Биікке беттеген Бегабат

Биікке беттеген Бегабат

Биікке беттеген Бегабат
ашық дереккөзі
Ұлттың ұлы тұлғаларының бірі Бұқар жырау «Ел бастау қиын емес, қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ» деген көрінеді. Біздің баста да бүгін сол жай... Қанша жылдан бері бір қаламдас дос туралы жазам деп жүрсек те «ертең, ертең» деп жүріп, ақыры шегінетін жер қалмағанда қолға қалам алуға мәжбүрміз. Тәуекел! ...Болғанды да, болатынды да тағдыр дейміз ғой, бірақ соның қалай боларын күні бұрын білмейтіндігімізбен тағдырдың құдіреті күшті. Сөз киесін түсініп осы жолға бас байлағаннан бері кіммен кездеспедік, кімнен ажырамадық? Бәрі заңды, оған өкініш те, қуаныш та жоқ. Жазмыш солай шығар дейміз. Ал бірақ алғаш жүздескенде-ақ түсінісіп-сенісетін жан сирек болады. Ондай жанмен достыққа серттеспей-ақ, үлкен жолдың соңына дейін бірге барамыз деп анттаспай-ақ қатар жүріп кете бересің. Менде сондай дос бар, ол – Бегабат Ұзақов. Әдебиет білгірі, әлем әдебиетінен мол хабары бар сыншы, адам психологиясын терең білетін жазушы, өлеңдерін көп жұртқа көрсете бермегенімен мықты ақын. Екеуміз осыдан тура отыз жыл бұрын газет редакциясында кездестік. Сондай бір жігіт бар дегенді естіп іздеп барғам. Ташкент Мемлекеттік университетінде сырттай оқып, газетте істеп жатқан сұңғақ бойлы қараторы жігіт екен. Салған жерден бұрыннан таныс-біліс адамдай шүйіркелесіп кеттік. Сөйлетсең білмейтіні жоқ. Әзілге де шебер, оқыста бірдеңе деп қалып ішек-сілеңді қатырады. Сол күні екеуміз кафеге барып, кәрістердің куксиін жеп отырып ұзақ әңгімелескеніміз есімде. Пәтеріме тамаша бір азаматпен таныстым деп қанаттанып қайттым. Иә, біз қызыл империяның шаңырағы ортасына түсіп, ұлт рухының дүр сілкінген кезеңінде санасы қалыптасқан жаңа дәуір ұрпақтары едік. Ғасырға жуық халықтың көзінен томағасын сыпырмай, ақты – қара, қараны – ақ деп ұқтырған кер заманның келместің кемесіне мініп бара жатқанын өз көзімізбен көрдік, жанымызбен сезіндік. Содан болар, өткеннің қатесіне қатал қарайтын едік, аясыз сынайтын едік. Әдебиетте үстемдік етіп келген канондарды іске алғысыз қылатын едік. Екеуміздің кездескен әр күніміз әдебиетпен басталып, әдебиетпен аяқталатын. Сөйте жүріп өстік, ұлт туралы танымымыз артып, ойымыз бекіген. Бірақ өтпелі кезеңнің кесірлі кесапаты халықты қарын қамына жүгіртіп, руханияттың сарайы қаңырап қалған кезеңде керегіміз болмай қалғанын несіне жасырамыз?! Екеуміз де әдебиет көшіне өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында қосылсақ та жазғанымызды жұртқа жеткізе алмай пұшайман хал кешкенімізге тек өзіміз ғана кінәлі десем, ол да шындыққа қиянат болар-ау... Бір кезде Қазақстанның құрамында болған елде туып-өссек те, заман бір аунап түскенде өзге елде кіндігі кесілгендер қатарына қосылдық. Сөйтіп жаңа ғасырдың төртінші жылы басталғанда екеуміз де атажұртқа оралдық. Алайда ол да, мен де жанымыз сүйген сөз өнеріне орала алмай он жыл уақыт өткіздік. Ана жер, мына жерден жыл етіп көріну жанға демеу болмаса да үміттің отын өшірмеуге сеп болды әйтеуір. «Шықпас жанға дауа бар». Кітап шығаратын күнге де жеттік. Осыдан тоғыз жыл бұрын оның «Жантаза» атты