Нұртай САБИЛЬЯНОВ: Өңір халқын полигон зардабына қатысты мәселелер қатты алаңдатады
Нұртай САБИЛЬЯНОВ: Өңір халқын полигон зардабына қатысты мәселелер қатты алаңдатады
Депутат Нұртай Сабильянов Семей полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғауды жетілдіруге байланысты мәселе көтеріп, Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.
Абай облысының тұрғындарымен кездесулер кезінде Семей полигонындағы жүргізілген 468-ден астам ядролық сынақтың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғауды жетілдіруге байланысты мәселелер жиі көтерілетінін алға тартқан депутат өңір тұрғындарын алаңдатқан бірқатар мәселеге тоқталды.
Бірінші мәселе – зейнетақыға қосылатын үстемеақы мәселесі. Нұртай Сабильяновтың сөзінше, мұндай көмек төтенше радиациялық қауіпті және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқан 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға берілген. Ал радиациядан зардап шегіп, басқа аймақтарға көшіп кеткен және зейнетке 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін шыққандарда мұндай құқық жоқ.
– Екінші, қосымша еңбекақы және жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс тек қана зардап шеккен аймақтарда тұрып жатқан азаматтарға ғана беріледі, – дейді депутат. Басқа аймақтарға көшіп кеткен азаматтарға мұндай көмек қарастырылмаған.
Үшіншіден, барлық жұмыс берушілер жыл сайынғы қосымша демалысты төлей алмайды және басқа да қажетті төлемдерді толық қамтамасыз етпейді, себебі бұған қаражат жоқ.
Төртіншіден, зардап шеккендердің барлығы уақытылы медициналық тексерістен өтпеген және оларға тиісті диагностика жасалмаған. Оңалту орталықтарында да ем алу да – қолжетімсіз.
– Жиі көтерілетін мәселелердің бірі – ол зейнетке шығу жасын төмендету. Зардап шеккен азаматтардың көпшілігінің тұрақты жұмыс орны жоқ. Осыған байланысты, олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлей алмайды. Сонымен қатар өткен жылдарда осы мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарға жауап ретінде Үкімет арнайы зерттеулер жүргізіп, қорытындысы бойынша осы өңірдің азаматтарын әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіріп, сондай-ақ сәулеленудің жеке дозасының шамасына байланысты медициналық-әлеуметтік көмек көрсету өлшемдерін қайта қарайтынын атап өткен. Бүгінгі күні зерттеулер толық жүргізіліп бітті, – деді депутат. Сондықтан ол Үкіметтен мына мәселелерді қарастыруды сұрап, сауал жолдады.
Сауалға сүйенсек, ең алдымен зардап шеккен азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет атынан жүзеге асыру керек, екіншіден, сынақтардан зардап шеккен, бірақ елдің басқа өңірлеріне көшіп кеткен азаматтарға заңнамамен көзделген барлық құқықтар мен жеңілдіктерді беру керек. Сонымен қатар депутат зардап шеккен азаматтарға берілетін үстемеақылардың барлық түрін екі есеге ұлғайту және жыл сайынғы қосымша еңбек демалысын төлеуге мемлекеттік қолдау көрсетуді ұсынып отыр. Одан бөлек, зардап шеккен азаматтар толық кешенді медициналық тексеруден өткізіп, медициналық оңалту ұйымдарында емделуін ұйымдастыру керек, осыған байланысты оңалту орталықтары мен мамандандырылған шипажайлардың санын көбейту туралы айтылды.
«Ең негізгі мәселе – зейнет жасын төмендету қазір мүмкін бе?» деген сұрағымызға депутат «бұған мүмкіндік те, қаражат та жетуі керек» деп жауап берді.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ,
Мәжіліс депутаты,
«AMANAT» фракциясының мүшесі:
– Жалпы, Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды қолдауға байланысты көптеген мәселе көтеріліп жатыр. Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтар деп 1949 жылдан 1991 жылға дейін осы аумақтарда тұратын азаматтарды айтамыз. Оған Абай облысының барлық елді мекендері, ШҚО Өскемен, Риддер қалалары және 6 ауданы, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Павлодар облысының Май, Лебяжі аудандары кіреді. Яғни, ол заңда көрсетілген. Бірақ зардап шеккендер 1991 жылға дейін деп белгіленген.
Мен халықпен жиі кездесіп тұрамын. Ең көп көтерілетін мәселе осы әлеуметтік қорғауды жетілдіру және заңда көрсетілген тиісті әлеуметтік төлемдерді төлеу болып отыр.
Соның ішінде ең өзекті мәселе – зейнетке шығу жасын төмендету. Өңір халқы, әсіресе, әйел адамдардың зейнетке шығу жасын 58-ге дейін төмендету туралы талап қойып отыр.
Жалпы, бұл мәселелер бұған дейін де депутаттық сауал ретінде көтерілген. Бірақ Үкімет оған «Семей полигоны туралы жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары аяқталған соң қорытындысы бойынша әлеуметтік қолдауды қайта қараймыз» деп жауап берген болатын. Ол зерттеулер қазір аяқталды. Енді Үкімет «әлеуметтік қолдауды жетілдіру керек және осыған байланысты шаралар қабылдау керек» деген шешімге келіп отыр, бұл мүмкін нәрсе, менің ойымша бұған қаражат та жетеді. Жаңадан қаулы қабылдау, нормативтік-құқықтық актілерді өзгерту арқылы бұл мәселелерді шешуге болады деп ойлаймын.
Жалпы, ядролық сынақтан зардап шеккендерді қолдау, оларға медициналық көмек көрсету – міндет. Медициналық сақтандыру жарнасын төлей алмағандықтан, керек көмекті ала алмай отырған азаматтар көп. Толық көлемде жарна төлемесе де, толық көмек көрсетілуі керек. Сонымен қатар облыста оңалту орталықтары жоқтың қасы. Сондықтан зардап шеккен азаматтарға ел бойынша барлық оңалту орталығында медициналық көмек берілуі керек деп ойлаймын.