Жаңалықтар

Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз!

ашық дереккөзі

Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз!

Қасым-Жомарт Тоқаев: Менде өз халқым мен еліме адал қыз­мет етуден өзге мүдде жоқ! *** Бізге орасан зор жауапкершілік жүк­телген. Бұл – өткен тарихтың және бо­ла­шақ­тың алдындағы жауапкершілік. Ке­лер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүре­тіні біздің бүгінгі шешімдерімізге бай­ланысты. *** Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бас­тық. Бірақ өзгерістер мұнымен біт­пей­ді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Ре­фор­малар жалғаса береді, саяси құрылымды же­тілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұ­мыс. Иә...анығында біз Әділетті Қазақстанды құра бастадық! Бұған талас жоқ. Алайда сан алуан ой бар, көзқарас пен пікір бар. Өйт­ке­ні әлі де болса «Жаңа Қазақстан қашан бо­лар екен, қай жақтан кіріп келер екен?» деп қазақ баласы алаңдап, жол қарап, күтіп жүрген сыңайлымыз. «Бүгінде азаматтарымыз «Жаңа Қазақ­стан деген не?» деген сұрақты жиі қояды. Ме­ніңше, осы сұраққа қысқа әрі нақты жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан – бұл шын мәнінде Әділ Қазақстан, – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың Amanat партия­сы­ның кезектен тыс съезінде осы «Жаңа Қа­зақ­станның» шын мәнінде «Әділ Қазақ­стан» екені жайлы нақтылы анықтама бер­ге­нін алға тарта отырып, ендігі арада осы «Әділ Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» де­ген ұғымды айналысқа да, санамызға да ен­гізгеніміз абзал болар еді. Қазақстан Республикасының Пре­зи­ден­ті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің прези­дент­тік қызметінің алғашқы сәтінен, яғни 19 наурыз 2019 жылдан бастап, ең әуелі саяси жүйе­ні реформалауға айрықша мән беріп ке­ле жатқаны ақиқат! Бұған бір ғана дәлел, 2022 жылдың 22 қараша күні болып өткен Прези­дент­тік сайлау қарсаңында президенттікке кан­дидат ретінде халықтық коалицияның республикалық қоғамдық штабында сөй­леген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: – Мен ұсынып отырған бағдарлама «Әді­летті Қазақстан: бәріміз және әрқай­сы­мыз үшін» деп аталады. Оның әр тармағын өзім жаздым. Бұл бағдарлама менің жүре­гім­нен шықты деп айтсам, артық болмайды. Біз­дің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әді­лет­ті Қазақстанды құру, – деген болатын. Президентіміз өзі жазып, жүрегінен шыққан бағдарлама «Әділетті мем­ле­кет», «Әділетті экономика», «Әділетті қо­­­­­ғам» де­ген үш қағидатқа негізделгенін та­ғы бір еске ала отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев «еліміз­де әлеуметтік салада, эко­но­мика мен саясат­та көп жүйелі проблемалар жи­налып қалды, азаматтардың мемлекет пен билікке деген сенімсіздігі өсіп кетті. Бұ­ның барлығы елі­міздің тұрақты дамуын те­жеп отыр, ұлты­мыз­дың жасампаз мүм­кін­дігін шектеп жа­тыр» деп және де қа­лып­та­сып отырған жағ­дайды өз халқынан жа­­­­сырмай-ақ айтты. Ендігі арада әділдік идеясы мемле­кет­тік саясатымыздың өзегі, ең басты идея болатынын мәлімдеген Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан былай «Біздің барлық ұлттық идео­логиямыз Әділдік идеясына негізде­ле­ді», – деп атап көрсеткені және де «әділдік идея­сы әрбір шешімде, ал адам