прозалық кітабы, менің «Ақиқаттың рухы» деген поэзиялық кітабым «Қазығұрт» баспасынан қатар шығуы да естен кетпес қуаныш еді. Сөйтіп біздің қазақтың жаңа дәуірдегі әдебиетіндегі жолымыз басталған. Қаламгерлер арасында жолы болғыш деген бір ұғым бар. Ол дер кезінде саған құзіреті мықты, құдіреті күшті адамдардың көзі түсуі шығар. Алайда ол халықтың махаббатынан артық емес. Бегабаттың әлгі кітабына атау болған «Жантаза» атты әңгімесі авторының бағын ашқан шығарманың бірі болды. Сол әңгіме еліміздегі орыс сыныптарына арналған оқулыққа еніп, аяқ астынан танымал болды да кетті. Оны өзі де, басқамыз да күтпеген едік. Бірақ бақ шіркінге дауа бар ма, қазір интернетті ашып авторының атын жазып қалсаң сол «Жантазаға» байланысты қаптаған сілтемелер алдыңнан шыға келеді! (Айтпақшы, бұл әңгіме Қайыржан Аралбаев пен Шырын Смамутованың 2021, 2022 жылдары екі рет Ташкентте басылып шыққан «Қазақ-қарақалпақ әдеби байланыстары» атты жоғарғы оқу орындарына арналған оқулыққа да енген). Халқымыздың азаттығы жолында шейіт болған, ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың бірегейі, батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлы туралы фэнтези стилінде жазылған бұл әңгімеде өмір шындығы мен халық аңыздарының шебер қиюласып, тігісін білдірмей жымдасуы оқыған адамға ерекше әсер етеді. Әңгімедегі оқиғалар легі көз алдыңыздан өтіп отырғандай күй кешіп, басты кейіпкердің (Жанқожа батыр) жанының тазалығына шәк келтірмейсіз. Бұл жазушының кейіпкер таңдауы және оны терең зерттеуі ғана емес, жазғанына сендіре алатын талант құдіреті де болатын. «Жантазадан» соң Бегабат Ұзақов көп күттірмей, араға үш салып (2017 жылы) «Құлама құз, қара жер» атты екінші прозалық кітабын шығарды. Он бес әңгіме мен көрнекті жазушы Молдахмет Қаназ шығармашылығы туралы (екеуміз бірігіп жазған «Парасат парақтары») жеті бөлімнен тұратын әдеби эсселерден құралған бұл кітап, әділін айтар адам болса, қазақ әдебиетіне соңғы жылдарда өз ерекшелігімен олжа салған кітаптардың бірі еді. Осы жерде сәл шегініс жасап, «Парасат парақтары» туралы айтып өтсем деймін. Жалпы, әдебиет талантсыз болмайды, тек бағаланбай қалатындар бар. Өкініштісі, бұл жай біздің әдебиетте жиі кездеседі. Екеуміздің «Парасат парақтарын» жазуымызға түрткі болған сондай жайттың бірі болатын. Қазақ әдебиеті көшіне өткен ғасырдың 70-жылдарының басында өз өз бағытымен келіп қосылып, өз өрнегін салған даусыз талантты прозаиктің бірі – Молдахмет Қаназ. Бірақ ол кісінің аты кеңестік кезеңдерде жиі жарияланып жататын әдеби-шолу мақалаларда кездесетін «дәстүрлі тізімдерге» бірде кіріп, бірде кірмей жүретіні болатын. Ал қаншама әңгіме-хикаяттар жазса да олары жайында бірен-саран қаламгерлердің мақалаларында азын-аулақ пікірлер жылт етіп қалатыны болмаса түптеп талдаған, індете зерттегендерді көре қоймадық. Сол кісі осыдан он бір жыл бұрын жетпіске толғанда да әлгіндей біз күткен мақалалар (былай қарасақ, ондай «мерейтойлық толғамдар» күнде шығып жатыр ғой) көзімізге түсе қоймады. Сосын өзім Молдекеңнің оқушы кезімнен бері таныс балаларға арналған шығармалары туралы (сол жақсы жазылған балалар мен жасөспірімдерге арналған хикаяттарынан басқа туындыларын оқымағандар әлі күнге оны «балалар жазушысы» деп атағысы келіп тұратыны қызық) мақала жазып жарияладым. Ал Бегабат болса, М.