Бокстан ӘЧ тарихында Қазақстан АҚШ-тан озып, 3-орынға көтерілді
Бокстан ӘЧ тарихында Қазақстан АҚШ-тан озып, 3-орынға көтерілді
Өзбекстан астанасы - Ташкентте бокстан ерлер арасындағы XXII әлем чемпионаты мәресіне жетті деп хабарлады turkystan.kz Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Финалда тағы 3 отандасымыз – Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай жұдырықтасып, бәрі жеңіске жетті.
Алдыңғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан (54 кг) бұл финалда сол кездегі қателіктерін қайталаған жоқ. Отандасымыз ринг қожайыны Ойбек Джураевпен жекпе-жекте бар шеберлігін паш етті. Мұны қапталдағы төрешілер де мойындады. Тіпті, 21 жастағы боксшымыз 3-раундта қырғыз төрешісіне 2 мәрте нокдаун тіркетті. Қазақ боксшысы осыған дейін шаршы алаңда Куба, Гана, Үндістан мен Мажарстан спортшысын ұтқан.
Айта кетейік, Махмұд 2 жыл бұрынғы Белградтағы әлем чемпионатында да күміс жүлдеге ие болған.
Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов өзі қатысқан 2-әлем чемпионатында топ жарды. Отандасымыз финалда (71 кг) тағы бір өзбекстандық Саиджамшид Джафаровты тізе бүктірді. Алдыңғы жекпе-жектерде Асланбек Үндістан, Франция, Израиль, Тринидад және Тобаго боксшысынан басым түскен.
Нұрбек Оралбай Ташкентте өз салмағында (80 кг) қарсылас шақ келтірмей, тағы бір мәрте Әнұранымызды шырқатты. Отандасымыз шешуші, көптің қызығушылығын тудырған жекпе-жекте Қытай атынан сынға түсетін этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанды ұтты. Осыған дейін Нұрбек Ресей, Иордания, Түркия мен Әзербайжаннан келген боксшылардан басым түскен.
Финалдардың алғашқы күні Ұлттық құрамадағы ең жеңіл спортшы Санжар Ташкенбай топ жарып, чемпион атанған ең жас қазақ боксшысына айналды. Ал одан кейін шаршы алаңға шыққан Дулат Бекбауов (67 кг) қарсыласына жол беріп, күміс медальға қол жеткізді. Өзбекстандағы додаға Ұлттық құрама барлық 13 салмақта спортшы апарды. Бұл қатардағы Сәкен Бибосынов (51 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Сағындық Тоғамбай (86 кг), Айбек Оралбай (92 кг) мен Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Ташкентте 4 алтын, 1 күміс медальді қоржынға салып, жалпы есепте 2-орын алды. Көшбасында жарыс қожайыны Өзбекстан қалды. Жалпы, Қазақстан 1993 жылдан бері егемен ел ретінде осымен 16 рет әлем чемпионатына былғары қолғап шеберлерін жіберді. Қазір еншімізде 18 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде бар. Осының арқасында жалпы ӘЧ тарихындағы медаль есебінде Қазақстан АҚШ-ты басып озып, 3-орынға көтерілді. Бірінші орынға - Куба, екінші орынға Ресей мемлекеттері жайғасқан. Ұлттық құрама осыған дейін тек 2013 жылы Алматыда өткен дүние жүзі бәсекесінде 4 алтынға ие болған.