Қарусыз майданның күрескері

Қарусыз майданның күрескері

Қарусыз майданның күрескері
ашық дереккөзі
Театрдың тұтқасын ұстап тұрған үш мықты бар: драматург, режиссер, актер. Үшеуінің таным таразысы теңесіп,  күші мен ісі бір арнаға құйылса, оның тегеурініне бөгет атаулы шыдас бере алмайды. Сәтті құрылған үштаған ғана көрерменін жылдар бойы жалықтырмайтын тұғырлы туындылар тудыра алатынын әлемдік театр тарихы әлдеқашан дәлелдеп қойған. Төл өнердің жылнамасы да бұған сан мәрте көзімізді жеткізген. Өткеннің емес, бүгінгінің мысалын сұрасаңыз, М.Әуезов театрының көрермендеріне «Бақыттың кілті» атты жаңа қойылым ұсынған Мұрат–Обаев–Дайыров үштағанын тілге тиек етпекпіз. Қарашаңырақ сахнасында ұлттық тарих пен төл дәстүрдің ұпайын түгендейтін ғұмырлы қойылымдар қойған даңқты режиссер біраз уақыт шығармашылық үзілістен кейін сахнаға жаңа тақырыппен, тың жобамен оралды. Есмұхан Обаевтың шығармашылығына қанық көрермен үшін «Бақыттың кілті» жаңалық болғаны рас. Тақырып жаңа демесек,   режиссердің тіліп түсер өткірлігімен менмұндалап тұратын қолтаңбасы өзгермейді. Солғын тартпаған, әлі де қанық. Көрерменін әдеттегідей қалтарыс-бұрылысы, шиеленісі көп көрініспен ширықтырып, сахнаға телміртті де қойды. Бұған дейін әлем және қазақ классикасының қаймақтарын, кіл мықты драматургтардың шығармаларын сахналаған режиссер бұл жолы сахна тынысынан хабары аздау жас драматургтың туындысын таңдапты. «Бақыттың кілті» – Қолғанат Мұраттың  үлкен театрдағы дебюті.  Мехнатты өнердегі  алғашқы қадамын батыл тақырыптан бастаған драматург кейіпкерді алыстан іздемеген. Өз замандастарының ортасынан тапқан. Спектакль жеке кәсібін бастап, нәсібін адал еңбек иелерімен бөліскісі келетін жас кәсіпкер Бауыржанның тағдырын арқау еткен. Қараусыз қалған алтын шахтасын қолға алған  жігіттің көздегені – қара бастың қамы емес, сол кәсіпорынға жіпсіз байланған жергілікті халықтың мүддесі. Қойылымның қалың қарашаның қарсылығынан, ашынған көптің тегеурінді үнінен басталуы басты кейіпкердің кімнің жыртысын жыртатынын бірден аңғартты. Шахтада жанын жалдап жұмыс істесе де, бұрынғы қожайындардан бір тиын ала алмаған жұмысшылар бастапқыда  Бауыржанды да қалтасын қампайтып, тайып тұратын көптің бірі деп ойлайды. Еңбеккерлердің жылдар бойы берілмеген жалақысын бірден ұстата қояр қауқары болмаған жас кәсіпкер кәсіпорынның алғашқы алтыны сатылған күні жұмысшылармен есептесуге уәде береді. Үлкендердің сабырға шақыруымен наразы топ сабасына түсіп, Бауыржанға сенеді. Соңынан ереді. Алайда барын сатып, алтын шахтасына үміт артқан жігіттің жұмысы бірден дөңгелеп кетпейді. Жолына кесе-көлденең тұрған кедергілер көбейеді. Бірінші кедергі – шахтадан заңсыз алтын қазып жатқан қылмыстық топ. Екінші кедергі – араны ашылған шенеунік. Үшінші бөгет – өз ішіндегі жансыз. Қойылым оқиғасын ширықтырып, бас кейіпкердің образын тұлғаландыра түсетін де  осы үшеуі. Дәл бүгінгі күннің тақырыбын көтергендіктен, спектакльде көрермен танымынан алшақ дүние жоқ. Кәсіп дамыту жолындағы кедергілер, жемқорлық, алаяқтық, күштінің әлсіздің ақысын жеуі – біздің қоғамда бар түйткілдер. Мәселен, айлап, жылдап жалақы төлемейтін кәсіпорын басшыларына қарсы бас көтерген, аштық жариялаған жұмысшылар жайлы хабарларға осы күні елең етпейтін болдық. Жылап-сықтаған еңбеккерлерді теледидардан жиі көретіндіктен, етіміз өліп кеткен. Аяушылық танытамыз, адал адамдардың көз жасына қалғандарды сыбап аламыз – болды. Біраз уақыттан кейін ұмытып кетеміз. Тамыры тереңдеп бара жатқан түйткілге бейжай қарауға болмайтынын ескерткен бұл қойылым қоғамды оятқысы келген дабыл дыбысындай. Денеңді тітіркендіреді. Бойыңды үрей билейді. Ақшаның жолындағы жауыздықтан жиіркенесің.  Көк қағаз үшін көкесін сатып жіберуден тайынбайтындар алыстан келген жоқ, ортамызда жүр. Бауыржанға көмектескісі келетін адамның кейпіне еніп, 10 млн доллар пара сұрайтын шенеунік те,  іштен шыққан сатқын да, қылмыстық топтың тоңмойын бастығы да – солардың жиынтық бейнесі.  Демек, «Бақыттың кілті» – бүгінгі күннің шындығы. Автор бас кейіпкердің аузымен қазақтың бойына заман салған тағы бір жараның бетін ашады. Оқиға шиеленіскен тұста Бауыржан көрерменге отты көздерін қадап: «Жалқау кім? – Қазақ! Надан кім? – Қазақ! Қолынан іс келмейтін кім? – Тағы да қазақ! Мен қазақтың ондай емес екенін дәлелдеймін! Соны дәлелдеу үшін бастаған ісімді аяғына дейін жеткіземін!» дейді. Ол айтқанында тұрды. Кәсіп қылу қазақтың да қолынан келетінін дәлелдеді. Бірлі-жарым адамның кесірінен ұлттың атына күйе боп жағылған дәйексіз пікірлердің быт-шытын шығарды. Бауыржанның жеңісі арқылы драматург әділеттің, шындықтың туын көкке көтерді. Қойылымның сәтті шығуына шығарма тақырыбының өзектілігі, тілінің өткірлігі өзек болғаны талассыз. Алайда жазылған дүниені жарқыратып көрсете алатын актерлік құрам болмаса, еңбектің еш кеткені. Сондықтан Е.Обаев іріктеп алған таңдаулылардың шеберлігін ерек атап өтуге тиіспіз.         Ақша үшін адамдықтан безген шенеуніктің жексұрындығын Азат Сейтметов жетер жеріне жеткізіп көрсетті. Әлсіздерге жоғарыдан қарағанды жақсы көретін кеудемсоқтығын көзінен-ақ аңғардық. Құрығы ұзын шендінің дөрекілігі мен ожарлығын жер тепкілеген айғайсыз, оңды-солды ербеңдеген ебедейсіз қимылсыз да көрсету болатынын ұқтырды. Бауыржанның әкесі мен анасын сомдаған белгілі актерлер Төлеубек Аралбай мен Гүлнар Жақыпованың шеберлігіне баға беріп жату артық. Сахнада өзгені емес, өздерін ойнап тұрғандай әсер қалдыратын өнер иелері бұл рөлдерін де қырық жылдан бері ойнап келе жатқандай. Театр ұжымынан Бауыржанға басқа әке не шеше іздеу көрерменнің ойына да кіріп шықпайды. Алайда спектакльде жендеттердің рөлін сомдаған М.Мұхтарұлы мен А.Асхатұлының орнына неге басқа актерлер таңдалмады екен деген ой кім-кімнің де көкейінде күмілжігені анық. Талдырмаш жігіттердің сом денелі Бауыржанды тепкінің астына алғанына сеніңкіреген жоқпыз. Жендеттердің ойынына айызы қанбаған жұртты Ермекті сомдаған Ақберген Жұмабаевтың ойыны сүйсінтті. Кейіпкерінің қулық-сұмдығы актердің әр қимылынан менмұндалайды. Сахнаға жүгіріп шығып, оның айласына арбалып жүрген Бауыржанды арашалап алғың келеді. Бірақ Бауыржан бізсіз де қорғансыз емес. Артында тілеуін тілеп, жұмысының жүруін Алладан сұраған қалың қараша бар. Сол қауымның мүддесі үшін соңына дейін баруға бекінген. Мақсаттың жолында құрбан болуға да дайын. Оның бойындағы мұқалмас ерік-жігер мен тұнығы лайланбас адалдықты  Еркебұлан Дайыровың көзінен көрдік, сөзінен ұқтық. Соңғы уақытта киноға көбірек уақыт бөлген актердің театрдағы ойынын сағынған көрермен Бауыржанмен табысып, мауқын басты. Еркебұланның бұл Бауыржаны  бұрынғы Бауыржанынан («Бауыржан Момышұлы» фильмі) басқа заманда туса да, басқа орта, басқа арпалыста сыналса да, екеуінің арасында көзге көрінбес ұқсастық көп. Момышұлы Бауыржан да, Қанатұлы Бауыржан да – өз заманының батырлары. Бірі – қарулы соғыстың, енді бірі – қарусыз майданның күрескерлері. Біреуі бейбітшілік орнату үшін, екіншісі әділдік орнату үшін арпалысты. Екеуі де жеңіске жетті. Осы орайда, бас кейіпкер  Бауыржан Қанатұлының прототипі 2015 жылы қаза тапқан белгілі кәсіпкер, еліміздің заманауи тарихында елеулі есімі қалған азамат Бауыржан Асаубаев екенін айта кеткен жөн. Ол – басына түскен қиындықтарды, жолында кездескен кедергілерді еңсеріп, Қазақстанды әлемдік нарыққа шығарған алғашқы кәсіпкерлердің бірі. Атақ пен байлыққа қол жеткізсе де, адамдығын жоғалтпаған, қазақы қарапайымдылығынан айнымаған атпал азаматтың аты елі үшін аяулы. Өзін көрмесе де, «Бақыттың кілтін» көргеннен кейін  оның еңбегін, ерлігін құрметтейтіндердің қатары артатыны анық. Заманымыздың қаһарманы жайлы тұғырлы туындының ғұмыры ұзақ болғай.  

Анар ЛЕПЕСОВА