МӘМС мақсатына жетті ме?

МӘМС мақсатына жетті ме?

МӘМС мақсатына жетті ме?
ашық дереккөзі
МӘМС жүйесі қызметі іске қосылғалы биыл төртінші жыл. Жүйенің арқасында денсаулық сақтау саласының бюджеті екі есе артты. Ал сапа, қарапайым халықтың медициналық қызметке деген қолжетімділігі артты ма? Ай сайын жалақысынан жырып ақша аударатындар осының игілігін көре алып отыр ма? МӘМС жүйесіне арыз-шағым неге азаймай тұр? Бізде міндетті әлеуметтік сақтандыру қорын енгізу тәжірибесі бұрын да болған. 1996-1998 жылдары басталған бұл ре­форма жемқорлық салдарынан сәтсіз аяқ­талды. Жарна жиналған қордың бас­шысы шетелге қашып, сырттай 9 жылға сот­талған болатын. Содан бергі уақытта жү­­зеге аспай қалған сәтсіз әлеуметтік сақ­тан­дыру жүйесінің кемшіліктері мен ол­қылықтарын ескере отырып, 2015 жылы жаңа МӘМС жүйесін енгізу туралы шешім қа­былданған болатын. Медицинасы дамы­ған мемлекеттердің әлеуметтік сақтандыру жүйесін зерттей отырып, халыққа меди­ци­на­лық көмекті тиімді ұйымдастыру жол­дары қарастырылды. Денсаулық сақтау са­ласы жаңа жүйені дайындауға 4 жыл уа­қыт жұмсады. Екінші талпыныста 2020 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап әрең жүзеге ас­­қан жаңа жүйе іске қосыла сала көп­ші­лік­тің сынына ұшырады. Озық дамыған елдерде жүйеге қойылған медициналық сақ­тандыру жүйесі елімізге енгізілгенде көп­шілік дәрігерге тез ара қаралатын бол­дық деп қуанған. Алайда халықтың қуа­ны­шы су сепкендей басылды. Жүйе іске қо­сыл­ғанымен, тетіктері жетілмегенін уақыт­тың өзі дәлелдеді. Үкімет басында сақтан­ды­рылған халық сапалы ем алады, дәрі­гер­лердің айлығы көтеріледі деп сендірген. Алай­да мұның бәрі бос сөз болып шық­қан­дай. Жүйеде кемшілік бар екенін Міндетті әлеу­­меттік медициналық сақтандыру қо­ры­­ның басқарма төрағасы Айдын Ашуев та ашық айтқан болатын. «МӘМС жүйесі ар­­қылы көрсетілетін медициналық қыз­мет­­тер бойынша жүргізілген мониторин­гі­нің қорытындысы бойынша 2022 жылдың 1 тоқ­санында 207 мың кемшілік анықтал­ды. 4,8 млрд теңгеге экономикалық ықпал ету шаралары іске асырылды. Бұл өткен жыл­мен салыстырғанда 37 пайызға жо­ғары. 2021 жылы МӘМС жүйесіне қатысты 1 млн 100 мың ақау анықталды. 25,7 млрд тең­геге экономикалық ықпал ету шаралары жү­зеге асты. Ең жиі анықталатын ақау – ме­дициналық көмек көлемін жасанды түрде арттыру. 66,6 пайыз қолдан арт­тыр­ған» – деп мәлімдеген болатын. Биыл жыл басында бұл жүйеден де жем­қорлық фактісі тіркелді. МӘМС-тің 17,5 млн теңгесін жымқырды деген күдік­пен Ақтаудағы мемлекеттік әлеуметтік-ме­дициналық сақтандыру қоры филиа­лы­ның басшысы Руслан Бектібаев қамауға алынды. Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Құт­тықовтың берген мәліметінше, Бекті­баев­­пен бірге бұл істе, күдіктілер қатарында же­ке медициналық фирманың директоры да бар. Ол қор басшысымен тегін медициналық кө­мек шеңберінде, медициналық қызмет­тер­ді сатып алуға шарт жасасқан. Нәти­же­сін­де, Денсаулық сақтау министрлігінің ба­­­засына емделуге немесе дәрігердің кеңе­сіне жүгінген адамдар туралы жалған мәлі­мет­тер берген. МӘМС жүйесіндегі кемшіліктерге қайта орал­сақ. Жүйе қосылған алғашқы жылы ха­лық тарапынан 10 мың шағым келіп түс­кен. Жүйе енгізілгеніне 4 жылдай уақыт өт­се де, шағымданушылар саны азаймай отыр. Ең жиі кездесетін шағым түрлеріне азаматтардың медициналық қызметті дер ке­зінде ала алмауы, учаскелік дәрігердің бейін­ді маманға, анализ тапсыруға жолда­ма бермеуі, сонымен қатар емханадағы ұзын-сонар кезек жатады. Дәрігерге тегін қаралғысы келген ем­де­лу­ші ең алдымен учаскелік дәрігерден жол­­дама алуы керек. Дәрігерге қалаған уа­­­­­қытыңа жазылудың өзі бір машақат. Учас­келік терапевттің қабылдауын апталап кү­туге тура келеді. Алайда осы жерде дәрі­гер­лердің де айтар уәжі бар. Олардың ай­туын­ша, әсіресе көпбалалы, үйде отырған ана­лар балаларын дәрігер қабылдауына жа­­зып тастайды да дәрігер қабылдауына кел­­мей қояды екен. Бұл ауырып, жаны қи­нал­ған науқастың уақытылы дәрігер қа­был­дауына жазыла алмауына әсер етеді. Заң­намаға сәйкес, науқас дәрігерге жазыл­ған­нан кейін оның күту мерзімі 10 күннен аспауға тиіс. Кадр тапшылығына байланыс­ты кейде емделуші маманды ұзақ күтуге мәж­бүр. Осы жерде тағы бір қарама-қай­шы­лыққа тап боламыз. Адам дертіне уа­қы­тылы шипа таппаса, оның емделуі, ас­қынуы, жазылуы да ұзаққа созылары анық. Сонда МӘМС жүйесі халықтың денсау­лы­ғын жақсартуды көздей ме, әлде кері әсер тудыруды көздей ме деген заңды сауал туын­дайды. Жақында Мәжіліс отырысында депутат Асхат Аймағамбетов МӘМС – міндетті әлеу­меттік сақтандыру бойынша азамат­тар­дың айлап кезек күтуі қолдан жасалып отырған проблема екенін айтты. – Қазір азаматтар ауруханаға барып, тек­серістен тегін өтемін десе, онда бір ай не­месе үш ай күтуі керек. Ал егер сол адам­дар тексерістен ақылы өтемін десе, дәл сол уа­қытта немесе үш минутта өтуіне болады. Сон­­дықтан еріксізден ақылы қызметті алуға мәжбүр болады. Онда біз не үшін ай сайын өзіміздің жалақымыздан төлейміз дейді. Бұл – негізінен жасанды проблема. Өйткені енгізілген қаржыландыру жүйесіне де байланысты болып тұр», – дейді Айма­ғам­бетов. Депутат бұл мәселені шешу үшін МӘМС жүйесі арқылы ұсынылатын қызметтердің ақы­сы факт бойынша бөлінуі керек дейді. – Қазір емханалар іс жүзінде ай сайын кво­та арқылы қаражат алады. Мысалы, бір айға КТ жасауға 10 квота, МРТ жасауға 5 кво­­­та беріледі. Ал егер науқастар саны бұ­дан көп болса, онда дәрігер науқасты келесі айға жазуға мәжбүр. Осыны ескерсек, ай сайын­ғы қаржыландырудан бас тарту ке­рек. Көрсетілген қызметтердің ақысы факт бойын­ша төленуі керек. Науқастарға меди­циналық ұйымды таңдауда еркіндік беріп, түсініспеушілік болмау үшін тегін медици­налық көмектің кепілдендірілген көлемі мен медициналық сақтандыру пакетін нақ­тылауды ұсынамын», – деді Аймағам­бетов. Халықтың наразылығын тудырған келесі мәселе – МРТ, КТ, УДЗ, кейбір анализ түр­лерін тапсыруға өз кезегін ұзақ уақыт күтуі. Сондай-ақ «Менің төлеген жарнамды неге басқа біреудің еміне төлейді?», «МӘМС үшін емханаға баратын кезде ғана төлем жа­саса болды емес пе, неге 12 ай үшін жар­на төлеу керек?», «Еш жерім ауырмайды, ем­­­­ханаға бармаймын, жарнаны не үшін төлеуім керек?» деген сұрақтар да жиі қойы­лып жатады. Осы орайда Túrkistan ха­лықаралық газеті Әлеуметтік медици­на­лық сақтандыру қоры КеАҚ жеке және заң­ды тұлғалармен жұмыс жөніндегі де­пар­тамент директоры Забира Оразалиеваға МӘМС жүйесіне байланысты сауалдар қой­ған болатын.  width= Біздің жұмысымыз – қаржыландыру – МӘМС жүйесінде медициналық кө­мек көлемі 66,6 пайызы қолдан кө­бей­тілген дейді. Бұлай жасау кімге тиім­ді? Келмеген адамды келді деп, ем­дел­меген адамды ем­дел­ді деп жазуға дәрі­герлерді не итермелейді? – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру бойынша көрсетілген қызметтердің сапасы мен көлеміне тұрақты түрде мони­то­ринг жүргізіп келеді. 2022 жылғы мо­ни­торинг нәтижелеріне сүйенсек, Қор сарап­шылары 3 миллионнан астам кемшілікті анық­тады. Салыстырар болсақ, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,9 млн-ды құраған еді. Оның ішінде 403,3 млн теңгеге 52 621 жал­ған жазба жазылған. Жалған жазбалардың дені Астана қала­сында (26 789 немесе 50,9 пайыз), Ақмола (5 774 немесе 11пайыз) және Қызылорда (5 076 немесе 9,6 пайыз) облыстарында анықталды. Медициналық көмек түрлеріне жіктеп айт­сақ, жалған жаз­балар­дың көбі жан басына шаққандағы кешенді нор­мативтен тыс консультациялық-диаг­ностикалық қызметтерге тиесілі (52 621 немесе 99 пайыз). Қалған 508 жалған жазба мы­надай көмек түрлерінде кездеседі: амбу­латориялық-емханалық көмек, стацио­нар­лық көмек түріндегі мамандандырылған ме­дициналық көмек (тәулік бойғы ста­ционар), стационарды алмастыратын көмек, қалпына келтіру емі және медицина­лық оңалту. «Құқық бұзған» денсаулық сақтау субъектілеріне қатысты айыппұл санкция­лары қолданылды. Көрсетілетін қыз­­­­мет­­­тердің қол­ж­етім­­ділігі мен са­пасы тұр­­ғы­сы­нан ме­­ди­ци­­на­лық ұйым­­дар­­дың мін­дет­­те­ме­лері шарт­­­­­­­тық қа­ты­нас­­­тардың маңыз­­­­­ды бөлігі бо­лып сана­лады жә­не Қор олар­дың орын­далуын талап ету­ге құқылы. Сондай-ақ Қор жеткізушілері тегін ме­дициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және Міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру пакеттері ая­сында көрсетілген медициналық қы­з­­мет­терге ақы төлеу аталған қызметтердің са­па­сы мен көлеміне мониторинг жүр­гі­зіл­ген­нен кейін ғана жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Яғни, медициналық көмек көр­сетудің стандарттары мен ережелерін, сон­дай-ақ клиникалық хаттамалардың ұсы­нымдарын сақтай отырып, құжатпен рас­талған ақылы қызметтер ғана төленеді. Егер пациент алмаған қызметі үшін жал­ған жазба жазылғанын өздігінен анық­таса, бұл туралы медициналық сақтандыру қо­рына хабарлауы қажет. Шағым немесе өті­нішті Қордың ресми сайты fms.kz ар­қы­лы беруге болады. Сондай-ақ Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы немесе 1406 телефонына хабарласуға мүмкіндік бар. – МӘМС-ке қатысты арыз-шағым­дар­­дың тыйылмауына не себеп болып отыр? – Азаматтар медициналық қызметті дер кезінде ала алмағанын айтып немесе учас­келік дәрігер бейінді маманға, анализ тапсыруға жолдамалар бермеді деп ша­ғым­данады. Сонымен қатар емханадағы кезекті ай­тып арызданады. Ал медициналық сақтандыру қоры – көр­сетілген қызмет үшін ақша төлейтін инс­титут. Біздің мамандар оның сапасы бе­­­кітілген стандартқа сай немесе сай емес­тігін тексере алады. Ал емхана ішіндегі мә­се­лелерге және басқарудың тиімділігіне Қор жауапты емес. Демек, ауруханадағы ұзын-сонар кезекке медициналық сақтан­дыру қорының еш қатысы жоқ. Ол тікелей сол клиниканың өзіне қатысты. Егер ол мем­лекеттік мекеме болса, жергілікті Ден­саулық сақтау басқармасына қарайды. Біз оларға ықпал ете алмаймыз. Біз азаматтардың өтініштері, әлеу­мет­тік желілердегі жарияланымдары бойынша пациенттердің салалық ма­ман­ның қабылдауына кіре алмауына қатысты айт­қан шағымдарын жиі көреміз. Себептері де сан алуан: дәрігер демалыста немесе жұ­мыс­тан шығып кетті, ал жаңасын клиника әлі қабылдамаған; дәрігер пациенттердің ба­р­лығын қабылдап үлгермейді, ал кли­ни­ка басшылығы екінші маманды алуға құ­лық­сыз. Соның салдарынан пациенттің кон­­­­­сультативті-диагностикалық қызметті күту ұзақтығына қатысты құқығы бұзы­ла­ды. Бұл жағдайда клиника пациентті бір­лесіп орындаушы ретінде басқа медицина­лық ұйымға, егер онымен келісім болмаса да, жіберуі керек. Шарт жолдаманы тол­тыру кезінде автоматты түрде жасалады. Бұл жерде мәселе медициналық қыз­мет көрсетуді ұйымдастыруда жа­тыр. Біздің мақсатымыз – көрсетілген қыз­­меттерге ақы төлеу, яғни, қар­­жы­лан­дыру. Ал қаржыландыру бойынша еш ке­дер­­гі жоқ. Сондықтан көрсетілетін қыз­­мет­тер­дің жүйелілігіне, олардың қол­же­тім­ді­лігіне негізінен тиісті сала ұйымдары жауап­ты болады. Ең бірінші, бастапқы са­нитарлық-медициналық көмек көрсететін ұйым­дар өз жұмыстарын тиянақты ұйым­дас­тыра білуі керек. Олай дейтініміз, нау­қас ең алдымен емханаға барады. Мәселе кө­біне осы жерде орын алып отыр. Ұзын-со­­нар кезек те, дәрігер қабылдауына жа­зылу­­дағы шу да осы жерден шығатынын бі­ле­міз. Біз өзімізбен тікелей келісімшартқа отыр­ған медициналық ұйымдарын ғана тек­сере аламыз, онда да науқастың арыз-ша­ғымымен. Арыз-шағым болмаса, тек­серу­ге құқымыз жоқ. – Қор қаржысын бақылауда ашық­тық бар ма? Қоғам ақшаның қайда ке­тіп жатқанын қадағалай ала ма? – Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыруға жарналар мен аударымдар Ұлт­тық банктің арнайы шотына түседі. Сол жер­ден бұл қаражат сапа мониторингі жүр­гізілгеннен кейін көрсетілген меди­ци­на­лық қызметтер үшін медициналық ұйым­дарға ақы ретінде аударылады. Айта кету керек, Қор өкілдері жиналған қаржы­ны өз қалауы бойынша шешіп ала алмайды немесе жұмсай алмайды. Жыл басында Қормен шарт жасасқан ме­дициналық ұйымдар Қордан шарт құ­ны­ның 30 пайыз мөлшерінде аванс алады. Бұл клиникалардың қаржы тұрақ­ты­лы­ғын қамтамасыз етуге және халыққа үздік­сіз медициналық көмек көрсетуге мүм­кіндік береді. Одан кейінгі төлемді медициналық кө­­­ме­ктің сапасы мен көлеміне Қор мо­ни­то­ринг жүргізген соң, әр айдың қоры­тын­ды­сына сәйкес медициналық қызметтерді көр­сету фактісі бойынша аударады. Қазір ме­дициналық ұйымдар сәуір айында көр­сетіл­ген қызметтер үшін ақы алады. Қор өз мін­деттемелерін толық көлемде және уа­қытылы орындайды. Осы кезде ішкі м­е­нед­жментті дұрыс жолға қоймаған, алған аванс­ты медициналық көмек емес, өз қа­жеттіліктеріне жұмсайтын медициналық ұйым­дарда мәселе туындауы мүмкін.  width= Ғабит НҰРХАНҰЛЫ, анестезиолог-реаниматолог: МӘМС дәрігерлерді ұры қылды
– Батыс елдерінде әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесінің арқасында медицина дамып жа­тыр. Біз осы жүйенің сыртқы қаңқасын қабыл­да­ға­ны­мыз болмаса, ішкі жұмыс істеу тетіктері кеңес­тік ке­зеңнен қалған. Ал бізде бұл жүйе күн­нен-күнге құр­­­дымға кетіп жатыр. Осыны Ден­сау­лық сақтау ми­нистрлігінің түсінбейтініне, біл­мей­ті­­ніне таңғаламын. Дәл осы бағытта кете берсек, алдағы 3-4 жылдан кейін медицина саласы тұралап, кеңес ода­ғы кезіндегідей шприцтерді қайнатып қайта қолданатын боламыз. Себебі қазір ауруханаларда қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алатын ақша жоқ. Алдымен медицинаны батыс елдеріндегідей дамытып алып, сосын барып сақ­тан­дыру жүйесін ендіру керек еді. Қазіргі медицина жигулидің сыртына мер­седес­тің қаңқасын орнатып, неге мерседес сияқты жүрмейді деп сұраған секілді. Қара­пайым ғана емханадағы жалпы тәжірибелі дәрігердің жұмыс уақытын қарас­тырайық. Олар кеңес­тік кезеңнен қалған тәртіппен жұмыс істейді. Яғни, 4 сағат ем­ха­нада қабыл­дауда оты­рады, 4 сағат үйдегі емделушілер мен науқастарды ара­лайды. Демек 4 са­ғатта ем­ха­нада отырып 25 адамды қабылдап, қалған 4 сағатта ары кетсе екі адам қа­был­­дай­ды. Сол үшін емханада бітпейтін кезек. Яғни, 4 сағатқа жа­зылып үлгерсең үлгер­дің, үлгермесең апталап күтесің, себебі дәрігер тек 4 сағат қа­на қабылдайды. Со­сын қа­былдауға жазылуда сұрыптау жоқ, қан қысымың көте­рі­ліп өлейін деп жат­саң да бір апта күтесің, басың ауырып, буының сырқыраса да бір апта күтесің. Бір ауыз сөзбен айтқанда емханадағы дәрігерлердің жұмыс уақыты дұрыс ұйым­дас­тырылмаған, сөйте тұра, МӘМС-ке уақытылы ақша төлеуің керек. Соңғы кезде емханаларда 52 мыңнан астам жалған жазба жасаған дәрігерлердің бәрі­не айыппұл салу керек деген мәселе көтеріліп жүр. Алдымен жалған жазба не үшін жасалатынын анықтап алу керек. Медицина саласын қаржыландыру МӘМС-ке өткеннен кейін медициналық мекемелер, шынын айту керек, ішкиімсіз қалды. Көп­шілігі банкроттың аз-ақ алдында отыр. МӘМС жүйесі енгізілмей тұрып дәрі­герлер мереке сайын сыйақы алатын, дифференциалдық және жекелеген төлем бола­тын. Қазір дәрігерлер сыйақы тұрмақ, айлыққа әзер жетіп отыр. Себебі МӘМС-тің емдеуге деп берген ақшасы сол ауруды емдеуге кететін шығынды жаппайды. Мы­салы, дәрі­гер­дің қабылдауы – 2 200 теңге. Сол ақшаның ішінде аурухананың бар­лық шығыны, атап айтқанда коммуналдық төлем, әкімшілік шығын, дәрігердің, мейірбикенің ай­лығы кіреді. Сол шығынды бәрін жабу үшін емхана күндіз-түні тоқтамай жұмыс істеу керек немесе жалған тіркеу жасап шығынның орнын толтыру керек. Ешқандай бас дәрігердің «тарифтер біздің ойымыздан шықпайды, шығынның орнын толтыр­май­ды» деп айтуға дәті бармайды. Оған жалған жазба жасап, өйтіп-бүйтіп күн көру ке­рек. Қағаз жүзінде бәрі жақсы, жұмыс 100 пайыз жа­са­лып жатыр. Бірақ дәрі іздеп жүр­ген халық, медициналық құрал-жабдық іздеп жүр­ген тағы да халық, меди­ци­налық көмек ала алмай жүрген айналып келгенде та­ғы да халық. Бірсөзбен айтқанда, жұмыс істемейтін, дәрігерлерді ұры қылған МӘМС-тің жұмысын реттеу керек. Жаңа жүйе енгізілгелі күрделі ауруларды емдейтін неврология, пульмонология бө­лім­дері жабылып жатыр. Өйткені МӘМС-тің бөлген ақшасы жетпейді.