Халықаралық байқауда өнер көрсету – мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік – Жамбыл Тілеп

Халықаралық байқауда өнер көрсету – мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік – Жамбыл Тілеп

Халықаралық байқауда өнер көрсету – мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік – Жамбыл Тілеп
ашық дереккөзі
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» театры Льорет де Мар қаласында (Испания) өткен «Sea. Sun. Festival» халықаралық өнер фестивалінде І орынды иеленді. Дүбірлі доданың «Театр» номинациясына 7 мемлекеттен 9 шығармашылық ұжым қатысты. Өнер додасында «Шаңырақ» театры Қ.Қасымовтың «Қыз Жібек» саунд драмасын сахналады. Осы ретте театрдың көркемдік жетекшісі Жамбыл Тілеп мырзамен болған шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. – Университет жанындағы «Шаңырақ» театрында қызмет етіп жүргеніңізге қанша уақыт болды? Сол кезден бергі театрдың жұмысына қысқаша тоқталсаңыз.  – «Шаңырақ» театры ЕҰУ-да 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мен 2012 жылдың ақпан айында университеттің Тәрбие бөліміне жұмысқа қабылдандым. Студенттік театрдың барын біле сала, өнерпаздармен жұмыс жүргізе бастадым. Содан театрдың репертуары кеңейіп, кәсібилігі арта түсті. Біртіндеп қалалық, республикалық шаралар мен байқауларға қатыса бастадық. Халықаралық фестивальдерге де қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Жыл санап театрымыздың беделі артып, репертуары толығып келеді. Театрдың жастар өміріндегі орны ерекше. Ол талғампаз, білімді, саналы ұрпақтың сапасын арттыруға ықпал етеді. Сондықтан, артистік қабілетті шыңдаумен қатар, студенттердің бойына рухани құндылықтарды, азаматтық тәрбиені қоса сіңіріп келеміз десек болады. – Жақында Испанияда өткен халықаралық өнер фестиваліне қатысып, 1-орынды иелендіңіздер. Құттықтаймыз! Осы ретте байқау барысын, одан алған әсеріңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз. – Байқау жоғары деңгейде өтті. 7 мемлекеттен 9 театр қатысты. Мол тәжірибе жинадық. Көрермен мен қазылардың оң бағасын алдық. Басқа қатысушылар бізбен фотоға түсумен болды. Испанияның төрінде қазақ әдебиетінің жауhары, көне мұраларының бірі - «Қыз Жібек» дастаны сахналанды. Студенттік театр үшін бұл мерейлі жеңіс. Халықаралық байқауда өнер көрсету – мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Еуропаға қазақтың «Қыз Жібегін», сондай-ақ ұлтымыздың болмысын, дәстүрін, мәдениетін таныстырғаныма қуаныштымын. Шымылдық ашылып, қойылым басталғанынан халықтың бар назары бізде болды. Театр артистері де бар өнерін салып, өз рөлдерін жоғары деңгейде алып шықты. Қойылым бітіп, басымызды игеннен соң халықтың ыстық ықыласына бөлене алдық. – Жалпы, халықаралық, республикалық театр байқауларына жиі қатысасыздар ма? – Иә, жиі қатысамыз. Жылына кем дегенде 3-4 байқауға қатысып жүрміз. Бүгінде біздің өнер ұжымы тек университет деңгейінде емес, қалалық, республикалық және халықаралық сахналарға шығып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Бельгия, БАӘ мемлекеттерінде өткен байқауларда жоғары баға алды. «Үздік ер адам бейнесі», «Фестивальдің алтын дауысы», «Қойылымның пластикалық шешімі» сынды номинация атақтарын алды. Халықаралық аренада осындай ірі жетістіктеріміз бар. Ел ішіндегі қалалық, республикалық байқаулардан да жүлделі орындар алып жүрміз. Мәселен, жақында 29 сәуір мен 1 мамыр аралығында Семейде өткен республикалық студенттер театры фестиваліне қатысып, ІІ орын алдық. Жыл өткен сайын театрдың беделі артып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр. – Театрдың жуық арада жүзеге асырар жоспарлары жайлы айтып өтсеңіз.  – «Шаңырақ» – Еуразия ұлттық университетінің де, елорданың да, еліміздің де көз қуанышы. Алдағы уақытта алар асулар көп екенін сеніммен айта аламыз. Ал жуық арадағы жоспарларға келер болсақ, биылғы оқу жылы аяқталып жатқандықтан негізгі жаңа жоспарлар жаңа оқу жылымен басталады.   – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан -

Дария БЕРІКҚЫЗЫ.