Клара Садырбаева: Қазақ отбасыларын елге көшуге үгіттеймін
Клара Садырбаева: Қазақ отбасыларын елге көшуге үгіттеймін
Бүгінде жырақта 5 миллиондай қазақ өмір сүреді. Оның дені көрші жатқан Өзбекстан мемлекетінде. Ал шетелге тарыдай шашыраған қандастармен тығыз қарым-қатынас орнатқан Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы шетелдегі қазақ мәдени орталықтарымен де жұмысты жандандырып келеді. Жақында елге қандастардың қамын күйттеп келген Науаи облысының қазақ мәдени орталығының төрайымы Клара Қондыбайқызы Садырбаева ханыммен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Бүгінде Науаи облысында 57 мыңнан астам қазақ бар. Он бір ауданның төрт ауданында қазақтар тұрады. Кенемех және Тамды ауданы, Зарафшан және Үшқұдық қаласындағы халықтың 65 пайызы – қазақтар.
– Кеңес одағы кезінде Өзбекстанда 700-ге тарта қазақ мектебі болған екен. Ал қазіргі деректерге сенсек, 235 мектеп қана қалыпты. Бұл мәлімет рас па?
– Қазір Науаи облысында 41 қазақ мектебі бар. Низами педагогикалық университетінде қазақ әдебиеті, география, дене шынықтыру факультеті қазақ тілінде оқытылады. Науаи облысында қазақ телеарнасы 1990 жылдан жұмыс істеп келеді. Аптасына сейсенбі екі сағат, жексенбі екі сағат жергілікті қазақтардың мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі жайында хабар таратады. Ал қазір 371 қазақ мектебі бар делінеді. Бірақ соңғы жылдары Ташкент, Самарқанд, Бұқара, Қаттақорған қалаларында қазақ мектептерін қысқартып тастады. Мәселен, қазақтар көп шоғырланған Ташкентте бір ғана қазақ мектебі қалыпты. Қазақ балабақшалары түгел жабылған. Қысқасы, бәрі өзбектену процесінің құрбанына айналуда.
– 41 қазақ мектебі бар дейсіз. Бірақ оны бітіргеннен кейін оқу орнында бәрібір өзбекше оқуға тура келеді ғой. Солай ма?
– Мұның бәрі саясат қой. Бір өкініштісі, қазақ мектебін бітірген түлектер өзбек колледждерінде оқуға мәжбүр. Себебі, мұнда мектептер 9 жылдық қана. Ал колледждің бәрі өзбек тілінде. Бұл орта біліммен ешқайда бара алмайсыз. Демек, қазақша оқыса да, 41 мектептің түлектері құдды өзбек мектебін бітіргендей болып шығады. Өзбек тіліндегі колледжді бітірген түлек өзбек дипломын алады. Тағы бір кілтипаны, бұл дипломмен Қазақстанға келіп, жоғары оқу орнына түсе алмайды. Осы мәселе бойынша елшілікке хат жазып, тартысып жүріп 2012 жылы Тамды ауданынан бір қазақ колледжін аштық. Себебі, мұнда тұратын халықтың 90 пайызы қазақтар. Алайда, бұл колледж қазақтар тұратын елді мекендерге алыс.
Әке-шешесі лауазымды жұмыста істеген көзі ашық қазақ отбасылары балаларын Қазақстанда оқытуға тырысады. Ал кейде шопанның балаларына «Өзбек колледжін бітірдің. Енді педагогикалық оқу орнына түсесің» деп сұрамастан құжатын тапсыра салады.
– Ресми дерек бойынша, Өзбекстанда 1,5 млн қазақ бар делінеді. Соңғы жылдары елді бетке алған қандастардың көші де көбейіп жатыр. Бұл қуантарлық жайт емес пе?!
– Статистика бойынша 1,5 млн деп айтылып жүр. Бірақ бұл көрсеткіш жылдан жылға азаюда. Неге десеңіз, қазақтың көбі Науаи, Тамды облысында және Қарақалпақстанда тұрады. Қазақ отбасылары шама-шарқы келгенше елге қоныс аударуда. 1991 жылдан бері сол мекемеден 91 дәрігер Қазақстанға өз еркімен көшіп кетті. Одан бөлек педагогикалық институтты бітірген қанша маман, оқытушылар елге оралды. Әр айда 30-35 отбасы елге көшіп жатқанын естимін. Жақын араласатын екі отбасы Алматыға келіп, еш жерден несие алмай-ақ пәтер сатып алды. Биыл ғана бір айда Тамды, Зарафшан, Үшқұдықтан 100 отбасы көшті.
– Өзіңіз ше? Елге оралуға не кедергі?
– Әкем Қазақстанда өмірге келді. 1956 жылы Өзбекстанда кадр тапшы болғандықтан арнайы шақыртумен барып, қалып қойған. Отбасында он бала болдық. Оның сегізі балаларының келешегі үшін өз Отанымызға көшті. Медицина саласында 30 жыл жұмыс істеген тәжірибем бар. Алдымдағы 40 жыл мектеп директоры болып қызмет атқарған туған апайым сырқаттанып, ұзақ жылдар бойы емдетуге тура келді. Жақында ғана өмірден өтті. Енді елге көшіп келуді ойлап жүрмін. Жалпы, жастарды елге көшуге үгіттеп жүремін. Қазақ отбасыларына үнемі «Балаларыңыз кішкентай кезінде көшіп алыңыздар!» деймін. Бәрібір Өзбекстанда шектеу бар. Қазақстаннан әншілерді, көңілді тапқырлар клубындағы жастарды шақырайық десек, қарсы болады. Тағы бір шектеу – бірінші бастық қызметіне қазақты алмайды. Ол үшін паспортта «ұлты – өзбек» деп жазылуы тиіс. Сол себептен Нұрата ауданы тұрғындарының көбі «ұлты – өзбек» деген құжат алған. Оларды «Өзбек құжатын алсаң, бастық боласың» деп сендіреді. Ал Қаттақорған қаласындағы қазақтар бұған келіспей, басым көпшілігі Қазақстанға көшіп кетті. Жасыратыны жоқ, өзім танитын қазақтың көбі өзбек болып жүр.
– Билігі ауысқаннан кейінгі Өзбекстаннан не жаңалық күтесіз?
– Баяғыда Президентке жазған қағаз жарты жолда калып қоятын. Тіпті айтыс өнері мен әндеріне сусындап отырған қазақтардың наразылығы да ескерілмейді. 2015 жылы Алматыдан Науаи облысының шекарасына келіп тұрған ақындарға, әншілерге рұқсат бермей, қайтарып жіберген кездері болды. «Қазақстаннан келген адамдар қаланың ішіне кіргізілмесін!» деген бұйрық берілді. Сөйтіп, концертті болдырмай қойды. Ал айтыс мұнда 1992 жылдан бері өтпепті. 2011 жылдың мамыр айында ұзақ үзілістен соң алғашқы айтысты Ташкентте ұйымдастырдық. Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Қытайдан арнайы қонақтар шақырылды. Екінші айтыс 2015 жылы өтті. Оны да тартыспен әрең өткіздік.
2011 жылы Әйтеке бидің ескерткіші ашылған болатын. Соны себеп қылып жыл сайын «Әйтеке бабамыздың туған күні» деп айтыс өткізіп аламыз. Ал ақын Абай Құнанбаевтың, композитор Шәмші Қалдаяқовтың кешін өткізейік десек билік рұқсат бермейді.
Тек ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын ғана өзбектермен бірге атап өтеміз. Себебі, қазақ үйін тігіп, көп ұлтты Өзбекстан деген саясатты көрсетуіміз керек.
2011 жылы Өзбекстаннан Қазақстанға алғаш КВН жастарын апарып, арнайы жүлдеге ие болдық. Былтыр Қазақстанда оқушылар арасында қазақ тілі және әдебиетінен өткен xалықаралық байқауда Науаи облысынан келген оқушылар бірінші орынды иемденді. Өкініштісі сол, Науаи облысында қазақ мектептерінде интернет жоқ, компьютер жетіспейді, кітап тапшы. Өзбекстанның жаңа президенті көп жаңалық енгізуге кірісіпті. Жақында тікелей әкімдіктермен байланыс жасап отыратын арнайы портал ашты. Басқа ұлттарға қысым жасалып жатқан жоқ па? Қай әкім не жұмыс атқарып жатыр? Осы сияқты мәселенің бәрін өзі қадағалауды қолға алмақшы.
– Шынында, Өзбекстанда қазақ мектептеріндегі оқулық мәселесі қалай шешімін тауып келеді?
– Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігіне хат жазып, көмек беруін сұрадық. Нәтижесінде біраз кітапқа қол жеткіздік. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да оқулық жағынан қолұшын беріп, көмектеседі. Қазақ отбасының балалары Қазақстан тарихын өз ана тілінде оқиды. Елден апарған кітаптар мен оқулықтарды мектептерге, жоғары оқу орындарына жеткенінше таратып береміз. Қазақстаннан «Алтын бесік», «Туған тіл» журналдарын апарсам, кезекке тұрады. Оны шекарадан алып өту де қиямет. Қатты тексереді. Кейде рұқсат бермеуі де мүмкін.
– Өзбекстанға барған кез келген басқа ұлт өкілі сол елдің тілінде сайрап кетеді екен. Мұны туған тілге деген құрметтің белгісі ретінде үлгі тұтуға болады ғой...
– Өзім мектепті де, жоғары оқу орнын да орысша оқыдым. Бірақ өзбек тілін білесің бе, жоқ па, бәрібір, қағазды өзбек тілінде толтырасың. Басқа тілде сөйлеуге де, жазуға да рұқсат берілмейді. Мұнда орыс тілі тәуелсіздік алғалы бері қолданыстан шығып қалған. Елдің саясаты – өзбектендіру. Қазақ балалары мектепте қазақша сөйлесе де, кез келген шара өзбек тілінде өтеді. Ал біз қазақ мәдени орталығының шараларында өзара қазақша сөйлесеміз.
– Өзбекстан халқы бүгінде 31 миллионнан асыпты. Ал қандастардың бала туу көрсеткіші қалай?
– Сол мәліметке де күмәнім бар. Президент сайлауы кезінде дауыс беретін адам таппай қалды ғой. Халқының көбі жұмыс іздеп Ресейдің қалаларына босып кеткен. Ал қазақ отбасында екі баладан ғана. Өзбектер жағдайға қарамай, туа беретін халық. Мұнда медицинада жаңа бұйрық бойынша 30 жастан кейінгі әйелдерге тууға шектеу қойылған.
– Жергілікті қазақ отбасыларының әлеуметтік жағдайы қалай? Жұмыспен қамтамасыз етіле ме?
– Әр өзбек отбасы үйінде жылыжай салып алған. Қияр, помидор, асқабақ, кәді, бәрін егеді де, қыста сатады. Жемістер бізде арзан. Оны басқа елдерге көтерме бағамен жөнелтеді. Кейбір өзбек отбасы айына 1 келі ет сатып алмайды. Өзбекстанда өнеркәсіп тек Науаи облысында ғана шоғырланған. Фосфор, уран, химия, сым, алтын өндіретін зауыттың бәрі осында. Қазақтар осы кәсіпорындарда жұмыс істейді. Жоғары оқу орнын бітірген мамандар жұмыссыз қалмайды. Баяғы кеңес кезіндегі колхоздар әлі бар. Барлығы шаруамен айналысады. Балалары Алматы, Астана қаласында оқиды. Шымкенттегі оқу орындарымен әріптестік орнатып, бірнеше балаларды жолдамамен жібердік. Қазақ балалары өзбек колледжін бітірсе де, грантқа түсіп кетті. Кейде қазақтарды орынсыз қысқартуға ұшыратады. Қазақтың өкілі ретінде бастығына кіріп, «Бар-жоғы төрт қазақты неге шығарасыз?» деп дауласып жүріп, орнында қалдырдым.
– Атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған ба? Зейнетақы, жәрдемақының көлемі қандай?
– Өзбекстанда зейнетақы, жәрдемақы көлемі аз. Қазір әйелдер зейнетке 55 жаста, ерлер 58 жаста шығады. Зейнетке 30 жылдан астам еңбек өтілімен шыққанның өзінде 870 мың сом аламын. Бұл теңгемен 40 мың теңге. Ал қарапайым медбикенің айлығы 300 мың сом, бұл – 15 мың теңге алса, санитар қызметкерлері 10 мың теңгені қанағат тұтады. Сол сияқты жәрдемақы 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға ғана беріледі. Бұл сіздердің ақшамен 12 мың теңге. Мүгедек балалардың емделуіне жолдама алу да қиын. Науаи облысы әкімшілігіне: «57 мың қазақтың ішінде бір мүгедек балаға жәрдем берейікші» деп хат жазсақ, ақша бөлінбейді. Алла сәтін салып, сол балалар Көкшетауда, Ақтауда, Алматыда тегін емделді. Бәрі Өзбекстанда медицина арзан деп ойлайды. Бұл мүлдем олай емес. Ал Қазақстан медицинасы 15 жасқа дейінгі балаларға тегін қызмет көрсетеді екен. Бізде ондай жоқ. Ол мүгедек болсын, басқа болсын оған қарамайды. Бәрі ақылы. Медициналық құрал-жабдықтар ескірген.
Мына мәселені айта кетейін. Өзбекстанда тұратын қазақ отбасының 14 жасар қызы Гүлбаршын Рамазановаға Ташкент медициналық институтының 20 профессоры кеңессе де, дұрыс диагноз қоя алмаған еді. Жақында Алматыдағы №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасының пульмонология бөлімінің бас дәрігері Ермек Аязбеков Әбуұлы 5-6 профессорды жинап, консилиум өткізді. Нәтижесінде 2007 жылы қойылған «Бірінші дәрежелі анемия» диагнозы жоққа шығарылып, тотықұстан жұққан аллергиялық ауру екені анықталды. Сөйтіп, Өзбекстанда тұратын қазақ қызы Гүлбаршынға нақты диагноз қойылып, Ақнұр Тәжімбетова бастаған емдеуші дәрігерлер тегін емдеді. Міне, өз ісінің білгір мамандары деп соларды айтуға болады. Ата-анасының қуанышында шек жоқ. Жаңа заманауи үлгідегі құралдармен жабдықталған аурухана қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарым жоқ.
– Екі елдің арасына рухани көпір салып отырған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы көбінесе қай жағынан демеу береді?
– Қазақстанға келерде Науаи облысының қазақ мектеп директорларымен кездесіп, қандай оқулықтың тапшы екенін сұрап аламын. Қауымдастықтың жәрдемі өте көп тиюде. Ең бірінші, оқулықтарды, әдеби кітаптарды дер кезінде тауып береді. «Қазақтың әнін, салт-дәстүрін аңсаған қандастардың сағынышына ортақ боласыздар ма?!» деп өтініш айтамын. Қауымдастық арнайы рұқсат алып, қазақтардың рухын көтеріп, бір серпілтіп кетеді. Біз де Қазақстанда өтетін шаралардың көбіне шақырту аламыз. Осындай қуанышты жаңалықпен республикалық «Диор» телеарнасы арқылы Науаи облысы қазақтарына берілген жарты сағат ішінде хабарлап, бөлісеміз. Бұдан басқа қазақ тілінде жарық көретін «Кенемех таңы», «Тамды» газеттері де екі елдің рухани, мәдени байланысына қатысты мақалалар жариялайды. Әр ауданда қазақ газеті бар. Ташкентте шығатын «Нұрлы жол» газеті де осы үрдістен жаңылған емес.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетімен бірлесіп, 17 наурызда Науаи облысында педагогикалық институт, колледж, мектептер түлектері арасында «Ы. Алтынсарин – 2017» атты қазақ тілінен олимпиада өткізуді ұйымдастыруды қолға алдық. Жеңімпаз атанғандарға арнайы диплом беріліп, Қазақ Мемлекеттік Қыздар университетіне оқуға түсуге 10 пайыз жеңілдік қарастырылады. Бұл да болса Өзбекстандағы қазақ отбасының балалары үшін үлкен көмек болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Динара Мыңжасарқызы