мемлекеттің бас­ты байлығы болады» деп «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген фор­муласын да берік ұстанатынымызды анық­тады. Адам баласы қашан болсын әділдік іздеп шырылдап келе жатқаны тағы да анық. Адал­дықты іздейтіндіктері және де бар! Соның бірі – қазақ баласы біз! Тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында елі­мізді жемқорлық, парақорлық, әділет­сіз­дік пен әлеуметтік теңсіздік, жалғандық жай­лап кеткені де жасырын емес. Ендігі ара­да қоғамның дамуын тежеп, халқымыз­дың тұрмысын титықтатып, күйзелткен, жүде­ушілік пен кедейшілікке ұрындырған осы кеселдерден арылу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынып отырған Әділ де, Әділетті Қа­зақстан құрудың қаншалықты тарихи маңызы бар екенін тереңінен ұғына түсуге болар еді. Біз үшін және біздің әрқайсымыз үшін Әділ де Әділетті Қазақстан құру Тәуелсіздік ал­дындағы, бүгінгі және келер ұрпақ алдын­да­ғы аса маңызды, тіпті өмірлік әрі тағ­дыр­шешті маңызы бар екенін де ұғына түс­ке­ні­міз абзал. Әділ де Әділетті Қазақстан құрудың ал­ғаш­қы бір нышандары қазірдің өзінде елі­міздің әлеуметтік және саяси өміріне кірігіп, жұ­мыс істей де бастады. Бұлай деп батыл бай­лам жасауға 2022 жылдың 5 маусымында Қа­зақстан Республикасының Консти­туция­сына толықтырулар мен өзгерістер енгізу мақсатында өткізілген жалпыхалықтық референдумды ерекше атап өтуге болады! Бұл референдумның негізгі бастаушысы да, ой салушысы да, ой тастаушысы да, дем беру­шісі де Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бол­ғаны да анық! Бұл өз еліне, өз халқына, өзі басқарып отыр­ған мемлекетіне деген шынайы жана­шыр­лық пен шынайы адал ниеттен туған бас­тама еді. Мемлекет басшысы ұсынған бар­лық толықтырулар референдум бары­сын­да халықтың тарапынан толық қол­дау­ға да ие болды. Қазақстан Республикасының Пре­зи­ден­ті Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық ре­форма жасау арқылы қазақ елін жаңа ба­ғытпен, жаңа мақсатпен, жаңа ой-ниет­пен, адалдық пен әділдік жолымен дамытуға бет алғаны анық! «Маған халқымның ертең емес, бүгін жақ­сы өмір сүргені керек», «Маған басы ар­тық биліктің қажеті жоқ», «Менде өз хал­қым мен еліме адал қызмет етуден өзге мүд­де жоқ» деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы айтқандарынан Мемлекет басшысының ту­ған елі мен халқының мүддесін бәрінен жо­ғары қойып отырғаны деп білемін. Ке­шегі қаңтар оқиғасы кезінде өз өміріне төн­ген қатерге қарамастан, Қазақстанның тәуе­лсіздігін сақтап қалған Президен­тіміз­дің тәуелсіздік мүддесіне адал екеніне ешбір кү­мән болмауы да керек. Конституциялық реформа керек пе еді, ол керек болса не үшін қажет бол­­­ды деген көкейде тұрған осы сауал­дар­дың жауабын тағы да Қасым-Жомарт Тоқаев­тың өзі айтты. – Конституциялық реформа еліміздің мем­­­лекеттік құрылымының тұғырын ны­ғай­тады, азаматтық қоғамның дамуына жол аша­ды. Өзара түсіністікті, жалпыұлттық диа­логты орнықтырады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арт­тыру­ға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етеді, – деп атап көрсете оты­рып Мемлекет басшысы тарихи қадамның та­рихи маңыздылығын жетеге жеткізе айт­ты. Әділ де Әділетті Қазақстанды құрып, ор­нықтыру үшін ең әуелі мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртып, жаңартып