Баспана мәселесі қашан шешіледі?

Баспана мәселесі қашан шешіледі?

Баспана мәселесі қашан шешіледі?
ашық дереккөзі
Қазақтың «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген даналығы бекер айтылмаса керек-ті.  Бүгінде баспанаға қолы жетпей,  тірнектеп тапқан табысын пәтерге ғана жеткізе алатын қарапайым отбасылардың қатары көбейген. Қарапайым қазақтың үй сатып алуға мүмкіндігі жоқ, жер сатып алып, үй тұрғызу да оңай шаруа емес. Сөйтіп, қалаға жұмыс істеуге келген қазақ ауылға қайтады немесе пәтер жағалайды. Сондықтан, баршаны алаңдатқан баспана мәселесін шешу – күн тәртібіндегі негізгі міндеттердің бірі.

Атлеттер қалашығы – алматылықтардың баспанасы

Әрбір адамның «өз үйі – өлең төсегі» болуын армандауы заңдылық. Алайда қазір бұл арманға қол жеткізу кез келген адамға бұйыра бермейді. Өйткені бүгінгі таңда жеке баспанаға қол жеткізу оңай емес. Халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартудың басты бағыттарының бірі – баспана десек, тұрғын үй мәселесінің күн тәртібінен түспеуі түсінікті. Бар тапқан-таянған табысымен бірден үй сатып алу да мүмкін емес. Тек ипотека, несие алып немесе тағы да қосымша табыс көзін тауып қол жеткізбесеңіз, баспана сатып алуға қажетті қаражатты қазіргі қарапайым жұмысшының қалтасы көтермейді. Сондықтан қарапайым халық баспана мәселесін мемлекеттік бағдарламалар арқылы шешуге талпынады. Мемлекет тарапынан да осы түйткілді шешу үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, баспанаға мұқтаж отбасыларға пәтер кілттері табысталғанымен, үйсіз жандардың саны азаяр түрі байқалмайды. Тұрғын үй мәселесі әсіресе, Алматы жастары үшін өте өзекті. Мегаполиске жұмыс іздеп келетіндер көп. Оның үстіне, еліміздегі үздік жоғары оқу орындары орналасқан Алматыға оқуға келген жастардың басым бөлігі осы шаһарда тұрақтап қалады. Сондықтан, Алматы қаласында баспанаға мұқтаждық күн санап артуда. Алып мегаполистегі баспана мәселесін шешудің аса маңызды себептерінің бірі осында болса керек. Десек те, алмалы шаһарда бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін жасалып жатқан шараларды ескерусіз қалдыруға болмайды. Мәселен, кеше ғана аяқталған 28-ші қысқы Универсиада ойындарына қатысушылар үшін арнайы салынған Атлеттер қалашығы енді тұрғын үй кешеніне айналады.  Осылайша, шаһарда тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны қысқармақ.  Алатау ауданында Универсиаданың басты нысандары – «Алматы Арена» мен Атлеттер қалашығы орналасқаны белгілі. «Алматы Арена» сарайының жанынан 15,6 мың пәтерлі жаңа ықшамаудан бой көтерді. Оның ішінде «Ескі үй» бағдарламасы бойынша салынған тоғыз қабатты екі үй де бар. Алдағы 3 жыл ішінде 16 мың пәтерлі 279 үй салынады деп жоспарланып отыр. Ал спортшылар үшін салынған  Атлеттер қалашығы 1,7 мың отбасы үшін жайлы қонысқа айналады. Жаңа тұрғын үйлерде емхана, супермаркет, банк пен пошта бөлімшелері, полиция пункті қызмет көрсетеді. Қалашықтағы 1748 пәтер кейін сатып алу шарты бойынша кезекте тұрған жандарға жалға беріледі. Яғни, алғашқы 8 жыл ішінде шығынның 40 пайызы, яғни, 15,5 миллиард теңге кері қайтарылады. Ең бастысы, Атлеттер қалашығына алматылықтарды қоныстандыру арқылы шаһардағы баспана кезегінде тұрғандар саны 10 пайызға қысқарады. Ал елімізде алғаш рет бой көтерген атлеттер қалашығы 5 мың адамға арналып салынған-ды. Құрылыс басқармасының мәліметінше, оған 42 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Алатау ауданында орналасқан жаңа тұрғын үй кешендері алматылықтардың жайлы орындарына, ыстық ұяларына айналып, аумаққа көрік берері сөзсіз. Бір кездері қаланың бір шеті саналған ауданның бүгінгі келбеті көз қуантатынын да айта кеткен жөн болар.

«Нұрлы жер» үмітті ақтай ма?

Сонымен қатар, үстіміздегі жылдан бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Бағдарлама бойынша алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі деген болжам бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың қыркүйек айында өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында: «Тұрғын үй құрылысына ерекше тоқталғым келеді, қазір біз бұл мәселеге ерекше серпін беруіміз керек. Тек өткен жылы елімізде 9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл Қазақстан үшін барлық кезеңдегі рекордтық көрсеткіш болды. Өткен жылдың қорытындылары бойынша, тұрғын үй құрылысының көлемі 10 млн шаршы метрден асты. Қойылған міндеттерді шешу және тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 2005 жылдан бері мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, халықтың тұрғын үйге деген сұранысы әлі де жоғары», – деген болатын. Сөйтіп, Президент Үкіметке «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп, онда қолданыстағы бағдарламалардың тұрғын үйге қатысты барлық мәселелерін қамтуды тапсырған еді. Елбасы тапсырмасымен дүниеге келген «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасында тұрғын үй нарығын дамытудың нақты шаралары көрініс тапқан. Біріншіден, ипотека арқылы жаңа баспананы сатып алу шараларына басымдық беріледі. Екіншіден, тұрғын-үй жинақ жүйесі бойынша халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмысы жалғаса береді. Осының аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін аймақтық тұрғын үй қорларын құру жоспарланып отыр. Үшіншіден, жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға баса назар аударылады. Негізі «Нұрлы жер» бойынша, Үкімет алдағы екі жылда 100 мыңнан астам жер телімін елге таратпақ. Ол учаскелерге жеке үй салуға болады. Яғни, жол төселіп, жарық, жылу тартылады. Ал  ипотекалық несиенің пайызы екі есеге дейін арзандауы тиіс. Бірақ бұдан былай жалдамалы пәтер, несиеге берілетін баспананы мемлекет емес,  жеке құрылыс компаниялары салатын болады. Десек те, Президент тапсырмасын Үкіметтің тиімді жүзеге асыра алатындығына күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Жұртшылықтың жаңа бағдарламаның жұмысына күмәнмен қарауының да себебі жоқ емес. Бұған дейінгі жарнамасы жер жарған талай мемлекеттік бағдарлама жарты жолда аяқсыз қалып, құрдымға кеткен. Тіпті, тұрғын үйлерді салу үшін бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғандығы жөнінде де талай дау болған. Тұрғындарға үй салып беру үшін бюджеттен 2015 жылы 740 миллиард, 2016 жылы қосымша 400 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ бұдан баспанасыз жүргендердің саны азаймаған, керісінше, кезекте тұрғандар қатары артыпты. Ал шенеуніктер құрылысқа бөлінген қазына қаржысының қайда кеткені туралы есеп те бермейді екен.

«Ақпанда баспана бағасы өзгермейді»

Көпшіліктің баспанаға қолы жетпей қор болуының бір себебі – үйдің бағасы. Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, биылғы жылдың ақпан айында баспана нарығында баға айтарлықтай өзгермейді. Осы айда баспана құны тек 0,2-0,3 пайыз шамасында ғана төмендеуі мүмкін. Жылжымайтын мүлік сатып алушыларға арналған Homsters.kz халықаралық онлайн-сервисінің 2017 жылға арналған болжамы бойынша, нарықтағы баға 7-10 пайызға дейін төмендейді екен. Халықаралық орталықтың мәлімдеуінше, баспана нарығының жандануы, ақпан айының екінші жартысында және наурыз айында болады. Бірақ бұл аралықта да баға соншалықты төмендейді деуге негіз жоқ. Керісінше, нарыққа жан бітіп, сатып алушылардан сұраныс бола бастағанда, баға сол деңгейінде тұрақтала беруі мүмкін. Жаңа баспаналар нарығы болса, болжамға қарағанда, әзірше бағаны осы деңгейінде ұстап тұрады. Мұның себебі – арзандатудың бірнеше кезеңінен соң үй салушылардың көбі «құрылыстың өзіндік құны + ұсталған шығындар» деңгейінен алыс кете алмай жұмыс істеп жатқандықтан, бұл сегментте бағаны төмендетуге мүмкіндік беретін шарттар қалмаған. Сонымен бірге, қайталама нарықтағы баспаналар сапасының төмендігіне байланысты сатып алушылар жаңа үйлерді жиі таңдайтын болған, осыған байланысты бұл да бағаның төмендемеуіне ықпал етеді. Дерек көздеріне сүйенсек, өткен жылдың соңғы айларында баспанаға сұраныс айтарлықтай азайған. Бірақ бұл бұқараның пәтерге қарық болғанынан емес. Керісінше қалтасы көтермегендіктен, жылжымайтын мүлік нарығындағы сауда-саттық едәуір саябырсыпты. Баспананы бұрынғы бағамен өткізе алмасын білгендер оны аз-маз арзандатқандай болған. Әйтсе де, мұның өзі сатып алушылардың көбеюіне әсер етпей тұр.

«Қолжетімді баспанаға» қол жеткізу қиын

Десек те, жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасылар үшін өз қаржыларына баспана сатып алу тіпті қиын.  Осыны ескерген ел үкіметі арнайы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын әзірлеген болатын. Алғашында «Қолжетімді баспана» көпшілікке үлкен үміт сыйлағандай еді. Әйтсе де, жұрттың көбі сол баспанаға қол жеткізе алмай сарсаңға түсіп қалды. «Қолжетімді баспанаға» қол созған күйі қалған ағайынның арасында баспананың әлегімен жүргендер әлі де бар. Ең алғаш 2005 жылы «2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы» деген атаумен жұмысын бастаған бағдарлама бүгінге дейін сан мәрте өзгеріске ұшырады. 2010 жылы өз жұмысын тоқтатқан бағдарлама 2011 жылы «Қалалық ипотекалық тұрғын үйлердің құрылысы» деп өзгертілді. Ал «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының әзірлігі 2012 жылы басталды. 2015 жылы бұл бағдарламаның атауы тағы да өзгерді. Сол жылы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы өз жұмысын орта жолдан тоқтатады» деген хабар тарады. Көптің көңіліне күдік ұялатқан бұл жаңалықтың ақ-қарасы да көп ұзамай ашылған болатын. Сөйтсек, Үкімет  бағдарламаның атауын ауыстыруды жөн санапты. Яғни, 2015 жылдан бастап баспаналы болуға үміттілер жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында өз жоспарларын жүзеге асыра алады. Содан бері елімізде баспана тұрғызу ісімен «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы айналысуда. Бағдарлама бойынша баспана тұрақты табысы бар, бірақ жекеменшік пәтері жоқ азаматтарға беріледі. Ал мемлекеттік бағдарлама арқылы үйлі болуды көздеген қызметкерлердің айлық жалақысы 100 мың теңгеден кем болмауы тиіс екен. Мұндай мүмкіндігі бар азаматтар бағдарламаға қатысу жөніндегі өтініш берумен бірге өзінің жеткілікті төлем қабілетін де растауы керек. Сондай-ақ, «Қолжетімді баспананың» көмегіне жүгінген азаматтар осы бағдарлама шеңберіндегі өз құқығын бір ғана рет пайдалана алады. Бағдарлама бойынша пәтерлерді сатудың екі жолы қарастырылған: тікелей сату және сатып алу құқығымен жалға беру. Тұрғын үйдің жаңа бағдарламасын әзірлеуді ҚР Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған болатын. Мемлекет басшысы: «Жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Бізде қолжетімді тұрғын үй бойынша көптеген әдістер бар. Енді біз бәріне басқаша қарауға тиіспіз. Мемлекет әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй салады және оны халыққа кейін сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалға беруге ұсынады. Сосын банктер 20 пайызға дейін өте ауыр пайыздар белгілейді. Халық төлей алмайды және әрдайым  проблемалар туындап отырады. Бұл бағдарламалар қалады,  олар ауқатты, қалыпты адамдар үшін.   Ал бұл бағдарламаны  біз жас отбасылар үшін және шынымен өте мұқтаждар үшін жасаймыз. Жаңа бағдарлама бойынша тұрғын үй беру тікелей, делдалсыз іске асады. Қызмет көрсеткендері үшін 1-2 пайыз жеткілікті. Осыған жұмсайтын боламыз», – деген еді. Алайда баспана мәселесін шешуде адамдардың талай қиыншылықтар мен кедергілерге тап болары сөзсіз. «Қолжетімді баспанаға» кез келгеннің қолы жете бермейтіндігін билік басындағы шенділер де жақсы біледі. Алып шаһар Алматының өзінде баспанаға мұқтаж тұрғындар саны өте көп. Бұл кезектің жылжуы да оңай емес. Кейбіреулер кезекке тұрғанына бір жыл толмай-ақ, баспана кілтін қолына алып жатады. Ал біреулер бұл кезекті бірнеше жылдар күтеді. Алғашқы қисынсыздық кезектен басталатын болып тұр. Тіпті, «Қолжетімді баспанадан» үміттілер қатарына іліге алмай жүрген жандар да жетерлік. Өйткені бағдарламаның талаптары қатал, ережелері тиімсіз. Көпшіліктің құжаттары қатаң критерийлерге сәйкес бола бермейді. Расында, бағдарламаның талаптары мен ережелері қарапайым халықтың баспанаға қол жеткізуіне айтарлықтай кедергі келтіруде. Міне, мұндай түйткілді мәселелермен үйлі болуды армандайтын талай қазақ баласы бетпе-бет келіп жүр. Бірақ қолдан келер шара қайсы? Мемлекеттік бағдарламаның талабына көнгеннен өзге амал жоқ. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы қарапайым азаматтар үшін қолжетімді болуы тиіс еді. Алайда бағдарламаның халыққа қызмет етуіне орта жолдан кедергі болатындар бар секілді. Бүгінгі күні бұл бағдарлама халықты әбігерге түсіріп жүр. Мұндай келеңсіздіктің қай уақытқа дейін жалғасатындығы беймәлім. Қалай десек те, ертелі-кеш әр қазаққа баспана бұйырса деп тілейміз. Өз елінде, өз жерінде қазақ жастары пәтер жағалап жүрмесе екен...