Қаназдың әңгімелері жайында «Озық ой, оқшау дүние» атты тамаша талдау мақаласын газетке бастырды. Содан соң екеуміз де бұл бағытты ары қарай жалғастыруға уағдаласып, жарты жылдай уақыттың ішінде «Парасат парақтары» атты сегіз бөлімнен тұратын әдеби эсселер кітабын жазып шықтық. Негізгі бөлімдері бірнеше газет-журналдарда жарияланды. (Оқығандар жылы пікір білдірді. Жазбаша болмаса да ауызша мақтап, «жақсы екен» деген кісілер болды). Сөйтіп ол алғаш рет біршама толық күйінде Бегабаттың жоғарыдағы кітабында жарияланды. Ал өткен жылы аталған туынды жеке кітап болып басылып шықты. Енді, «Құлама құз, қара жер» кітабындағы туындыларға келейік. Кітапқа жазушының жоғарыда айтып өткен «Парасат парақтары» әдеби эссесінен басқа он бес әңгімесі енген. Бұл әңгімелерде өмірде пенде басына түсер сан түрлі қиындық пен оның зардаптары, адамның рухани әлсіздігі мен мықтылығы, аярлық пен адамдық, арман-аңсары мен өкініші жан-жақты ашылған. Әрине, бұл тақырыптар мен оның жазылуы бұрын болмаған дей алмаспыз, бірақ әр таланттың өмірден түйгені, түрлі мәселелерге өз көзқарасы болатынына тоқтасақ, жазушы ретінде Бегабат Ұзақов өмірдің философиясын өз танымымен толғап, өзіндік ерекшеліктерімен өрнектеген. Жазушы белгілі бір дәуірдің перзенті болғанымен ұлтқа қатысты барлық нәрсені білуі тиіс. Халқының болмысын сезіне білмеген қаламгердің дүниетанымы терең болмайды. Бұл жағынан алғанда, жазушы әрі этнограф, әрі тарихшы, әрі өнертанушы, әрі бүгінгі өмірдің құбылыстарына ой жүгірте алатын заманауи болмағы шарт, әйтпесе, ондай қасиеттен мақұрым жазушы шығармашылық шектелуге ұшырайды. Қазақ халқы қиянаттың зауалы болатынын қашанда естен шығармайды. Естен шығардың екен, соның зардабын тартпай қоймайсың. Осы бір ұлт философиясы Бегабаттың «Бесік» атты көлемді әңгімесінде жеріне жеткізе бесік жасап, соны сатумен күн көретін Бейсен атты ұстаның тағдырында айқын көрінеді. Бейсен біреуден артық, біреуден кем, өз кәсібімен күн көріп жүрген адам. Ұста болған соң бірдеңе жасап сатуға да материал керек, ал оны табу да оңай емес, әркімнен сатып алады. Қымбат алса, еңбегінің өтеуі болмайтыны белгілі. Сөйтіп жүргенде Нұрбай атты танысы оған бесік жасауға «арзан тақтай» тауып беретінін айтады. Басында елең ете қалғанымен, Бейсен «арзан тақтайдың» төркінін түсінген соң әрі-сәрі күй кешеді. Бір жағынан қымбатшылық қысып тұр, екінші жағынан бала-шағама кесірі тиіп кете ме деп қорқады. Ұзақ ойланады. Ойында обал мен сауап үздіксіз алысады. Бірақ ақыры күнкөрістің қамы басым шығып, пенделікке жеңіледі. Сөйтіп, Нұрбай берген «арзан тақтайдан» бесік жасап сата бастайды. Саудасы да жүріп кетеді. Бейсеннің алты қызы бар, әйелінің аяғы ауыр, ұл күтіп жүр. Ұлды бола қоймағаны үшін әйелі екеуі жиі керісіп қалады. Сөйтіп жүргенде бір күні әйелі босанып, ұл табады. Бейсеннің қуанышында шек жоқ. Содан кейін үйінде түсініксіз бірдеңелер басталады. Жаңа туған сәбиді жатқызатын бөлмеге, бесіктің қасына қыздары жатқысы келмейді, олар қорқынышты түс көретінін айтады. Ал жаңа туған бала бесікке бөлесе болды жылай береді. Дәрігерге апарып көрсеткенімен олар сәбидің денсаулығынан кінәрат таппайды. Сөйтіп жүргенде бір күні жас сәбидің демі үзіліп кетеді. Кейін байқаса, қыздары бұрын өздері жатқан көне бесікке жатқызбай, жаңа бесікке бөлеген екен. Ал ол бесік , баяғы Нұрбайдан алған ағаштардан жасалған бесік еді. Қырсықтың қайдан келгенін іші сезген Бейсен үйінде жасаулы тұрған бесіктердің бәрін қиратып, өртеп жібереді. Себебі, қапияда ұлынан айырылған ұста оның себебін өзі білетін еді. Нұрбайдың бұған әкеп сатып жүргендері... бейіт басындағы табыт ағаштарының тақтайы болатын... Осылай, өзінен бесік сатып алатындарға дүние үшін қиянат жасаған Бейсен, ақыры соның зардабын тартып, айықпас қасіретке ұшырайды. «Ақылынан адасқан Бейсен көшеге шыға бермейді. Алда-жалда бір шыға қалса, бетіңе қарап тұрып, «бесік пен табыттың арасы – бір-ақ қадам. Біздің Арман да кетті» дейтін көрінеді» деп түйіндейді автор. Пенделік әрекеттің аса зиян екенін ұқтырған жазушының шығармасының финалына келгенде қасіреттің қайдан келгенін сезген оқырманның төбе шашы тік тұрады. Алайда, батпандап кірген дерттің мысқалдап шығатынын осылай суреттемесе туынды адамға ой сала ма? Көркем шығармаға өзек болған оқиға өмірден алынады десек, жазушыны кейіпкеріне тым қатал болды дей алмайсың. Пәниде бұдан өткен сорақылықтар толып жатыр... Ал көлемі мұнан әлдеқайда шағын «Итмұрын» әңгімесінде де жазушы осындай пенделік, іштарлықтың есесі қайтпай тұрмайтынын суреттеген. Әңгіменің басты кейіпкері Тоқтабай жекеменшік құрылыс фирмасының бастығы болған адам. Жұмысында қаржылық алаяқтық жасағаны үшін сотталып келеді. Бірақ әдемі қылып салған екі қабатты зәулім үйі балдызының атына рәсімделіп қойғандықтан ол тәркілеуден аман қалады. Кейін түрмеден келген соң зәулім үйінің терезесінен көшенің қиылысында орналасқан көршісінің үйіне қарап, соны қалайда иеленіп алуды ойлайды. Көршісінің шағын үйі мұның зәулім үйінің сынын қашырып тұр деп есептеген Тоқтабай одан (Қасиет) үйін өзіне сатуды сұрайды. (Бұл кезде Тоқтабай банктен несие алып, кәсіп ашып қоңдана бастаған еді). Бірақ көршісі келіспей, одан кек алуды ойлап түрлі қысым жасай бастайды: оның үйіне келіп тұрған электр сымдары ескіріп кеткен, өрт тудыру мүмкін деп арызданып, моншасының суын көшеге ағызады деп тиісті орындарға айыппұл салғызып Қасиеттің отбасын шығынға ұшыратады. Ақыры оның илікпесін білген соң Тоқтабай ақша салынған портфелін көршісінің терезесін тастап жіберіп, милиция шақырып, «жоғалған ақшасын» ұрлады деп көршісінің балаларын ұстатқызады. Сөйтіп оларды үйін сатуға көндіріп, мұратына жетеді. Бірақ Тоқтабай көршісінің жерінде итмұрынның көп өсетінін есепке алмаған еді. Жерді иеленіп алған Тоқтабай сол итмұрындарды құртам деп жүріп, күн ыстықта артық жұмыс істеп, күш түскен жүрегі тоқтап қалады. «Аулада жиырма шақты адам селтиіп тұр. Молда жаназа намазын бастайтынын айтып, мәйітті іштен алып шығуды сұрады. Төрт жігіт табытты көтеріп шабылмай қалған соңғы түп итмұрынның қасына қойды...» деп түйіндейді автор әңгімесін. Сөйтіп өзгеге қиянат жасаған Тоқтабайдың ажалына өз пиғылы себепші болады. Әңгімені оқығанда солай болуы тиіс екенін сезінесің. Мотивировканы күшті жасаған жазушының ойына қосыласың, өмір заңы бумеранг болып соғатынына көзің жетеді. Осындай ашкөздіктің кесірінен жаратылыс заңына қарсы келудің соңы немен аяқталатыны «Шома» атты әңгімесінде де көрініс тапқан. Аңшыларда атқан аңы «шома түсу» деген ұғым бар бар. Ол мыңыншы аңды атқанда болатын оқиға екен, яғни, оқ тиген аң құламай, отырған қалпында өліп кетеді. Оны аңшылар жаратқанның ескертуі деп біледі. Бірақ осындай жайды көзі көрсе де көңілі сенбеген аңшы мылтық атуын доғармай, оқ тиген киіктің артынан атпен қуып, жардан құлап қаза табады. Бұл табиғатқа да пенделік жасауға болмайды деген ойды ұқтырады. Қай нәрсенің де киесі бар, шектен тыс ашкөздену адамның түбіне жетеді дейді автор. Қай туындысында да адамның пенделік осалдығы абырой әпермейтініне үнемі ескерту жасап отыратынын ескертіп отыратын Бегабат Ұзақовтың «Балуан қыз» атты әңгімесі өз алдына бөлекше бір шығарма. Бүгінде заңды бір құбылыстай мойындалып, кейде тіпті асыра әспеттеліп жататын бәсекелестік атты әдеттің (қазір ол, тіпті, кәсіпкерліктің басты ұстанымы тәрізді) адамға опа бере бермейтіні, кейде үлкен абыройсыздыққа ұшыратып, түбіңе жетуге дейін баратыны жайында ойлана бермейміз. Бәсекелестік жүрген жерде үнемі адал бәсекенің болмайтынын, оның соңына түскендердің асыра сілтеп, қиянатқа да барудан жүзі жанбайтынын осы әңгімесінде жазушы астарлап отырып қана әдемі жеткізген. Бәсекелестік қараулыққа дейін кетіп қалса – қорқынышты, себебі мұндай жағдайда адамшылық адыра қалып, кешірілмес қиянатқа жол ашылады. Бегабат Ұзақовтың «Балуан қыз» әңгімесі жайында белгілі әдебиеттанушы-ғалым Айгүл Ісімақова «Қазіргі  әдебиеттанудың теориялық мәселелері» кітабында (Алматы – 2015) былай деп жазады: ...«Балуан қыз» мәтіні көркемдігімен ерекше. Шағын әңгімеде автор нағашыларынан жұққан балуандыққа ие болған Бәтима мен ағасы Абылайдың балуандық тағдыры баяндалған. Ауылдағы тойдың бірінде Алдағұл балуанның қасақана ниетінен Абылай ел алдында мерт болады. Қарсыласы мойын омыртқасын үзіп жібереді. Осылай жеңіске жеткен Алдағұлды кейін Абылайдың ата-анасы кешіреді. Бірақ балуан Бәтима Алдағұлдың арам ниетін есте сақтап, қаншама жыл кәсіби түрде шынығып, қапыда кеткен ағасының кегін қайтарды. Қалай болғанда да жеңіске жетуді мақсат еткен Алдағұлды осылай жөнге салады. Балуан қызбен күресуге шыққан Алдағұл бұлай болады деп ойламаған еді. Жазушы күресті сөзбен бейнелеген кезде күресшілердің әр қозғалысына дейін мән берілген. Бұл кек алу емес, опасыздық жасаған Алдағұлды орнына қою еді: «Бәтима балуан жерде ыңырсып жатқан Алдағұл балуанның қайта тұра алмасын білді де ешкімге қайырылмай құрды қақ жарып шығып, бағанаға байлаулы тұрған күрең аттың шылбырын шешіп ап қарғып мінді. Батысқа қарай құйғыта жөнелді. Он бес шақырым жердегі Сұлтан Баба әулиенің қорымына ағасының қабіріне бармақ, шамасы». Бұған қоса кетеріміз, әңгіменің басты кейіпкері Бәтима  – архетип бейне. Былайша айтқанда, әдебиетте сирек кездесетін образ. Автор кейіпкер бейнесі арқылы қазақ қыздарының бойындағы батылдық пен әділетсіздікке қарсы тұратын тұлғалық қасиетін танытады. Бұл құндылықтардың өңі өзгеріп, қазақ қыздары туралы түрлі неше түрлі жағымсыз ойлар айтылып жүрген бүгінгі дәуірде көкейкесті мәселе. Талантты қаламгер – ұлттың рухани дүниесіне ұстаздық ететін тұлға, сондықтан біздің кейіпкеріміздің мұндай туындылары ұрпақ тәрбиесіне аса пайдалы өнер мүлкі дер едік. Қазір әдебиеттегі қазақ қыздарының бейнесін зерттеп жүрген Сүлеймен Демириел атындағы университеттің магистранты Нұрбану Камал да өз зерттеуінде Б.Ұзақовтың «Балуан қыз» әңгімесін талдағанын айта кетсек артық болмас. Әрине, жазушының барлық әңгімелері туралы өз ойымызды айта берсек, әңгіме ұзаққа созылып кетер еді. Сондықтан бұл тұста өзгелерге де сөз бергенді мақұл көреміз. Б.Ұзақовтың қалам қуатына алғаш сүйсінгендердің бірі, әдебиетші ғалым Қайыржан Аралбаев: «Қысқа жанрдың хас шебері» деген мақаласында «Оның шығармаларында лирикалық әуез бен эстетикалық леп қатар есіп тұрады. Стилін проза мен поэзияға ортақ нәзік желімен тарта білу кез-келген дарынға бұйыра бермейтін бақыт. Бегабат – ұлттық характер мен  адами психологияны қатар өріп, кескіндеуде сарабдалдық танытқан жазушы. Мұндай шеберлікке  жету – оқығаны мен ұғынғаны мол жандарға тән. Жазушы үшін тілдің шұрайлығы мен ойдың алғырлығы, танымның тереңдігі басты орында тұруы ләзім болса, осы үйлесімділікті Бегабат Ұзақов туындыларынан анық көреміз. «Ⱪарапайым қоңыр мақаммен баяндау, кейіпкерлерін нағыз халықтың қалың ортасынан алу, олардың тыныс-тіршілігін аса жылы сезіммен көркем суреттеу машығы ‒ жазушының әлі де оқырмандардың сусынын қандыратын ғажап, көркем дүниелер күтуге болатынына толық сендіре алады» деп лайықты баға берсе, қарақалпақстандық әдебиетші ғалым Шырын Смамутованың 2019 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Танымы терең, ойы асқақ» деген мақаласында «Әрине, әдебиеттегі адалдық, шынайлық пен әсемдік, кескін мен келісімнің келбеті сынды қасиеттерді өз бойына әбден сіңдіріп, көркем дүниедегі кейіпкерлер бойына қондыру қабілеті, кейіпкерлер болмысы арқылы оқырман танымын молайту ‒  жазушы бойындағы талант тұнбасы молдығынан дерек береді. Бегабат Ұзақов  қай тақырыпта қалам сілтесе де, сол тақырыптың жілігін шағып, майын қолыңа ұстата алады» деп жазады. Сол сияқты, өнертану магистрі Күнқожа Қайрулла да «Көкірегіне қонған сөздің киесі» атты мақаласында («Aqlqat» журналы, №4, 2021) «Мықты қаламгерлердің шығармаларында тосын пайымдар мен оқыс бұрылыстар көп болатыны бар. Б.Ұзақовтың шығармаларында да сондай құбылыс байқалады. Демек ол шығарманың болмысын қолдан жасамай, ондағы оқиғалардың өрбу динамикасына еркіндік беріп, мотивировканың табиғилығын сақтайды деген сөз. ...Бүгінгі әдебиет сүйер қауым көңілінен шығып, олардың эстетикалық талғамын өсіретін шығармаларымен қазақ прозасын дамыту жолында тер төгіп жүрген ойшыл қаламгер Бегабат Ұзақовтың түрлі бағытта жазылған әңгімелері оқырмандардың эстетикалық талғамын өсіруге қызмет етеді» деп жазушының шығармашылығы туралы жылы пікір білдіреді. Міне осындай пікірлер жазушы Бегабат Ұзақовтың шығармашылығы әдебиетке қатысы бар, көркем сөздің қуатын түйсіне білетін жандардың назарына ілінгенін байқатса керек. Жазушының шығармалары бағаланғанымен құнды ғой, Бегабат Ұзақовтың шығармашылығы туралы Молдахмет Қаназ, Сайлаубай Жұбатырұлы, Қуаныш Жиенбай, Серік Байхонов, Құдияр Біләл секілді қазақтың белгілі жазушылары өз мақалалары мен сұқбаттарында толымды пікір айтып, жылы лебіздерін білдірген. ...