбекстанға қайта оралыпты. Сіз оның атажұртына қоныс аударғаны туралы естіп пе едіңіз?
– Мен оның елге келгенін көрген де, естіген де емеспін. Үнемі ересектермен жұмыс істейтіндіктен, жастар құрамасына көп көңіл бөле алмаймын. Ал «Оны елде неге ұстап қала алмады?» деген сұрақты оны көрген, жаттықтырған адамдарға қою керек. Бірақ олар маған «Ағай сізге келуіміз керек еді» деп айтқаны бар. Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышев та маған «Бізден сұранбай кеткен еді. Әйтпесе, мен сізге жіберер едім» деді.
– Толқын Қылышев демекші, өзбекстандық бас бапкердің Ташкентте сіздің иығыңызға шапан жауып, құрмет көрсеткенін көрдік. Басты қарсылас саналатын боксшыларды баптайтын өзбек әріптестеріңізден мұндай сияпатты күтпеген боларсыз, сірә?
– Мен мұны біріншіден қазақ халқына көрсеткен сый-құрметі деп білемін. Екіншіден, Толқын мені «ағам әрі ұстазым» деп ерекше сыйлайды. Үнемі «ағалап» тұрады. Ол бапкерлікке ерте араласты. Сол кезде менен жиі ақыл-кеңес сұрайтын. Көз алдымызда өскен маман. Әрі жас маман. Сексен үшінші жылғы. Кейбір сексен үшінші жылғылар бокспен енді қоштасып жатыр. Исроил Мадримов, Муроджон Ахмадалиев, Баходир Жалолов секілді мықтыларды баптап шығарған ол қазір әлемдегі ең мықты бапкерлердің қатарында. Жалпы, мен түркітілдес халықтарды жақын тартамын. Түрік, балқар, қарашай, татар, құмықтармен, Олимпиада чемпионы атанған ініміз, ресейлік Альберт Батырғазиевпен бір тілде сөйлесемін. Түбіміз бір, туысқан ел болған соң, тіліміз де ұқсас. Бірақ кейде қазақ пен өзбек бір-бірін түсінбей қалады. Өзбектерге «Әй, сен қазақшаны қалай түсінбейсің?» десем, «Сізді түсінемін, бірақ мыналарды түсінбеймін» дейді. Ал өзбектерді түсінбейтін қазақтарға «Түсінбейтін несі бар? Бар болғаны бір-екі әріп қана ауысады» деймін. Олар әзербайжан, түрікмендердің де тілін түсінбей жатады. Ал мен бәрін түсінемін. Тағы да өзімді мақтағандай болмайын, бірақ, Аллаға шүкір, мен бүкіл әлеммен жақсымын. Боксы мықты Англия, Америка, Франция, Германия, Ресей, Украина, Ирландия, Әзербайжан елдерінің мамандарымен жақсы қарым-қатынастамын. Олар бізге жаттығу жиындарын өткізуге келеді, біз оларға барамыз. Ұлттық құрама тізгінін қайта алғанымды естіп-білген әлемнің әр түкпіріндегі әріптестерім өздері қайта-қайта хабарласып, бірге жаттығуға өтініш білдірді. Біз бір-екі жарысқа қатысқанымыз болмаса, елден шыққан жоқпыз. Әлем чемпионатына дайындық жұмыстарын елде өткіздік. Әлем чемпионаты үйдің «қасында», көршілес елде өтетіндіктен, Еуропа немесе Америкаға барып не істейміз? Сөйтіп, елде Әзербайжан, Тәжікстан командаларымен біріккен оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Одан бөлек, Англия құрамасы әлем чемпионатына қатыспаса да, бізге келіп, дайындық өткізді. Одан кейін Армения, Аустралия командаларымен бірге жаттықтық. Филиппин командасы әлем чемпионатына қатыспаса да, бізге келіп, өздерінде өтетін «Мұхит ойындары» жарысына дайындалды. Мұның бізге көмегі көп тиді. Ол командада жеңіл салмақта мықты жұдырықтасатын боксшылар жетерлік. Сондықтан мұның әсіресе Махмұдқа пайдасы көп тиді. Бір-екі елден үш боксшы, енді бірі бір боксшы алып келді. Оларды қоспағанда, елде алты мемлекеттің атлеттерімен оқу-жаттығу жиынын өткізіппіз.
