Жанбота Алдабергенова, Бағлан Іңкәрбек: Универсиададан кейін жұрт фристайлды тани бастайды 

Жанбота Алдабергенова, Бағлан Іңкәрбек: Универсиададан кейін жұрт фристайлды тани бастайды 

Жанбота Алдабергенова, Бағлан Іңкәрбек:  Универсиададан кейін жұрт фристайлды тани бастайды 
ашық дереккөзі
Алматыда өткен 28-ші қысқы дүниежүзілік Универсиада он күн бойы жанкүйерлер мен қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жарыстың алғашқы күндері фристайл-акробатикадан қыздар арасындағы бәсекеде спортшы Жібек Арапбаева күміс жүлдеге ие болса, Жанбота Алдабергенова қола жүлдегер атанды. Ал фристайлдың аралас командалық акробатика түрінен сынға түскен дуэт Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек қоржынға алтын салды. Жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар кеше Универсиада ойындарының жабылу салтанатына да қатыса алмады. Себебі, оларды Кореяның Инчxон қаласында өтетін кезекті бәсеке күтіп тұр. Біз де сапар алдында ретін тауып Универсиада чемпиондары, фристайлшылар Жанбота Алдабергенова, Бағлан Іңкәрбекпен  әңгімелескен едік. – Жанбота, Бағлан, жүлде құтты болсын! Еліміздің абыройын асқақтатып, мерейін асырдыңдар. Бүкіл қазақ жұртына қуаныш сыйлап, бір серпілтіп тастағандарыңды сезінген шығарсыңдар... Жанбота: – Рахмет! Өзіміз де қатты қуандық. Төбеміз көкке екі елі жетпей жүр. Қазақ еліне, жұртына, жанкүйер жанашырларға алғысым шексіз. Әу бастан-ақ өз мемлекетімізде өтетін жарыста жеңімпаз болуды мақсат тұттық. Әр жарыс өзінше қиын. Дегенімізге жетіп, алтынды қолдан бермей, жұлып әкеттік. – Фристайл – ең қиын спорт түріне жатады. Фристайлдың акробатика түрімен қашаннан бастап айналысып келесің? Спорттың бұл түріне келуге кім себепші болды? Жанбота: – 2011 жылы қысқы Азия ойындарын телеарнадан тамашаладым. Сол кезде қатты қызықтым. Кейін «Осы спортқа ауыссам, қалай болар екен?» деп ұзақ ойландым. Оған дейін, яғни 1-сыныптан 9-сыныпқа дейін спорттық гимнастикаға қатыстым. Дәрежем – спорт шебері деңгейіне жетті. Спорттық гимнастикада бәсекелестік күшті, ал менің арманым қысқы Олимпиада ойындарына қатысу болатын. Оның үстіне, гимнастика мен фристайлдағы акробаттық әдістер ұқсас. Батутта орындап жүрдік. Бала кезімнен биікке секіргенді жақсы көретінмін. Әкем осы қасиетімді байқаса керек, гимнастикадан кейін бірден фристайл спортына берді. Сондықтан тәуекелге бел буып, қолымнан келетіндігіне сенімді болдым. Алда тек шаңғыны меңгеру баспалдағы тұрды. Адамда мақсат болса, бәріне қол жеткізеді екен. Шаңғыны да тез үйренгенім соншалық, бұл спортсыз өмір сүре алмайтындай деңгейге жеттім. Қазір біраз уақыт шаңғы теппей қалсам, бірдеңе жоғалтқандай күй кешемін. Әрине, бұл спорттың өте қауіпті түрі. Сәл қателік жіберіп алсаң, өміріңе қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан жастар бұл спортқа аса әуес емес. Яғни, фристайл-акробатикамен нағыз ержүрек, батыл, ештеңеден қорықпайтын ұл-қыздар ғана айналысады. Әкем менің Сочи Олимпиадасына қатысқанымды армандайтын. Ол үнемі «Сочи Олимпиадасында сенің орын алатыныңа сенемін» дейтін. Әкемнің үмітін ақтау үшін күндіз-түні еңбектендім. Өкінішке қарай, әкем бұл жетістігімді көрмей кетті. Көпбалалы отбасында өмірге келдім. Әкем – прокурор қызметін атқарса, анам – тігінші-дизайнер. 6 баланың үшіншісімін. Бәріміз басында спорттан бастаймыз. Бірте келе өзіне ұнағаны қалады. Қазір інім Саттар Алдабергенов те «сіз сияқты трамплиннен секіргім келеді» деп екі жылдан бері қатысып жүр. Ал кенже інім таэквондомен шұғылданады. Бағлан: – Алғашында спорттық гимнастикамен айналыстым. Спорт шебері атағын да алғанмын. Сол кездері жаттықтырушым маған фристайлға барып, бағымды сынауға кеңес берді. Байқап қарасам, жаман емес. Эстетикалық сұлулығы да бар екен. Ойланбастан таңдадым. Аяққа шаңғы байлап көрдік. Ары қарай бапкерлер мүмкіндігімді көріп, Ресейге алып кетті. Сол жақта фристайлдың қыр-сырын меңгердік. Бір ай өткесін Қытайда өткен турнирге де қатысып үлгердім. Бәрі адамның өзіне байланысты. Өз басым бес жылда меңгеріп алдым, әлі де үйреніп келемін. – Екеуіңнің де туған жерің – Оңтүстік Қазақстан өңірі. Шынымен де, қысы жылы жақтан қысқы спорт шебері шыққаны жұртты таңғалдыруда. Қайда жаттығып, шынығасыңдар? Жанбота: – Дұрыс айтасыз, көбі таңданды. Бізді бұрын-соңды білмейтіндер дамылсыз хат жазып, фристайлды түсіндіріп беруімізді сұрап жатыр. «Өй, сендер жылы Шымкентте шаңғыны қайдан үйреніп жүрсіңдер?!» деген сауал жиі қойылады. Универсиададан кейін бұл спорт түрі туралы жұрт біле бастайды деп үміттенемін. Өйткені фристайлмен шұғылданамын дегенде, адамдар «бұл, не, би ме?» деп сұрайды. Сосын түсіндіруге тура келеді. Фристайл бойынша секцияларға келетін балалар саны артып, Қытайдағыдай жоғары бәсеке болса деймін. Шаңғы акробатикасы фристайл дисциплиналары ішіндегі ең экстремалдысы саналады. Біз дайындық жаттығуын Шымкентте «Сұңқар» спорт кешенінде өткіземіз. Ал трамплиннен секіру үшін шетелге барамыз. Универсиада алдында оқу-жаттығуды желтоқсан айында бір ай Финляндия елінде өткіздік. Былайша айтқанда, сол барған шетелдің спортшыларының секіргенін көріп, қателіктерімізді түзеп, тәжірибе жинауға тырысамыз. Бағлан: – Біз  Универсиадаға дайындықты жазда бастағанбыз. Шымкентте қар аз жауады. Сондықтан көбіне дайындық спортзалдарда өтеді. Жаттығуларда жалпы физикамызды көтеріп  батуттарда секіреміз. Бұның бәрі шаңғы акробатикасында кездесетін гимнастикалық элементтер. Шетелде су трамплиндерінде дайындығымызды пысықтағаннан кейін қарлы трамплиндерге көшеміз. АҚШ, Швейцария, Қытай елінде жаттықтық. Шетелдегі жаттығу осы спорт түріндегі бәсекелестеріміздің аяқ алысын байқауға жәрдем береді. Сонымен қатар орындау техникасын жақсартуға күшімізді жұмсаймыз. Қытайда шаңғы акробатикасына 30 жылдан бері көңіл бөлініп келеді. Біздің спорт Қазақстанда енді ғана дамып келе жатыр. – Универсиадаға дейінгі бағындырған жетістіктерің жайында айтып өтсеңдер... Жанбота: – 2012 жылы Еуропа кубогында 3-орын алдым. Бұл менің алғашқы жүлдем болды. Бұдан кейін жолым ашылып, талай жарыста жеңімпаздар қатарынан көріндім. Солардың ең маңыздыларына тоқталсам, 2013 жылы Еуропа Кубогының 1-2 кезеңінде Швейцарияда 1-орынға, 2015-2016 жылғы маусымда Еуропа кубогының абсолютті чемпионы атағына ие болдым, 2016 жылдың ақпан айында өткен әлем кубогында 2-орын алып, Қазақстанға осы спорт түрінен алғашқы медаль сыйладым. Ал 2014 жылы Сочиде өткен олимпиадада 6-орынды қанағат тұттым. Әу баста Сочиге жолдама алғаннан кейін үздік он екілікке енуді ойладым. Сайыс аяқталып, 6-орынға көтерілгенімді естігенде, қатты қуандым. Қазір жасым 21-де. Әлі талай жеңісті бағындыратын уақытым бар. Бағлан: – Бірнеше рет Қазақстан чемпионы болдым. Еуропа ойындарында 4-орын алдым. Мен үшін фристайл – спорт әрі хобби. – Жанбота, алғашқы жеке сайыста қола алдың. Жұптық кезеңде Бағлан Іңкәрбек екеуің алтынға ие болдыңдар. Негізі жеке шыққан қиын ба, әлде жұптық па? Жанбота: – Жеке сайыс бірінші күні өтті. Ол күні қар жауып, тұман болды. Әрі жарысты бастап беру де сәл қиындау. Көңіл де алабұртып, қобалжу болады. Жеңіс қолымызда тұрса да, бір сәтте бәрі өзгеріп кетуі мүмкін. Құлап қалған себебім, күн шығып, түстен кейін қар қата бастады. Мұның бәрін ескеруіміз керек еді. Осыған да қанағат. Ал екінші командалық сайыста етім үйреніп, өзімді еркін ұстадым. Жалпы, жеке шыққан оңайырақ секілді. Өйткені, тек