алуымыз керек болатын. Мемлекет басшысы осыны те­рең зерделеп, терең түсіне отырып, Қазақ­стан және қазақстандық қоғам алдағы уа­қыт­та қай бағытпен және қалай дамиды, қан­дай міндеттерді шешуі керек деген ой төңірегінде мемлекетіміздің жаңа бағытын айқындай білді. Мынаны атап көрсетейік, осы Конс­ти­ту­­­циялық реформа бойынша Қазақстан бұ­рынғы суперпрезиденттік басқару үл­гі­сінен президенттік республикаға түп­кілікті кө­шуді қамтамасыз етіп отыр. Қазақстан Пре­зиденті ендігі арада жеті жылдық қана бір мерзімге сайлана алады. Бұл бұрынғы кеңес­тік бір жүйеде болған Орталық Азия мем­лекеттері арасында жасалып отырған тұң­ғыш қадам, тұңғыш бастама екенін атап көр­сетер едік. Бұл қазақстандық қоғамның де­мократиялық жолмен дамуына зор мүм­кіндік ашатын және де ел басқарамын деген әр­кімге зор мүмкіндік беретін басты бір тұт­қа екенін де жоққа шығаруға болмайды. 2022 жылдың 5 маусымында Қазақстан Рес­публикасының Конституциясына то­лықтырулар мен өзгерістер енгізу мақ­сатын­да өткізілген жалпыхалықтық рефе­рен­думның тағы да ең бір тарихи маңызы бар мәселенің бірі – Қазақстан Пре­зи­ден­ті­нің жақын туыстары мемлекеттік қыз­мет­шілер және квазимемлекеттік сектор нысандарының басшылықтарында лауа­зым­ды қызметтер атқаруға құқылары жоқ екені тайға таңба басқандай анық жазылып отыр. Өткен кезеңдегі «отбасылық бас­қару­д­ың» бишігі көзге көрінбесе де, кез келген салада әмірі жүріп тұрғаны бол­ды. Бұл қоғамдағы әділетсіздіктің, жем­қор­лықтың белең алуына және де тереңдей бой­лауына әсер еткені тағы да анық. Сонымен бірге, ендігі арада іс басындағы Пре­зидент өз қызметі кезінде кез келген бір саяси партия құрамына енбейтіні де Конс­ти­туциямызға жазылды. Бұл керек пе еді, де­ген сауалымызға жүгіне отырып, әрине, к­ерек еді деген тұжырым жасар едік. Мұның бір ерекшелігі, Қазақстанда партиялық жүйенің кеңінен дамуына, әр партияның қо­ғамдық өмірге белсене араласа түсуіне, әр партияға тең мүмкіндіктер беруге жол аша түсті. Мұның алғашқы белгісі немесе ал­­­­ғашқы нәтижесі 2023 жылдың 19 нау­ры­зы күні өткізілген барлық деңгейдегі Мәс­ли­хаттар мен Мәжіліс депуттарын сайлау нә­тижесінде анық көрініс тапты. Биылғы сайлауға қатысқан саяси пар­тия­лардың жетеуінің алтауы қазір Мәжіліс Па­латасының құрамында жұмыс істеп жа­тыр. Парламент Сенатындағы президенттік бұрынғы квота 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарды. Президенттің тағайындау құ­зырындағы сол 10 депутаттың 5-нің Қа­зақстан халқы Ассамблеясы ұсынысымен та­ғайындалғаны Қазақстанның сайлау жүйе­сінің жұмыс істеп, дами бастағанын көр­сетсе керек. Қазақстанның саяси жүйесінде тағы да не өзгеріс бар дегенде, 2023 жылдың 1 қаң­та­рынан бастап Конституциялық Сот құры­лып, іске кірісе бастағанын да алға тартар едік. «Конституциялық Сот Әділетті Қа­зақ­стан­ның айнасы болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 4 қаңтарында жаңа ғана іске кірісе бастаған Консти­ту­ция­лық Соттың әкімшілік жаңа ғимаратына бар­ған кезінде. – Бүгінде Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты, бұрын-соңды болмаған бірегей саяси реформалар жүзеге асырылды. Қазіргі таңда дүниежүзінде дәл осындай ауқымды, маз­мұнды реформалар жасап жатқан ел бірен-саран. Бұл – ақиқат. Мұны