Жаңалықтар

Сәуле Жанпейісова: Ұлттық өнерді менсінбейтіндерге мін арта аламын

ашық дереккөзі

Сәуле Жанпейісова: Ұлттық өнерді менсінбейтіндерге мін арта аламын

Ол – төл өнерге адалдығын сақтаған санаулылардың  бірі. Ұлағатты ұстаздың аманатына қиянат жасамауды,  саңлақтардың сара жолын жалғауды шәкірттік парызым деп біледі. Сананы тұрмыс билеген қиын-қыстау күндер де оны ұлттық ұстанымнан айныта алған жоқ. Сондықтан дәстүрлі әннің бүгінгі тынысы туралы сөз қозғалса, оның есімі бірінші аталуы заңдылық. Қазақтың төл өнерін насихаттап жүрген күміс көмей әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Сәуле Жанпейісованың әнін тыңдағанда қалай рақаттансаң,  әсерлі әңгімесіне құлақ түргенде де бір жасап қаласың. Өткен аптада «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен Батыс Қазақстан өңірінің дәстүрлі музыка кешінен кейін әншімен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.  – Күні кеше дәстүрлі өнерге сусаған халықты «Алатау» театрына жинап, қазыналы Батыс Қазақстанның ән-жырымен сусындаттыңыздар. Концерт өзінің межелі мақсатына жетті ме? – Өткен жылдың күзінде ғана ашылған «Алатау» дәстүрлі өнер театры бірнеше күннен бері думанға кенелді. Оның бірден-бір себебі – Алатаудың баурайында, сүйікті қаламыз Алматыда өтіп жатқан қысқы Универсиада. Бұл еліміз үшін айтулы оқиға. Спорттың ғана емес, елдің беделін көтеріп, мәртебесін биіктететін мәдениет, өнер секілді салалардың тірлігіне де жан бітірді. Елімізге әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп жатқанда Алматының әсем жерлерін көрсету, Қазақстанның тарихын таныту, қазақтың өнерін таныстыру сияқты маңызды міндеттер қойылған болатын. Бірнеше күн бойы театрымызда дәстүрлі ән, күй кештері өтті. Бірінші күні Сарыарқа ән мектебінің өнері ұсынылса, одан кейін Алтай-Тарбағатай өңірінің ән-жырлары, Сыр бойының жыраулық дәстүріне арналған кеш өтті. Ал күні кеше біз Батыс Қазақстан аймағының жыршылық-күйшілік дәстүрі бойынша «Айнамкөз» деген атпен үлкен концерт өткіздік. Кештің бағдарламасын, сценариін өзім дайындадым. Батыс өңірі – тарихы көнеден бас­тау алатын аймақ. Біздің жыраулық дәстүріміз сол өлкеден тарады деуге болады. Бұл өнердің түп-тамырына тереңдеу қиын. Біз сахна төріне XIII-XIV ғасырлардан бергі мұраларымызды алып шықтық. Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Сыпыра жыраулардың шығармаларынан бастадық. Әрине, олар тек қазаққа ғана емес, сол кезеңде қазақпен біте қайнасып өмір сүрген ноғай, башқұрт, қарақалпақ секілді туыс халықтарға, түбі бір түркі елдеріне ортақ тұлғалар. Концертке біз 1-2 ай көлемінде ғана дайындалдық. Соның өзінде бұл кештің көптеген жаңалықтары, ерекшеліктері болды. Бағдарламаны тарихи хронология негізінде құрдық. Сыпыра жыраудан Ғарифолла Құрманғалиевқа дейінгі аралық қамтылды. Кештің ең басты ерекшелігі – «Қырымның қырық батыры» дастанының сахнаға шығарылуы. «Қырымның қырық батыры» – ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға мирас болып келген, батырлықты дәріптейтін көлемді тарихи жыр. Аңшыбай батыр мен Қарадөң батырдың ұрпақтарын жырлайды. Аңшыбай батыр ұрпақтарының ішіндегі ең кенжесі – Қарасай Қази туралы дастаннан үзінді орындалды. Оны шәкіртім, Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі Күнқожа Қайруллаев деген жас жыршы орындады. Күнқожа атақты Наурызбек жыраудың жиені болып келеді. Ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр жалғастығы деген осы емес пе? Өнер қанмен берілетін қасиет екеніне көзіміз жетті. Сондай-ақ, Аманқос Садықов атты жыршы «Қыз Жібекті» жырлады. Батыс Қазақстан өңірінде әншілік өнер де жақсы дамыған. Ең әуелі ұлы композитор Мұхит Мерәліұлының есімін ауызға аламыз. Одан беріде бұл топырақта қаншама әнші-ақындар туды. Маңғыстауда «Жеті қайқы», Атырауда Қиса Көпжанұлы, Ақтөбе-Ойыл өңірінде Қызыл деген әнші өткен. Олардың бар мұрасын жиып-теріп, бізге шашау шығармай жеткізген – Ғарифолла Құрманғалиев. Кешімізді сол Ғарифолла атамыздың әнімен түйіндедік. Композитордың «Сәлем, Қазақстан!» атты әнін Алатау театрының ішінен ашылған «Аманат» өнер студиясының ең кішкентей шәкірттері – Перизат пен Шұғыла менімен бірге орындады. Бұл символдық түрде көне заманнан бастау алған төл өнеріміз бүгінгі күні заңды жалғасын тапқанын, ертең де тыңдаушыға жететінін меңзейді. – 2016 жыл сіздің шығармашылығыңыз үшін табысты жыл болды. Республика сарайында «Әнім саған аманат» атты дүбірлі ән кешіңізді өткіздіңіз. Концерттен бері екі айға жуық уақыт өтті. Бәрін салмақтап, «әттеген-айы» мен «әп, бәрекелдісін» таразылаған боларсыз. Кештің артықшылығын тыңдармандарыңыз жіктеп-жіліктеп берді. Кем-кетігін өзіңіз айтсаңыз... – Дәстүрлі өнер иесіне ондай үлкен сарайда концерт өткізу оңай шаруа емес. Оның үстіне, соңғы жылдар мен үшін сынаққа толы болды. Жамбылдағы келеңсіз жағдайдан енді ес жия бергенімде әкем қайтты өмірден. Бұл концертті біраз уақыт бұрын жоспарлағанмын. Алматы қалалық әкімшілігіндегі жауапты азаматтарға жолығып, ақылдастым. «Мұндай залда сіз концерт бермегенде кім береді?», – деп олар мені одан бетер шабыттандырды. Сол кешке іштей дайындалып жүргенімде әкемнің қазасы есеңгіретіп тастады. Концертті келесі жылға қалдырғаным дұрыс шығар деп ойладым. Бірақ бір істі ойға алып, алдыма мақсат қойсам, соны орындамай қоймайтын қасиетім бар. Егер осындай жауапты міндетті кейінге қалдырсам, соны ойлаумен ғана жүріп, өзімнің де, тірлігімнің де берекесі кететінін түсіндім. Кештің қамымен жүгіріп жүріп, басқа түскен қайғыны тез ұмытармын деп те ойладым. «Шешінген судан тайынбас» деп дайындыққа кірісіп кеттім. Тәубе, әкем өнердегі жетістіктерімді, ел алдындағы абыройымды көрді. Батасын берді. Әттең, аман болса, сексен жасын тойлайтын едік қой деген өкініш қана қалды көкейде. Сексен жасына тұп-тура үш ай қалғанда өмірден өтті. Концертімнің төрінде отырса деген арманым орындалмай қалды. Еңсемді көтеріп, жинақталам дегенше біраз уақыт өтіп кетті. Концертке дайындық уақыты тығыздау болғандықтан кем-кетіктер болды. Оның үстіне, үлкен залдарда дәстүрлі ән кештерін қоя алатын режиссерлердің аздығы қиындық тудырды. Бұған дейін Абай атындағы опера және балет театрында, М.