Париж Олимпиадасына қатысу үшін басқа салмаққа өтуім керек – Дулат Бекбауов
Париж Олимпиадасына қатысу үшін басқа салмаққа өтуім керек – Дулат Бекбауов
Ташкентте 1-14 мамыр аралығында бокстан әлем чемпионаты өтті. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 5 медальмен (4 алтын, 1 күміс) 2-орынға жайғасты. Чемпионатта күміс жүлде алған боксшы Дулат Бекбауовпен сұхбаттасып, жарыс туралы сұрап білдік.
«Әлем чемпионатын жақсы нәтижемен аяқтағаннан кейін, Президентіміз қабылдауына шақырып, Алғыс хат пен Құрмет грамоталарын табыстады. Еліміздің басшысымен кездескенде ерекше сезімде болдым, оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Марапаттап жатқанда «келесіде алтын болсын» деп жылы лебізін білдірді. Өте қатты қуанып қалдым. Мемлекет басшысының алдында тұрғанда спортшы, оның ішінде боксшы ретінде жауапкершілік сезілді. Әкемнің есімінің сондай тұғырлы жерде айтылуы – мен үшін абырой», – дейді ол.
Боксшы Ташкентке алтын үшін барғанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, әлем чемпионатының финалына шыққанда аса бір ерекше сезім болмаған. Бұйырғаны күміс болған көрінеді.
«Өткенге ешқандай өкініш жоқ. Осылай болайын деп тұрғаны да. Енді қателіктермен жұмыс істеп, шаршы алаңға бұрынғыдан да мықты болып ораламын», – дейді ол.
Бекбауов чемпионатта еншілеген күмістің қанша уақыттың жемісі екенін де айтып өтті.
«Байрақты бәсекеге жоғары деңгейде дайындалдық. Бапкерлеріміз тәжірибелі болғандықтан, жарысқа әрқайсымызды мықты формада алып келді. 100% дайын болдық деп айта аламын. Қазіргі уақытта осы чемпионатта алған күміс медаль мансабымдағы ең жоғары нәтиже болып отыр. Бұл додаға қатысу үшін қаншама тер төгілді, жұмыс істелді», – дейді ол.