Жаңалықтар

Мәжіліс Төрағасы Әзербайжан Парламентінің спикерімен кездесті

ашық дереккөзі

Мәжіліс Төрағасы Әзербайжан Парламентінің спикерімен кездесті

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналған іс-шараларға қатысу үшін Әзербайжан Республикасына жұмыс сапармен барды. 16 мамырда Бакуде Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына орай арнайы отырысы өтті. Басқосуға 30-дан астам елдің Парламент өкілдері, парламентаралық ұйымдар, Парламентаралық одақ, Араб Парламенті, ТүркПА және Қара теңіз экономикалық ынтымақтастығы Парламенттік Ассамблеясының өкілдері қатысты. Жиында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов отырысқа қатысушыларға және барша Әзербайжан халқына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жетікізді. Сондай-ақ Гейдар Әлиевтің Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың қалыптасуындағы орасан зор рөліне назар аударды. Қазақстанда Гейдар Әлиев біздің елге және қазақ халқына деген шынайы бауырластық пейілімен белгілі. Ол екі ел арасындағы берік достық қарым-қатынасты дамытуға бар күш-жігерін жұмсады. Гейдар Әлиев әрдайым қазақ ұлты туралы айрықша көзқараста болып, түп-тамырымыз бен ортақ бай рухани мұраларымыз туралы айтатын, – деді Мәжіліс Спикері. Одан кейін Мәжіліс төрағасы Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің спикері Сахиба Гафаровамен кездесті. Спикерлер Ильхам Әлиевтің жақында Астанаға ресми сапары кезінде Қазақстан мен Әзербайжан басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыруға екі ел депутаттарының атсалысу мүмкіндігін талқылады. Бұл өте жемісті де маңызды сапар болды. Шынайы достар мен бауырлардың кездесуі деуге болады. Біздің халықтарымызды жақындататын біраз іс-шара өтті және бірқатар салада маңызды құжаттарға қол қойылды. Біз, екі елдің парламентшілері, көшбасшыларымыз қабылдаған осы үлкен шешімдерді іске асыруға барынша үлес қосуымыз керек, – деді Мәжіліс спикері. Делегация құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттары кірді.