Самокат жүргізушілері жол ережелерін жиі бұзады - Данияр Әшімбаев

Самокат жүргізушілері жол ережелерін жиі бұзады - Данияр Әшімбаев

Самокат жүргізушілері жол ережелерін жиі бұзады - Данияр Әшімбаев
ашық дереккөзі

Қазақстанда енді электр самокат жүргізушілеріне шектеу қойылады. Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады. Осы турасында саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірін білдік. 

Жаңа ережелерге сәйкес, электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады. Сондай-ақ оны тізгіндегендер бұдан былай велосипед жолы мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады, тротуарларда сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат беріледі. 

Сонымен қатар электр самокатпен жүк немесе жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. Самокатпен жүргендер жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек. 

Билік неге мопед емес, самокат туралы заң қабылдады деген сұраққа Данияр Әшімбаев былайша жауап берді. Оның айтуынша, мопедтердің статусы азды-көпті реттелген. 

«Мопедпен, негізінен, курьерлер жүреді. Қазір көпшілік курьерлердің жұмысына құрметпен қарайды. Самокатқа келетін болсақ, кейінгі кезде ірі қалаларда бұл көлік құралын қолданатындардың саны артты. Оларға қатысты қандай да бір ереженің болмауы, жазадан жалтаруға мүмкіндік беретінін көріп жүрміз», - дейді саясаттанушы.

Әшімбаевтың сөзінше, компаниялар самокаттарды шетелден алып келіп, үлкен қалалардың көшелеріне қойды. Оларға арнайы жер телімдері мен тұрақ берілді. Зарядтау құрылғыларына арналған коммуникациялармен де жабдықталды.

«Бұл бойынша алдын ала қоғамдық талқылаулар өткен жоқ. Үлкен қалада жаңа бизнес түрі пайда болды. Бүгінде көшеде самокат тізгіндегендер өте агрессивті қозғала бастады. Яғни, велосипед жолағымен жүретіндер саны аз, көбі тротуармен жүреді. Бірнеше рет самокаттың қатысуымен болған жол апаттарының куәсі де болдым», – дейді Данияр Әшімбаев.

Ережелерге сәйкес, самокаттың дәрежесі іс жүзінде жаяу жүргіншілермен теңестірілді, бірақ жол апаты кезінде көбіне жүргізушілерді кінәлайды. Ал, шынында, қала көшелеріндегі жол апаттарының тең жартысына осы самокаттағылардың қатысы бар. 

«Жоғары жылдамдықпен қозғалу арқылы олар адамды жарақаттап қана қоймай, абайсызда өлтіріп алуы мүмкін. Олар жол жүру ережесін сақтамайды. Балалар мен егде жастағы адамдары қағып кеткен сәттер көп болған», - Данияр Әшімбаев.

Данияр Әшімбаевтың айтуынша, самокат жүргізушілері жоғары жылдамдықпен қозғалады. Оңды-солды  сигнал беріп, бір самокатқа 2-3 адамнан мінеді.

«Олар тротуарды өздеріне тиесілі деп санайды. Халық тығыз орналасқан аудандарда балалармен серуендейтін адамдарға қауіп келтіреді», - дейді Д.Әшімбаев. 

Ол, сондай-ақ, қандай да бір ереженің болмауы, адамдардың самокат жүргізушілерінен көп жағдайда зардап шегіп жүргенін тілге тиек етті. 

«Парламент самокатты реттеу туралы заңмен жұмыс істей бастағанда, жаппай қарсы пікірлер түсе бастады. Айта кетсек, самокатты экологиялық көлік түріне жатқызу қиын. Олардың аккумуляторлары қалай утилизация жасалатыны белгісіз», - дейді саясаттанушы.

Әшімбаев алдағы уақытта қолданылатын іс-шаралардың қаншалықты тиімді болатыны және орындалатыны туралы пікір білдіре отырып, жұмыс тобы ұсынған ұсыныстармен салыстырғанда заңның өзі өте либералды болатынын атап өтті.

«Мен самокатқа қатысты ережелерді қатаңдату қажет деп есептеймін. Яғни, тротуарлар мен саябақтарда бақылау камераларын орнатып, әр самокатқа жеке сәйкестендіру нөмірлерін беру керек», - деп түйіндеді сөзін Данияр Әшімбаев.