«AMANAT CUP» пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары анықталды

«AMANAT CUP» пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары анықталды

«AMANAT CUP» пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары анықталды
ашық дереккөзі
«AMANAT CUP» XXI республикалық пікірсайыс турнирі қорытындыланып, кубок иегерлері анықталды. Алматы қаласында өткен турнирге 60 пікірсайыс командасы қатысты. Екі күнге созылған қызықты тартыстың жабылу салтанатына «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек, «Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы Нұржан Жетпісбаев, партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, жас көшбасшылар мен спортшылар, «Жастар Рухы» Жастар қанатының аймақтық филиалдарының төрағалары және замандастарын қолдауға келген пікірсайысшы жастар қатысты.  width= Жеңімпаздарды марапаттап, құттықтау сөз сөйлеген партия Хатшысы Дәулет Кәрібек пікірсайыс алаңының жастардың тұлға ретінде қалыптасуындағы маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі ойынның барысы қандай болса да, ең алдымен сіздер бір-біріңізбен ой бөлісетін жақсы дос, мықты әріптес, пікірі бір азаматтарды таба білдіңіздер деп ойлаймын. Алдағы уақытта мұның барлығы сіздерге өз жемісін беріп, тұлғалық дамуларыңызға әсерін тигізеді. Бүгін жеңіске жеткен командаларды құттықтаймын. Ал жеңіс тұғырынан көріне алмағандар тағы да шынығып, келесі жолы өз ұтқырлығын дәлелдейді деп сенемін», - партия Хатшысы.
Іс-шара барысында пікірсайыс турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, «AMANAT» партиясы Саяси жұмыс департаментінің консультанты, бейбіт күннің батыры атанған Бекарыстан Аманжолов пікірсайысшыларға ыстық лебізін арнады. Ол жақында ғана «бауыр церрозы» дертіне шалдыққан досының 4 айлық қызына донор болып, бүлдіршінге көмек көрсеткен еді. Өз кезегінде «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев барша пікірсайысшыларды ауқымды турнирдің аяқталуымен құттықтап, ойыншыларға сәттілік тіледі.
«Жастар қанаты үнемі жастардың жан-жақты дамуына, өз мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануына қолдау көрсетіп келеді. Зияткер ұлт пен қоғамды қалыптастыруда тек пікірсайыс турнирін ғана емес, осы қозғалысты бағыттауға арналған кешенді іс-шараларды ұйымдастырудамыз. Бүгін нағыз азаматтардың кәсіби ойынына куә болдық. Саяси-әлеуметтік мәселелер ашық қозғалды. Шын мықтыны анықтаған турнир болды»,- деді ол.
Сонымен пікірсайыс ойындарының нәтижесі бойынша қазақ лигасының «AMANAT CUP» XXI Республикалық пікірсайыс турнирі кубогын Қызылорда облысынан келген «Amanatka kyanat jasama» фракциясы (Абылайхан Палмағанбет, Дәулет Естанов) жеңіп алды. Күміс жүлдені алматылық «Дулат» командасы (Жазира Жөндербек, Нұрдаулет Өмірзақ) иеленсе, қола жүлдені Алматы облысының «Ади Шарипов» (Ерғали Инкаров, Асет Оразғали) командасы алды.  width= Орыс лигасы бойынша І орынды Алматы қаласының «не Қағанат, но тоже дешёво» (Мадина Раилова, Әділбек Рамазанов) командасы, ІІ орынды «Диана и Ғалымжан»  командасы (Диана Жұмағұлова, Ғалымжан Мақашев) иеленді. Жүлделі ІІІ орын «Карфаген должен быть разрушен» (Рүстем Арманов, Азат Шайкенов) командасына бұйырды. Сонымен қатар «Ең үздік спикер» номинациясы мен оның арнайы сыйлығын қазақ лигасынан Маңғыстаудан келген Қалдығали Тұрақбай, орыс лигасынан алматылық Артем Посвеженский қанжығаға байлады. Қазақ және орыс лигасы бойынша «Үздік спикер» аталымын Алматы қаласынан Әлібек Сандыбек және Әділбек Рамазанов иеленді. Ал ойында әділдік көрсетіп көзге түскен Арайлым Әбдукәрімова мен Жақсылық Бекхан «Үздік төреші» номинациясын иемденді.  width= Жеңімпаз атанған «Amanatka kyanat jasama» фракциясының мүшесі Абылайхан Палмағанбет екі күндік ойын оңай түспегенін алға тартты.
«AMANAT CUP» XXI Республикалық турнирі пікірсайыс ойындары арасындағы «Чемпиондар лигасы» деп айтсам қателеспеймін. Биылғы турнирдің өзіндік ерекшеліктері мен жаңашылдықтары көп болды. Мәселен, 35 жасқа дейінгі біздің аға буын өкілдерімен, дебаттың майын тамызатын ойыншылармен бас қостық. Ең бастысы – сөз бостандығына, жастардың өз ой-пікірін ашық жеткізуге мүмкіндік берілуі. Жақсы ойын, қызықты пікірсайысты жоғары деңгейде ұйымдастырған «AMANAT» партиясы мен «Жастар Рухы» Жастар қанатына алғысымызды білдіреміз»,- деді ол.
Айта кетейік, екінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан дебат турнирі Ислам ынтымақтастығы ұйымы Жастар форумының Еуразиялық өңірлік орталығымен бірлесіп өткізілді.