– Құрама тізгінін қайта алғаныңызға бес айдың көлемі болды. Бес ай бойы баптаған командаңыз әлем көз тігіп қараған чемпионатта бес медаль арқалап қайтты. Аз уақыт ішінде сізбен бірге боксшыларымыздың бабын келтіре білген бапкерлер құрамы қаншалық өзгерді?
– Мұндай көрсеткішке мол тәжірибеміздің арқасында жеттік деп ойлаймын. Әрі айналама мықты мамандарды топтастыра білгенім де үлкен рөл ойнады. «Жалғыздың үні шықпас, Жаяудың шаңы шықпас» деп жайдан-жай айтылмайды ғой. Құрамаға қайта оралғасын аға жаттықтырушы етіп, білікті маман Марат Жақиевті алдым. Екеуіміз кезінде бірге жұмыс істегенбіз. Жалпы, елімізде мықты бапкерлер көп қой. Бірақ кейбіреуі бір боксшыны ғана дайындап, бір-ақ рет жарқ етуі мүмкін. Ал енді бірі бірнешеуін баптап шығарып, көпке дейін ринг бұрышында тұруы мүмкін. Ердос Жаңабергенов, Әділбек Ниязымбетов, Берік Әбдірахманов, Бекзат Нұрдәулетов секілді әлемді мойындатқан боксшыларды баптап шығарған, бүгінде жігіттердің шеберлігін шыңдап, кем-кетігін түзеп жүрген Марат Жақиевтің құрамада атқарар рөлі орасан. Сосын, әлбетте, ғылыми топтың үлесі де мол.
– Ол ғылыми топқа қандай мамандар кіреді? Ол бұрыннан бар топ па, әлде өзіңіз жасақтадыңыз ба?
– Ол ғылыми топты мен алдырттым. Бірақ ол топпен бұрын, тоғыз жыл бас бапкер болғанда жұмыс істегенмін. Кейін мен қызметтен кеткеннен соң ол топты неліктен керек қылмағанын білмеймін. Бірақ биыл
3 қаңтар күні жұмысқа кіріскеннен бастап, топқа мүше мамандарды командаға қайта шақырдым. Ол топқа білімді, әрі білікті маман Ғалия Билялова жетекшілік етеді. Оның құрамында биохимик, физиолог, психолог, екі массаж жасаушы бар. Олар қан, анализ арқылы боксшылардың жағдайын біліп отырады. Жаттығу кезінде қандай қателіктер жіберді? Жаттығудан соң тынықты ма? Қай жеріне ауыртпалық түсті? Кімді жаттығудан босату керек? Кімнің тамыр соғуы әлсіз? Қайсысы шаршап тұр? Міне, осының бәрін айқындап береді. Содан соң физикалық жаттығуды күшейту үшін Америкада Усик, Ломаченко секілді украиндық мықтыларды жаттықтырған Янусевичті Олимпиадаға дейін бірлесіп жұмыс істеу үшін келісімшартпен жұмысқа алдық. Ол кейбір жаттығуларға өзгеріс енгізіп, барынша көмектесіп жатыр. Жалпы, біз боксшыларды тек жұдырықтастырып қойып, қарап отырмаймыз. Олар суда жүзеді, футбол, баскетбол ойнатамыз. Керек болса, күрестіреміз. Жан-жақты етіп дайындаймыз. Ең маңыздысы, дәрумендер қажеттілігін жіті тексереміз. Білесіз бе, ағзадағы адамға қажет дәрумендер тер болып денеден шығып кетеді. Ал сол дәрумендердің орнын толтыру үшін дұрыс тамақтану қажет. Одан бөлек, ағзаға жетіспейтін дәрумендермен қамтамасыз ету керек. Мұның барлығын ескеріп, қажет нәрсенің түгелімен қамтамасыз етіп отырған Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан бокс федерация басшылығына алғысымды білдіремін. «Маған елең етпей жұмыс істеу үшін, нәтиже шығару үшін мынадай көмек қажет» дедім. Сөзімді екі етпей барлығын орындады. Ғылыми топқа да көп көмектесті.
– Қателеспесем, ұлттық құрама қатысатын келесі жарыс – Азия ойындары. Ал оған дейін ел ішінде жарыстар өткізіле ме?
– Азия ойындары 23 қырқүйекте Қытайда өтеді. Оған дейін тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Содан соң Елорда Кубогіне қатысамыз. Сол аралықта кім лайық екенін бағамдап көреміз. Кеше әлем чемпионатында топ жарғандардан бөлек, олардың өкшесін басқан небір мықтылар бар. Олардың ішінен бір-екеу ілініп қалуы әбден мүмкін. Тағы да қайталап айтамын, Азия ойындары, әлем чемпионаты немесе Олимпиада қазақстандықтардың арасында өтпейді. Соны жанкүйерлер түсінсе деймін. Азия ойындарына сол құрлықтың кілең мықтылары келеді. Ал әлемдік жарысқа дүниежүзінен мықты атлеттер келеді. Әрбір континентте кемі бес-алты мықты боксшы бар. Олармен қалай жұдырықтаса алады, қайсысының кілтін табады, қайсысының бабы келіп тұр? Бәрін байқап, бағамдаймыз. Азия ойындарында топ жарғандар Олимпиадаға жолдама алады, ала алмағаны келесі жылы өтетін турнирлерге қатысады. Бірақ лицензиялық жарыстар мерзімі әлі бекітілмеді. Меніңше, келесі жылы наурыз немесе сәуір айына дейін жолдама таратылып бітуге тиіс.
– Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының басталуына бір-ақ жыл қалды.
– Иә, өте аз уақыт қалды.
– Көпшілік ел тарихында ең сәтсіз Олимпиада атанған Токио Олимпиадасынан кейін келесі төртжылдықтың басты додасында басқа нәтиже күтетіні анық. Олимпиадаға бір жарым жыл қалғанда ұлттық құраманы қайта басқарған сізге міндеттелген жауапкершілік жүгі ауыр, қысым көп екені сезіле ме?
– Өте ауыр. Бірақ мен бұл қызметті бірінші рет атқарып тұрғаным жоқ. Жалпы, мен Олимпиада ойындарына төрт рет бардым. Лондон мен Рио-де-Жанейро Олимпиадаларына бас бапкер болып, жол бастап барсам, Бейжің мен Токио ойындарына құрама бапкері ретінде қатыстым. Олимпиадаға барған сайын, Олимпиада атмосферасына масайып, менмін деп барған әлем чемпиондары сол жерге барғанда орын да ала алмай қалады. Өз басым статистика, анализ көп жүргіземін. 2017 жылы әлем чемпионы болғандардың келесі жылы өткен Олимпиадада тек үшеуі ғана топ жарыпты. 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында топ жарған он бір боксшының сегізі 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында ойдағыдай өнер көрсете алмады. Мұнда да үш боксшы ғана жүлдеге ілінді. Олимпиаданың мысы қалай әсер ететінін байқадыңыз ба? Бұл – әлем чемпионаты емес. Оның қыр-сыры көп. Саяси жағы бар. Одан бөлек, онда тек бір спорт өкілдері емес, спорттың көптеген түрінен жұлдыз атанып жүргендер жиналады. Боксшылар бұған психологиялық тұрғыда дайын ба, әлде жоқ па, оны Олимпиада рингі көрсетеді. Кейбір кезде спортшы түгілі, бапкерлер мен басшылардың қол-аяғы дірілдеп, жанып кететін сәттері де болады. Ал бұл уайым спортшыға да берілуі мүмкін. Бірақ Парижде бәрі сәтті болады деп сенемін.
– Іске сәт! Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Чемпионға арналған пәтер!
Спорт эмоцияларының бас демеушісі - 1XBET компаниясы "Чемпионға арналған пәтер" тамаша акциясын жариялайды. 1XBET компаниясымен бірге чемпион бол да, Алматының орталығындағы жап-жаңа пәтердің кілтін ал!