бүкіл әлем мойын­дап отыр. Қазақстан реформатор мем­лекетке айналды. Жалпы, елімізде көп­те­ген өзгеріс болып жатыр. Азаматтардың конс­титуциялық құқығын қорғауға баса мән беріліп отыр. Бұл жұмысқа қоғам өкіл­дері белсене қатысуға ынталы. Сондықтан мен Конституциялық Сот құру туралы бас­тама көтердім. Азаматтарымыз жалпы­ха­лық­тық референдумда осы және басқа да ұсы­ныстарға қолдау білдірді, – деген Пре­зи­дент мәлімдемесіне мән бергеніміз абзал. Ендігі арада Конституциялық Сот бар­лық заңдарды және заңға сәйкес келетін барлық актілердің Конституцияға, тек қана Конс­титуцияға сәйкес болуын қамтамасыз етуге тиісті екенін айта отырып, Пре­зи­ден­ті­міз «Шын мәнінде, Конституциялық Сот – еліміз үшін өте маңызды институт. Енді азаматтарымыз Конституцияға қайшы ке­летін нормаларды заңсыз деп тану үшін Конс­титуциялық Сотқа тікелей өздері ша­ғым­дана алады. Бір сөзбен айтқанда, Конс­титуциялық Сот адам құқықтарын қорғау жүйе­сінің басты тірегіне айналады», – деп қа­зақстандық қоғамның Конституциялық Сот­тың қызметінен оң өзгерістер күтуде екен­діктерін және қазылардың өз міндет­терін адал атқарулары қажеттілігін орынды атап көрсеткен де болатын. Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси жүйе­нің реформасына сәйкес, бүгінгі күні Сенат келісімін алып барып, Президент өз Жар­лығымен тағайындаған Кон­с­ти­туция­лық Соттың төрағасы Эльвира Азимова бас­­­қарып отырған Конституциялық Сот­тың құрамындағы 11 судьяның 6-ауы Пар­ла­мент, 4 судьяны Президент өзі тағайын­да­ған болатын-ды. Конституциялық Соттың жұмысына су­сап отырғандай, яғни әділдік іздеп жүрген қа­зақстандық азаматтардың өтініш-ша­ғым­дары бірден толассыз келе бастады, әлі ­де толас табар емес. Қолдағы деректерге сәйкес, 2023 жылдың басынан бері Конс­ти­туциялық Сотқа 2,7 мыңнан аса қазақстан­дық жүгінген екен. Қазір Конституциялық Сотқа күн сайын 500-ден аса өтініш ке­ліп түсетінін айтсақ, адам құқын қорғау­дың саяси жүйенің белсенді қызметі жанда­нып отырғанын айғақтайды. Саяси жүйе реформасында тағы да не өз­герістер болды деген сауалды алға тарта оты­рып, биылғы жыл басынан бері Рес­пуб­ли­калық бюджеттің атқарылуын бақылап отыратын бұрынғы Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылып, жұмыс істеп жатыр. Және де Конституцияда жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ре­сурстар халыққа тиесілі екені, Мемлекет ха­лық атынан меншік құқығын жүзеге асы­ра­тыны бекітіліп, шетелдік азаматтарға жер­дің сатылмайтыны, Конституцияда өлім жазасының жойылғаны туралы жазыл­ды. Осының барлығы да сөз жоқ, Тәуелсіздік үшін, ел мен халық мүддесі үшін Президен­тіміздің тереңіне ойластырған аса маңызды тарихи шешімдер болғаны дау тудырмайтын мәселелердің бірі мен бірегейі. * * * 2022 жылдың 26 қарашасында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Біз әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активті қай­таруға тиіспіз... Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек. Тиісті Жар­лыққа бүгін қол қоямын», – дей отырып, сол күні, яғни 2022 жылғы 26 қараша күні елден заңсыз шығарылған активтерді Қазақстан Республикасына қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған активтерді анықтау және оларды мемлекетке қайтару мақсатында арнайы Жарлық шығарған еді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент­тік қызметке кіріскен беттегі № 3 Жарлығы болатын. Белгілі бір топтардың ұялмай-қызармай, аш­көздікпен шекіз баюы және де жай байып қойса бір сәрі, қаржыны шет мем­ле­кет­терге заңсыз шығарудың етек алғаны хал­қымыздың наразылығын тудырған жай­дың бірі болды. Әділдікті қалпына кел­тіру мақсатында Президентіміздің пәр­ме­німен қазіргі уақытта Қазақстанға соңғы бір деректер бойынша 720 миллиард теңге­нің заңсыз шығарылған активтері қайта­ры­лып отыр. Жұмыс одан әрі жалғасуда жә­не бұл мәселе Президенттің күн сайынғы ба­қылауында тұрғанын да айтар едік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев­тың сананы селт еткізетін мына бір : «Бай­лық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал елге жасаған қызмет – артта қал­ған із, ол ұрпақтан-ұрпаққа жетеді», – д­е­ген бірауыз сөзінің терең мағынасын осы күні әрқайсымыздың терең түсінгеніміз жа­рар еді. Президентіміздің «Ел мүддесі – бә­рі­нен биік. Мен барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап етемін. Бір сөзбен айтсам, кәсібилік, адал­дық және қарапайымдылық біздің бас­ты қағидаттарымыз болуға тиіс. Қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қа­сиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бә­рі бекер», – деп айтқанын ел мен Тәуел­сіздік болашығын, өзіміздің бүгінгі және ке­лер ұрпақтарымыздың жайы мен қамын ой­ласақ, ендігі ұстанымымыз осы «кәсі­би­лік», «адалдық», «қарапайымдылық» болуы керек және де осы бір үш қасиет біздің бо­ла­шағымызды анықтайтын қағида боларын да сана түйсігімен ұғына түскеніміз абзал. * * * – Бізге орасан зор жауапкершілік жүк­тел­ген. Бұл – өткен тарихтың және бола­шақ­тың алдындағы жауапкершілік. Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні біздің бүгінгі шешімдерімізге тікелей байла­ныс­ты, – дей отырып Мемлекет басшысы­ның баршамыздың алдымызға қойған өте маңызды деген сегіз міндеті бар. Соның біріншісі: Іскерлік белсен­ді­лікті ынталандыру қажет. Екіншісі: Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арт­тыру маңызды. Үшіншісі: Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Төртінішісі: Азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге баса мән беру қа­жет. Бесіншісі: Адам капиталының сапа­сын барынша арттыру керек. Алтыншысы: Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азамат­тарды қолдау – басты міндеттің бірі. Жетін­ші­сі: Адам құқықтарын қорғау жүйесін ны­ғайтуды жалғастыру керек. Сегізіншісі: Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын кө­теру қажет. Бұл Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің Тәуел­сіздігі бүгіні мен болашағын әріден... тым әріден тарихи жауапкершілікті тере­ңі­нен сезіне отырып алға тартып отырған Се­гіз міндеті! Әділ Қазақстан құру жолындағы ре­фор­маларды, саяси жүйені жетілдіруді ойлы да батыл қадаммен жүргізіп отырғанын айқын танудамыз. Иә, біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­шы­лығымен Әділ де Жаңа Қазақстан құру­ды бастап кеттік! Ісімізге сәттілік болсын! Бүлік­шіл әлемнің бүгінгі жағдайында Қазақ елінің бірлігі мен тыныштығын сақтау – ол енді халқы, мына біздің парызымыз және де тарихи борышымыз!

Жабал Ерғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі