Қара домбыраны хан көтерген Ханбатый

Қара домбыраны хан көтерген Ханбатый

Қара домбыраны хан көтерген Ханбатый
ашық дереккөзі
Сонау сексенінші жылдары Омбы те­мір­жол институтында оқып жүргенде-ақ дом­быра үйірмесін ашқан Ханбатый Әбеуұлы қазір Омбы қазақтарына домбыра үйретіп жүр. Сондай-ақ ол – осыдан жиырма жыл бұ­рын Таврия ауданына қарасты Қоянбай ауы­лында өзі ашқан «Мерей» ансамблінің же­текшісі. Дүйсенбіден сәрсенбіге дейін Ом­быда, қалған күндері Қоянбайға барып, он­да­ғы мектеп оқушыларына домбыра үй­рететін Ханбатый аға жасы келсе де, ба­ла­ларды өнерге баулудан шаршамайтынын, жалықпайтынын айтады. Қара домбыраның кие­сін қастерлейтін Ханбатый ағамен Ом­бы­ға жасаған іссапар кезінде танысып, аз-кем әңгімелескен едік. – Омбы қазақтарынан сіздің отыз жыл бойы тынбай домбыра үйірмесін жүргізіп келе жатқаныңызды естігенде таң­ғалысымызды жасырмадық. Ра­сын­да, домбыра үйретіп жүргеніңізге отыз жыл болды ма? – Иә, отыз жыл болды. Негізі, мен Қос­та­най облысында дүниеге келгенмін. 1985 жы­лы әскерден оралған соң, Омбы темір­жол институтына оқуға түстім. Оқып жүр­генде жай жүрмей, студенттерге домбыра үй­реткенім дұрыс болар деп ойладым. Сөй­тіп, 1986-1990 жылдар аралығында Ом­бы теміржол институтында домбыра үйір­ме­сін жүргіздім. Содан соң өзім түрлі бай­қау­ларға қатыса бастадым. Алдымен жалғыз қа­тысып жүрдім. Содан соң өзім домбыра тар­туды үйреткен жігіттерден ансамбль жа­сақтап, оларды апарып жүрдім. Ақы­рын­да талай байқауда топ жарып, лауреат атан­дық. Бұл бізге ерекше серпін беретін. Инс­ти­тутты бітірген соң арнайы жолдамамен Қос­танай облысына қарасты Құсмұрын кен­тіне көшіп келіп, сонда екі жыл жұмыс іс­те­дім. Онда да домбыра үйірмесін ашып, ол жақтан кеткенше оқушыларды өнерге бау­лыдым. Сосын Омбы облысындағы Тав­рия ауданына қарасты Қоянбай ауылына от­басыммен көшіп келдім. Онда тоғыз жыл­дық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пә­нінің мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Бол­жап отырғаныңыздай, ол мектеп ішінен де домбыра үйірмесін аштым (күліп). Еш­қан­дай еңбекақы төленбесе де, ауыл бала­ларына домбыра үйретіп жүрдім. Кейін бала­ларды концертке алып шыға бастадым. Сол кезде мені байқаған мәдениет бөлімінің өкілдері арнайы сағат бөліп, жалақы бекітті. Содан соң 2000 жылы Қоянбай ауылының оқушыларынан «Мерей» атты ансамбль құр­дым. Айта кетерлік жайт, біздің ансамбль 4-5 рет «Үлгілі ансамбль» атағына лайық деп танылды. Омбыда бізге дейін дом­быра­шы­лардан құралған үлгілі ансамбль бол­маған. Ресейде әуесқой немесе кәсіби му­зы­кант­тардан, оқушылар мен студент­терден құрал­ған шығармашыл ұжым «Үлгілі ан­самбль» атағын алуға тиіс. Алған күннің өзін­де бұл деңгейді ұстап тұру үшін жыл сайын мықты ре­пертуары бар екенін дә­лел­деп жүруің керек. Ансамбльдің құрылғанына жиыр­ма жыл болды, біз қазірге дейін сол дең­гейді ұстап тұрмыз. Тоғыз жылдық мек­теп болған соң, ансамбль мүшелері жыл сайын ауысып отырады. Бірақ қазір ансам­бль құрамында он алты оқушы өнер көр­се­те­ді. Ансамбль мүшелері жасы кішілер мен үлкендер болып екіге бөлінеді. Екі топты түрлі іс-шараға ер­тіп апарамын. Таврия ау­да­нында қазақ орталығы жұмыс істейді. Сол ор­талықпен тығыз жұмыс істейміз. Ал мек­тептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұ­ға­лімі қызме­тінен босадым. Ұжымым еңбек сіңір­ген жыл­дарым үшін сый-сияпат көр­сетіп, шы­ғарып салды. Бірақ мәдениет бө­лі­мі мені штат­та қалдырды.  width=– Ал «Омбыдағы қазақ балаларға дом­быра үйретіңізші» деп «Омбы қа­зақ­тары» ұйымының негізін қалаушы Торғын қолқалады ма? – Иә. Екі жыл бұрын бір концертте Тор­ғын маған домбыра үйірмесін ашқалы жат­­­қанын айтып, соны жүргізуімді өтінген еді. Бірақ мен біраз ойландым. Себебі жұмыс пен үйдің арасында шапқылап жүріп, глау­команы күшейтіп, көзіме қайдан зақым кел­генін түсінбей қалдым. Дәрігерге кеш қа­ралып, ақырында, байқап отырғаныңыз­дай, көзім нашар көретін болды. Сондықтан алғашында ауылдан қалаға барып келуім қиын­дау болады деп ойлаған едім. Бірақ «Омбы қазақтарының» кеңсесі орталықта ор­наласқанын білген соң, маған келіп-ке­туге ыңғайлы екенін білдім. Ауылдан қалаға газельге мініп келемін. Түскен соң біраз жер ғана жүремін. Жер асты өткелінен өтемін. Был­тыр қазан айынан бері үйірме жүргізіп ке­ле жатқандықтан барлық жерді жаттап ал­дым. Омбыдағы қазақ балаларына дүй­сен­бі, сейсенбі күні сабақ беремін. Ал қал­ған күні Омбыдан 75 шақырымдай қа­шық­тықта орналасқан Қоянбай ауылына барып, «Мерей» ансамбліндегілерге үйірме өткі­зе­мін. Омбыда да үйім бар. Сондықтан апта сайын ары-бері жүруге қиналмаймын. Бас­тысы – балаларға бар білгенімді үйрет­сем болғаны. – Сөзіңізге қарасақ, ауыл бала­ла­ры­ның ұлттық аспабымызды үйренуге де­ген қызығушылығын арттырудың қа­жеті жоқ секілді. – Иә. Біздің балаларды мәж­бүр­леу­дің қажеті жоқ. Мерекелік кештерде ән ай­татын олар қонақтардың қалталарына ақ­ша қыс­тырғанын көріп, мәз болады. Бер­ген ақ­шалары кәмпитін, шоколадын алып же­генге жараса да жақсы ғой. Тіпті, сатып ал­ған дом­быраларының ақшасын ақтаса да, жақ­сы емей немене?! Мен сізге мынаны ай­тайын: Қоянбайда балалар былай тұрсын, ата-аналардың қызығушылығы жоғары. Ба­лаларын үйірмеден қалдырмайды. Бас­тап­қыда үйірмені енді қолға ала бастаға­ным­да көбінде домбыра болмаған еді. Бер­тін келе олар Қазақстаннан тапсы­рыс­пен алдыратын болды. Қала берді, ондағы туыс­тары беріп жіберетін. Мен Қазақстанға бар­ғанда да бес домбыра әкеліп бергенмін. Ал қазір Омбы қаласында екі-үш жерде дом­­­­быра сатылады. Сатып алғысы келе­тін­дерге ере барып тексеріп, домбыра таңдап бер­е­мін. Жалпы, бұрын Қоянбай ауылында тоқсан шақты үй болған. Қазір оның ал­пы­сы ғана қалды. Олардың түгелі жыл сайын отыз күн ораза ұстап, ауызашар жасап, ата-бабаларына Құран бағыштайды. Мен сол ауыл­ға көшіп барған күннен бүгінге дейін ұлт­тық дәстүрлеріміздің ерекше ұлық­та­ла­тынына куә болып келе жатырмын. Сон­дықтан ол ауылдағылар домбыраны қасиет­ті аспап санайды. – Сізді қаумалап алған қала бала­лары­ның өнерін тамашалап отырып, олардың сіз сонша мақтаған ауыл ба­ла­ларынан кем түспейтініне көзім же­тіп отыр. – Сабақ басталуына әлі біраз уақыт бол­са да, келіп жатқан балалардың санын көр­діңіз ғой?! Сабаққа дайындалып, үй тапсыр­ма­сын қайталап отырған балаларды да көр­ген боларсыз. Бұл небір секцияларға то­лы үлкен қалада тұратын оқушылардың дом­быра тартуды үйренуге талпынысы зор екенін байқатады. Мақтанғаным емес, бірақ Қазақстанға барғанда аңғарғаным, онда домбыра үйірмесіне баратын балалардың саны аз екен. Ал бізде керісінше, қалада бол­сын, далада болсын, домбыра тартуды үй­ренемін деушілер жетіп артылады. Қоян­бай­дағыдай, Омбыдағы ата-аналардың да қы­зығушылығы орасан зор екенін айта кет­кен жөн. Үйірме ашылатынын естіген олар «Бала­ларымызға домбыра тартуды үйре­тіңіз­ші» деп жеткіншектерді алдыма са­лып берді. Бұйырса, «Омбы қазақтарының» кең­сесі кеңейіп, жаңарғалы жатыр. Жөндеу жұ­мыс­тары аяқталған соң, үйірмеге келу­ші­лер саны бұрынғыдан бетер арта түседі деп сенемін.  width=– Отыз жыл бойы домбыра үйре­ту­ден жалықпағаныңызға әлі де таң­ға­лып отырмыз. – Білмей тұрған балаға бірдеңені үйре­ту­ге бейімділігім бар. Бейжай қарай алмай­мын. Әрі жоғарыда айтып өткенімдей, «Үл­гі­лі ансамбль» атағын алған соң, артқа ше­гінуге болмайтынын түсінесің. Домбыра­ны қалай ұстау керек екенін білмейтін ба­ла­ны өнерге баулу – үлкен еңбек. Десе де бұл іс маған ұнайды. Қазақта «қара» деген ерекше сөз бар. Қара шаңырақ дейміз. Бір әулеттің арғы ата­ларының түтін түтеткен, кенже ұл қалу­ға тиіс үйді қара шаңырақ деп атаймыз. Бұл ұғым – біз үшін қасиетті. Қара қазан дейміз. Жеті ұрпағына жететін құнды дүние, ырыс­тың басы деп есептейтін ыдысты қара қазан дейміз. Бала күнімізден бері көріп өскен кә­­­дімгі қара қазан. Онда тамақ әзірлейді. Сүт те пісіреді. Құрт та қайнатады. Бұл да – біз үшін ыстық дүние. Қазақтың қара дом­бырасы дейміз. Атақты күйші Байжұманың қара домбырасы Ұрқияға табыс етілген. Ұрқия қапылыста қаза болған соң, әлгі домбыраны Сырғаға ұсыныпты. Сосын тү­сінде Сырғаға «Байжұманың домбырасын қара жалы бар күйшіге табыс ет» деп біреу аян беріпті. Содан соң Сырғаның әкесі қара жа­лы бар күйшіні табу үшін күй тартыс ұйым­дастырса керек. Әлгі сайысқа жан-жақ­тан күйшілер жиналады. Оның ішінде атақ­ты Құрманғазы, Дәулеткерей бар, Ұзақ күй­ші де бар. Күй тартыс аяқталған соң, Сыр­ға сонша шарқ ұрып іздегені Құрман­ғазы екенін біледі. Өйткені Құрманғазының желкесінде шашы барын байқайды. Содан соң Сырға көпшіліктің алдында Байжұма­ның домбырасын Құрманғазыға табыс етеді. Құрманғазы әлгі домбыраны тартқан кез­де, киіз үйлер селкілдеп, түндіктер жел­піл­деген деседі. Күй атасы – Құрманғазы дом­быраның әуенін исі қазаққа жеткізу үшін аянбай тер төкті. Ел ауызында жүрген біршама шығарманы жарыққа шығарды. Ол өзінің миссиясын орындады. Қазір сол күйлерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің мін­детіміз деп білемін. Сондықтан отыз жыл бойы жалықпай, шаршамай еңбек етіп жүрген жайым бар. Осы отыз жыл ішінде қаншама бала алдымда отырып, домбыраны жетік меңгерді. Дейтұрғанмен жас та келіп қалды. Жасарып жатқан жоқпыз. Бірақ маған балаларға домбыра тартуды үйреткен ұнайды. Өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан қал­ған асыл мұраны жеткізу, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды үйрету міндеті бәрі­нен биік тұрады. Жиырма бес жылдай қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бер­генімде де ұлттық құндылықтарды жиі наси­хаттай­тын­мын. Балалар біліп жүрсін деп қазақ әде­биеті апталығында тұсау кесу, тілашар, бесікке салу дәстүрлерінен көрініс қойып, сұрақ-жауаптар ұйымдастыра­тын­мын. Әріптестерім «Сіз қазақ тілі сабағын жақ­сы жүр­гізетін едіңіз» деп айтқанына қара­ғанда еңбегім зая кетпеген секілді.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