Әуезов атындағы драма театрында өткен концерттерім әрдайым белгілі режиссер Болат Атабаевтың режиссерлігімен ұйымдастырылатын. Болат аға шетелге кетіп қалды, басқа режиссерлермен байланысым болмады. Ол кісі барда концертім қалай өтеді деп алаңдамайтынмын. Бағдарламамды көрсетем, сценарийді қолына ұстатам – болды. Әрі қарайғы жұмысына араласпаймын. Сахнаға қалай шығасың, қай жерде тұрып ән айтасың, көпшілік сахнада жүрген өнерпаздар не істейді, кімнен кейін кім өнер көрсетеді – бәрін өзі белгілеп беретін, мен ештеңеге бас ауыртқан жоқпын. Өйткені Болат ағаның жұмысы мінсіз болатынына күмән келтірмейтінмін. Осы жолғы концертімде Болат Атабаевтың ізін жалғап жүрген Алма Кәкішева атты режиссермен жұмыс істеуге келістік. Алайда концертке дайындық бастала бергенде Астанада ол кісінің спектаклі қойылатын боп, сонда кетуіне тура келді. Ол өзінің орнына басқа режиссерді қалдырды. Бірақ істі бастан-аяқ бір адам басқармаған соң, оған қоса уақыт тығыз болғандықтан жұмысымыз біраз ақсады. Концерт болған соң оның жаңалығы болуы шарт. Көпке дейін сценарийді қиюластыра алмадым. Ойда жүрдім. Бір көкейімде ескі күндердің естелігі жылт ете қалды. 2011 жылы М.Әуезов театрында «Сәуле-сарын» атты жеке кешім өткен болатын. Сол концертке режиссерлік еткен Болат Атабаев: «Сәуле, кешіңді былай бастасақ қайтеді», – деп бір тамаша ұсыныс айтқан еді. Алайда халық түсінбей қалуы мүмкін деген күдікпен оның ойын құптай қоймадым. Ақыры кешім өзім қалағандай үйреншікті үлгіде өткен еді. Арада 5 жыл өткенде Болат ағаның сол кездегі ұсынысы ойыма оралды. Оның идея­сы әлі күнге дейін өзектілігін жоймапты, керісінше маңызы артып бара жатқандай. Желтоқсандағы концертімде мен соны жүзеге асырдым. Халыққа бастапқыда түсініксіздеу болғаны рас. Немістің атақты «Рамштайн» тобының шулы рок әні қойылып, даңғазаға еліріп айғайлаған, шашын жұлып, шалбарын жыртқан бір топ жас сахнаға шыға келгенде көпшілік «Біз Сәуленің кешіне келдік пе?» деп абдырап қалды. Концертке келген Зейнеп Ахметова апамыз жанындағы қызға: «Сен мені қайда алып келдің?» деп ренжіген көрінеді. Тек сахнаға Абыз шығып, айғай-шуды тоқтатқаннан кейін ғана жұрт айтпақ ойымызды түсінді. «Ұрпағым, қайда барасың?» дейді ол көпшілікке қарап. Бұрынғының абызын кейіптегенмен ол бүгінгінің абызы айтуы тиіс сөзді айтты. Егер құлағына ілетін жан болса, онда терең мағына, астарлы ой жатыр. Сол көріністен кейін кештің шымылдығы түрілді. Концерт нашар өткен жоқ деп ойлаймын. Күні бүгінге дейін кештен алған әсерінен арыла алмай жүрген кісілер хабарласып, алғысын айтып, батасын беріп жатыр. Жай ғана біреуге ілесіп келген, Сәуле тұрмақ, дәстүрлі өнердің не екенін білмеген кісілердің өзі «Домбырамен айтылған ән осыншалық әсерлі болады деп ойламаған едік» деп таңғалғанын естідім. Демек, концертті өткізудегі негізгі мақсатым орындалды. – «Алатау» театры – өзіңіз бастаған дәстүрлі өнер иелерінің қаншама жылдан бері табан тоздырып, есіктен-есік қоймай қағып жүріп қол жеткізген шаңырағы. Дәстүрлі өнерпаздардың бөлек отау тігуі ұлттың төл өнерін қарабайыр дүние, ескіліктің белгісі деп санайтындардың түсінігін өзгерте ала ма?