Институтта оқып жүргенімізде бізге түркологиядан, қазақ тілінің синтаксисінен сабақ берген өзі мықты тілші әрі жақсы прозаик Еркебай Мергенбаев ағамыз екі сөзі есімде қалыпты: «Адамның қай жерде оқығанында тұрған ештеңе жоқ, мәселе қалай оқуда» дейтін. Сосын «Қолдан мәпелеп өсірген гүл емес, асфальтті жарып шығып өскен жантақ мықты. Өйткені онда қайсарлық бар» дейтін. Ұстазымыздың айтқаны санамызға жеткенімен ол кезде тереңдеп үңіле қойған жоқпыз, бірақ жас кезіңде естіген сөздеріңнің мәні есейген сайын ұғынықты бола түседі екен. Қазір мен осы сөздер есіме түскенде Бегабат досымның шығармашылық тағдыры туралы ойлаймын. Ол біраз жыл атажұрттан сыртта өмір сүрсе де әдебиет деп аталатын қасиетті әлемнің есігін ашып қана қойған жоқ, ұлттық әдебиетпен бірге әлем әдебиетін зерделеп, ойын тереңдетті, шығармашылық қуатын арттырды, сөйтіп елге жан-жақты толысқан қаламгер болып оралды. Бұл жолда көрген қиындығы да аз емес. Албырт жастықтың энергиясы тасып тұрған шағында жыр кітаптарын шығара алмай тауы шағылды, тіпті бір прозалық кітабы баспаға қабылданып, шыққалы тұрған жерінде жолы кесілді. Сонда да алған бетінен қайтқан жоқ. Одан бері қаншама шығармалар жазды, бүгінге дейін жарық көргені солардың бір бөлігі ғана. Нағыз жазушы тек өз шығармашылығын ғана күйттеп, томаға-тұйық күй кешпейді: әдебиеттің насихатшысы болып, ұлт көркемсөзіне үлес қосқандардың тағдырына алаңдайды, жақсы туындылар жайында ой толғап әділдікпен бағалайды. Бұл орайда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі прозик Бегабат Ұзақовтың қазақ әдебиеттануына да қосқан үлесі аз емес. Жоғарыда айтып өткен «Парасат парақтарынан» айтпағанның өзінде ол қазақтың көркем сөз шеберлері Қарсақал Ерімбет, Төлеген Айбергенов, Сайлаубай Жұбатырұлы, Қуаныш Жиенбай, Жұмабай Тәшенов, Әзиза Нұрмаханова, Қажығали Мұқанбетқалиұлы туралы әдеби талдау мақалаларын, қарақалпақ елінен соңғы бір ғасырда шыққан барлық ақындар туралы «Жейхунның жыр-толқындары» атты танымдық мәні терең еңбегін жариялады. «Мұқағали Мақатаев» атты энциклопедияға ақынның поэмалары туралы көлемді мақалалары еніп, өзінің өмірбаяны енгізілді. Публицистика саласында да тындырғаны көп. Баспасөзге қарақалпақ елінен шыққан түрлі салада танылған тұлғалы қандастарымыз туралы дерегі мол, танымдық мәні терең қаншама мақалалар жариялады. Оның бәрі бүгінде ғылыми айналысқа түсіп, зерттеушілер өз еңбектерінде кең пайдаланып жүр. Мен жігіт ағасы жасына толып, әдебиет әлемінде биікті көздеген Бегабат досымның қазақтың қабырғалы қаламгеріне айналып бара жатқанына қуанамын. Себебі ол өзінің дарын қуатымен ұлттық көркем сөз әлемінде өзіне лайықты орны бар екен дәлелдей алған жазушы.

Ахмет ӨМІРЗАҚ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі