Қара домбыраны хан көтерген Ханбатый
Қара домбыраны хан көтерген Ханбатый
Сонау сексенінші жылдары Омбы теміржол институтында оқып жүргенде-ақ домбыра үйірмесін ашқан Ханбатый Әбеуұлы қазір Омбы қазақтарына домбыра үйретіп жүр. Сондай-ақ ол – осыдан жиырма жыл бұрын Таврия ауданына қарасты Қоянбай ауылында өзі ашқан «Мерей» ансамблінің жетекшісі. Дүйсенбіден сәрсенбіге дейін Омбыда, қалған күндері Қоянбайға барып, ондағы мектеп оқушыларына домбыра үйрететін Ханбатый аға жасы келсе де, балаларды өнерге баулудан шаршамайтынын, жалықпайтынын айтады. Қара домбыраның киесін қастерлейтін Ханбатый ағамен Омбыға жасаған іссапар кезінде танысып, аз-кем әңгімелескен едік.
– Омбы қазақтарынан сіздің отыз жыл бойы тынбай домбыра үйірмесін жүргізіп келе жатқаныңызды естігенде таңғалысымызды жасырмадық. Расында, домбыра үйретіп жүргеніңізге отыз жыл болды ма?
– Иә, отыз жыл болды. Негізі, мен Қостанай облысында дүниеге келгенмін. 1985 жылы әскерден оралған соң, Омбы теміржол институтына оқуға түстім. Оқып жүргенде жай жүрмей, студенттерге домбыра үйреткенім дұрыс болар деп ойладым. Сөйтіп, 1986-1990 жылдар аралығында Омбы теміржол институтында домбыра үйірмесін жүргіздім. Содан соң өзім түрлі байқауларға қатыса бастадым. Алдымен жалғыз қатысып жүрдім. Содан соң өзім домбыра тартуды үйреткен жігіттерден ансамбль жасақтап, оларды апарып жүрдім. Ақырында талай байқауда топ жарып, лауреат атандық. Бұл бізге ерекше серпін беретін. Институтты бітірген соң арнайы жолдамамен Қостанай облысына қарасты Құсмұрын кентіне көшіп келіп, сонда екі жыл жұмыс істедім. Онда да домбыра үйірмесін ашып, ол жақтан кеткенше оқушыларды өнерге баулыдым. Сосын Омбы облысындағы Таврия ауданына қарасты Қоянбай ауылына отбасыммен көшіп келдім. Онда тоғыз жылдық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Болжап отырғаныңыздай, ол мектеп ішінен де домбыра үйірмесін аштым (күліп). Ешқандай еңбекақы төленбесе де, ауыл балаларына домбыра үйретіп жүрдім. Кейін балаларды концертке алып шыға бастадым. Сол кезде мені байқаған мәдениет бөлімінің өкілдері арнайы сағат бөліп, жалақы бекітті. Содан соң 2000 жылы Қоянбай ауылының оқушыларынан «Мерей» атты ансамбль құрдым. Айта кетерлік жайт, біздің ансамбль 4-5 рет «Үлгілі ансамбль» атағына лайық деп танылды. Омбыда бізге дейін домбырашылардан құралған үлгілі ансамбль болмаған. Ресейде әуесқой немесе кәсіби музыканттардан, оқушылар мен студенттерден құралған шығармашыл ұжым «Үлгілі ансамбль» атағын алуға тиіс. Алған күннің өзінде бұл деңгейді ұстап тұру үшін жыл сайын мықты репертуары бар екенін дәлелдеп жүруің керек. Ансамбльдің құрылғанына жиырма жыл болды, біз қазірге дейін сол деңгейді ұстап тұрмыз. Тоғыз жылдық мектеп болған соң, ансамбль мүшелері жыл сайын ауысып отырады. Бірақ қазір ансамбль құрамында он алты оқушы өнер көрсетеді. Ансамбль мүшелері жасы кішілер мен үлкендер болып екіге бөлінеді. Екі топты түрлі іс-шараға ертіп апарамын. Таврия ауданында қазақ орталығы жұмыс істейді. Сол орталықпен тығыз жұмыс істейміз. Ал мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінен босадым. Ұжымым еңбек сіңірген жылдарым үшін сый-сияпат көрсетіп, шығарып салды. Бірақ мәдениет бөлімі мені штатта қалдырды.
– Отыз жыл бойы домбыра үйретуден жалықпағаныңызға әлі де таңғалып отырмыз.
– Білмей тұрған балаға бірдеңені үйретуге бейімділігім бар. Бейжай қарай алмаймын. Әрі жоғарыда айтып өткенімдей, «Үлгілі ансамбль» атағын алған соң, артқа шегінуге болмайтынын түсінесің. Домбыраны қалай ұстау керек екенін білмейтін баланы өнерге баулу – үлкен еңбек. Десе де бұл іс маған ұнайды.
Қазақта «қара» деген ерекше сөз бар. Қара шаңырақ дейміз. Бір әулеттің арғы аталарының түтін түтеткен, кенже ұл қалуға тиіс үйді қара шаңырақ деп атаймыз. Бұл ұғым – біз үшін қасиетті. Қара қазан дейміз. Жеті ұрпағына жететін құнды дүние, ырыстың басы деп есептейтін ыдысты қара қазан дейміз. Бала күнімізден бері көріп өскен кәдімгі қара қазан. Онда тамақ әзірлейді. Сүт те пісіреді. Құрт та қайнатады. Бұл да – біз үшін ыстық дүние. Қазақтың қара домбырасы дейміз. Атақты күйші Байжұманың қара домбырасы Ұрқияға табыс етілген. Ұрқия қапылыста қаза болған соң, әлгі домбыраны Сырғаға ұсыныпты. Сосын түсінде Сырғаға «Байжұманың домбырасын қара жалы бар күйшіге табыс ет» деп біреу аян беріпті. Содан соң Сырғаның әкесі қара жалы бар күйшіні табу үшін күй тартыс ұйымдастырса керек. Әлгі сайысқа жан-жақтан күйшілер жиналады. Оның ішінде атақты Құрманғазы, Дәулеткерей бар, Ұзақ күйші де бар. Күй тартыс аяқталған соң, Сырға сонша шарқ ұрып іздегені Құрманғазы екенін біледі. Өйткені Құрманғазының желкесінде шашы барын байқайды. Содан соң Сырға көпшіліктің алдында Байжұманың домбырасын Құрманғазыға табыс етеді. Құрманғазы әлгі домбыраны тартқан кезде, киіз үйлер селкілдеп, түндіктер желпілдеген деседі. Күй атасы – Құрманғазы домбыраның әуенін исі қазаққа жеткізу үшін аянбай тер төкті. Ел ауызында жүрген біршама шығарманы жарыққа шығарды. Ол өзінің миссиясын орындады. Қазір сол күйлерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз деп білемін. Сондықтан отыз жыл бойы жалықпай, шаршамай еңбек етіп жүрген жайым бар. Осы отыз жыл ішінде қаншама бала алдымда отырып, домбыраны жетік меңгерді. Дейтұрғанмен жас та келіп қалды. Жасарып жатқан жоқпыз. Бірақ маған балаларға домбыра тартуды үйреткен ұнайды. Өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан қалған асыл мұраны жеткізу, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды үйрету міндеті бәрінен биік тұрады. Жиырма бес жылдай қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бергенімде де ұлттық құндылықтарды жиі насихаттайтынмын. Балалар біліп жүрсін деп қазақ әдебиеті апталығында тұсау кесу, тілашар, бесікке салу дәстүрлерінен көрініс қойып, сұрақ-жауаптар ұйымдастыратынмын. Әріптестерім «Сіз қазақ тілі сабағын жақсы жүргізетін едіңіз» деп айтқанына қарағанда еңбегім зая кетпеген секілді.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