өзіңді дайындап, өзіңді ғана ойлап секіресің. Ал жұппен болғанда өзіңді ғана емес, жаныңдағы бірге секіретін серігіңді де ойлап, құламауға тырысасың. Сондықтан командалық жарыста жауапкершілік те екі есе. Ал Бағланның секіргені керемет ұнайды. Біз үнемі жұп бола бермейміз. Бапкеріміз әр жарыста өзі таңдайды. Бағлан: – Командалық жарыстарда нәтижеге өзің ғана жауапты емессің, жанындағы серігіңнің де күш-қайратына қарайсың. Егер әріптесің жақсы өнер көрсетсе, сен де намысқа тырысып, қалып қоймауға барыңды саласың. Жекелей жарыста өзіңнен асып түсу қиындау. Ал алаң иесі болу да оңай емес. Құласаң туған жерің көтереді, жанкүйерлер алдында жерге қарамауың керек. Олар жарысқа біз үшін келеді. Сондықтан біз жақсы нәтиже көрсетуіміз керек болды, командалық сайыста топ жарғанымызға қуаныштымыз. Ал жеке сынға шыққанда сегізінші орынға табан тіредім. Не жетіспегенін бапкерлер біледі. Жеңуге деген құштарлық болды әу баста. Алайда өз еліңде өткен жарыстардың жауапкершілігі екі есеге артады. Қатты қобалжыдым, бәлкім, содан да болар. Сосын жұптық кезеңде жеңілмеуіміз керек деп жігерленіп шықтым. Жаныңдағы серігің соны түсінсе, алмайтын асу болмайды. – Алда қандай жарыстар күтіп тұр? Жанбота: – Біз Кореяның Инчхон қаласында өтетін әлем кубогында бақ сынаймыз. Биыл лицензиялық жыл болғандықтан барлық жарыстарға қатысқанымыз жөн. Лицензиялық жарыста алғашқы 25-ке кіруіміз керек. Сондықтан Қытайда Әлем кубогында жақсы нәтиже көрсеттік. АҚШ-та Әлем кубогына қатыстық. Ең маңызды бәсеке алдағы 9-10 наурызда Испания елінде өтетін Әлем чемпионатында жүлдеге ие болу арманым. Бағлан: – «Генерал болуды армандамайтын солдат солдат емес» демеуші ме еді?! Менің де өз арманым бар. Әр жарыста медаль тағып жүрсек, халыққа да, бізге де жақсы. Сол себепті құр алақан қайтпауды көздеймін. – Өздеріңнің іздеріңнен ергісі келетін ізбасарларға қандай ақыл-кеңес айтар едіңдер... Жанбота: – Бұл спорттың қиындығымен қоса, қызықты сәттері көп. Әсіресе, шаңғымен сырғанап келіп, биікке секіргенде құдды өзіңді әуеде қалықтап жүргендей сезінесің. Сондықтан балалар мен жасөспірімдерді фристайл спортымен шұғылдануға шақырамын. Әрине, спорттың бұл түріне қызығып, келіп жатқандар бар. Бірақ көбі орта жолдан тастап кетеді. Себебі Қазақстанда тәжірибе жинау, шеберлігіңді шыңдау мәселесі бар. Ал талантты балалар шетелде жаттығу жасағысы келсе де, материалдық жағдайы көтере бермейді. Мемлекет тарапынан фристайл спортына көңіл бөлінуде. Демек, бұл спортпен айналысу қазақ жастарының да қолынан келеді. Қазір М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан мемлекеттік университетінің «Спорт және туризм» факультетінің 3-курс студентімін. Оқып жүріп те, спортпен шұғылдануға болады. Бағлан: – Елімізде фристайлдың танылуына Азия ойындарында ел намысын қорғаған Жібек Арапбаева зор үлес қосты. Ол Универсиада ойындарында күміс жүлдеге ие болды. Жібектен кейін біз Жанбота екеуміз, біздің ізімізден Ақмаржан Қалмырзаева бастаған бір топ шоғыр келе жатыр. Шаңғы акробатикасының елімізде даму деңгейі айтуға тұрарлық деуге болады. Сөзіміздің растығын дәлелдеу үшін осы спортты таңдаған мына біздер жыл сайын нәтижемізді жақсартып келеміз. Біз жеңіске жетіп, алтыннан алқа тағынғанда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі телефон соғып құттықтап, елге келгеннен кейін арнайы қабылдауына шақырды. 3 млн теңге беріп, сый-сияпат жасады. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, қолдау. Біздің жеңісімізге куә болған жасөспірімдер ынталанып, көп ұзамай фристайл спортына келеді деп сенемін. – Әрқашан сәттілік серіктерің болсын!  

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы